ҰБТ талапкерлерін психологиялық дайындықтан өткізетін арнайы факультативтік курс керек пе?
Қазақ «бап шаппайды, бақ шабады» деп тауып айтқан ғой. Он бір жыл бойы тек бес деген баға алып келген оқушының ҰБТ кезінде оқыс сүрінуі әбден мүмкін. Бұл, әрине, сол бала мектеп қабырғасында жүргенде жоғары бағаны «блатпен» алды деген сөз емес. Оның басты себебі еліміздегі ҰБТ-ның әлі де толық пісіп-жетілмегендігінен болса керек. Екіншіден, мана айтып өткеніміздей, «бап шаппайды, бақ шабады». Сөз болып отырған бұл мәселе қазір ел қалаулыларының да қаққысына ұшырауда . «11 жыл бойы барын салып, үздік оқығандардың болашағын кездейсоқ балл жетіспеушілікке ұрындырмауымыз керек. Жалпы, ҰБТ-ның тиімділігін, оның бітірушілер білімін анықтаудағы сенімділігін, дәлдігін әлі де салмақтауға тиіспіз. Балаларға үлкен моральдық-психологиялық соққы да тиіп отырғанын ұмытпайық», – дейді олар. Ал мұндай жағдай, өкінішке қарай, кейде орны толмас өкінішке соқтырып жатады. «Бәлкім, арнайы факультативтік курс керек шығар» деген көптің пікірін назарларыңызға ұсынуымыздың себебі – міне, осы.
Зульфия Байсақова, Қазақстандағы Дағдарыс орталықтары одағының төрағасы:
ИӘ
– ҰБТ кезінде психологиялық көмек сұрайтындар саны артады. Тек оқушылар ғана емес, тіпті кейбір ата-аналардың өздері күйзеліске ұшырайды. Жалпы айтқанда, өз басым осы ҰБТ-ға көңілім толмайды. Мамандығым педагог болғандықтан да айтайын, менің ойымша, білімнің деңгейін саралауда ҰБТ-ның пайдасы мардымсыз. Біздің елдегі жүйені әлі де болса дамытып, жетілдіре түсу керек.
ҰБТ-ға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Бұл – мектеп бітірген оқушының балалықпен қош айтысып, бұлыңғыр болашаққа басқан қадамының шешуші сынағы.
Сондықтан да бала да, оның ата-анасы да қатты толқу үстінде жүреді. Баланың алдағы өмірін «балмен» өлшеп, олардың арман-мақсатын тестке тәуелді етіп қойдық. Ал мұндай жағдай кімнің болса да сеніміне селкеу түсіріп, еркін шектейді. Демек, адамның жүйке-жүйесіне жүк түседі.
Маман ретінде айтарым, бірінші кезекте ҰБТ жүйесіне, оның қалай өтетіндігіне, оқушыға қалай әсер ететіндігіне ғылыми-сараптамалық зерттеу жүргізу керек. Бір айта кетерлігі, тест тапсырып отырған оқушыға оны сыртта күтіп тұрған ата-ананың өзі қажеттілік туындай қалған жағдайда психологиялық тұрғыда еш көмек көрсете алмайды. Мен мұны аса күрделі проблема дер едім.
Келесі кезекте айтарым, әрбір ата-ана болмаса мұғалім оқушының санасына ҰБТ-ны тапсыр, тапсырма, қалай болған күнде де мамандық алып шығуына кедергі жоқтығын, бұл сынақтың тек білім деңгейін анықтауға ғана негізделгенін құйып отырғандары жөн. Сонда балалар ҰБТ алдындағы қорқынышын жеңе біледі.
Ата-аналардың да жыл бойы баласын ҰБТ-ға дайындал деп қамшылай бергендері дұрыс емес. Бұлай біз түлектердің екі аяғын бір етікке тығып, апшысын қуырамыз келіп. Бала тек ҰБТ-ға енетін сабақтарға ғана дайындалады да, санасында шегеленіп қалғандай, «қайтсем де жоғары балл жинауға тиіспін» деген ой сынақ кезінде әбден састырады. Ал білім беру процесі бір қалыптан ауытқымауы қажет. Менің ойымша, бұл жерде Білім және ғылым министрлігінің өзі дұрыс бағыт-бағдар таңдай алмай отыр. Бізде қалай, ҰБТ құдды бір күш сынасудың сәті іспетті және науқанға айналып кетті.
ҰБТ-ның ең жаман жері, мәселен, бала мен сынақ алушының арасында ешқандай қарым-қатынас болмайды. Барлығын техника атқарады. Егер баланың алдында мұғалім отырса, ол баланың ашылуына ықпал етеді. Бала қанша білімді болса да, сын сәтте қатты сасып қалуы мүмкін.
Рас, қазір мектептерде психологтар жұмыс істейді. Менің ойымша, біздің жағдайымызда бұл тым аз. Қазір қоғамда көтеріліп жүргендей, ҰБТ тапсыратын талапкерлерді мектеп қабырғасында психологиялық дайындықтан өткізетін арнайы факультативтік курстарды міндетті түрде ашу керек. Балаларымызды сынақ алаңына айдап салып, сырттан сын көзбен «қай жеңгенің менікі» деп қарап тұрған сияқтымыз. Әлі де есейе қоймаған балаға бұл – өте ауыр соққы. Кейбіреуінің осалдық танытуы осыдан. Ал арнайы дайындық сабақтары арқылы оқушыны шыңдай түскен болар едік.
Жолдасбек МӘМБЕТОВ, филология ғылымының кандидаты:
ЖОҚ
– Менің ойымша, арнайы факультативтік курстың еш керегі жоқ. Жалпы, «бала ҰБТ кезінде абдырап, қатты сасады, оны психологиялық тұрғыда дайындау қажет болады» деген сөздің өзіне, шынымды айтсам, қарсы пікірдемін.
Бала он бір жыл бойы тақтаға шығып, мұғалімге сабақ айтумен жүрмей ме? Осы он бір жыл ішінде кім болса да не нәрсеге бейімделіп, мейлінше тәжірибе жинақтап, әбден шыңдалады. Ал кейбір балалар ҰБТ кезінде қатты қысылса, ол оның сұраққа дайын еместігінің белгісі деп білемін. Былайша айтқанда, өзінің сол сұрақтан хабарсыз екендігін жасырудың бір амалы десем, қатты айтқандық емес.
Егер оқушы сұрақты біліп тұрса, ол еш қиналмас еді. Мәселен, факультативтік сабақ аптасына екі рет болмаса үш рет өткізілді делік, бұл не береді? Керісінше, оқушы мен мұғалімнің уақытын алып, кедергісін келтіреді. Қазір, өздеріңіз білесіздер, балаларға артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Сабақ қиындау. Ол аздай, тағы бір сабақ қосып берсек, ол қалай болар екен? Одан да сол уақытты баланың білімін жетілдіре түсетін пәндерге бөлген әлдеқайда тиімді.
Оның үстіне елімізде ҰБТ енгізілгелі бері 17 жылдай уақыт өтіпті. Аз емес. Осы уақыттың өзі оқушыны ҰБТ-ның талаптарына, заңдылықтарына үйрете түсері сөзсіз. Қазір бұрынғыдай емес, ҰБТ жылдан-жылға кемшіліктерін жойып келеді. Баяғыдай баланың шақшадай басын шарадай ететін сұрақтар жоққа тән. ҰБТ алдындағы дайындық тағы бар. Құзырлы министрлік жылда айтылатын сындардан келер жылы әйтеуір бір нәтиже шығарып жатады.
Қосымша айтарым, қазір мектептерде бастауыш сыныптардан бастап-ақ оқушыларға тест тапсыртады. Бұл да баланың психологиясын ҰБТ-ға ертеден дайындауға айрықша ықпал етеді.
Анау бір күндері израильдік ғалымның «бізде тест сұрақтары өте терең зерттеледі. Мәселен, бес сұрақ бекітілмес бұрын екі ай бойы жан-жақты әр саладағы ғалымдардың талқылауынан өтеді. Бала оған қалай жауап береді, ол талапкердің психологиясына қалай әсер етеді, жалпы, сол сұрақ баланың, қала берді, елдің мүддесі үшін қандай рөл атқарады, міне, осының барлығы есепке алынады» дегені бар.
Менің ойымша, біздің елдегі ҰБТ-ға жетпей тұрғаны – осы. Егер әрбір сұраққа дәл осылай баланың қарым-қабілеті, психологиясы тұрғысынан келсек, ешқандай проблема болмас еді деп ойлаймын. Дегенмен де келе-келе осыған қол жеткіземіз деген үмітім бар. Ал психологиялық дайындықтан өткізетін арнайы факультативтік курс енгізу туралы айтылып жүрген әңгімелер, менің ойымша, артықтау болар.
Бейтарап пікір
Басы-қасында жүр ғой деген оймен бірнеше мектеп директорымен және мұғалімдермен хабарласқан едік, олардың барлығы дерлігі «арнайы факультативтік сабақтың керегі жоқ» деген пікір айтты. Олардың ойынша, «дайындықты тек ҰБТ алдында ғана жүргізсе жетіп жатыр». Алайда қазір қолданыстағы мұндай алдын ала дайындық әзірге жемісін беріп отырған жоқ. Оны ҰБТ тапсырып шыққанда өңі қашып кететін баланың түрі-ақ айтып тұрады. Бәлкім, сынақ мерзімі тақағанда ғана басталатын дайындықтың өзі дұрыс жолға қойылмаған шығар? Қалай болған күнде де, Қазақстандағы Дағдарыс орталықтары одағының төрағасы Зульфия Байсақова айтпақшы, оқушының ҰБТ-ны «сынақ алаңы» деп емес, тек білім деңгейін саралау үшін ғана қажет деп қабылдайтын күнге қол жеткізуіміз керек.