Шетелде білім алып келген жас мамандардың потенциалын дұрыс пайдалана алып отырмыз ба?
«Болашақ» бағдарламасы аясында ең алғаш 1994 жылы бір топ қазақстандық студент білімдерін жетілдіру үшін шетелдік жоғары оқу орындарына аттанды. Алғашқы жылдары студенттеріміз әлемнің 13 елінде білім алса, бүгінде үміткерлерге әлемдегі 32 елдің алдыңғы қатарлы 630 оқу орнында оқи алатындай мүмкіндік қарастырылған. Осы уақыт ішінде мыңдаған студенттеріміз мемлекет көмегімен шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алды. Әйтсе де бүгінгі күні олардың қаншасының мемлекетке қызмет етіп жатқаны белгісіз. Қоғамда шетелде білімін жетілдіріп келген жастар жайлы тартысты пікір де көп. Сондықтан дәстүрлі айдарымызда «Шетелде білім алып келген жас мамандардың потенциалын дұрыс пайдалана алып отырмыз ба?» деген сауалды мамандар назарына ұсынған едік.
Нартай ӘШІМ, WikiBilim қоғамдық қорының үйлестірушісі, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің мұнай-газ факультетінің оқытушысы:
иә
– Шетелде білім алып келген жас мамандардың потенциалын дұрыс пайдаланып отырған секілдіміз. Әсіресе олардың қатарында бүгінде министрліктерде қызмет етіп, кезінде мемлекеттің көмегімен алған білімін мемлекеттік қызметте пайдаланып жатқан жастар жетерлік. Сондай-ақ кезінде көрген-білген шетелдік тәжірибелерін еліміздегі түрлі компанияларда жұмыс істеп, жүзеге асырып жатқан жастарымыз да бар. Яғни шетелде білім алған жастар жерде қалмай, өздерінің қарым-қабілетін еліміздің түрлі салаларында көрсетуде. Жалпы, шетелде білім алған жастардың өз білімін мемлекеттік қызметте немесе жекеменшік компанияда жұмыс істеп көрсетуіне кедергі жасалмаған.
Шетелде білім алған жастар көбінесе алған біліміне сай жоғары жалақысы бар жұмысқа тұрғысы келеді, осы орайда олардың еліміздегі қай салада болсын мамандығына сай жұмыс істеуіне кедергі қойылмауы оларға жасалып отырған үлкен мүмкіндік деп білемін.
Менің де көптеген достарым «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелде оқып келіп жатыр. Олардың арасында жұмыссыз қалып жатқандары жоқ. Айта кетер жайт, қазір жастар шетелде білім ала сала елге қайтады. Алайда алдағы уақытта олар алған білімі бойынша сонда жұмыс істеп, біршама уақыт шетелдің тәжірибелерімен таныса алатындай мүмкіндік қарастырылса тіпті дұрыс болар еді деп ойлаймын. Өйткені шетелдің білімін ғана алып қоймай, қызмет етіп көру жастарымыздың қарым-қабілетін арттыра түсер еді. Мәселен, кейбір мамандықтар шетелде әлдеқайда дамып кеткенімен, елімізде кенжелеп жатыр. Егер жастарымыз сол жақта қызмет етіп келсе, елімізге келген соң әлгі саланың аяғынан тік тұруына үйреніп келген тәжірибесімен кірісер еді.
Өз басым негізгі білімді еліміздегі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде алдым. Ал Шотландияның Абердин қаласындағы Роберт Гордон университетінде мұнай-газ, инжиниринг саласы бойынша магистратуралық білім алдым. Қазіргі істеп жүрген қызметім де осы саладан алыс емес. Яғни мен мамандығыма сай жұмыс таба алдым деп айта аламын. Негізі, «Болашақ» бағдарламасы – жақсы бағдарлама. Тек кейбір тұстарын әлі де болса жетілдіріп, дамыту керек секілді.
Рахман АЛШАНОВ, Қазақстан Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, экономика ғылымының докторы, профессор, академик, «Тұран» университетінің ректоры:
жоқ
– Шыны керек, «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелде білім алған жастардың барлығының бірдей потенциалын ел мүддесі үшін пайдаланып отырмыз, олардың бәрі бірдей мемлекетке қызмет етіп жатыр деп айта алмаймын. Оған түрлі жағдайлар себеп. Шетелге кетіп білім алған жастарымыздың қай-қайсысы болсын білімді жастар. Сондықтан оларды өз мемлекеттерінде қалдырып, қызметке тартқысы келгендер бар. Жақсы жалақы ұсынып, жағдайыңды жасаймын деп тұрған ұсынысқа кім қызықпасын? Өкінішке қарай, біз шетелде оқып келген жастарымызға ондай мүмкіндіктер ұсына алмаймыз. Сондықтан олардың арасында оқыған жерінде қалып қойғандары бар.
Сондай-ақ шетелде оқып келген жастар кейде біз ұсынған жұмыстарда істегісі келмей жатады. Біз мүмкіндігінше жұмысты сатылап бастаған дұрыс деп түсіндіруге тырысамыз. Кейбіреулері елімізге келген соң «шетелде мынандай, бізде неге олай емес» деп тулайды. «Біз сені солай айтып келу үшін емес, елімізге келген соң көрген-білгенін елімізде де қолданысқа енгізсін деп жібердік қой» деп түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Осы жағдайларға да байланысты кейде оларды жұмысқа орналастыру қиын болып жатады.
Тағы бір айта кетер жайт, кейбір жастарымыздың шетелде оқып келген мамандығы бойынша елімізде жұмыс табылмайды. Сондықтан алдағы уақытта еліміздегі компанияларға сұрау салып, қандай маман керек екеніне алдын ала сұрау салып, сол мамандарды оқытып алдыртқан дұрыс секілді. Мәселен, оларға қандай маман керек екені туралы алдын ала «Болашақ» бағдарламасына тапсырыс берсін, ал жас маман шетелде білімін жетілдіріп келген соң әлгі өндіріс орнына жұмысқа қабылданып, шетелде оқып-білгенін әлгі компанияда пайдалансын. Осы орайда жастарымызды біз шетелде кез келген мамандыққа емес, нағыз өзімізде сұраныс тудырып отырған салалар бойынша оқытуымыз керек секілді. Әйтпесе елімізге келген соң жұмыс таба алмай, сенделіп жүретін болса мемлекеттің қыруар қаржысын шығарып оқытудың қажеті қанша? Жалпы, жастарымыздың шетелде білімін жетілдіру – жақсы бастама. Халықаралық қарым-қатынас күшейіп, байланыс артқан сайын жастардың да терең білім алуға мүмкіндіктері кеңейе түсуде. Алайда біз тауып беріп жатқан жұмыстардың шетелде оқып келген түлектердің көңілінен шықпауына орай немесе олардың білімдеріне сәйкес жұмыс табылмауы секілді жағдайларға байланысты туындап отырған мәселелерді шешу жолдарын қарастыруымыз керек.
«Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген жастардың барлығын бірдей тізімдеп, еліміздің мүддесі үшін жұмыс істеуге тарта алмай отырмыз. Алайда – шетелде білім алып келген, білімді жастардың потенциалы біздің үлкен байлығымыз. Ал байлықты шашуға болмайды. Оны тиімді, ел мүддесі үшін пайдалана білуіміз керек.
Бейтарап пікір
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, «Болашақ» республикалық қозғалысы жастар қанатының жетекшісі:
Егер шетелде білім алып келген жастардың потенциалын дұрыс пайдалана алмайтын болсақ, онда мемлекеттің қаржысын бостан-босқа шашып, оқытудың қажеті жоқ. Көп жағдайда шетелде жоғары жалақы алатынын көргеннен кейін олар елімізге қайтқысы келмей жатады. Оның кепілдікке үйін қойып, елімізге қинап қайтарғаннан гөрі халықаралық дәрежедегі ЖОО-ын өз елімізде ашып, білікті маманды өзімізде дайындауға тырысқан жөн секілді. Өйткені бүгінде шетелде оқып келген маманға қатысты түйткілдер көбейіп тұр. Біздің елімізде жоқ мамандықтарды оқып келіп жатқандар бар. Мәселен, менің досым теңіз түбін зерттеу саласы бойынша оқып келді. Ал аталмыш сала әлі күнге елімізде қалыптаспаған екен. Амал жоқ, шетелде оқып келген білімін кәдесіне асыра алмай, мұнай-газ саласы бойынша еңбек етіп жүр. Осындайда егер елімізге келген соң қызмет таба алмайтын болса ол мамандықты шетелде сонша жыл оқудың қажеті бар ма деген сұрақ туындайды. Рас, шетелде оқып келіп, алған білімімен елімізде қызмет етіп жатқандар бар. Алайда алдағы уақытта мемлекет қаржысымен шетелде білім алғысы келетін жастар санын қысқартқан жөн.