Қазақстандық жастар Халықаралық жастар күнін атап өтуде
Бүгін Қазақстанның барлық өңірінде Халықаралық жастар күніне арналған мәдени-бұқаралық және танымдық іс-шаралар өткізілуде. Мерекені атап өтуге республика бойынша 208 жастар ресурстық орталығы белсенді қатысып жатыр.
Атап өтерлігі, Халықаралық жастар күнін мерекелеуді жастар ісі бойынша министрлердің 1998 жылы 8-12 тамызда Лиссабон қаласында өткен Бүкіләлемдік конференциясының ұсынысы бойынша 1999 жылы 17 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен.
Бүгін Астанада жастар ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен «ZHASTAR KUNI» атауымен іскерлік таңғы ас ұйымдастырылады. Аталмыш шараға қатысушылар жастардың қоғамдағы әлеуметтік маңызды проблемаларды шешуге қатысуы мәселелерін талқылайды.
Сондай-ақ бүгін Ақмола облысының «Арнасай» демалыс кешенінде Қазақстан скауттары слетінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Ал, кешқұрым елордалық жастар үшін «Астана-Бәйтерек» монументінің алаңында сағат 20.00-де «Жастар әндері» атауымен шығармашылық кеш өтеді.
Қазақстанда 567 жастар ұйымы бар. Бүгінгі таңда ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өнідіріс, білім орындарының және жастардың өзін-өзі басқару органдарының, түрлі жастар ұйымдарының, жастардың ресурстық орталығының қызметін дамытуға жаңа тәсілдер қолдану және ведомствоаралық қарым-қатынасты жетілдіру бойынша қажетті шараларды қолға алуда.
Жастардың игілігі жолында жұмыс істейтін ресурстық орталықтардың желісі кеңейтілді. Қазіргі күні еліміз бойынша 208 жастар орталығы бар.
Еске сала кетейік, статистикалық деректер бойынша Қазақстанда 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар 4 млн-нан аса адамды құрайды. Сондай-ақ, елімізде ««Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Мәңгілік ел жастары- индустрияға» және «Жастардың кадрлық резерві» мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асуда.