Тәуелсіздік мерекесін өткізіп алмайынша, Жаңа жылға дайындық жұмыстарына шектеу қою керек пе?
Келесі жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өткелі отырмыз. Біз үшін бұл мерекенің өзге тойлардан жөні тіпті бөлек. Десек те, Тәуелсіздік күні Жаңа жыл мерекесі қарсаңындағы жан-жақты дайындық шараларының көлеңкесінде қалып қойып жататын сыңайлы. Бұл мәселе бұрыннан бері айтылып келе жатса да, жоғарыдағы тиісті орындар тарапынан тиісті шаралар қолға алынған емес. Кеш кіріссе де, депутаттардың осы сұрақ төңірегінде ойлана бастағаны көпшілікті қуаттандырып отыр. Осы орайда халық қалаулылары «Жаңа жылға әзірлікті Тәуелсіздік мерекесін өткізгеннен кейін ғана бастау керек» деген ұсынысты ортаға салуда. Қалай айтсақ та, Тәуелсіздік күні қазақта жалғыз. Әйтсе де «Тәуелсіздік мерекесін өткізіп алмайынша, Жаңа жылға дайындық жұмыстарына шектеу қою керек» деген ұсыныс-пікірмен келісе қоймайтындар да бар. Ал сіз қалай ойлайсыз? Тақырыпты ой-көкпарына салып көрсек...
Хасен ҚОЖА-АХМЕТ, қоғам қайраткері:
Иә
– Қазіргі қазақ қоғамы әлі күнге дейін Тәуелсіздік күнін жалпыхалықтық деңгейде, өз дәрежесіне лайық атап өте алмай келеді. Еліміздің басты мерекесі саналатын бұл күнді атап өтерде қаһарлы Желтоқсанда табандылық танытқан ұл-қыздарымызды да елеп-ескеруіміз қажет. Ол үшін республикамыз бойынша жер-жерде кең көлемді үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жас ұрпақтың санасына түсіретін ауқымды шаралар жүзеге асырылуы керек. Алдағы жылы қасиетті Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтпекпіз. Осынау елеулі тарихи датамызды әр қазақтың жүрегіне сіңіруіміз қажет. Өкінішке қарай, ұлтымыздың ұлық мерекесінің бірі саналатын Тәуелсіздік күні жыл сайын әдеттегідей Жаңа жыл мейрамына дайындық жұмыстарының көлеңкесінде қалып келеді. Біз тіпті Наурыз мерекесіне бұлай шашылып дайындалмайтын сияқтымыз. Жаңа жыл – бұл өзі ескіден қалған мереке болғандықтан, оның үстіне оны әлем болып тойлайтындықтан, одан бірден бас тартуымыз қиынырақ. Қазіргі күннің өзінде еліміздің барлық өңірлерінде Жаңа жылды қарсы алуға дайындық жұмыстары басталып кетті десек те болады. Бұл мерекеге дайындық әсіресе желтоқсан айының басында кәдімгідей қыза бастайды.
Ал желтоқсанның орта тұсында біз Тәуелсіздік күнін атап өтпекпіз. Десек те, Жаңа жылды қарсы алмас бұрын айналаның бәрі қызылды-жасылды болып, көшелер мен ғимараттардың іші-сырты әсем безендіріліп, газет-журналдар мен теле-радиоарналар арнайы бағдарламалар жасап, түрлі сауда ойын-сауық орталықтарында мерекелік шаралар өтіп, концерттік залдарда жұлдыздар өнер көрсете бастайды. Жаңа жылға дайындық жүргізуді Тәуелсіздік мерекесі атап өтілгенше арнайы заңдық күші бар құжаттармен бекітіп алмаса, бәрі бұрынғысынша қайталана бермек. Сондықтан да Тәуелсіздік күні қарсаңындағы әзірлігімізді күшейтіп, көшелерге әлеуметтік жарнамалар, ұрансөздер іліп, тіпті қалалардағы үлкен мониторлардан Желтоқсан қасіреті жайлы бейнекөріністер ел назарына ұсынылуы қажет. Бірақ Тәуелсіздік күніне әзірлігіміз Жаңа жыл мерекесіне дайындалғандай тым жеңіл, қызылды-жасылды болып кетпеуі керек.
Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
Жоқ
– Тәуелсіздік күнін жоғары деңгейде атап өтуімізге Жаңа жыл мерекесіне дайындық жұмыстары кедергі келтіреді дегенмен келіспеймін. Бұл екеуі – мағынасы жағынан да, маңыздылығы жөнінен де бір-біріне қарама-қарсы мүлде бөлек мерекелер. Бұлар біріне-бірі соншама кедергі келтіріп жатқан дүниелер емес. Төл мерекеміз саналатын Тәуелсіздік күнін тиісті деңгейде атап өтеміз десек, бізге қой деп, қолымызды кім байлап отыр? Жалпы, бір мейрамды дұрыс тойлау үшін басқа бір мейрамға байланысты ұйымдастырылатын іс-шараларға шектеу қойып қажеті жоқ. Қалай десек те, ел-жұрт Жаңа жылды қарсы алу үшін күні бұрын дайындала береді. Біз, ең бірінші, өзімізге өзіміз «бізге Тәуелсіздік күні қымбат па, әлде Жаңа жылды тойлау маңыздырақ па?» деген сұрақты қоюымыз керек. Әрине, бізге қанмен келген, қасіретпен келген Тәуелсіздік аса қымбат.
Сондықтан да еліміздің әрбір балабақшасында, әрбір мектеп пен оқу орындарында Тәуелсіздік ұғымын түсіндіретін сабақтар мен түрлі кездесулер ұйымдастырылып, әрбір қала, ауылдарда, орталық алаңдарда, Тәуелсіздікке арнап қойылған ескерткіштер алдында мағыналы шаралар өткізілуі тиіс. Рас, мұндай шаралар қазір де ұйымдастырылып жүр. Бірақ ол тым тар шеңберді ғана қамтып отыр. Ал Тәуелсіздік күнін мерекелеу жалпыхалықтық сипатта өткізілу керек. Ол үшін ақсап тұрған ұлттық идеологияны қалай аяғынан тік тұрғызамыз деген сауал төңірегінде ойласуымыз қажет. Бүкіл әлемге зер салып қарасақ, көптеген мемлекеттер өздерінің тәуелсіздік алған күндерін өзге мерекелерден асырып тойлайды. Тіпті америкалықтардың өздері Тәуелсіздік мерекесінде әрбір үйдің төбесіне туларын тігіп, бұл тойды жалпыхалықтық әрі отбасылық мереке ретінде зор құрметпен әрі сән-салтанатпен атап өтеді. Бізде осы уақытқа дейін Тәуелсіздік күнін отбасы мүшелерімен атап өту, үлкен бір ұжым болып мерекелеу жағы қалыптасып үлгерген жоқ. Тәуелсіздік күні, біздіңше, көбіне ресми сипатта ғана елеусіз өтеді де шығады. Бұл бейне бір жергілікті әкімшіліктердің жиналысы сипатында ғана, бір реткі концерттік шаралар түрінде ғана көрініс тауып келеді.
Осы мәселені жуықта депутат мырзалар сөз етіпті деп естідім. Айналып келгенде, бұл мәселені қазақ журналистері бұрыннан-ақ қозғап келеді. Дегенмен мәселені айту бөлек те, оны жүзеге асыру бір басқа. Неге сол депутаттар мінберден айтқан өз ұсыныстарын өздері іс жүзінде бастама ретінде көрсетіп бермейді. Тәуелсіздік күні жақындағанда әрбір халық қалаулысы өздері сайланған аймақтарды аралап, балабақша мен оқу орындарында болып, жастарды ескерткіштерге ертіп апарып, гүл шоқтарын қойып, рухани әңгімелер айтып, өздері бастама көтеріп, үлгі көрсетсе керек еді. Төрде отырған депутаттардікі әншейін: «біз айттық, сендер істеңдер» дегенге саяды. Кез келген сөздің аяғы нақты іске ұласқанда ғана бір нәтиже шығады емес пе?!
Бейтарап пікір
Болат АТАБАЕВ, режиссер:
– Өз басым Жаңа жылды тойламаймын. Туыстарым мен айналамдағы адамдар атап өтетіндіктен, солардың көңілі үшін шақырса – барып, амалсыз шыдап отырамын. Жаңа жыл – маған ата-бабамнан қалған той емес. Шыршаны безендіріп, сағат тілі 12-ні соққанын соншалықты күту дегеніміз – бар болғаны сандардың сиқыры ғана. Әлеуметтік мәдениеттануға сүйенсек, әрбір мейрамның өзіндік қызметі мен адам баласына беретін маңызы мен сабағы болады. Мен үшін Тәуелсіздік күні қымбат. Алайда Тәуелсіздікті атап өту үшін Жаңа жылға дайындықты заңды түрде шектеудің қажеті жоқ. Бұл – адамдардың өз ар-ұятына, ішкі рухани түсініктеріне байланысты дүние ғой. Депутаттар осы жайтқа қозғау салыпты дейді. Меніңше, олар бұдан да маңызды әлеуметтік мәселелермен айналысқаны жөн сияқты.