Тәуелсіздіктің 20 жылында тәуелсіз сана қалыптастыра алдық па?

Тәуелсіздіктің 20 жылында тәуелсіз сана қалыптастыра алдық па?

Қазақстан өзінің территориялық тәуелсіздігін алғанына 20 жыл толды. Дегенмен зиялы қауым арасында қазақты құлдық психологиядан арылып, сана тәуелсіздігіне әлі де қол жеткізе алмады деп есептейтіндер баршылық. Мәселен, профессор Мекемтас Мырзахметұлы тәуелсіз санаға қол жеткізу үшін отарсыздандыру саясатын жүргізу қажеттігін, онсыз қазақтың санасы тәуелсіз бола алмайтынын айтады. Сана тәуелсіздігінің көрінісі қандай? Бұл жөнінде сарапшылардың пікірі әрқалай.

Дінмұхамед ЗИЯДИН, «Медианет» сарапшысы:
Иә

– Қалыптастыра алдық. Тәуелсіз сана дегеніміз міндетті түрде әр аза­мат­тың орайы келсін-келмесін, ұлт пен тілдің жағдайын айта жөнелуі емес. Ол – бірінші кезекте, халықтың өз заңнамасы, өз жетістіктері, өзіндік же­ке қуанышы мен қиыншылығы бар, бірақ тәуелсіз елде өмір сүріп жат­қа­нын сезінуі.
Әлемдік қауымдастықтағы ешбір ел өзге қауымнан оқшауланып жеке-дара өмір сүріп жатқан жоқ. Кез келген елде сауда-экономикалық, саяси, керек десеңіз, мәдени интеграция жү­ріп жатыр. Осындай қарым-қатынас жү­йесінде мемлекет қайсыбір мә­се­леде ұтуы мүмкін, қайсыбір мәселеде ұты­луы мүмкін. Бұл – әлмисақтан бері ке­ле жатқан қалыпты процесс.
Сол секілді Қазақстан да өзінің қала­уынша өзге елдермен әртүрлі деңгейде серіктестік, ынтымақтастық, одақ орнатып жатыр. Алайда мұндай байланыс бүтіндей бір халық тәуелді дегенді білдірмейді. Мәселен, көрші Ресеймен Кедендік одаққа біріктік. Алайда біз оған мәжбүрліктен, одан басқа таңдау жолымыз болмаған­дықтан барған жоқпыз ғой. Өзіміз сай­лаған билік сондай шешімге келді. Ара-тұра күңкіл сөздер өрбіп жатқанымен, Кедендік одаққа қарсылық білдіру үшін алаңға жүз адам жиналған жоқ.
Жеке мемлекет болып ту көтеріп, үй тіккен әрбір елдің өз заңы бар, өз жетістігі мен өз кемшіліктері бар. Осы жерде «өз» деген сөзге баса мән беру керек, себебі қалай болғанда да, осының бәрі – Қазақ­станның ішкі мәселесі.
Осы секілді түрлі факторлар Қазақстан азаматтарына өздерін тәуелсіз сезінуге мүмкіндік береді. Рас, халыққа биліктің белгілі бір саладағы ұстанған бағыты жақ­пауы мүмкін. Бір өңір мен екінші өңір­дің бақталастығы байқалуы мүмкін, бірақ, түптеп келгенде, осы оқиғаларға қатысы бар қазақстандықтардың тәуелсіз елде өмір сүріп отырғанын мойындары сөзсіз.
Тәуелсіз сана күн өткен сайын етек жайып, тамырын тереңге жіберіп, нығайып келеді. Бұл құбылыс әсіресе жастардың арасында анық байқалады. Сенбесеңіз, халық арасынан қайбір жасты суырып алып, оған «сен ресми түрде тәуелді елде өмір сүріп жатырсың» деп айтып, сендіріп көріңіз.
Кейде «Қазақстан Ресейге қайтадан қосылғалы жүр» деген пікір айтылады. Бұл – мүлде ойға сыймайтын құбылыс. Себебі Қазақстанның әрбір азаматы Тәуелсіздіктің дәмін татып көрді. Тәуелсіздіктен үш жыл кейін, бес жыл кейін қайта бірігуі мүмкін шығар, бірақ 20 жыл Тәуелсіздікте өмір сүрген халықтың санасы мүлде басқа. Бір ұрпақ ауысып үлгерді.
«Тәуелсіздік» – қасиетті ұғым. Оны мүмкіндігінше күнделікті күйбең тірлікке араластырмауға тырысу қажет. Себебі Тәуелсіздік бәрінен биік тұр. Еркіндігі мен бостандығынан айырылған халық үшін алтынмен апталған, күміспен күптелген өмірдің құны – көк тиын.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы:
Жоқ

– Әрине, еліміз Тәуелсіз мемлекет ретінде өзі қалаған жолмен қалаған бағытта дамиды. Халық өзінің ел болғанын түсінді. Бірақ бұл сананың толыққанды тәуелсіздігінің көрсеткіші емес. Тәуелсіз ел дегеніміз жай ғана территориялық аймақ емес. Оның түрлі атрибуттары бар. Соның бірі – сана тәуелсіздігі. Қазір ешкімді ешкім аямайтын заман, қазаққа қазақтан басқа  ешкімнің жаны ашымайды. Сондықтан қазақ шын мәнінде тәуелсіз болу үшін барлық жағынан бәсекеге лайықты ұлт болу керек. Ал ол үшін алдымен санасы дайын болу керек. Мені әсіресе алаңдататын мәселе ол – рушылдық дерті. Әр жазушы, әр тарихшы тек өзінің ғана руының тарихын зерттеп, өзіне тартып жатыр.
Елдік деңгейде ойлау қабілеті кейбір бетке ұстар азаматтардың өзінде қалып­тасқан жоқ. Жер бетінде ешбір ұлтта ру­шылдық мәселесі осылай ушығып тұрған жоқ деп ойлаймын.
Тәуелсіздіктің басты қажеттілігі – ол ұлттың біртұтастығы. Орыстың ғалымы Даль: «Орыс» деген сөз адамның азамат­тығына қарап емес, негізінен сөйлейтін тіліне қарап анықталады», – деп айтқан екен. Сол айтқандай, біз де орыс тілінде сөйлейтін қазақстандықтардың тағдыры үшін алаңдауымыз қажет. Тіл мәселесі реттелмей, сана тәуелсіз бола алмайды.
Үшіншіден, бізде Тәуелсіздікті той тойлау деп түсінеді. Күнде жиын, күнде той, ас беру, қыз ұзату, тағысын тағы. Қысқасы, қазаққа кез келген болмашы жағдай тойға себеп болып тұрғандай көрінеді. Меніңше, сол тойды 50-60 пайызға азайту керек. Ұлтымыз мықты болуы үшін халық жанталасып жұмыс істеуі керек. Біздің сана­мыз­дың тәуелділігі үстімізге киіп жүрген киіміміз бен тұрмысқа қолданып жүрген заттарымыздан-ақ көрінеді. Ыдысымыз – Қытайдан, жегеніміз – өзбектен, жи­һа­зы­мыз – орыс пен финдікі. Киген киі­мі­міз­дің барлығы – шетелдікі, басқаны былай қой­ғанда, алақандай қырғыз елінің киіміне тәуелді болып барамыз. Ең сорақысы, соған намыстанбаймыз. Сананың тәуел­ді­лігі – меніңше, осы. Адамдар той тойлауды қойып, еңбек етуге көшуі керек.
Мәселен, Американың фильмдерінің барлығы АҚШ-тың жеңісімен аяқталады. Меніңше, бізге де осындай ұранды идеология керек.

Түйін
Дос КӨШІМ,
«Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі:
– Біздің қоғамды біртекті деп айтуға келмейді. Ол – адамдардың өздеріне, ең алдымен біліміне, күш-жігеріне, тәрбиесіне, ар-ожданына байланысты анықталатын құбылыс. Азаматтардың бір бөлігі өзінің тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанын түсінсе, бір бөлігі әлі де жете түсіне алмай жатыр. Мысалы, бұрынғы Кеңес үкіметіне деген ностальгияны көп адамның бойынан байқауға болады. Бірақ енді заман да, сана да өзгеріп жатыр. Мәселен, 1991 жылы Тәуелсіздік алар тұста адамдардың көбі, әсіресе сол кездегі билікте отырғандардың 80 пайызы Тәуелсіздікке қарсы болды. Ал қазір жағдай өзгерді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста