Туыстарының келісімінсіз мәйітке ота жасауға заңмен тыйым салу керек пе?
Кейде өмірден өткен адамның денесі мәйітханаға жіберілген жағдайда сот-медициналық сараптама орталығы құқық қорғау орындарының қаулысы негізінде мәйітті сою арқылы сот-медициналық сараптамасын жасайды. Соңғы кездері тиісті орындардың мәйітке сараптама жасауы мәйіттің туыстары тарапынан дау тудырып жүр. Олар «өлген адамның денесін боршалау мұсылмандыққа қайшы» деп, тіпті кейде мәйіттің кейбір ішкі органдарының қолды болатыны жайлы да наразылықтарын білдіруде. Осы орайда сараптама жүргізу ережелеріне шариғат заңдылықтарын да қосқан жөн бе? «Өмірден өткен адамның денесіне туыстарының келісімінсіз ота жасауға заңмен тыйым салу керек пе?» деген сауалдар төңірегінде мамандар пікірін таразылап көрген едік...
Ғабиден ЖАЙЛИН, ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының жанындағы Аралық сот төрағасының орынбасары, заң ғылымының кандидаты
Иә
– Бұл – өте күрделі мәселе. Сондықтан өмірден өткен адамның денесіне туыстарының келісімінсіз ештеңе жасалмауы тиіс. Және бұл заң жүзінде бекітілуі керек. Себебі біздің халқымыз өлген адамның денесінің боршаланып, сараптама жасалуын аруақты қорлау деп түсінеді. Сондықтан халықтың ұстанымын ескере отырып, туыстарының келісімінсіз мәйітке ота жасалмауын заңмен бекіткен жөн. Сонда ғана біз мәйітке жасалған сараптаманың соңынан туатын даудың алдын аламыз. «Өлген адам өлді ғой» демей, аруаққа құрметпен қарап, туыстарының да ниетін, наным-сенімдерін сыйлаған жөн.
Егер мәйіттің өлімі күмән туғызбайтын болса, қалай көз жұмғаны белгілі болып, туыстары мәйітке ота жасалуын қаламай тұрса, мәйітті сараптамаға сүйрей берудің қажеті жоқ. Әсіресе соңғы кездері шеттен көшіп келген оралман бауырларымыздың тегеурінді қарсылығына қарамастан, мәйітке сараптама жасалуының соңы қоғамда үлкен дау тудырды. Сондықтан халықтың пікірімен санасып, ең алдымен мәйітке ота жасауға туыстарының келісімін алуды заң жүзінде бекіткен жөн. Тиісті орындардың «қолымызда құқық қорғау орындарының қаулысы бар» деп, туыстарының келісімінсіз ота жасауының соңы «мәйіттің ішкі органдарын трансплантация мақсатында алып қояды екен» деген көпшіліктің күдігін тудыруға да себепші болып жүр. Сондықтан мұндай қаңқу сөз, күдік тумас үшін де заң жүзінде тыйымның болғаны жөн. Рас, шетелдерде өмірден өткен соң адамның дене мүшелері алынып, донорды қажет етіп тұрған басқа бір науқастың денесіне салынады. Алайда бұл әрекеттердің барлығы өмірден өткен адамның өзінің келісімімен, алдын ала жасаған өсиетімен жүзеге асады. Ол жерде ешқандай туыстың келісімі қажет емес, әрбір азаматтың өз тілегі ескеріледі. Ал бізде мұндай жүйе ойластырылмағандықтан, мәйіт туысының тілегі ескерілуі қажет. Тағы бір айта кетер жайт – көбінесе өмірден өткен адамның денесін мәйітханадан алу да неше түрлі қиындықтар тудырып, туыстарының ренішін туғызып жатады. «Өмірден өткен адамның денесін сатады екен» деген қауесеттер де тарап жүр. Ондай бірнеше жағдайды өзім де естідім. Яғни бұл жерде жемқорлық әрекеттері де орын алып, мәйіттің туыстары қайғыдан қан жұтып отырғанда, базбіреулер пайда табуға тырысатын секілді. Тіпті өмірден өткен адамның денесін сойдырмау үшін туыстары тиісті орындарға пара ұсынуы да ғажап емес. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» десек те, егер заң жүзінде осының бәріне тосқауыл қояр болсақ, мұндай жел сөздер де тыйылар еді. Сондықтан жоғарыдағы бірнеше себептерге орай туыстарының келісімінсіз мәйітке ота жасауға заңмен тыйым салу керек деген пікірді қолдаймын.
Абай ШЕПЕТОВ, медицина ғылымының докторы
Жоқ
– Бүгінде қоғамда дау тудырып отырған бұл мәселе заң шығарушы орындар тарапынан бақылауға алынып, талқылануда. Қоғамда әртүрлі жағдайлар болады. Кейде туыстарының өзі айқай шығарып, мәйіттің өлу себебіне күмән келтіріп жатады. Сондықтан құқық қорғау орындары қажет деп тапқан жағдайда тиісті орындар тарапынан мәйіттің денесіне сот-медициналық сараптамасы туыстарының рұқсатына қарамай жасалынғаны жөн. Кейбір адамдар «мәйітті сойдырмаймыз, пышақ тигізбей жерлейміз» деп дау шығарып, сараптамаға бермей жатады. Бірақ арада біраз уақыт өткеннен кейін, туған-туыстары ақылдаса келе, көміліп қойылған зиратты қайтадан аштырады.
Амал жоқ, тиісті орындар мәйітті қайтадан қазып алып, шіріген мүрдені тексеруге мәжбүр болады. Мұндай кезде сараптама жасау да, дәлелдеу де қиынға соғады.
Қазіргі таңда мәйіттің туған-туыстарынан рұқсат алмайынша, оның ешқандай дене мүшесін алуға қақымыз жоқ. Ал бұрын мәйіттің дене мүшелерін алып, донор күтіп жатқан науқастарға пайдаланатынбыз. Кейін қоғамда туған наразылыққа байланысты туған-туыстарының рұқсатымен ғана мәйітке сараптама жасалатын болды. Осыған сай біздің елімізде транспалонтология саласы да дамымай, тоқтап қалды. Халқымыздың менталитетіне сай, ешкім өзінің туған-туысын союға рұқсат бергісі келмейді. Елімізде донорлық мүше күткен науқастар бірнеше жыл кезегін күтіп, қыруар ақшаға шетелден ағзаларын ауыстырып келіп жатыр. Оқыс жағдайда қаза тапқан мәйіттердің мүшесін өз кәдемізге жарата алғанымызда өзімізде де сол отаны жасауға болар еді. Қоғамда мәйітханаға түскен мәйіт ағзаларының саудаланатыны да жиі айтылып жүр. Мұндай қаңқу сөзге ерік бермес үшін де бәрін заң жүзінде бекітіп алған дұрыс секілді. Елімізде донорлық мүше күтіп жатқан науқастардың арасында дүние есігін енді ашқан, алайда донордың жүрегін, бүйрегін, бауырын қажет етіп, күтіп жатқан науқастар да жетерлік. Кейбір кезде мұндай ағза алмастыру жұмыстары белгілі бір жасқа дейін жасалуы тиіс. Алайда елімізде донор табылмағандықтан, олардың арасында кезегі келмей, доноры табылмай өмірден өтіп кететіндері де жетерлік. Мұндай жағдай әркімнің өз басына түспей, ешкім түсінбейді. Егер біз оқыс жағдайда қаза тапқан науқас ағзаларын өзінің келісімі бойынша пайдаланар болсақ, донор күтіп жатқан талай науқастың өмірін сақтауға мүмкіндік туар еді.
Шетелде мұндай мәселе өз шешімін тапқан. Егер ол елдердің азаматы өмірден өткен соң дене мүшесін басқа бір науқастың игілігіне пайдалануға алдын ала өсиет етсе, донор ретінде пайдаланады. Ал өсиет қалдырмаған жағдайда оның келісім білдіргені саналып, медицина қызметкерлері ішкі ағзаларын пайдалана береді. Бұл шетелдік тәжірибеде пайдаланылып жүр. Бұл әдісті біз де заң жүзінде енгізсек, бүгінгідей қоғамда шудың тууына себепші болмас едік. Сондықтан туыстарынан бұрын әрбір адамның өз келісімі алынуы тиіс. Алынбаған жағдайда оның келісім бергені саналып, донор ретінде пайдалана берген дұрыс.
Бейтарап пікір
Нұрлыхан ЕРЕЖЕПОВ, Алматы қалалық сот-медициналық сараптама орталығының директоры:
– Біз сот-медициналық сараптаманы құқық қорғау органдарының қаулысы негізінде ғана жасаймыз. Тергеуші, учаскелік полицей, прокуратура, сот органдары тағайындаған қаулы арқылы ғана тексереміз. Құқық қорғау органдары қаулы шығарса, біз міндетті түрде сараптама өткізуге тиіспіз. Көпшілік біздің жұмысымызды түсінбейді. Егер мәйіттің денесі мәйітханада жатса, оның туыстары қазақшылыққа салынып, «біз мүрдені сойдырмаймыз, алып кетеміз» деп дау шығарып жатады. Біріншіден, оны сою-соймау біздің қолымызда емес, ол біздің құзырымызға кірмейді. Қаулы шықты ма, біз міндетті түрде сараптама жүргіземіз. Сараптама деген – мүрдені сою, неден қайтыс болғанын, қандай жарақат алғанын анықтау. Осыны зерттеу арқылы құқық қорғау органдарына жауап береміз. Мен мынаны баса айтқым келеді: егер қайтыс болған адамның туыстары «сараптама жасатпаймыз, мүрдені сойдырмаймыз» десе, онда олар бізге емес, құқық қорғау органдарына барып, шығарған қаулыны жоққа шығаруы қажет. Сонда ғана біз мүрдені соймай бере аламыз.