Заңды неке куәлігі болмағандардың некесін қиған мешіт имамдарын жауапкершілікке тарту керек пе?
Еліміз зайырлы құқықтық мемлекет болғандықтан, ерлі-зайыптылар заңды тұрғыда тіркеуден өтіп, некелесуі тиіс. Бірақ қазір елімізде ислам атын жамылған өзге діни ағымдар көбейіп, олардың жетегінде кеткен жастар мешіттерде некесін қидырып, артынан көп уақыт өтпестен жан жарын талақ ететін жағдайлар жиілеп кетті. Негізі, ҚМДБ «мұсылманша неке қию үшін мешіт имамдары АХАЖ куәлігін талап етуі керек» деп үкім шығарған болатын. Алайда бұл тапсырма өз деңгейінде орындалып жатқан жоқ. Кейбір имамдар бұл пәтуаны ескермей, ақшасын алып, некені қия салатын жағдайлар кездесіп отыр. Сондықтан осы мәселелердің алдын алу үшін әрі азаматтық некеге тосқауыл қою үшін «Заңды неке куәлігі болмағандардың некесін қиған мешіт имамдарын жауапкершілікке тарту керек пе?» деген сауалды мамандар талқысына салған едік.
Кәрібай ТАСШАБАЕВ, Алматы қалалық адвокаттар коллегиясының мүшесі, заңгер:
иә
– АХАЖ куәлігін талап етпей жатып неке қиған имамдардың жауапкершілігін арттыруымыз керек. Жасыратыны жоқ, қазір имамдар алдына келген ерлі-зайыптылардың некелерін заңды неке куәлігі бар-жоқтығына қарамастан оңды-солды қия беретін болды. Оның үстіне, бірінші әйелі бар екендігін біле тұра, бәйбішесінің келісімінсіз-ақ некені қия салады. Бұл – моральдық жағынан да, адамгершілік жағынан да еш ақтауға жатпайтын тым өрескел іс. Кім ақша берсе, соның некесін қия салу дұрыс емес. Қандай имам болсын, ең бірінші, Діни басқарманың үкімін, шариғат заңдарын сақтауы тиіс. Сондықтан имамдардың да қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуіміз керек.
Егер олар діни басқарма тарапынан берілген тапсырманы орындамады ма, шариғат заңына қайшы әрекет етті ме, онда оларды жауапкершілікке тартудың артықшылығы жоқ деп есептеймін.
Қазір біз адал некенің өзін жалғандыққа айналдырып алдық. Тіпті кейбір ер-азаматтар мешітке келіп некесін қидырып, арада көп уақыт өтпестен, талақ етіп ажыраса салатын болды. Ал бұл аралықта келіншектің бойына сәби бітсе, оның бар ауыртпалығын өзі тартады. Ал әлгі ер адам дым болмағандай басқа келіншекпен некесін қия салады. Осылайша олар өзін де, өзгені де, тіпті Құдайды да алдап отыр. Сондықтан бұған немқұрайды қарауға болмайды. Онсыз да елімізде заңды неке куәлігін алып тұрып үйленгендердің өзі көп ұзамай ажырасып жатқанда, заңсыз некелескендер де көп тұрақтамай отыр. Бұл жерде артықшылығы, заңды некелессе, қыз бала далада қалмайды, өз құқын толық қорғай алатын болады. Ал мұсылмандық некенің заң алдында ешқандай жауапкершілігі болмағандықтан, олар ажырасып кетсе, қыз бала далада қалады. Осылайша елімізде жалғызбасты аналар көбейіп кетті. Сондықтан олардың құқын қорғау үшін көп әйел алуды заңдастырып, некені шариғат бойынша әрі мемлекеттік заң арқылы ретке келтіруіміз керек. Сонымен бірге ұлттық тәрбиені жастарымыздың бойына көп сіңіргеніміз жөн. Сонда ғана бұл мәселе ретке келетін болады.
Оңғар қажы ӨМІРБЕК, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Иман» журналының бас редакторы:
жоқ
– Бұл – өте өзекті мәселе. Шынында да, соңғы екі-үш жылда заңды неке құжатын алмай жатып имамдарға некесін қидырғандар көп уақыт өтпей, талақ етіп ажыраса салатын болды. Осыдан кейін ҚМДБ тарапынан діни басқармаға қарасты барлық имамдарға АХАЖ куәлігі болғандардың ғана некесін қию туралы тапсырма берілген. Енді діни басқарма тарапынан үкім шықты ма, оны барлық имамдар орындауға міндетті. Оны кейбір имамдар тиісті деңгейде орындамай отырса, ол қоғам алдында болмаса да, Алла алдында жауап беретіні сөзсіз. Сондықтан оларды қандай да бір жауапкершілікке тартудың керегі жоқ, Алла алдында жауап беретін болады.
Бұл ретте, имамдарға тиісінше түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ескертуіміз керек. Бірақ мәселенің екінші жағы да бар. Қазір бізде теріс ағымдар жетерлік. Олар өздері пәтуа шығарып, ерлі-зайыптылардың некесін қия беретін болды. Олар діни басқармаға бағынбайды, мешіт имамдарын мойындамайды. Біз қанша ауыздықтауға тырысқанымызбен, сондай ағымның іс-әрекеттері әлі де жалғасып жатыр. Сондықтан мұны кешенді түрде шешкеніміз жөн. Қазір «талақ» айта салу тым оңай болып кетті. Жақында Діни басқармаға орамал тартқан жас келіншек келіп, мұңын шақты. Бірінші күйеуінен ішкілікке салынып ажырасқан. Екінші рет тағы күйеуге тиген. Ол үш әйел алып, оның үшеуін де «талақ» етіп тастаған екен. Үш әйелінен де ұл-қыздары бар. Кейін күйеуі ештеңе айтпастан Алматыға кетіп, арада бірнеше ай өткен соң әлгі әйеліне де талақ айтқан. Сондағы ер-азаматтың жасы бар болғаны 25-те ғана, соның өзінде үш әйел алып үлгерген.
Шариғат талабы бойынша «талақ» арасына белгілі бір уақыт (үш етеккір келгенше) салып үш рет айтылуы тиіс. Қасиетті Құранның «Талақ» сүресінде: «Қашан әйелдеріңді талақ етсеңдер, олармен белгілі мерзімінде ажырасыңдар және сол мерзімді есептеңдер. Алладан қорқыңдар. Оларды үйлеріңнен (қуып) шығармаңдар әрі олар да шықпасын. Бірақ олар ашық бір арсыздық істесе, онда (жөн) басқа. Міне, бұл – Алланың (қойған) шектері. Ал кім Алланың шектерінен шықса, расында, ол өзіне зияндық жасаған болады. Ал қашан олардың мерзімдері жетсе, оларды дұрыс ұстаңдар немесе туралықпен ажырасыңдар. Сондай-ақ өздеріңнен екі әділ кісіні куә етіңдер. Куәлікті Алла үшін әділ атқарады» (1-2-аяттар), – делінген.
Әлбетте, біздің еліміз зайырлы. Шариғат заңы жүрмейді. Шариғат соты Ислам елдерінде ғана бар. Сондықтан жас жұбайлар, ең алдымен, азаматтық хал-актілер жүйесі бойынша заңды некеге тұрып, одан соң мұсылманның шариғат талабына сай некені қиғызғаны жөн. Бұл қазіргі тұйықтан шығар бірден-бір жол.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Досай КЕНЖЕТАЙ, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор:
– Негізі, дәл осы сұрақты Бас мүфтиге қою керек екен. Бұл сұраққа ол да ойланып қалатыны сөзсіз. Қалай десек те, бұл мәселені мешіт имамдары бірлесіп отырып шешуі тиіс. Әйтпесе бұл тым ушығып барады. Қазір қыздарымыз АХАЖ куәлігін алмай жатып неке қидырамын деп далада қалып отыр. Сондықтан мұны заң бойынша да, дін үкімдері бойынша да ретке келтіруіміз керек. Енді мен заңгер емеспін. Бірақ теолог маман ретінде айтарым, мұны діни тұрғыдан шешу үшін Имам ағзам мәсхабы бойынша шариғат заңын қайта қарап, зерттеп, осы негізде ортақ бір пәтуаға келуіміз керек.