Соттарды тағайындаудың тәжірибесін сайлау жүйесіне алмастыру керек пе?
Еліміздегі бірқатар партиялардың жетекшілері мен мүшелері «төрелік айтушы соттарды да халықтың сайлауына табыстау керек» деген пікір ұсынып жүр. Енді бір мамандар «Жоғарғы сот өкілдері болмаса да, аудандық, аймақтық деңгейдегі соттарды таңдауды халыққа берейік» дегенді айтады. Мүмкін, бұл халық алдында имидж жақсартып, ұпай жинау үшін айтылған болар. Дегенмен әрбір идеяның өмір сүруге құқы бар демекші, аталған ұсынысты мамандардың талқысына салған едік...
Толғанай Үмбетәлиева, Орталықазиялық демократияны дамыту қорының директоры:
Иә
– Әрине, бұл сот жүйесінің идеал көрінісі болар еді. Мен мұндай жүйені қолдаймын. Ал шетелде осындай бастаманың жан-жақты қарастырылып келе жатқанына біршама уақыт болды. Дегенмен нақты тәжірибе алатын бір аймақты атай қою қиындау. Оның үстіне, тәжірибе алатын орталық болған күннің өзінде, оны бірден көшіре салу біз үшін оңай болады деп айта алмаймын. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде жүргізілген сан түрлі реформалардан түйгеніміз, әр нәрсенің өзінің кезеңі, уақыты болады екен. Қоғамды мезгілінен асықтырудың қажеті жоқ. Кейбір мамандар соттарды сайлау жүйесіне өткізудің алғышарты ретінде кішігірім, аймақтық соттарды таңдап алуды ұсынады. Мен мұнымен келісе алмаймын. Реформаны вертикалды тәртіппен емес, горизонталды тәртіппен жүзеге асыру керек. Ол осы құрылымға толықтай ортақ болуы керек.
Әрине, оған алдын ала дайындық кезеңіне уақыт бөліп берген абзал, бірақ оларды бөле-жарып қарастыруға болмайды. Кішігірім аймақтық соттарды ғана жаңа жүйеге көшіру ешқандай жеміс бермейді. Себебі біз Конституциямызда бәріміз теңбіз деп көрсетіп қойдық. Яғни аймақтық сотты халық таңдаса, ал ірі қалалардағы істерді тағайындалған соттар қарайтын болса, бұл бір қарама-қайшылық болып шығады, яғни ботқа пайда болады. Тағайындалған соттардың ең үлкен кемшілігі – ол жабықтыққа бейім болады. Егер сотты халық сайлайтын болса, олардың төрешіге деген сенімі жоғары болады. Халық сотты баз біреулердің туысы, танысы, досы шығар деп күдіктенбейді. Сәйкесінше, үшінші билік пен халықтың қарым-қатынасы жеңілдейді. Екіншіден, халық төрешіні қандай қасиеттеріне қарай таңдап алғанын өзі білетін болады. Оның үстіне, бұл соттар үшін де ынталандыру болар еді. Олардың төрелік етуге ұғымына деген бүтіндей көзқарасы өзгеруі мүмкін. Олар тіпті бірінші, екінші билікке де жалтақтамай, Конституцияны ғана негізге алар еді. Бір ғана мысал, бізде қазір ірі құрылымдар мен қарапайым адамның арасында сот үдерісі жүріп жатса, жеке тұлғаның жеңіске жетіп жатқанын көрмейсің. Әрине, бұл соттың ірі құрылымдарға деген жалтақтығын көрсетіп отыр. Дегенмен мен Қазақстанды осы қазір зорықтырып, осындай жаңа жүйеге көшіру керек деп айта алмаймын. Себебі бұған қазіргі демократиясы дамыған деп айтылатын мемлекеттердің өзі толық жете алмай отыр. Мен түптің түбінде осыған келуіміз керек дегенді ғана айтқым келеді.
Рамазан Сәрпеков, Мәжіліс депутаты:
Жоқ
– Мұндай бастамаға менің көзқарасым қайшы. Мен көп жылдар бойы сот саласында қызмет істедім. Соттардың халық арқылы сайлануын, облыстық мәслихаттармен сайлануын, соңынан президенттік тағайындалуын көрдім. Яғни үш үдерісті де бастан өткердім. Сондықтан қазіргі уақытта қоғамдағы құқықтық мәдениетті, құқықтық сананы дамыту, құқықтық мемлекет құру барысындағы жүріп жатқан сот реформасын жүзеге асыруда соттарды президенттік тағайындау жүйесінің дұрыс екеніне көзіміз жетті. Яғни соттарды халықтық сайлау жолымен тағайындаудың қажеттігі жоқ. Себебі біздің Ата Заңымызда да, соттардың мәртебесін анықтайтын соттар және сот жүйесі туралы конституциялық заңда да сот төрелігі тек заңға ғана бағынышты болу керектігі, сол бойынша ешкімнің алдында есеп беруге тиісті емес екені анық жазылған.
Сөйтіп, біз соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз етіп бердік. Егер сот жүйесін бұрынғы кеңестік жүйедегі секілді тәртіпке қайтаратын болсақ, онда сот адамы әрбір қараған ісі, шығарған шешімі бойынша бірнеше құрылымға есеп беріп отыратын болады. Кеңес дәуірінде соттар аудан басшыларының алдында, партиялар алдында есеп беріп отыратын. Яғни біресе басқарушы партияларға, біресе жергілікті басқару органдарына жалтақтап отырады. Ал халықаралық тәртіп бойынша сот ешкімге тәуелді болмауы керек. Сот адамы алдына келіп түскен істің жұрттың көзқарасына емес, заңға сәйкестігін тексеруі керек. Ал қазіргі жүйеде соттарды Мемлекет басшысы тағайындайды және олар тек заң алдында ғана жауап береді. Әрине, қазір соттардың арасында олқылықтар кездесіп жатқаны рас. Бірақ бірді-екілі қателікті бүтіндей жүйенің кемшілігі деп қарастыруға болмайды. Себебі осы жүйенің арқасында сот саласы жылдан-жылға жақсарып келе жатыр. Әсіресе соңғы үш-төрт жылдағы сот жүйесі жағымды көрініс беруде. Ал егер біз сотты да сайлауға көшіріп жіберсек, бұл салада хаос орнайды. Бұл салаға да жершілдік, рушылдық, топтық, ағайындық деген сияқты жағымсыз құбылыс енеді. Яғни көшенің бір бетіндегілер өзінің адамын, екінші бетіндегілер өзінің адамын ұсынып, сайлауда тартысатын болса, ондай соттан қалай әділдік күте аламыз? Әрине, ол ертең өзіне дауыс беруші қауымның сойылын соғады. Ондай жүйе бойынша маманның біліктілігі, жас ерекшелігі, танымы емес, танымалдығы таразыланады. Тіпті қазіргі демократиясы дамыған деп саналатын Еуропа елдері де сотты халық сайлауына табыстамайды.
Түйін
Осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселе бойынша өз пікірін былай жеткізген еді: «Көптеген демократиялық елдерде соттарды сайлау үрдісі қалыптаспаған. Сол секілді Қазақстанда да соттардың сайланбалылық институтын енгізудің алғышарттары қалыптасқан жоқ. Біз министрлерді Парламент тағайындайтын кезеңді де басымыздан кешірдік. Ол кезде қит еткен кішкентай мәселе үшін министрлердің депутаттардың қабылдау бөлмесін күзеткенін білеміз». Дегенмен Елбасы мұндай тәртіпті басыбүтін терістеп тастамай, ондай жүйенің әлемде қалыптасып үлгермегенін жеткізген болатын. Демек, Толғанай Үмбетәлиева айтпақшы, әлем сот саласында озық үлгілер ұсынып жатса, оған кім де болса назар аударары анық.