Алтын ұямен қоштасу кезеңінің абыр-сабыры басыла бере, Ұлттық бірыңғай тестілеу мерзімі басталып кетті. Түлектер де тас түйіндей бекіп, тек осы тестілеуден аман-есен өтуді ойлап жүрген шығар. Әйтеуір жылдар алға жылжыған сайын оқушылардың тесті тапсырудағы балл саны өсіп келе жатқанын айтып, жар салып келеміз. Алайда осы кейінгі жылдары ұпай санының көбейе түсуі кеңестік кезеңнің «100 саулықтан – 120 қозы» деген ұраны секілді, асыра сілтеушілікке ұқсап кеткендей ме?.. Мұндай күдікті ой көпшіліктің көкейінде туып отырғаны жасырын емес. Ендеше, осы ретте ҰБТ-ыда жоғары көрсеткіштердің көбейіп кетуін біздегі білім беру жүйесінің жетістігінен дей аламыз ба? Сауалды талқыға салып көрсек...
Нұрғали ӘЗІМБАЕВ, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің бастығы
Иә
– Жыл санап балалардың ҰБТ-ыда жоғары көрсеткіш көрсетуі – балалардың шынында да, білімді болса, еңбектенсе, жақсы нәтижеге жетуге болатынының дәлелі. Жыл сайын біз аудан бойынша «Алтын белгіге» 50 бала ұсынамыз. Соның 50-60 пайызы сонысын ақтайды. Ал өте алмағандардың өзі білімі жетпегендігінен емес, ол кейбір логикалық сұрақтарға терең ойлана алмай қалғандығынан. Мысалы, небәрі бір-екі ғана балл жетпей қалады. Соған байланысты Білім министрлігі биылғы жылдан бастап осындай бір-екі балы жетпей қалғандарға қызыл аттестат беру туралы шешім қабылдады. Бүгінде балалардың өзі таза еңбектенсе, тестіден өтіп, жоғары оқу орнына түсетініне көзі жетті. Сол себепті тестіге дайындықты да күшейтуге көштік.
Бұрын дайындық соңғы 11-інші жылда басталатын болса, қазір бала 9-сыныптан бастап дайындала бастайды. Кейбіреулер тіпті 5-сыныптан бастайды. Себебі ҰБТ сұрақтары сол 5-сыныптың бағдарламасынан басталады ғой. Бүгінде ата-аналар да дайындыққа кірісті. ҰБТ кезінде тәртіпті қатаң қадағалау да жылдан-жылға күшейтіліп келеді.
Жалпы, тест – бүгінгі заман сұранысын дөп басатын әдіс. Бұрын, мәселен, осы тестілеу шыққанға дейін жан-жақтылық талапкердің білімі мен күшін, уақытын алатын. Содан келіп өзі таңдаған мамандығына қатысы жоқ пәндерден де емтихан тапсыруға мәжбүр болатын. Ал осы ҰБТ оқушыны нақты бір бағытта ізденуге үйретті. Біз уақытты ұтымды пайдалану дегенді меңгердік. Шетелдіктер бізден тіпті озып кеткен, олар әлдеқашан-ақ тестілеу жүйесін таңдап, баланы сонау мектеп жасынан бастап нақты бір салаға бейімдейді. Соған сай оларда өз саласының мықты мамандары шығады. Себебі жалпылай оқытуда бала әр нәрсенің басын бір шалып, не ана пәнді, не мына пәнді толық меңгермей, дағдарып, өзінің болашақта кім болатынын білмеген күйі мектеп бітіреді. Әрбірден келгенде, қазіргі кезде жоғары оқу орындарын бітіргенімен, көп түлектердің жұмысқа орналаса алмай жүргендігі осы себептен дер едім. Олар таза өз мамандығын меңгеріп алып кете алмағандығын көрсетіп отыр. Сондықтан ҰБТ-ының өте тиімді екенін сезініп, біз қайта оның кемшін тұстары болса, жетілдіре түсуіміз керек. Мәселен, оңай, жеңіл сұрақтар немесе логикаға салатын емес, нақты жауабы бар сұрақтар енгізіп дегендей. Сонда балаларымыздың білімі де, білім көрсеткіші де көтеріле береді.
Гүлсара АХМЕТОВА, мектеп мұғалімі
Жоқ
– Меніңше, жалпы тестілеу жүйесі ешқашан нағыз білімнің көрсеткіші бола алмайды. Осы тест шыққалы бері оқушыларымыз тіпті еркін сөйлеуден қалды. Егер емтихандық жүйе болса, оқушы өз ойын ашық айтып жеткізер алар еді. Қазір ше, ешкімге ештеңе айтпайды, тым-тырыс мониторға қарайды да, жаттап алған нәрселерін белгілеп шығады. Жаттау ешқашан білім болмайтыны айдан анық. Оқушы да тек кешенді тестілеу кезінде жаттап алғанын белгілеп шыққанға дейінгі аралықты ойлайды, одан кейінгі білім өзіне өмірлік азық болатынын, білім алу жағын ойламайды. Міне, қазір қоғам балаларды қандай қауіпке алып бара жатыр? Сондықтан да көптеген мұғалімдер де, ата-аналар да тестілеуге қарсы.
Әйтеуір, жоғары жақтан келген бұйрық болған соң, амалсыз бағынамыз, ал ішкі дүниеміз, ойымыз оған наразы. Емтихан жүйесін қайта қолға алу керек пе деймін. Себебі оқушылардың ойлау жүйесі толық дамымай, тіл байлығы жұтаңданып бара жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, қазақ тілінен тест тапсырады, бірақ ол балл болып өздеріне қосылмайды. Өзінің жоғары оқу орнына түсуіне көмегі тимеген соң, қазақ тілін кім оқығысы келеді? Немқұрайды қарайды. Тіпті орыс мектебіндегі балалар «зачем учиться, все равно это же не считается за балл» деп, бетімізге айтады. Біз осылайша өз тіліміздің қадірін кетіріп отырған жоқпыз ба? Білім жоқ, тек қана автоматты түрде жаттау ғана бар. Осыдан кейін қалай жыл санап өсіп келе жатқан көрсеткіштерді білім жүйесінің жетістігі дей аламыз? 120 балды толық алған баланың өзін өз басым нағыз білімді деп айта алмас едім. Өзіміз 11 жыл оқытқан баланың білім деңгейін білеміз ғой, шын мәнінде, осы 11 жыл бойы жақсы оқыған балаларымыз тестілеуден 65-70 балдан артық жинай алмай жүр. Олар алдын ала сынақ ретінде де тест тапсырып көреді. Сондағы байқағанымыз – осы. ЖОО-ға түсуге тапсырған кезде таңғаласың, ойламаған балалар 100-ден аса балл жинап шыға келеді. Балалардың ішінде де наразылар бар, тапсырудан бас тартып жатқандары бар. Ал көбі, шыны керек, тек сол бір күнде бес пәннің сұрағына жауап беріп өтіп кететінін ғана ойлап, содан құтылғанды ғана ойлайды. Нағыз білім алғысы келетіндер, қосымша курстарға баратындар да бар, бірақ олар өте аз. Ең бір жанға бататыны — тестіге мықты дайын, кез келген сұраққа қиналмай жауап беретін озат баланың грамматикасы нөл болса, таңғалмаңыз. Себебі оған қазіргі білім беру жүйесі кінәлі. Өйткені жазбаша жұмыс, ауызша емтихан деген мүлдем қалыс қалып жатыр ғой.
Бейтарап пікір
Серғазы Қалиұлы, педагогика ғылымының докторы, профессор:
– Егер балаларымыз шын мәнінде тестілеуден өз білімімен жоғары көрсеткіш көрсетіп жатса, оған қуануымыз керек. Демек, ол — осы жүйенің белгілі бір деңгейде өз нәтижесін беріп жатқандығы. Бастапқы кездегідей емес, оқушылар ҰБТ дегеннің не екенін меңгеріп, оған дайындықты үдетті деген сөз. Алайда мен тәжірибелі ұстаз ретінде гуманитарлық сала маманы болғысы келетін балалардан қосымша емтихан алу керектігін айтар едім. Педагог, адвокат, заңгер, дәрігер болсын, ол тек екі жердегі екіні біліп қана қоятын мамандар емес, адам тағдырын шешетін тұлғалар ғой. Оларға сөз керек. Ойлау жүйесі биік, жаны терең болуы үшін осы жағын қолға алмасақ болмайды.