Шетел қаржысына тәуелді үкіметтік емес ұйымдардың ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіруі мүмкін бе?
Үкіметтік емес ұйымдардың негізгі мақсаты азаматтық қоғамды дамыту екені рас. Дегенмен әлемдік тәжірибе көрсеткендей, осындай ұйымдарды қаржыландыру арқылы алпауыт мемлекеттер өз мақсатын, пайдасын жүзеге асырып жатады. Мәселен, Қырғызстандағы болған көтерілісті әлемдік державалар үкіметтік емес ұйымдар арқылы астыртын ұйымдастырды деген болжам да жоқ емес. Бұл – бәрімізді ойлантатын шаруа. Олай болса, шетелдің қаржыландыруымен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіруі мүмкін бе?
Хайролла ҒАБЖӘЛЕЛОВ, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті:
Иә
– Ең алдымен айтарым, мемлекетте тәртіп болуы керек. Себебі тәртіп болған жерде береке болады. Қазіргі таңда елімізде түрлі ұйымдар пайда болып жатыр. Кейбіреулердің мақсатын, бағытын, нақты қандай істермен айналысып жатқанын көпшілік біле де бермейді. Тәжірибе көрсеткендей, шетелдің қаржыландыруымен жұмыс істейтін ұйымдар әрқашан өзге мақсаттарды көздейді. Олар діни, саяси, мәдени, басқа да бағыттардағы мақсаттар болуы мүмкін. Осындай ұйымдар мемлекетке міндетті түрде қауіп төндіреді. Олардан біз әрқашан сақтанып жүруіміз керек деп санаймын. Мәселен, қазіргі уақытта халықаралық валюта қоры, «Сорос» сияқты көптеген қорлар бар. Олардың қызметі мен үшін күмәнді. Бұл туралы Ресейдің телеарналары да дүркін-дүркін ақпарат таратты.
Яғни қорлар әртүрлі жастағы азаматтар арқылы өздерінің мақсаттарын орындап жүр. Ұлттық қауіпсіздікті сақтау үшін не істеу керек? Біріншіден, бізге ешкім тегіннен-тегін қаржы бермейді. Айдаладан келетін бұл не қылған батпан құйрық? Бұл қаржының артында үлкен жоспар, мақсаттар жатыр. Егер шетелдіктер бізге бір тиын беретін болса, оны он есе, тіпті жиырма есеге дейін қайтарып алудың қамын жасайды. Сондықтан еліміздегі бірінен кейін бірі ашылып жатқан үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатаң бақылау қою қажет. Көрші елдерді көріп отырсыздар. Неше түрлі төңкерістер, теріс әрекеттер болуда. Қатаң тәртіп орнатпасақ, ертең осындай келеңсіз оқиғалар біздің елімізде де қайталанып, бір күнде беделіміздің түсіп қалуы ғажап емес. Біз үшін қазір шетелдерден келетін түрлі ағымдар мен діндер де қауіп төндіріп тұр. Оларды таратып жатқан кімдер? Әрине, үкіметтік емес ұйымдар қызметі және өзіміздің азаматтарымыз. Бүгінде Қазақстанда бірнеше мыңды құрайтын түрлі діни ағымдар, бірлестіктер бар екен. Оған қаншама азаматтарымыз басымен кіріп, өз дінін, ділін ұмытып қалды. Соңғы жылдары мұндай ұйымдарға баратын қаракөздеріміздің де саны артуда. Тіпті бір қазақ отбасының мүшелері түрлі дінге кіріп кеткен жағдайлар кездеседі. Ал енді осы діндер жерімізге қалай кіріп жатыр? Әрине, сырт елдің қаржыландыруы арқылы. Сіз маған «Шетелдің қаржыландыруымен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар қауіпсіздігімізге нұқсан келтіруі мүмкін бе?» деген сұрақ қойдыңыз. Бірақ олар қазірдің өзінде қауіп төндіруде. Мен шетелдің қаржыландыруымен, басқа да гранттар арқылы өзге мемлекеттерге кетіп жатқан жастарымыз туралы зерттеп жүрмін. Бүгінде олардың біразы жатжұрттың дініне кіріп кеткен. Мәселен, АҚШ-қа кеткен әрбір екі студенттің бірі христиан дінін қабылдаған. Оның бірнеше себебі бар. Біріншісі, біздің жастардың рухани ішкі дайындығы жоқ. Жастар тек тіл меңгеруді мақсат тұтып, басқа рухани құндылықтарды ұмытқан. Екіншіден, өзге елдер біздің жастарды өз дініне тартуға әрқашан ниетті. Алла жамандығынан сақтасын, егер ертең еліміздің басына қара бұлт үйірілетін болса, мұндай жастар отанын сатып кетуден тайынбайды. Оларды отан қорғайтын жастар емес деп қазірдің өзінде айтуымызға толық негіз бар. Қорыта айтатыным, қандай жұмыспен айналыссақ та ұлттық мүддеміз бірінші орында тұруы керек. Себебі ұлттық құндылықты АҚШ-тың немесе Еуропаның ақшасына сатып ала алмайсың.
Бақыт ТҮМЕНОВА, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті:
Жоқ
– Жоқ. Осыдан жиырма жыл бұрын біз өзіміздің демократиялық жолымызды таңдап, нақты қадамдарымызды анықтап алдық. Көптеген мемлекеттермен экономика, мәдениет, саясат, басқа да салаларда тығыз байланыс орнаттық. Соған сәйкес кейбір елдер бізге қолдау көрсету мақсатымен қаржы бөліп келеді. Ол қаржылар жасырын түрде емес, ашық жағдайда беріледі. Мәселен, Қазақстанға осындай қаржылардың дені АҚШ, Еуропа елдерінен арнайы келісімшарттар негізінде келеді. Ол мемлекеттер бізге жат емес. Сондықтан олардан ат-тонымызды ала қашудың қажеті жоқ. Жаңа айттым, шетелдіктер қаржыны жариялы түрде және конкурс арқылы береді. Ал қанша ақша беретінін арнайы органдар тексеріп, бақылайды.
Берілген ақшаны «қалай жұмсаймыз, кімге жаратамыз» дегенге келер болсақ, оны өз еркіміз шешеді. Мәселен, біздің «Аман-саулық» қоғамы бірнеше рет грант ұтып, дәрі-дәрмек, жедел медициналық көмек ала алмай жатқандарға көмек қолын создық. Бұл біздің бір ғана ісіміздің көрінісі. Егер шетелден қаржы келмесе, осындай ауқымды шараларды жүзеге асыра алар ма едік? Әрине, жоқ. Екі-үш жылдың ішінде біз қалалық әкімшіліктен тек бір рет әлеуметтік тапсырыс ретінде қаржы алсақ, басқа қаржыларды халықаралық ұйымдардан тарттық. Әрине, қаржыны өзге елдерден алғанмен, біз солардың азаматтары үшін жұмыс істемейміз. Ақшаның барлығы өз адамдарымыздың игілігіне жаратылып жатыр. Біріншіден, біз азаматтарымыздың құқығын сақтаймыз. Азаматтық қоғам құру үшін бар ерік-жігерімізді жұмсаудамыз. Бұл ашық түрде көрініс тауып жатыр. Сондықтан, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекетке қарсы жұмыс істеуде деп айыптауға болмайды. Менің айтарым, негізінен үкіметтік емес ұйымдар демократиялық қоғамды қалыптастырушы институттар болып саналады. Кейбіреулер бізді саясатқа араласып, билікке жетудің жолын күйттеп жүр деп жатады. Бұл – қате пікір. Кейбір партиялар билікке басқа адамдар келу керек деп жанталасса, біз сол билікке қандай жолдың дұрыс, қандай жолдың бұрыс екенін көрсетуге тырысамыз. Пікірімізді айтамыз, альтернативті көзқарасымызды білдіреміз. Мәселен, кейде мемлекетте қабылданған заңдар, шешімдер дұрыс орындалмай жатады. Міне, осындай жағдайда біз қоғамдық тыңдаулар, Парламенттің отырысына қатысу арқылы бұл мәселені шешудің жолын іздейміз. Көрдіңіз бе, үкіметтік емес ұйымдар билікпен бірлесіп жұмыс істейді. Олар ешқашан елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін мақсаттарды көздемейді. Мен АҚШ, Германия сынды көптеген шетелдерде болдым. Ондағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына толықтай қанықпын. Бұл салада үлкен тәжірибем бар десем болады. Сондықтан тағы қайталап айтайын, ҮЕҰ-дан қауіптенудің еш керегі жоқ. Әрине, АҚШ осындай ұйым бар екен деп, біз сол ұйымның көшірмесін жасамауымыз керек. Сондай-ақ тек шетелдің қаражатына телміре бергеніміз де дұрыс емес. Ол үшін мемлекет көмек көрсетіп, үкіметтік ұйымдарға көбірек қаржы бөлуі тиіс. Сонда сапа күшейіп, азаматтардың қаупі да сейілер еді.
Пікір
Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, ҚР Білім беру ісінің үздігі, этнограф:
– Бұл жерде ешкім ешкімді бекерден-бекер жарылқамайтынын түсінуіміз керек. Тісін көрсетіп, тілін жасырып келетіндер көп. Жерімізге кім келсе де оның көкейінде не бар екенін білуіміз қажет. Ешқандай ұйымның қызметіне қараптан-қарап тоқтау сала алмаймыз. Сондықтан қауіпсіздікті сақтаудың басты жолы – сақ отыру.