Қазақстанда оффшорлы аймақ ашу қажет пе?
Оффшор туралы әңгіме көп. Ағылшын тілінен аударғанда «жағалаудан тыс» деген мағынаны білдіретін бұл термин негізінен әлемдік қаржы орталықтары, сондай-ақ банк операцияларының кейбір түрлері үшін қолданылады. Салықтан жалтаратындардың, не болмаса салықтық шығынды азайтатындықтан қыруар қаражат осы оффшорды айналшықтайтыны белгілі. Сондықтан да, әлемнің бірқатар елдері оффшорлық бизнестің дамуын көтермелеп, қыруар қаражатқа кенеліп отырғанын аңғаруға болады. Дәл осы оффшор туралы әңгіме Қазақстан үшін де өзекті. Бұған дейін Мәжілісте қазақстандық қаражаттың әлгіндей аймақтарға құйылып жатуы дүркін-дүркін көтерілсе, ендігі кезекте мұндай оффшорлық аймақты өз еліміздің аумағында құру туралы бастама да айтылды.
Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ, Мәжіліс депутаты:
Иә
–Еліміздегі қалалардың бірін, оңтайлы өңірді алып, соны оффшорлы аймаққа айналдыру керек әрі бұл аса маңызды мәселе. Өйткені, бүгінгі таңда жыл сайын Қазақстаннан миллиардтаған қаржы шетелге асып жатыр. Мәселен Қазақстанның халықаралық инвецтициялық позициясына көз салсақ қалталы отандастармыз оффшорлық аймақ болып табылатын Виргиния аралдарына - 3 миллиард 600 миллион доллар, Сейшель аралдарына – 2 млрд. 600 миллион доллар, Кипрде 1 миллиард 900 миллион долларды сақтап отыр. Бұл дегеніңіз қыруар қаражат. Ал сол оффшорлардан қазақстандық капиталды шығарудың қамын ойлайтын да кез келді. Осы тұрғыдан алғанда да елімізде оффшорлық аймақ ашу тиімділігін қарастыру керек. Өйткені, елімізде қазірдің өзінде көптеген арнайы еркін экономикалық аймақтар бар. Екіншіден, көптеген дамыған мемлекеттер өздерінің оффшорларына ие, нақты айтсақ әлемнің елу елінде бұл бар. Ресейдің өзі Қиыр Шығыста осындай оффшорлы аймақ жасауды көздеуде. Бүгінде екі ел арасындағы шекарамыз ашық. Оның үстіне Бірегей экономикалық кеңістік аясындағы жағдайға келсек, онда қазақстандық капиталдың басым бөлігі Ресейде ашылуы қарастырылып жатқан оффшорға ағылып кететіні әбден белгілі. Үшіншіден, келешекте оффшорлы аймақтар шетелден капитал тартуда негізгі құралға айналуы мүмкін. Сондықтан да, өзінің «ойын ережелері» айқындалған мұндай аймақтар ашсақ ұтылмасымыз анық. Бұл ретте Жезқазған әлде Семей қаласын оффшорлы аймақ ету оңтайлы деп санаймын. Тұтастай алғанда, салық салмақ түсірмейтін оффшорлы аймақ ашылса, кәсіпкерлерге де тиімді, әрі дүние жүзінен капитал тартуға мүмкіндік туар еді. Сонда дүние жүзінен ақша келеді сол жерге. Күллі ел солай жасап жатқанда, бізге қарап отыруға болмайды.
Ілияс ИСАЕВ, қаржыгер:
Жоқ
–Меніңше, оффшорлы аймаққа айналу туралы Қазақстанның мүддесімен басқа мемлекеттер келісе қоюы екіталай. Жалпы, оффшорлық аймақтың ең басты ерекшелігі – сырттан келетін инвестиция көлемін арттыру. Ол жерде бірінші кезекте салық өте аз болады. Фискалдық реттеу деңгейі төмендейді. Мүмкін елге тартылатын инвесторларды қызықтыру үшін осындай нәрсені қолға алу керек шығар. Бірақ оффшорлық аймаққа айналу дегеніміз – үлкен проблема. Мемлекет бюджеті тапшы болып, әлеуметтік салаға ақша жетпей тұрғанда салықты төмендетіп жіберудің еш тиімділігі болған емес. Қазіргі түсінікте мұндай аймақ жиған-терген ақшаны сақтап қоятын орын ғана. Яғни, жиналған капиталдың көптеп сақталуына кепіл беретін аймақ болып саналады.
Шындығында, біз бір қарағанда оффшорлы аймаққа ұқсаймыз. Бірақ біздің қазба байлығымыздың қоры өте көп. Керісінше оффшорлы аймақтарда қазба байлық деген атымен болмайды. Егер оны құру туралы ұсынысты іске асыратын болсақ, қандай мағынада жүзеге асырамақпыз?! Ол бар болғаны сырттан келетін инвесторлар үшін маңызды шығар...
Негізінен инвесторлар неғұрлым көп келген сайын соғұрлым мол пайда табуды көздейді. Бір жағынан проблемасы да үсті-үстіне көбейе түседі. Сондықтан оны іске асыруды мен құптамаймын. Сонымен қатар, оффшорға қатысты мынадай өзекті сұрақ туар еді: Бұл - біреудің жинаған капиталын сақтайтын аймақ па әлде экономиканы гүлдендіру үшін инвестиция тартуды көздейтін аймақ па? Жасыратыны жоқ, қазір біздің экономикаға инвестиция өте көп керек. Оны Мемлекет басшысы да үнемі айтып жүр. Осыған ой жүгірткен абзалырақ. Ал бұл үшін әуелі елде саяси тұрақтылық болуы шарт.
Тағы бір мәселе - банктен есепшот ашып соған ақшаны құр аудара беру деген нәрсе ешқашан жақсы болған емес. Мәселе сырттан келген ақшаны өндіріске жұмсау. Біз қазірдің өзінде банктердегі несиені осы салаға қарай бұра алмай келеміз емес пе? Оффшорлы аймақ құра отырып, шетелдік инвесторларды өндіріске тартатын болсақ, әңгіме басқа. Біз бірінші кезекте сыртқа ағылып жатқан капиаталдарымызға тоқтау салуымыз керек. Инвесторлар салған қаржысының табысын алып қазақтың байлығын сыртқа шашып жатса, соңы қалай болмақ?! Оны құрсақ, Қазақстанның әр аймағын талан-талажға айналдырған аймақ қылып жібермейміз бе?
P.S. «Оффшор» туралы әңгіме былтырлары мемлекеттік қарызға қатысты да бір бұрқ еткені есте. Сол тұста депутат Нұртай Сабильянов сауал көтеріп, мәселенің анық-қанығына жету туралы көлденең сұрақ тастаған-ды. Шындығында, Қазақстанның Қаржы полициясы мен салық органдары шетел асып жатқан қыруар қаражатқа қаншалықты қырағы болып отырғанын айту аса қиын. Тіпті, «салықтан жалтарып, қыруар капиталды шетел асырыпты» дегенді қазақстандық құқық қорғау органдарының «кейіннен» іздеу жариялаған жемқорларына қатысты ғана естиміз. Ендеше, елімізде оффшор ашу-ашпау мәселесінен бұрын, сыртқа ағылып жатқан қыруар қаражатты қадағалау, сосын оффшорда қызмет ететін қазақстандық компанияларды жіті қадағалау өзекті секілді. Ал капиталды ұстап тұру тетіктерін оффшорсыз-ақ ойластыруға болатындай. Дегенмен, кім біледі...