Шетелдегі қазақ ғалымдарын Қазақстанға қайтарып, бір ортаға жұмылдыру мүмкін бе?
Нарықтық қоғам бізге барды сатуды, делдал болуды, әуеден ақша жасауды үйретті. Осының салдарынан ғылымға деген құрмет кеміп, бірқатар әлемді мойындатқан ғалымдарымыз шекара асты. Енді, міне, етек-жеңімізді жиып, барлық мәселенің шешу жолы ғылымға келіп тірелетінін түсіне бастадық. Содан болар, қазір қоғам тарапынан «шетелдегі қазақ ғалымдарын елге қайтару керек» деген пікір жиі айтылып жүр. Біз сол қоғамдық пікірді мамандарға жолдап: «Шетелдегі қазақ ғалымдарын Қазақстанға қайтарып, бір ортаға жұмылдыру мүмкін бе?» деген сұрақ қойып көрген едік. Мамандар пікірі екіге бөлінді.
Камал БҰРХАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
иә
– Шетелдегі қазақ ғалымдарын елімізге қайтарып, бір ортаға жұмылдыруға әбден болады деп ойлаймын. Ол үшін мемлекетіміз екі шартты шешуі қажет. Біріншісі, ол ғалымның елге келгеннен кейінгі жалақысы шет мемлекеттегі еңбекақысынан төмен болмауы керек. Мысалы, Еуропа елдеріндегі ғалымдарымыз айына 5-10 мың доллар қаржы табады делік. Біз ғалымдарды елге әкелген кезде дәл сондай ақшаны айлық есебінде бере аламыз ба? Бірінші мәселе осыған келіп тіреледі. Себебі ғалым да – пенде. Бала-шағасын асырауы керек. Екінші шарт – шетелдегі ғалымдарды елге қайтару үшін сол елдердегі ғалымдардың жұмыс істеу тәсілін өзімізге енгізгеніміз жөн. Мәселен, басқа мемлекеттерде бір профессор жылына ең көп болса, екі беттік ғылыми есеп қағазын толтырады.
Ал біздің университетте жұмыс істейтін профессорларымыз әр пәнге 100 беттік есеп жазуға міндетті. Ол ғалым 10 аудиторияға дәріс оқитын болса, 1000 беттік қағаз толтыруы керек болады деген сөз. Осы жайт елдегі ғалымдардың қаншама уақытын ысырап етіп жатыр? Осы екі мәселе шешімін тапса, ғалымдарымыз елге келуге асығар еді. Мұнан кейінгі мәселе біздің оқу орындарындағы әкімшілік жұмыстардың көптігіне келіп тіреледі. Осының салдарынан ғалымдардың еңбегі көбіне әкімшілік тарапынан бағаланып жатады. Негізінен, ғалымға баға беруші де, бақылаушы да, саралаушы да ғылымы дамыған елдердегідей студент болуы керек. Ғалымның тағдыры деканат, ректорат, оқу бөлімінің қолында тұрғандықтан, бюрократияға жол беріп отырмыз. Осы бюрократия жойылып, жалақысы жақсы болса, ғалымдар өздері сұранып, елге оралар еді деп ойлаймын. Енді ғалымдардың тікелей ғылым жолында еңбектенуіне мүмкіндік беретін жағдайларға келейік. Дамыған елдерде әр профессордың қасында көмекшісі болады. Ол көмекшілер ғалымның қағаздарын толтыру секілді ұсақ-түйек шаруаларын тап-тұйнақтай етіп, орындап отырады. Сонан кейін әр ғалым жеке бөлмемен қамтылған. Ол ғалым сол бөлмеде лекциясына дайындалады, студенттерді қабылдайды т.б. Ал бізде 30-40 ғалым кафедраға берілген бір бөлмеде отыруға мәжбүр. Яғни шет мемлекеттерге тарыдай шашылып кеткен ғалымдарымызды жинау үшін алдымен осындай ұсақ шаруаларды шешіп алғанымыз жөн. Сондықтан да «шетелдердегі ғалымдарды елге қайтарғанда неден ұтамыз?» деген сауал әрдайым көкейімізде тұруы қажет. Мәселен, шеттегі ғалымдарды елге әкелу арқылы жастарға жүйелі білім беру тәсілдерін дамыта түсеміз. Университеттердің беделін артырамыз. Олардың қазіргі реформалар арқылы енгізіліп жатқан білім беру жүйесін ілгерілетуге де септігі тиер еді. Бірақ бір мәселеге де назар салғанымыз жөн. Бағанадан бері айтып жатқан сөзіме қарап, қазақтың барлық ғалымы шетел асып кеткен екен ғой деген ой тумауы керек. Басқа мемлекеттерге қоныс аударған ғалымдарымыз бар болғанымен, оларды шамадан тыс көп деуге келмейді. Яғни қазір біз басқа елдердің көптеген ғалымын мол қаржыға әкеліп, елімізде жұмыс істетіп жатырмыз. Шеттегі ғалымдарды елге әкелу ісі осы шаруамен бірге жасалғаны жөн. Шетелдегі өз ғалымдарымызды әкелеміз деп, біздің елге келген шетел ғалымдарын шеттетіп, қалыптасқан үрдісті тоқтатып тастауға болмайды.
Досай КЕНЖЕТАЙ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы:
жоқ
– Біздің бірқатар ғалымымыз шетелге неліктен қоныс аударды? Олар ғылымға деген қамқорлықтың болмауынан, жалақының аздығынан, халық үшін жасаған ғылыми жұмысының қадір-қасиетінің бағаланбауынан кетті. Мысалы, Америка барлық саланың, гуманитарлық сала болсын, басқа сала болсын, көзге түскен мықты ғалымдарды келісімшартпен өз елдеріне көшіріп алды. Енді оларды елге қайтару оңай шаруа емес. Бәлкім, кейбірі сол елде жүріп, барлық жағдайын жасап, өлер шағында туған жерден топырақ бұйырсын деп келуі мүмкін. Өйткені олар Қазақстанда ғалымға деген құрметтің шамалы екендігін жақсы біледі. Қоғам үшін, ел үшін ғылыммен айналысқың келеді, бірақ біздің ел сол ғылыми жұмысыңды сұранысқа ие ете алмай отыр.
Мәселен, мен өз салам бойынша айтайын. Қазақстандағы діни ахуал туралы сараптамалық қорытындыларымызды өз еліміз игілігіне айналдыруға асығып отырған жоқ. Жоғарғы жақтағылар, қолында билігі бар азаматтар, біз дайындаған ғылыми еңбектерге пысқырып та қарамайды. Біздікілер сонау Американың, іргедегі Ресейдің ғалымдары жасаған сараптамаларды сатып алуға құштар. Өйткені олар үшін сатып алған тиімді. Мысалы, 1 мың долларға сатып алған сараптаманы, жұртшылыққа 2 мың долларға ұсынып, ортасынан 1 мың доллар пайда тауып отыр. Кезінде Осман империясының Фатих деген патшасы атпен кетіп бара жатады. Сол кезде шауып өтіп бара жатқан дін ғалымының атының тұяғынан батпақ шашырап, Фатихтың бетін былғап кетеді. Патша осы оқиғаға қатысты «ғұламаның атынан шашыраған батпақтың өзі – мен үшін құрмет» деген. Ғалымға деген құрмет осындай дәрежеде болмай, ғылым алға жылжымайды. Осындай дәрежеде ғылымның қадірі болмай, шетелдегі ғалымдарды елге қайтарамыз деу – бос әурешілік. Бізде қазір ғылымның, сол ғылымға келетін жастардың жолы жабық. Ол жолды ашатын – ақша. Кімнің ақшасы болса, сол магистратураға, докторантураға түседі. Бұл – трагедия. Тек өтпелі кезең болар деп үміттенуден әріге бара алмай жүрміз. Демек, мұндай кезеңде шет мемлекеттерге кеткен ғалымдарымызды қайтару үшін еліміз барлық жағдайды жасауы қажет. Еліміз шет мемлекеттің жасаған жағдайын жасап отырса, біздің ғалымдар ешқайда кетпеген болар еді. Біздегі тағы бір кемшілік идеологиялық компонент жұмыс жасамайды. Идеологияның да, ғылымның да, идеяның да егесі жоқ. Қазір біз Еуразия кеңістігінде ашық жатқан қырман сияқтымыз. Мұны болдырмау үшін мемлекет ғалымдарды идеологияға жұмылдыруы қажет. Қазақ мемлекеттілігі қазақ мәдениетіне, қазақ мәдениеті қазақ ұлтына сүйенгенде ғана ғалымдарды қайтару мәселесін қолға ала аламыз. Идеологиясы нақты елдің ғалымы өз елінен ешқайда кетпейді. Сол идея үшін қарнының аштығы мен тоқтығына қарамай еңбек етеді. Қазіргі ғалымдар ғылымды үш бағытта: ғылым үшін, қоғам үшін, ақша үшін жасайды. Біздің ғалымдар өздері саналы түрде осы үш бағыттың қоғамдық жолын, ұлттық жолын таңдаса ғана, шетелдерде мықты ғалымдарымыз ақша үшін жүрмеген болар еді.
Түйін
Қазір елімізге келіп, студенттерге дәріс оқып жүрген шетелдік ғалымдардың әр дәрісі орташа есеппен 60 мың теңгеге бағаланады екен. Олар айына қазақтың ең аз дегенде 5-6 мың доллар ақшасымен қалтасын қампитып, білімі мен біліктілігін сатып жүр. Ал өз ғалымдарымыз тура осы көлемдегі қаржы үшін шекара асып, жырақ кетті. «Аспаннан киіз жауғанда ұлтарақ бұйырмаған» деген осы болар, сірә да… Сол ұлтарақтық киізді өзгеге де беріп, өзіміз де алатын кез келген сияқты. Сонда ғана бабаларымыздың «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген өсиеті орындалар деп ойлаймыз. Біздің айтпағымыз – осы.