Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің алдына келгенге тізе батырулары үйреншікті әдетке айналып бара ма дейміз. Мұндай ой тосыннан келген жоқ. Қазір ел арасында «тәртіп сақшылары қамауға алынғандарды ұрып-соқпай жібермейді екен. Өйткені көп тергеушілер қылмысты мойындатудың болмаса қолға алған істерін тезірек сотқа жіберудің басқа амалдарын жетік меңгере алмай жүр» деген әңгімелер жиі айтылуда. Мұны дәлелдейтін фактілер де жоқ емес. Алайда құқық қорғау органы қызметкерлерінің өздерін ақтап алатын уәждері де жетерлік. Міне, осы тұста пікір екіге айырылады. Ал біздің өз кезегімізде дәл осы тақырыпты қозғауымыздың ең басты себебі - қайшы пікірлердің жілігін шағу еді.
Кенжеғали Қадырұлы, Алматы қалалық адвокаттар алқасының төрағасы:
Иә
– Бұл тұрғыда «тергеушілердің барлығы бірдей емес қой» деген түсінік таратудың өзі артық. Олардың жауапкершілігінде адам тағдыры тұрғандықтан, қай-қайсысы да мінсіз болуы тиіс. Тергеу органдары қызметкерлеріне қылмыстық істі кері қайтпайтындай етіп ашу үшін ауқымды жұмыс істеулеріне тура келеді. Жұмыстарының ауыр екендігіне келісемін. Егер тергеушілер қылмыс жасаған адам жалтарып кете алмайтындай, бар айыбын айғақтап беретіндей дәлелдерді алға тартсыншы, кім болса да, амал жоқ, кінәсін мойындар еді. Осы жағынан алып қарағанда, біздің тергеушілердің тәжірибелері әлі де болса кенжелеп тұр.
Тергеушілердің кейбіреулері ізденгілері келмегендіктен және тәжірибелерінің жоқтығын жасырып қалу ниетімен де айыптау құжатына күшпен қол қойғызып алуға дағдыланып алған.
Негізі, қылмысты ашудың тәсілі өте көп. Алайда сауатты дегендердің өздерінің кей кездері белгіленген уақытты үнемдеу үшін білім-біліктерін ысырып қойып, заңға қайшы келетін әрекеттерге жол беріп жататыны ешкімге жасырын емес.
Қазір тергеу саласындағылардың басым бөлігі жастар. Жаңа толқын жағында да енжар, жұмысына атүсті қарайтын мамандар аз емес. Өкінішке қарай, олар сөз болып отырған тегеурінсіз тергеушілер қатарын көбейте түсуде.
Жоғарыда айтып өткенімдей, жазықсыз жанды ұрып-соғып, жасамаған қылмысы үшін жаза арқалатып, абақты айдатып жіберуден тайынбайтын тергеушілердің талайын естіп жатырмыз.
Егер соңғы 10-15 жыл бұрынғы уақытпен салыстыратын болсақ, қазір мұндай келеңсіздіктер көптеп кездесуде. Осындай өрескелдіктердің алдын алу үшін не істеу керек? Ең алдымен, тергеу саласындағылардың мәдениетін көтеру қажет. Күдіктіге қатысты дәйекті дәлелдерді неғұрлым көбірек тапса, тергеушінің соғұрлым кәсіпқой екендігі байқалады. Яғни ұрып-соғудың қажеттігі болмас та еді. Сол себепті басшылардың осы жағына көбірек назар аударғандары жөн.
Көрсеткіш пайызын көтере алмағанның басшылар кәріне ілігетіні белгілі. Кейбір тергеушілер осындай жағдайда негізінен ауылдан келген жастар мен бұрын полицияға түсіп көрмегендерді пайдаланып қалып жатады. Қоқан-лоқы көрсетіп болмаса ұрып-соғады. Одан қалса алдап-сулап, әйтеуір, қақпанына түсіреді.
Мәселен, менің тәжірибемде мынадай бір оқиға болған еді. Тәртіп сақшылары теміржол вокзалынан ауылдан келген екі жігітті ұстап алып, оларды «қару мен оқ жасырыпты» деген айыппен қамауға алады. Полиция қызметкерлері оларды ұрып-соғыпты да. Кейін білдік, жәбірленушілердің қалталарына оқ салып қойған сол полицейлердің өздері екен. Ал бұл ұрып-соққаннан да жаман ғой! Біздің араласуымызбен, оларға жала жабылғандығы анықталған болатын. Сонымен, не керек, ақыр аяғында ақтап алдық.
Тергеу орындары қызметкерлерінің көпшілігі кейде қорғаушылардың талаптарын орындамай жатады. Оны неге айтып отырмын? Сайып келгенде, осындай қайшылықтар тергеу ісінің айыптау жағының пайдасына шешіліп, солардың көздегендерінің іске асуына себеп болып жатады. Тергеушілер өресінің жеткен жері осы ма деймін кейде. Сауатты тергеуші қорғаушының барлық талап-арыздарын дер кезінде орындап, соған лайықты көңіл бөлер еді. Ондай тергеуші кемшілігін мойындауды да ар санамайды. Байқаймын, осындай атына заты сай тергеушілер қатары сиреп барады.
Балтабек Қуанышев, Алматы қалалық ІІД-нің аға тергеушісі:
Жоқ
– «Қылмысты дер кезінде әрі сапалы ашуға біздің тәртіп сақшыларының білім-біліктілігі жетпейді. Ұпай жинау үшін олар тек қара күштеріне ерік береді» деп санайтындар саны шынымен көп. Бірақ бұл – қате пікір. Ұрып-соғып, қысым көрсетудің заманы әлдеқашан өткен. Адамдардың сол ескі психологиядан арыла алмай жүргендері қынжылтады-ақ. Әңгіме өткен емес, осы шақ төңірегінде болып отырғандықтан, айтарым мынау – қазір адамдар сауатты, өз құқықтарынан барынша хабардар. Тергеу жүйесі де барынша дамыған. Қазір айыпты мойындатудың әдіс-амалдары сан алуан. Жұдырық жұмсаудың жөні де жоқ. Жауап алу барысы бастан-аяқ бейнетаспаға түсіріліп қана қоймай, ол бейнежазба сот отырысы кезінде айғақты дәлел ретінде тіркеуге алынады.
Мына бір факторға да назар аудара кетейік: егер көзге түсіп, мақтау иелену үшін ғана із кесуші бар айыпты қылмысқа еш қатысы жоқ мүлде басқа біреудің мойнына іліп жіберіп, ертеңгі күні нағыз қылмыскер ұсталып жатса, арты не болмақ? Жала жапқанның өзі сотталып кетпей ме? Кім барар екен мұндай тәуекелге? Күдіктіні қамауға алу туралы санкция берілсе, жедел уәкілдер оны құрықтау шарасын ұйымдастырады. Сол шара кезінде күдікті қашуға әрекет жасап, тәртіп сақшыларына қарсылық көрсетеді. Міне, сол кезде күш құрылымдарының қызметкерлері шынымен де кей кездері күш көрсетуге мәжбүр болады. Мен осыдан біраз уақыт бұрын Америкада тергеушілердің білімін жетілдіру курсынан өтіп қайттым. Сонда тәжірибелі мамандардың былай дегені бар: «Бір адам жазықсыз сотталғанша, мейлі, 10 қылмыскер жазадан құтылсын».
Адамдардың материалдық жағдайына қарамастан, кімге болса да қорғаушы тағайындалады. Сол қорғаушылар қылмыстық іс қозғалып, ол шегіне жеткенше, яғни барлық тергеу амалдарының басы-қасында жүрсе, осындай қауесеттер айтылмас па еді деп ойлаймын. Айып тағудың заңды, заңсыздығын тергеуші күдікті қолға түскен сәттен бастап үш сағат ішінде анықтауы тиіс. Егер күдіктінің айыбы анықталса, прокурордан оны қамауға алу туралы санкцияға рұқсат сұраймыз. Сол кезде прокурор күдіктіден тергеушінің қысым көрсеткен, көрсетпегенін сұрайды. Содан кейін қамауға алынбақ адамды медициналық тексеруден өткіземіз. Міне, осы айтылған процестер кезінде «полицейлер ұрып-соғыпты» деген әңгіме айтылмайды. Барлығы да судья алдында «мені ұрып-соқты, содан кейін мойындадым» деп, араша сұрай қалады. Неге? Өйткені күдікті тергеу изоляторында отырғанда неше түрлі «ақыл-кеңестерді» естіп алады. Бір нәрсені ескерте кетейін, күдікті бар шындықты бірінші жауап алу барысында айтады. Соттың айыпкердің бірінші жауабына басымдық беретіні содан.
Тергеуші – қылмыстық іс қозғалғаннан бастап, айыптау құжаты сотқа жеткенге дейін қылмысты ашумен айналысатын лауазымды адам. Былайша айтқанда, қызметіміз адам факторымен тікелей байланысты. Олай болса, жұртшылықтың «құқық қорғау органдары ішіндегі ең бұзақысы – тергеушілер» деп санайтыны түсінікті. Тәртіп күзетіндегілердің түгелімен мінсіз емес екендігі рас. Алайда оларды дер кезінде әшкерелеп, жауапқа тартып жатыр ғой. Біреу бетімен кетті екен деп, полицей біткенді жерден алып, жерге салған жөн болмас.
Түйін
Марат Сәрсенбаев, заң ғылымының докторы, профессор:
– Тергеушілердің қысым жасайтындарын жоққа шығармаймын. Әсіресе, қоғамдық резонанс тудырған қылмысты ашу кезінде тергеушілер түрлі заңбұзушылықтарға жол беріп жатады. Себебі оларды жоғары жақтан асықтырады. Тәжірибеде дәлелденгендей, егер тергеуші уақытын дұрыс пайдаланып, жылдам қимылдаса, тергеу ісін сапалы ашудың әлеуеті 90-95 пайызға дейін жеткен болар еді. Ал тергеушілердің арасында ертеңі бітпейтін жалқаулар жоқ емес. Қазір криминалистика ғылымы барынша дамыған. Жүзден аса сараптамалық зерттеулер бар. Демек, тергеушілердің мүмкіндіктері өте мол. Тек білім-біліктерін үзіліссіз жетілдіруден жалықпаса болғаны. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бүгінгі күннің тергеушілерінің қасақана болсын, қапыда болсын, әрбір шалыс басқандары барлық құқық қорғау органдары қызметкерлеріне үлкен сын.