Ұсақ шаруа қожалықтарын ынталандыру үшін субсидия беру талабындағы мал басы санын төмендету керек пе?
«Етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы аясында негізінен ірі шаруашылықтарды субсидиялауға көбірек көңіл бөлінген. Алайда бұл – нарықты ауыл шаруашылығы өнімімен қамтамасыз етіп отырғандардың 10-15 пайыз бөлігі ғана. Қалған 80-85 пайыз ұсақ және орта мал шаруашылықтары болып табылады. Дегенмен бүгінге дейін өз күнін өзі көріп келе жатқан осы ұсақ шаруашылық соңғы кездері нарықтың ауыртпалығына шыдас бере алмайтындай күйге түсуде. Өйткені жайылым жер жоқ, бар болса, арендасы қымбат, дайын жемшөптің құны қол жетімсіз. Соның салдарынан мал шаруашылығымен айналысушы ауыл халқы малын жаппай сатып жатыр. Кейбір өңірлерде ет тапшылығы да байқалады. Әрине, бұл факт ет бағасының күрт қымбаттауына ықпал еткен. Осыған байланысты бүгіндері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ұсақ және жеке қосалқы шаруа қожалықтарына мемлекеттік қолдау керек деп дабыл қағуда. Мәселенің бір шешімі ретінде субсидия талабындағы 300 деп көрсетілген мал басын 100-50-ге дейін төмендетуді сұрайды. Бұл қаншалықты мүмкін нәрсе?
Әуесхан ДАРИНОВ, «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Иә
– Аталған мәселеге қатысты биыл біздің бірлестік шағын және орта бизнеске жататын ауылдық тауар өндірушілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаушы жалғыз өкілі ретінде Елбасына және Үкіметке хат жолдаған болатын. Оған басты себеп – бізде мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыруда басымдық ірі тауар өндірушілерге берілуі, ал ауыл шаруашылығындағы ұсақ тауар өндірушілер жағымсыз фактор ретінде көрсетілуі және қаржы бөлудегі теңсіздік. Мысалы, түрлі қаржы көзінен бөлінген ресурстардың 86 пайызына ірі ауыл бизнесі ие болса, ал қалған 14 пайызды шағын және орта бизнесті қанағат етуге мәжбүр.
Жалпы, мал шаруашылығындағы шағын бизнесті субсидиялау алғышарттары әділетсіз жасалған. Яғни ешқандай ғылыми негізі жоқ нормативтердің салдарынан бүгіндері ірі қара мал өсірумен айналысатын 16 мың шаруа қожалықтары субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Жалпылай алғанда, барлық субсидия қолында бар-жоғы 100 мыңдай ғана сиыры бар (еліміздегі ірі қараның 4 пайызына ғана иелік ететіндер) 200-300 ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қожасына тиеді. Ал «Етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы бойынша негізгі салмақ салынып отырған қалған 2 миллион 670 мыңы немесе еліміздегі сиыр бағушылардың 96 пайызын құраушылар, неге екені белгісіз, субсидиялауға жатпайды... Әрине, бұл — әділетсіздік!
Сол себепті биліктен ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің үрдісі мен қарқынын арттыру тұрғысында Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсақ және орта шаруа қожалықтарына қатысты өздерінің көзқарасын түпкілікті өзгертулері керектігін, еліміздегі барлық фермердің субсидия мен несиелік ресурстарға ірілермен қатар тең қолжетімділігін қамтамасыз етуін, оларға жеделдетілген түрде техникалық қайта жабдықталуына мүмкіндік беруін сұрап отырмыз.
Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
Жоқ
– Елбасы биылғы халыққа Жолдауында ірі қара мал еті экспортын 2016 жылға дейін 60 мың тоннаға, ал 2020 жылға қарай 180 мың тоннаға арттыру туралы мақсат қойды. Яғни біз ет импорттаушы елден сыртқы нарыққа оны жеткізуші ірі мемлекетке айналуымыз керек. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін «ҚР ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру туралы» жоба әзірленді. Бұл жобаның бірінші кезеңінде етті бағыттағы асылтұқымды, жоғары өнімді табын көлемін көбейту қарастырылған. Қазір ірі қараның 82 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырландырылған. Бүгін солар нарықтың басты тасымалдаушысына айналып отыр.
Бірақ жеке қосалқы шаруашылық өндірісіндегі өнімдер сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті бола бермейді.
Бұл жағдайды реттеп, етті мал шаруашылығын дамыту мәселесін шешу үшін отандық малдарды асылтұқымды бұқалармен шағылыстыру жолында ірі қара басын көбейту көзделген. Сондай-ақ сырттан 70 мың етті бағыттағы асылтұқымды мал алдырылады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекетіміз мамандандырылған мал шаруашылықтарын құруға бет алып отыр. Әрине, бұл – өте ауқымды іс. Сол себепті «Етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы аясында бөлінетін субсидияға, ең бірінші болып ірі шаруашылықтар ілігіп отыр. Сондықтан оған айрықша көңіл бөлініп жатқанын дұрыс түсіну керек деп білемін. Дегенмен осындай ірі шаруашылықтарды құрып, олардың әлеуетті күшке айналуы үшін біршама уақыт керек. Демек, ішкі нарықты етпен қамтамасыз етушілер ұсақ және жеке қосалқы шаруашылықтар болып қала береді.
Жалпы, мен ұсақ шаруашылықтарды тұншықтыруға қарсымын. Оны да ірілермен қатар мал шаруашылығының дамуы жолында бірге алып жүру керек. Менің білуімде, субсидия талабы бойынша екі-үш ұсақ шаруа қожалығы бірігуі тиіс. Ал бұлайша күштеп біріктіру дұрыс емес. Ол ерікті түрде жүргізілуі қажет. Сондықтан субсидиялауға қатысты саясатты қайта қарастыру керек деп санаймын. Алайда, меніңше, әлемдік қаржылық дағдарыстың тағы бір тықыры таянып келе жатқанда, әзірге, субсидиялау саясатына өзгеріс енгізу мүмкін емес секілді.
Жалпылай алғанда, билік мал шаруашылығына тек соңғы кездері көңіл бөле бастады. Ұсақ мал шаруашылығында қордаланып қалған мәселе легі көп. Соның ішіндегі бастысы – жемшөп, жайылымдар, малды асылдандыру процесі сынды проблемаларды билік қандай да бір қиын-қыстау кезеңге қарамастан шешіп беруі керек деп санаймын. Әсіресе, жергілікті шаруашылықтарды қаржыландыруды тоқтатпау керек. Ең құрымағанда, арзан несие, лизинг бойынша.
БЕЙТАРАП ПІКІР
Мырзагелді КЕМЕЛ, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Бүгінгі күнгі субсидия талаптарын ұсақ шаруа қожалықтары орындауға қауқарсыз. Өйткені олардың оған барлық жағынан потенциалы жеткіліксіз. Сондықтан шамасы келмейтін дүниеге итермелеп, мал шаруашылығындағы шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудан айыру әділдікке жатпайды. Мұндай жағдай ауылды жұтата түседі. Осы жағынан алғанда, ірі және ұсақ деп бөлмей, еліміздің мал шаруашылығымен айналысушы барлық субъектіге теңдей жағдай жасау керек деп есептеймін. Әсіресе, қаржыландыру жағынан. Әрине, малдың тұқымын жақсарту, ет өнімі сапасын арттыру тұрғысындағы Үкіметпен қолға алынған шаралар жүзеге асырыла беруі керек. Бұл ретте ірі мал шаруашылығына қойылып отырған талаптар орынды. Бірақ солай екен деп, ұсақ және жеке шаруа қожалықтарын мемлекеттік қолдаудан ысырап тастауға болмайды.