Қоғамдағы қордаланған мәселелерді әртүрлі көзқарастағы азаматтардың пікірімен саралайтын «Алаш айнасы» газеті мен СТВ арнасының бірлескен жобасы аясында жарық көрген бағдарламаның кезекті тақырыбы – «Ресми мамандықтар тізіміне үй шаруасындағы әйел мамандығын енгізу керек пе?» Қоғамдағы орын алып жатқан кез келген мәселеден шет қалмауды көздейтін кезекті бағдарламаның көрсетілімі 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай әйелдер мәселесіне арналып отыр. Біздің елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де талқыға салынып жүрген тақырыпты әйелдер мерекесі қарсаңында да таразылап көргенді жөн көрдік. Сонымен, ресми мамандықтар тізіміне үй шаруасындағы әйел мамандығын енгізу керек пе?
Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА, ҚР Президенті жанындағы отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, биология ғылымының докторы:
иә
– Үй шаруасындағы әйелдің де еңбегін ескеріп, оны арнайы ресми мамандықтар тізіміне енгізуіміз қажет. Өйткені біздің еліміз жер көлемі жөнінен үлкен болғанымен, адам саны жағынан кішкентай мемлекетке жатады. Қазақстанда бар болғаны 17 миллиондай ғана халық бар. Соңғы кездері халқымыздың санын қайтсек 20 миллионға жеткіземіз деп бас қатырып жатырмыз. Ал халықтың 51 пайызы әйелдер болса, 49 пайызы – еркектер. Шын мәнінде, әйелдің иығына артылар жүк оңай емес. Ана ретінде үйдің тірлігін істеп, ертелі-кеш тамақ дайындап, әрі ұрпақ санын да көбейтіп, тіпті арасында қоғамдық жұмысқа да араласып, кәсіби міндетін де атқарып үлгеруі тиіс.
Бүгінгідей қарбалас заманда мұның бәрін қатар алып жүру оңай емес. Егер әрбір отбасында үш және одан да көп бала болса халық санының ұлғаюына ықпал ете алады. Ал көпшілікке екі балалы болу ғана тән болса, онда мұнымен халық санын көбейтеміз деп айта алмаймын. Өкінішке қарай, аналарымыз көп жағдайда жұмыс істеймін деп жүріп балалы болу мүмкіндігін шектейді. Сондықтан біз үйде отырған аналарымызға қамқорлық жасап, олардың неғұрлым демографияға ықпал етуіне мүмкіндік тудыруымыз керек. Еуропаның көптеген мемлекеттерінде бұл мәселе дұрыс жолға қойылған. Бұған біздің еліміздің де мүмкіндігі жетеді деп ойлаймын.
Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, саяси ғылымдар докторы, профессор:
жоқ
– Мен бұл пікірмен келісе алмаймын. Үй шаруасындағы әйелдің жұмысын ресмилендіруге қарсымын. Ресми мамандықтар тізіміне үй шаруасындағы әйел мамандығын енгізу, ай сайын жалақы төлеп, зейнетақы жарнасын аударып отыру бір қарағанда дұрыс болып көрінуі мүмкін. Салтанат Берденқызы да ресми мамандықтар тізіміне үй шаруасындағы әйел мамандығын енгізу арқылы демографияға ықпал етуге болады деген уәжін келтіріп отыр. Бірақ, менің ойымша, бұл әйелдер арасында теңсіздік қалыптастырады. Себебі үй шаруасымен үйде отырған әйелдер ғана емес, 8-10 сағаттап жұмыс істеп жүрген әйелдер де айналысады.
Әйел дәрігер немесе әйел ұстаз болсын, сырттағы жұмысын істеп келгеннен кейін үйдегі кірін жуып, тамағын істеуге мәжбүр. Алайда олардың еңбегін бағаламай, үйде отырған әйелге арнайы бір мамандық иесі ретінде айлық төлеу теңсіздік туындатады. Тіпті, мұндай өзгерістен кейін әйелдердің өзі екіге жарылайын деп тұр.
«Алаш айнасы» газеті мен СТВ телеарнасының бірлескен жобасы
«Алаш айнасы» – «Ой-көкпар» бағдарламасының жазбаша нұсқасы.
Жүргізуші: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.
Бағдарлама ұзақтығы: 27 минут.
Эфирдегі уақыты: жұма күні сағат 22:30.
Хабар қонақтары:
Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА, ҚР Президенті жанындағы отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, биология ғылымының докторы.
Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, саяси ғылымдар докторы, профессор.
тартыс бөлімі
Жүргізуші:
– Бағдарлама қонақтарының ұстанымы айқындалды. Енді бағдарламамыздың «тартыс» бөліміне өтіп, ойымызды тарқатып айтсақ. Салтанат Берденқызы бұл мәселе 2009 жылы Ресейде кеңінен талқыланды. Ресейдің 150 миллион халқының үш және одан да көп бала асырып отырған аналарының саны екі миллионнан асатынын есептеп шығарған. Ал біздің 16 миллион халқымыздың 150 мыңдайы көпбалалы аналар санатында екен. Осы орайда біз үйде отырған осынша көпбалалы аналарымыздың үйде отырған уақытына жалақы төлеуге шамамыз жете ме?
Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА:
– Мемлекеттің қаржысы халықтың өсіміне арналса, оны шығын деп санамауымыз керек. Халқымыздың саны өсіп, мемлекет ретінде қалыптасуы үшін халық санының өскені қажет. Қарсыласым Гүлшат ханымның «теңсіздік туындауы мүмкін» дегеніне қосылмаймын. Әрбір, әлде қоғамдық жұмысқа белсене араласып, кәсіби жұмыста да жақсы маман екенін көрсеткісі келе ме, әркімнің өз қалауы болуы тиіс. Біздің халқымыздың негізгі өсімін көтеріп отырған – Оңтүстік Қазақстан облысы. Елімізде өмірге келетін сәбилердің әрбір төртіншісі осы облыста дүниеге келеді. Зерттеп қарасақ, бұл облыста 7-8 балаға дейін тәрбиелеп отырған отбасылар өте көп. Әрине, баланың көп болуына қарай қиындығы да болатыны рас. Бала бағумен өседі. Алайда анасы осынша баланың тәрбиесін тастап, қалайша жұмысқа шығады? Сондықтан ол аналарға жағдай жасалуы керек. Бәлкім, біздің жағдайымызда үш немесе төрт және одан да көп бала тәрбиелеп, үйде отырған анаға мемлекет тарапынан арнайы жалақы тағайындалуы керек шығар. Анасы үйде отырған баланың тәрбиесінің де жақсы болатыны анық. Сондықтан ана мемлекеттің демографиясына үлес қосам деп үйде отырса, мемлекет оған қалайша қамқор болмасқа?!
Жүргізуші:
– Гүлшат Рамазанқызы, балаларға арнайы балабақша ашып, оны керек-жарақтармен жабдықтап, тәрбиешілерге жалақы төлейтін ақшаны аналарға берсек, әлдеқайда пайдалы болар еді деген пікір айтып жүрген мамандар да бар. Бұл пікірге сіз қалай қарайсыз?
Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА:
– Мұндай жағдайда әйелдерді санатқа бөле отырып қамқорлыққа алу дұрыс секілді. Мәселен, Салтанат Берденқызы әйелдерді баласының санына қарай жіктеу керек екенін айтып отыр. Жалпы, әйелдерді үйде отырғызып оларға жалақы оған қоса ай-сайын зейнетақы жарнасын төлеу қанша бай мемлекет болсақ та оңай емес. Егер, шын мәнінде, осының бәрін демографияны дамыту үшін жасағымыз келсе, халық санын арттыруға ынталандырудың жолдары көп. Мәселен, бала туғанда берілетін жәрдемақы мөлшерін көбейту демографияға жақсы әсер етер еді. Сондай-ақ өзіңіз мысал келтіріп отырған, демография мәселесі ушығып тұрған Ресейдің өзінде үй шаруасындағы әйел мамандығын енгізуден гөрі «Ана капиталын» енгізу демографияға әлдеқайда жақсы әсер ететінін байқаған. Осы орайда үй шаруасындағы әйел мамандығын енгізу бізге еш пайда әкелмейді.
Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА:
– Әрине, бұл мәселе тез арада іске асырыла қалар нәрсе емес. Көпбалалы аналарымыздың нақты санын анықтап, қордағы қаржының көлемін есептей отырып, кешенді түрде атқарылар шаруа. Дегенмен бұл бастаманың пайдасының үлкен боларына сенемін. Дания, Швейцария секілді дамыған мемлекеттерде үйде бала тәрбиесімен айналысып отырған аналарға ай сайын 650 евро көлемінде жәрдемақы беріледі екен. Біздің ақшамен санағанда 130 мың теңгеден асады. Бұл ақша аз емес. Бізде осы көлемде болмаса да аздаған мөлшерде болсын, осындай жәрдемақы тағайындау артықтық етпес еді. Және бұған біздің еліміздің шамасы жетеді деп ойлаймын. Көптеген елдер осындай жолдармен аналарды ынталандыруға күш салуда. Біздің елімізде де балаларға арналған жәрдемақы бар. Бірақ оны Ресейдегі «Аналық капиталмен» салыстыруға келмейді. Ең болмаса, ауылдық жердегі аналарымызға үй шаруасындағы әйел ретінде жалақы тағайындалуы керек. Өйткені ауылдық жерлерде жұмыс жоқтың қасы. Халқымыздың санын көбейтіп отырған, негізінен, ауылдағы әйелдер. Олар жұмыс істегісі келсе де ауылда жұмыс жоқ. Менің, қамқорлық көрсетейік деп отырған себебім, халық санын көбейтуге үлес қосып отырған ол – аналар.
Жүргізуші:
– Гүлшат Рамазанқызы, сіз сөзіңіздің арасында егер үй шаруасындағы әйелдің жұмысын осындай жолмен бағалар болсақ, олар жікке бөлінеді деп айтып қалдыңыз. Өмір бойы үйде отырған әйел зейнеткерлік жасына жеткенде оның зейнетақысын қалай есептеуге болады?
Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА:
– Әйел үй шаруасында үйде отырған жағдайда уақыт өте еңбекке араласып, зейнетақы жинақтау қорына қаржы аударып отыруы тиіс. Қарсыласым ауылдағы әйелдер мәселесін айтып отыр. Алайда ауылдағы жұмыссыздық мәселесі тек әйелдерге ғана қатысты емес. Сондықтан үйде отырған әйелдерге жалақы төлеуден гөрі ауылда жаппай жұмыс орындарын ашып, ауылдықтарды жұмысқа тарту қажет. Оларды одан әрі үйде қамап, жалақы тағайындаудан гөрі, ауылда жұмыс орындарын ашсақ, жаппай ауылдықтардың бір мәселесін шешкеніміз болар еді.
Жүргізуші:
– Германияда үй шаруасындағы әйел емес, үй шаруасындағы адам мамандығы бар екен. Осы орайда оларда осы мамандықтағы ер адамдар көптеп кездесетін көрінеді. Сондықтан Гүлшат Рамазанқызы, үй шаруасындағы адам мамандығына қалай қарайсыз?
Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА:
– Бұл мамандыққа біздің ер-азаматтарымыз келісе қоймайды. Өйткені ол біздің менталитетімізге сай емес. Сондықтан біздің елімізде мұндай мамандыққа сұраныс болады деп те айта алмаймын. Бұл сұрақты қоймас бұрын біздің ер-азаматтарымыз осы ұсынысқа келісе қояр ма екен, осыны ойлауымыз керек. Гендерлік саясатты ұстанып отырған елімізде мұндай қадамды ешкімнің де құптай қоймасы анық.
сайыс бөлімі
Жүргізуші:
– Бағдарламамыздың үшінші бөлімі «Сайыс» деп аталады. Осы тақырып бойынша қарсыластар өзара сұрақ-жауап алмасады.
Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА:
– Бүгін көтеріп отырған тақырыбымызға неге үзілді-кесілді қарсысыз? Сіз үшін, бұл бастаманың еш пайдасы жоқ па?
Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА:
– Өз басым бүгінде белсенді жұмысқа араласып жүргендіктен болар, бұл бастамаға түбегейлі қарсымын. Қанша жерден сыртта жұмыс істеп келсем де үй шаруасымен өзім айналысамын. Үйде ешқандай қызметшім де жоқ. Шынына келгенде, үйде бір әйелден артылатындай шаруа бар деп те санамаймын. Сондықтан үй шаруасындағы әйелге мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, қамқорлық көрсетілуі теңсіздік тудырады деп ойлаймын. Неге мен сыртта жұмыс істеп келіп, үй шаруасымен де өзім айналысуым керек? Ал базбіреулер үйде отырып-ақ сол жұмысы үшін жалақы алуы тиіс? Өз басым осындай бір теңсіздікті байқап қалдым.
Ал қарсыласыма қояр сұрағым, демография деп отырсыз. Сіздің «Экомед» орталығыңыз халық санын өсіруге қаншалықты үлес қосып отыр?
Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА:
– Біздің орталыққа бүгін күйеуге шығып, ертеңіне «бала көтере алмадым» деп, жаңа ғана тұрмысқа шыққан жастар емес, шаңырақ көтергеніне біршама уақыт өткен аналар келеді. Олардың орташа жасы 38 бен 40 жас арасындағы бала көтермегеніне 15-20 жылдай уақыт өткен аналар. Біздің қондырғылар да бедеуліктің 95 пайызында көмектесе алады. Сондықтан әйел неғұрлым жас болса, соғұрлым бала көтеру қабілеті жоғары. Ерекшеліктеріне қарай оларды емдеу уақыты да әртүрлі болып келеді. Әлемдік тәжірибеде де, бізде де келген әйелдің 30 пайызы бір ай ішінде емделуден соң бала көтеріп жатады. Ал табиғи түрде бала көтеретін 20 жастағы әйелдердің күйеуге шыққан соң бала көтеру мүмкіндігі 15-20 пайыз. 30 жастағы әйелде – 10-ақ пайыз, 40 жастағы әйелде – 5 пайыз. Біз ғылыми технологиялық мүмкіндік арқасында бұл мүмкіндікті 2-3 есеге дейін ұлғайтып отырмыз. Әрине, демографиялық саясатқа тікелей ықпалымыз бар деп айта алмаймыз. Өйткені ең үлкен демографиялық дүмпу беретін әйелдер 18-25 жас аралығындағылар. Ал бізге көбінесе жасы ұлғайған әйелдер келетіндіктен олардан үлкен нәтиже күту қиын.
ойтүйін
Жүргізуші:
– Соңғы бөлім «ойтүйін» деп аталады. Бұл бөлімде екеуіңізге де қойылар сұрақ ортақ. Қарсыласыңыздың ойынан не түйдіңіз және оның ұстанымына өтіп кеткен жоқсыз ба?
Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА:
– Мен, шын мәнінде, еліміздің демографиялық мәселесінің өзекті екенін байқадым. Дегенмен демографияға тікелей ықпал ететін басқаша тиімді жолдар қарастырылса дұрыс болар еді.
Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА:
– Бүгінгі көтеріліп отырған тақырып еліміздің дамуына ықпал ететін бастама. Гүлшат ханымның айтып отырған пікірінің де жаны бар. Бұл мәселені экономикалық тұрғыдан есептеп көру керек. Демографиялық жетістікке жету – еліміздің негізгі мақсаттарының бірі. Сондықтан ұрпақ санын көбейтіп қана қоймай, олардың ана тәрбиесін, әке ұлағатын көрген ұрпақ болып өсуіне жағдай жасауымыз керек.
Жүргізуші:
– Бүгінгі бағдарламамыз да өз мәресіне жетті. Қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікір қалыптастыру біздің міндет, ал шешім қабылдау – ресми органдардың еншісінде.