Қазақстан армиясының болашағын ғылымсыз болжау мүмкін емес
Ғылым саласының қазіргі даму қарқынынан бас айналады. Ал, әскер саласын ғылымсыз дамыту тіпті мүмкін емес. Елдің стратегиялық дамуының құрамдас бөлігі ол. Иә, әскерге дәлдік керек. Бірақ, әскер ғылымы ұшқыр болуға тиіс. Өйткені, армияның болашағын айқындайтын да, оның стратегиялық міндеттерге сай болуын дәл болжайтын да, ең аяғы әскердің сол міндеттерге сай жарақтануын да нақтылайтын да сол әскер ғылымы. Сондықтан да қазір Қазақстан Қарулы Күштерінің басшылығы әскер ғылымын дамытуға барынша назар аударып отыр.
ҚР ҚК Бас штабы бастығының жетекшілігімен Қорғаныс министрлігі, Бас штабы және Қарулы Күштердің басшылық құрамымен өтіп жатқан оқу-әдістемелік жиын шеңберінде «Шетел мемлекеттері қарулы күштерінің құрылысы мен дамуындағы негізгі үрдістер, заманауи әскери қақтығыстардың сипаты мен мазмұнының өзгеруі» тақырыбы бойынша әскери-ғылыми конференция өткізілді. Конференция барысында әлемдегі және өңірдегі әскери-саяси жағдайдың дамуының бағалануы мен болжамдары, әскерлердің (күштердің) жауынгерлік даярлығын жетілдірудегі көзқарас, түраралық өзара іс-қимылды ұйымдастыру және ҚР ҚК әрі қарай дамытудың бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу мәселесі талқыланды. Конференция жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудің жаңа үлгілері мен тәсілдерін іздестіру, мемлекетіміздің әскери қауіпсіздігінің жаңа қауіп-қатерлерімен күресу үшін Қарулы Күштердің жауынгерлік мүмкіндіктерін арттыру мақсатында әскерлердің (күштердің) жауынгерлік даярлығын жетілдіруге бағытталған. Әскери-ғылыми конференция сәтті өтті.
С. Ақынжанов