Ресми түрде үш реттен артық некеге тұруға тыйым салу керек пе?
«Әйел алсаң – екеу ал: бірі тұрар «запаста» деген орынсыз әзіл қазір, өкінішке орай, қоғамның шын дертіне айналғандай. Бұрын «әйел жіберген» деген сұмдық ұят саналса, қазір, шыны керек, тіпті сәнге айналған ба демеске лаж қалмағандай. Яғни әйел алу, үйлену деген сөз емес. Бірнеше мәрте үйленіп, қайта-қайта ажырасатындарға да етіміз үйреніп барады. Десек те, ер-азаматы осылай есірген қоғамда береке мен бақыт болуы мүмкін бе? Егер ойда – бір баласы, қырда бір баласы жылап жатса, ол азаматқа ел тірегін сеніп тапсыру мүмкін бе? Сонда ұрпақ тәрбиесі мен мемлекеттің болашағы үшін кім жауапты? Ендеше, ер-азаматтарымыздың отбасы алдындағы жауапкершілігін арттыру үшін оның ары кеткенде үш реттен артық некеге тұруына тыйым салу керек шығар?
Сара ШАЯХМЕТҚЫЗЫ, «Ару-Ана» продюсерлік орталығының жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері:
иә
– Керек! Мен өз басым қоғамның қазіргі ахуалынан шошимын. «Еркек деген «ерке» деген сөзден шыққан» дегенді алға тартып еркектер есіріп кетті, шын айтамын. Еркелегендері соншалық – тіпті ашықтан-ашық бірнеше әйел алып немесе өзінің ондаған жыл отасқан, өмірдің қиын кезінде жанына талай жалау болған, тіпті, керек десеңіз, «жыртық нәски» күйінен «кімсің, бәленше» деген дәрежеге дейін жетуіне барын құрбан еткен жұбайын тастап, жап-жас әйел алып кетіп жатқандар көп. Бізді қоя берші, асарымызды асап, жасарымызды жасап, ұл мен қызды ұяларына қондырып, немере сүйіп үлгердік, бірақ солай екен-ау деп бүтін ұлттың басындағы жағдайға алаңдамағанымыз жараса ма?
Көз алдымда талай отбасылар ажырасып, балаларын тірі жетім атандырып, ол аздай көп ұзамай онымен де жараспай, басқа біреуіне ауыз салып жатқан жайы бар. Қоғамның 50 пайызындай мөлшері деп ойлайтынмын бұрын, сөйтсем бүгін тіпті соның мөлшері 80 пайыздан аспаса кем емес-ау деп қалдым. Бұл не сонда? Үп еткен желге шыдамаса, онда оның несі отбасы? Отбасын құру ойыншық емес қой, қаласаң құрып, қаламасаң бұзып тастай салатын. Ол – Алланың алдындағы серт, ол – ұрпақ тәрбиелеуші фабрика, ол – мемлекеттің тірегі. Өз отбасында тұрақтылықты сақтай алмаған азаматқа қалай мемлекеттік деңгейдегі істі сеніп тапсыруға болады? Міне, бізде осындай түсінік болуы керек қой? Қайта кеңестік кезеңнің тәртібі қатал еді, ол кезде өз отбасынан тыс қандай да бір «жүріс» жасаған ер-азаматты қатаң жазалап, тіпті ол қандай лауазымды қызметте істесе де, жұмысынан қуып немесе қызметін төмендетіп тастайтын. Есесіне, ол ойланатын, ол өзінің кінәсін сезінетін, жазасын өтейтін. Ол өз кезегінде оның жан-жағындағыларға да сабақ болатын, яғни «тұрақсыз болсам, абыройым осылай айрандай төгіледі екен ғой» деп өсіп келе жатқан жеткіншек барынша жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге тырысатын. Ал қазір? «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ», соның салдарынан бірімен ажыраспай жатып та, үстіне екіншісін алып, ырың-жырың болып жатқаны немесе қаншама қара домалақтар жүр тумай жатып әкесіз қалған, тіпті әкесін көрмеген де. Мен таяуда бір жерге демалуға барып қайттым, сонда көрген бір жайт жүрегімді ауыртты. үш-төрт жас шамасындағы ұл бала, өзі өмірінде көрмеген әке мейірімін аңсағаны-ау, сонда демалуға барған бір азаматтың балағына жармасып, одан қалса, «менің әкем мен мектепке барғанда келеді, маған ананы әпереді, мынаны әпереді» деп еріксіз егілткені. Ал оның әкесінің қайда, қандай әйелдің соңында «жаным, күнім» деп жүргенін бір Құдай біледі. Қандай қатыгездік?!. Әлгіндей балалар біреу емес, жүз мыңдап жүр қазір әр ауылда, әр қалада, әр үйде... Солардың ішінде алимент алып жатқандары жүзден біреу болмаса, қалғандары түгел анасының мойнында. Ал сонда қоғам осылай екен деп бар кінәні «заман» деген абстрактілі ұғымға арта салып, әлгіндей жауапкершілігі жұрдай азаматтарды тайраңдатып қоямыз ба? Қаласаң бесіншісін ал, қаласаң тіпті онын қатар ал деп? Жоқ, тыйым салуымыз керек! Қытайда, мысалы, ұрлық жасағанның қолын кеседі ғой, есесіне, оның ұры екенін ел қолынан біледі, екіншіден, оның жүз қолы жоқ, қол керек болса, тоқтайды ғой. Яғни қатаң тәртіп пен жаза да керек. Ал жазалаудың алдын алу үшін тыйым керек.
Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА, Адам ұрпағын өрбіту орталығының директоры, биология ғылымының докторы:
жоқ
– Негізі, білгенге тыйым салу деген, керісінше, сол іс-әрекетті одан сайын күшейтіп жіберетін нәрсе. Сондықтан мен осы ретте де тыйым салу мәселені шешеді деп айтпас едім. Жалпы, некелесу, үйлену не ажырасу дегенді әркім өз сана-сезімі арқылы шешеді. Біреу біреуді күштеп үйлендіре алмайды немесе күштеп ажырастыра алмайды. Яғни тұрақтылық не тұрақсыздық, ол – адамның жаратылыс, бітім-болмысы мен туғаннан алған тәрбиесінің нәтижесі. Сондай-ақ бір некемен бақытты болу немесе бірнеше рет үйленіп-ажырасу да – тағдырдың ісі. Әркім маңдайына не жазылды, соны көреді. Алайда Алла алдында әу баста уәде беріп, некелі жар сүюдің жауапкершілігін өмір бойы сезіне біліп, өзін бір отбасының иесі, мемлекеттің тірегі деп сезіне білген ер-азаматтың сыйы мен қадірі деген қандай керемет!
Әр азамат жас кезінен сондай елге сыйлы, отбасы берекелі азамат болуды армандап өссе, онда ол ешқашан жеңілтектікке салынып, бір әйел алып, екіншісін тастап, әр жерде бір баласын жылатып қалдырмайды. Ал егер әйелдің көз жасы, баланың наласы, жалпы, ел-жұрттың сөзінен, Құдайдан қорықпайтын адамға тыйым салдық не, салмадық не, ол бәрібір жасырып болса да өз дегенін істейді. Яғни айтпағым, заң шығару қиын емес, оны орындату қиын. Заң алдында өзін жауапты сезіну, оны сақтау да адамның ішкі тәртібі, жауапкершілікті сезіне білу қасиетіне байланысты.
Негізі, көбіне ерлі-зайыптылардың ажырасуына не отбасын сақтап қалуына бала себепкер деп жатады ғой. Мен айтар едім, ол – жаңсақ пікір. Ешқашан екі адамның арасы баламен жақындап, керісінше бала болмаудың салдарынан суып кетпейді. Мен бұған өмірлік және қызметтік тәжірибемнің барысында көз жеткізгенмін. Яғни балаға зар болса да, бірін-бірі соншалық құрметтеп, сондай жақсы көріп ажыраспай жүргендер де бар-дағы, баланы бірінен соң бірін тауып беріп жатқан әйелін тастап, басқа біреуді таңдап кетіп жатқандар да бар. Тіпті бала сүйе алмай жүргенде бірін-бірі тастамай, біздің «ЭКО медке» келіп, үшем сүйіп те, соңында ажырасып кеткендер де кездесті. Сонда ғана мен ерлі-зайыптылардың арасындағы қатынасты реттеуде бала шешуші фактор емес екен деген тұжырымға келдім. Сөйтсем, мұны Абай сонау баяғыда-ақ «адамның бір қызығы – бала деген» деп айтып кеткен екен. Яғни, былайша айтқанда, «бар қызығы» емес, бала «бір қызығы» деп қана айтқан.
Мәселен, мен бұл жерде қайта-қайта үйленіп-ажырасуды жақтап тұрған жоқпын. Керісінше оның, ең бірінші, әр адамның өзіне ұят, екіншіден, қоршаған ортадағы абыройына нұқсан келетінін, оған деген сенімнің азаятындығын, ол қоғам үшін тұрақсыз адам санатында болатындығын айтқым келеді. Ал ондай атақ, ондай өмір, ондай рөл әр азаматтың өзіне керек пе, керек емес пе, оны әркім өз санасымен шешпейінше, бәрі бос әуре дегенді айтқым келеді.
Әрине, жаппай тұрақсыздық жайлаған қоғамды реттеу мемлекеттің тікелей құзырындағы іс. Ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезінбей, әйел тағдырын ойыншық көрген ер-азаматтарды ел болып тәртіпке салу керек. Бірақ мәселе о баста ондай тұрақсыз болмауға тәрбиелеу керек. Осы ретте бір үлкен қателік өзімізде де жатқан секілді, яғни біздің бүгінгі тәрбие жүйемізде. Қалай дерсіз? Біз «қызға – қырық үйден тыйым» дегенді білеміз де, бар білгенімізді қызға үйретіп, оны тыйып, бар жақсыны «ол қонақ қой» деп соның аузына тосып, ер бала «аман болса бопты да» деп онша мән бермейміз. Ол өзімен-өзі бұзық болып, ойына келгенін істеп жүре береді. Ұлының қалай өскенін байқамай да қалатын отбасылар бар. Яғни ұлға болашақ әке ретінде өзін-өзі қалай ұстау керектігін үйретіп жатқанымыз жоқ. Азаматтарымыздың отбасын құруда, оны ұстап тұруда дағдарысқа түсіп жатқандығының бірден-бір себебі осында секілді. Ендеше, бізге осы түп-тамырынан бастамайынша, кейіннен келіп тыйым салғаннан ештеңе өнбейтін секілді.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Түйін
Әрине, үйлену не ажырасу тек біржақты шешім емес. Әйтсе де көп жағдайда отбасын тастап кететін – әйелі емес, ері. Бала тәрбиесін түгелімен әйелдің мойнына артқан әкелер алимент төлеу былай тұрсын, келесі «бақытын» іздеп, ол болмаса тағы басқасын іздеп кете береді. Демек, осы ретте отбасы беріктігін нықтау үшін ер-азаматтардың жауапкершілігін арттырғанымыз жөн. Яғни бұған неке санын шектеуді жатқызуға болады.