Түркістан легионерінің әңгімесі

Түркістан легионерінің әңгімесі

Ғайпен Бейісов 1921 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы, Махамбет (бұрынғы Бақсай) ауданына қарасты Талқайраң ауылында дүниеге келген. Он сегіз жасында партия мүшелігіне кандидаттықа қабылданып, Бақсай аудандық партия комитетінде жұмыс жасайды, әскерге алынып, училищеге оқуға жіберіледі.

 

1941 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, 15-ші қыркүйекте Украинадағы Лоховица қаласының маңындағы ұрыста ауыр жараланып, неміс фашистерінің қолына түсіп, бірнеше айлар бойы лагерь азабын бастан кешіп Түркістан Ұлттық комитетіне жұмысқа алынады. Соғыс жылдарында Вермахтының Жоғарғы Бас командованиесінің Түркістан насихат бөлімінің әскери фототілшісі болып қызмет атқарып, шығармашылықпен айналысқан. 1945 жылы легионерлердің қашуын ұйымдастырды деген сезікпен Ғ.Бейісов, Х.Абдуллин, Закиров, Е.Қалдыбаев тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Бұл кезеңде кеңес армиясының қарқынды шабуылынан қаймықан неміс-фашисттері шапшаң шегінуде болатын. Тағдырларына қарай үкім орындалар түнінде түрме күзетшілері қашып кетіп, бұлар аман қалады. Неміс түрмесінен босаған соң Қызыл Армия қатарына қабылданып, 1946 жылы әскер қатарынан босап елге оралған  Ғ. Бейісов 1946 жылы РКФСР Қылмыс заңының 58-1б бабына сәйкес «халық жауы» ретінде 10 жыл бас бостандығынан айырылып, атышулы Сібір, Степлаг, Карлагтың тозақ өмірін бастан кешіп, 1956 жылы босайды. Одан кейінгі жылдары Атырау, Маңғыстау облыстарының кәсіпорындарында инженер қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Тек 60 жылдан кейін Қазақстан Республикасының Бас Әскери Прократурасының № 12/3-06(Р) 2006 жылдың 24 сәуірдегі қорытындысымен ақталып, саяси қуғын-сүргін құрбаны мәртебесін алған. Сол қортындысымен бірге Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті архивінде сақталған 1941 жылы соғыс алдында лейтенант формасында түскен фотосуретін қоса алған. 2007 жылдың 8 мамыр күні   бақиға озды.

 

...1944 жылы Берлин баспасынан Ғайпен Бейісовтың «Бұлбұлдың үні» атты кітапшасы үш тілде басылып шыққан. Қазақшасы латын ғаріпімен басылған.

 

Кітапшаның орысшасы «Голос соловея», ал немісшесі «Динахтигаль» атауларымен белгілі болды.

 

Үш тілде шыққан кітабында «Бұлбұлдың үні», «Ананың қамқорлығын ұмытпа», «Жауынгердің күнделік дәптерінен үзінді», «Ана», «Жараланған жүрек», «Демалыста» атты қадау-қадау әңгімелері басылған. Бұл кітап неміс армиясы басшылығының саяси-тәрбие бағыттағы тапсырысы бойынша шығарылғанмен, кітапшада кеңес өкіметіне қарсы бірде-бір сөз жоқ екендігін, оқыған жанға айқын да нақты білініп тұрғаны. Әңгімелердің барлығы Отанға, туған жерге деген сағыныш лебі есіп тұратынымен құнды демекпіз.

 

«Бұлбұлдың үні» атты әңгімесінің ең өзекті де негізгі ойы – Бостандық, Азаттық.

 

***

 

Көпшілік қауымға осы аталған кітапшадағы әңгімелердің бірі «Бұлбұлдың үні» әңгімесін толық күйінде таныстыруды жөн көрдім.

 

«Бұлбұлдың үні»

 

Құлазыған сары дала, әлем түзі айсыз, жұлдызсыз, қап-қара қара-түнек секілденіп, қара жерді тұншықтырып, қайыстыра басқан қара тұман. Өмір бойы бетіне күн сәулесі түспеген сары даланың асқар таулары, қара бұлт жамылып, тұмшалаған зор денесін көтере алмай, тау болып жараланғанына назаланып тұрған сияқты.

 

Қайғының қара тұманына тапталған, түрі өлік сияқтанып, сұлап жатқан сары далада қасіреттің күңіренген ащы үні шығады. Сол күңіренген үннің ішінен сайраған жалғыз бұлбұлдың үні естіледі. Бұлбұлдың үнінен шыққан саз – күн сәулесін көлегейлеп тұрған қара түнекке қарғыс оқып, ол сәулеге өмір бойы ғашықтығын білдірген саз.

 

Бұлбұл ғашық болған, бұлбұл үміт еткен сәулесінен тамыры қурап қуарғалы тұрған сары дала, өлімнен кері шегініп, өмірден үміт етеді де, бұлбұлдың үміт еткен жағына ода қарайды. Ол бұлбұл, бір өзі гүлсіз өмір сүре алмайды, бірақ, мына қара тұманнан әуе әлемі арылып, мұң сәулесі түсе қалса, өмір бойы құлпырып, қызғалдақ өсіп, шешек беретін жыныс тоғайының ішінде тұр. Ұшайын десе қанаты жоқ, жүрейін десе қалың темір тікен табанына қадалып, аяқтары жара болған, бүйтіп қорлықты бір көрсе, қара тұманнан адасып, қайда барарын білмей, кететін жол таба алмай, қорлықты екі көрді.

 

Бұл былай тұрсын, ежелгі ата дұшпаны, өмір бойы тартыспен өткізген күндесі жапалақтар аяғын қия бастырмады. Бақытсыз өмірдің қармағына ілініп, қас жауынан қара үзіп кете алмаған бұлбұл, әрбір ағаштың бұтасына қонып, әрбір ағаштың тасасына тығылып, сайрай берді. Жалғыздықтан  зарыққан, дауысы қарлыққан бишара, аштықтан көзі қарауытып, бір талдың түбіне жата кетіп еді, көз алдына әлде немелер елестеп, танши алмай жатқанда құлағына «Туған ел», «Бостандық» деген ызың естілді.

 

Сол уақытта, үлпілдеген жүрек аузынан шығып кете жаздағандай қуанып, жатқан жерінен атып түрегелді. Жаңа ғана өмір мен өлімді жеңістіре алмай жатқан бишара, «өлім» деген ойын қара түлкінің ішіне аудара салды да, көңілді шаттыққа бөленіп, тасқан дариядай тасып, дертті денесі жадырап қайрат бітіп, гүл-гүл жайнай бастады.

 

«Бұл өмірде басымнан кетпеген сор, сен енді, мен түгіл, мына құлазыған сары даладан да кетті» дегендей, бір екі рет қатты-қатты сілкініп қалып еді, үстіндегі тозаңды жүндері ұшып, жүні жаңарып, құйқылжып құлпыра кетті.

 

Уа, шіркін қанат бітіп, көкке өрлеп ұшар ма ем, туған елімнің салқын желін тойғанымша жұтар ма, бостандыққа жетіп, емін-еркін саңқылдаған даусымды әлемге естіртіп сайрарма ем, егер осы ойыма жетсем, дүниеге келген жан иесінен менен бақытты жан болмас еді-ау!... деді де жаңағы үн шыққан жаққа тағы да қарады. Бір емес бірнеше жалықпастан, шаршамастан көзін аудармастан қарады. Дүние әлемінде жоқты іздеп табам деген, көрем деген көңілі түсті де, үмітін сөндіргендей бұрынғыдан да әрі сайрай берді. Оның сыры сондай нәзік, сондай тәтті. Оның үнін естіген, құлазыған сары даланың топырағы борандады да тына қалды. Өлі жан секілденіп өлім құшағында жатқан сары даланың жүрегіне қан жүгіріп, басын көтергендей оның үнін асқар таулардың жақпар тастары сүйсініп тыңдап, басын изегендей болды.

 

«Па, шіркін бұл не еткен тәтті үн еді», деп, тыңдаған дүниенің күбірінен, оның қас дұшпаны болған жапалақтар селк ете түсті. Бұл үнді естіп сезіктенген, көре алмаған көп дұшпан шабуыл жасады. Бұған шабуыл жасап, жалғыздың үнін өшірелік дегендей, қара қарғалар да барқылдай бастады. Бірақ, бұлбұл найзадан өткір тілімен шанышқылап, маңайына жолатпады. Өстіп, қас жауымен алысып тұрғанда «Бостандық» деген үн тағы да естілді. Сол кезде, бұлбұл кеудесіне тыңнан жүрек салғандай, құйғылтып ұша жөнелді.

 

Ұстай алмаған жапалақтар не істерін білмей сең ұрған балықтай соқтығысты. Міне, осы уақытта, бүкіл әлем кеңістігіне атып келе жатқан алтын таңның сәулесі көз алдына елестеді де биік аспанмен таласқан зәулім бәйтеректің басына шығып, қонып отырып, сол таңға көз салды. Таң әлі алыс, алыс та болса үміт күшті, сүйген жүректің сырын сыртқа шығарып келе жатқан таңның сырын құйқылжыта, тамылжыта, желдірте, желпіндіре жырлап отыр еді. Сары даланы өмір бақи мекен еткен қара тұманды ығыстыра, алтын таңды бері қарай сүйреп, қанаттары күнге шағылысып келе жатқан бірнеше сұңқарларды көрді. Оларға сүйсіне қарап: «Ой тамаша-ай!» - деді, бар ықылас ниетімен. – Дүниеде күннен үлкен зат жоқ деуші еді, шоқтанып тұрған қыран сұңқарлар күннен де үлкен көрінеді. «Өмірсіз бар тағдыры күнде, күнсіз өмір тағдыры шешілмейді, деген ғылыми зерттеулер де бекерге ұқсап, тек қиял сияқтанады, өмірдің анық иесі дүниеге жаңа келе жатыр екен ғой» - деді, ішінен. «Бірақ, күннің сәулесі, оның иесі, қыран сұңқарлар әлі алыста, дегенмен»... деді де қуанғанынан сары даладан жөн сұрады. Сол уақытта көңілі босап, қолын созып, омырауын ашқандай, сары дала минутіне бірнеше рет құбылып, қуанғанның белгісін білдіргендей болды. Мұны көрген бишара бұлбұлдың қуанғанынан жүрегі аузынан шығып кете жаздады.

 

Ырғала соққан самал желдің лебінен бұлбұлдың құлағына тағы да «Туған ел», «Азаттық» деген дауыс естілді. Сол дауыс тағы да шығар ма екен деп, құлағын тосып еді, аз тыныстан кейін «Туған ел», «Түркістан» деген үнді естісімен, ар жағының немен тынуында ісі болмай «Туған ел – Түркістаным!» - деп жырын соза жөнелді.

 

Сол уақытта сары дала басын бір көтеріп, «әлі қыран сұңқарлар келмеген екен ғой, асықпайын» дегендей, түрлі жұпар иісті гүлдерді ағыта бастады. Қабағын қарс жауып, өлім төніп мүлгіген асқар таулар да бір рет сілкініп, басындағы мәңгі мұз қарларды жылжытып, басынан төмен түсіре бастады.

 

Сол уақытта, осының бәріне көз салып отырған зәулім бәйтеректің басындағы бұлбұл:

 

«Сағындым сарғайған туған ел,

 

Соға көр шығыстан самал жел,

 

Бір хабар өзіңнен ала алмай,

 

Сынғалы қайысты біздің бел», - деп жырын бастады да - «Иә, зарлы күйдің ішінде болған шерлі Түркістан, енді сен де бақытты, салтанатты елдің бесігі, шаттық жыр шығатын күйдің кені боларсың-ау асықпа!... Анау алтын таңның сәулесі жақын» - деді, масаттанып. Сәл тынғанда бұлбұл, теректің түбіне түрі тым жаман, өзі жүдеп шаршаған бір жапалақ келіп, «Ей, шырағым! Көз жетпес биікте отыр екенсің, не көрдің, не білдің?» - деп сұрады.

 

«Я... сұқсұрлар, мен сендерге қашан «шырағың болып ем! Қанша алдауға түсіріп ұстағың келсе де, мен қолдарыңа түспеспін, мен сендерге көктегі қол жетпес аймен бірдеймін, менің сөзім – мен сияқты миллиондардың сөзі, менің жырым – мен сияқты миллиондардың жыры, жоғал қасымнан!... Бізге де күн туар, сонда санасармын!» - деді ызалы бұлбұл.

 

Сол мезгілде әлгі жапалақ бетіндегі пердесін түсіріп тастап, ырғып, теректің басына шықты. Сол кезде, екі бишара мауқын басқанша құшақтасып, бір тынығып әңгімеге кірді. Қарт бұлбұл шыдамастан оның қайдан келгенін, не істегенін, не көргенін, жаны тыным таппай, тығыршып сұрап отыр.

 

«Мен келгелі біраз уақыт болды, мен сендер үшін жанымды отқа да, суға да салып, көрген бейнетіме разы болып, ежелгі дұшпанның бет пердесін пайдаланып сендерге жеттім. Кешікпей бостандықтың таңы атпақ, сағынған еліңді, сарғайып күткен жеріңді әлі-ақ көресің!» - деді жас бұлбұл. Тыңдап отырған қасіретті қарт бұлбұл оның сөзін бөліп: «Иә, бостандық, бостандық ... жарық таң... өзімнің де құлағыма өткен күні естіліп шаршамастан, талмастан, жалықпастан жырлағанмын», - деді.

 

- Тоқта, сабыр ет, «сабырдың түбі сары алтын» - деген. Бостандықтың таңы атпақ..., сендер білмейсіңдер, өйткені сендерге белгісіз... Міне білулерің керек, менің міндетім: сендерге түсіндірмек... анау таң сәулесін көрдің бе?...

 

- Иә, таң күлімдеп белгі беретін сияқты. Олай болса, сенің міндетің өзің сияқтыларға түсіндіру. Бірақ, дұшпан біліп қалып жүрмесін, жарайма! Тек берік бол!

 

Бұлар көңілдегі сырларын айтсын дегендей сумаңдап соғып тұрған жынды жел де тына қалды. «Шырағым, келген жағыңда не бар, соны айтшы» - деді, естігенше мазасызданып қарт бұлбұл.

 

- Менің көргенім, менің білгенім, біздің қыран сұңқарлардың томағасын босатысымен дұшпанды ілгенін көргеніңде, оқша зулап ұшқанын көргеніңде, олардың денесіне оқ дарымай, емін-еркін көк жүзінде қалықтағанын көргеніңде, төбең көкке жеткендей болады. Олардың көктегі қиқуына шыдай алмай, жандарын қайда қоярын білмей, арсалақтап, жылға-жылғамен зытып жүрген, қара жер қойнын ашпай қойған соң, кіретін тесік таба алмай сасқалақтап, өлім алдында жан таласып, сумаң қағып жүрген сұр жыландарды көрдім – деді жас бұлбұл.

 

Өмірге келіп көрмеген бұл сияқты ұлы іске бүйірі қызып, қарт бұлбұл қанатын қомдап, өзін сол тартыстың ішіндегідей санады ма қайтті? Өзі әлгі айтқан сұңқарлар құсап, қуанғанынан ба, құйлығып өзін-өзі ұстай алмай, бір айналып ұшып келіп, сағынған жүрегін басайын дегендей:

 

Туған ел өскен тауларым,

 

Құлпырған жемісті бауларым.

 

Сағынған көз жасым көл болып,

 

Көбейіп шет жерде жауларым... – деп жырлады.

 

Оның бұл дауысы әлде қайда жаңғырып шыға бастады. Сол кезде айдалаға көздерін салып еді, сары даланы сіберлене басқан қалың тұман көзіне көрінді. Қарт бұлбұл мазасызданып: «Мына сары даланы тағы да тұман басқаны несі?» - деді қайғырып.

 

«Әлі ерте, қажырлы, төзімді бол, әлі төзімділік керек, тұманның шеті алыс емес, әлі-ақ серпілер, таң жарығы да тез арада жетер. Үнсіз өмір бақи көні жібімей қайғырған, өмір бақи үнсіз қуарған сары даланың да мейірімі қанып, алтын таңның сәулесіне бөленіп, кілемнің түріндей түрленетін алыста емес» - деді жас бұлбұл.

 

Екеуі сағынған жүрегін басу үшін зарлы дауыспен:

 

Сағындым көп уақыттан туған елім,

 

Алдымнан неге соқпайды самал желім.

 

Құса боп шет жерлерде мен қарлаймын,

 

Кім табар жараланған жүрек емін, - деп жырын ұзата берді.

 

«Осы үніміз туған елге естілсін, осы күніміз мәңгі өшпейтін бақытқа айқассын!» - деп тілек тіледі.

 

 

Аққали Ахмет, 

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, тарих ғылымдарының докторы

 

Abai.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста