Студенттердің тәуелсіз кәсіподағын құру арқылы олардың мәселесін шеше аламыз ба?
Студенттердің қордаланып қалған проблемалары шаш етектен. Бірақ соларды оң шешуге құлық жоқ па әлде әл-ауқат әлсіз бе, қолға алынып жатқан іс-шаралар көп болса да, ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көре алмай келеміз. Атынан ат үркетін оқу ақысы, сенімді ақтай алмай отырған білім сапасы, арманға айналған жатақхана дейсің бе — бәрі-бәрі студенттерді сергелдеңге салып қойды. Тапқан-таянғаныңды балаңа шашып, бір жапырақ дипломның соңында бала-шағамызбен жүргеніміз. Бұл түйткіл тек студент пен оның ата-анасын ғана толғандырып отырған жоқ, қоғамдық мәселеге айналып барады. Студенттердің тәуелсіз кәсіподағын құрып көрсек ше?
Нұрлан Өтешов, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы:
Жоқ
— Студенттердің тәуелсіз кәсіподағын құру соншалықты қажет деп ойламаймын. Тіпті құрылғанның өзінде де ол студенттерге артылған ауыртпалықтармен күресе алады дегенге өз басым сеніңкіремеймін. Неге? Енді оның себептерін жіктеп шығайын.
Менің білуімше, еліміздегі ірі-ірі жоғары оқу орындарының барлығының дерлік жанында студенттер кәсіподақтары жұмыс істейді. Кеңес үкіметі кезінде құрылғандары да, Тәуелсіздік алғаннан кейін пайда болғандары да бар. Алайда осы аталған барлық студенттер кәсіподағы немесе ұйымы орын алып жатқан проблемаларды шешуге дәрменсіз болып отыр. Аты бар, заты жоқ. Тіпті талпынса да, түрлі кедергілерге тап болып жататындары — шындық.
Өйткені олардың жұмыс істеу тәсілдері ескірген. Енді олардың заманы өтті. Ал қазір жүйе мүлде басқа.
Сондай-ақ бірнеше ЖОО-лардың студенттерінің басын біріктіріп отырған қоғамдық ұйымдар да жоқ емес. Мәселен, «Қазақстан Студенттер Альянсы» республикалық қозғалысы, дебаттық қозғалыстар т.т. да бар. Олардың жұмыстарын мүлде жоққа шығаруға болмас. Жалпы алғанда, студенттерді қызықтыратын, бір іске жұмылдыратын іс-шараларды ұйымдастырып жатады. Алайда студент құқық қорғап, жанашырлық танытып шырылдап жүргендері жоқтың қасы.
Мәселен, студенттер арасында қазір еңбекке араласып жүргендері өте көп. Олар жалақыларын дұрыс алуда ма, зейнетақы қорларына ақша аударылып жатыр ма, құқықтары бұзылып жатқан жоқ па, жұмыстан заңсыз шығарылып кетсе ше, міне, осындай жиі кездесетін заңсыздықтарды әшкерелеп, әділдік іздеп жүргендерін көре алмай отыр емеспіз бе? Сонымен қатар әлеуметтік нысандардың студенттерге қандай да бір жеңілдіктер көрсетулерін көтеріп жүрген де ешкім жоқ.
Шыны керек, қазір студенттердің қай-қайсысынан «студенттердің тәуелсіз кәсіподағын не ұйымының құрылғанын қалайсыз ба» деп сұрай қалыңызшы, қолдайтындар табыла қоймас деп ойлаймын. Кәсіподақ, қоғамдық ұйым, тағы басқасы болсын, сенімнен шығып кеткен.
Менің ойымша, студенттер мәселесін шешу үшін ең алдымен бүгінгі күнге сай бағыт-бағдарды жасап алу керек. Ол қаншалықты тиімді болады, міне, соны ажыратып алсақ деймін. Саны көп, сапасы жоқ құрылымдарды аша бергенше, барларының жұмыстарын жақсартуға күш салсақ қайтеді? Жалпы, мен ондай тәуелсіз ұйым құрғанға қарсылығым жоқ. Бірақ соның біз күткендей нәтиже беретініне күмәнім бар. Ал оның да қазіргі жұмыс істеп жатқан құрылымдардан еш айырмашылығы болмай қалса ше? Сондықтан да ең бастысы, оны кім басқарады, артылған жүкті алып жүре ала ма, мақсаты мен міндеті айқын ба, міне, мәселе сонда.
Дәурен Бабамұрат, «Болашақ» қозғалысының жетекшісі:
Иә
— Міндетті түрде керек. Студенттер бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселелерді ендігі ешкім реттегісі келмейді екен, ешкімнің мойнына алғысы жоқ екен, ондай болса, олардың өздерінің тәуелсіз кәсіподағын құрайық. Басқа амал жоқ сияқты.
Адам өзінің басына түспейінше, еш нәрсенің байыбына бармайды. Сондықтан да болар, студенттерге шынайы жанашыр табылмай жатады. Әйтпесе студенттер өмірінде проблема өте көп.
Оқу ақысы қанша қымбат болса да, білім сапасы оған сай емес. Мына қымбатшылық заманда қалталылардың балалары болмаса, қарапайым отбасынан шыққандар үшін жүріп-тұрудың өзі — бір бейнет. Сондықтан да көпшілік жастардың бос уақыттарында жұмыс істеулеріне тура келеді.
Былайша айтқанда, жұмысқа араласып жүргендер кейде тіпті кітап бетін ашпайды. Осыдан кейін «білімді, білікті мамандар азайып барады» деп айтуға аузың да бармайды. Үйі жоқтардың барлығы бірдей жатақханамен қамтамасыз етіліп жатқан жоқ. Пәтер жалдап, тентіреп жүргендері қаншама.
Студенттердің тәуелсіз кәсіподағы сонымен қатар ЖОО-лардағы жемқорлықпен де күресе алған болар еді. Өйткені мойындау керек, парақорлық, жемқорлыққа қарсы қанша күрес жүргізілсе де ЖОО-лар асау аттай тұсаулауға көнер емес. ЖОО-лардағы мұндай кесел тамырын тереңге жайып алған.
Тұрақты жұмысты айтпағанның өзінде, студенттер талап-ережеге сай оқып жүріп, тәжірибеден өтулеріне де еш мүмкіндіктері жоқ, яғни уақытша болса да орын таба алмай сандалып кетеді. Міне, мұндай жағдайда да сөз болып отырғандай, кәсіподақ құрылса, оның тиімділігі зор болар-ақ еді.
Қысқасы, айта берсе, қазіргі студенттер жағдайы мүшкіл.
Рас түрлі құрылымдар бар. Бірақ олардың жұмыстарына оң баға беруге өз басым асықпас едім. Өйткені олар тәуелсіз емес. Біреулердің ықпалынан шыға алмайды, айтқанға көніп, айдағанға ғана жүреді. Сондықтан да болар, олар көп жағдайда студент проблемасына тереңнен үңіліп жатпайды.
Осыдан біраз уақыт бұрын студенттердің өздерінен құралған тәуелсіз кәсіподақ іспеттес ұйым құрылып, Алматы қаласындағы жатақханаларды тексеріп шыққан-ды. Бірқатар былық-шылықтардың бетін ашты. Бұл өкінішке қарай, аз уақытқа ғана созылған шара болды.
Егер Студенттердің тәуелсіз кәсіподағы құрылса, білім алып жатқан жастарға жақсы-ақ болар еді. Күшті топтан құралатын болса, олар студенттер мұң-мұқтажын тиісті жерлеріне жеткізіп қана қоймай, оларды болдырмауға ықпал етеді деп ойлаймын. Егер олардың да тәуелсіздігіне ешкім қол сұқпаса.
Түйін
Қандай да бір түйін жасау қиындау. Бұрындары білім алғандар студенттік өмірді еске алғанда тек қызықты күндерін жыр қылса, бүгінгі күнгі жастар бір күрсінетін шығар. Студенттердің тәуелсіз кәсіподағын құру, құрмаудың дұрыс, бұрыстығын және оның бар мәселені шешетінін, шешпейтінін оқырмандар да таразылай жатар. Ал біздің ойымызша, егер ол кәсіподақ шынымен де тәуелсіз болса, өткір ойлы, батыл қимылды, қара қылды қақ жаратын жастардан құралса, студенттердің нағыз қорғаушысы да, қолдаушысы да бола алатын ба еді.