Қазақстан Армиясының биылғы жетістігі

Қазақстан Армиясының биылғы жетістігі

Армия қорғаныс қабылетін биік ұстау үшін үнемі сыннан, сынақтан өтіп тұруы тиіс. Бұл міндет. Ал бейбіт уақытта әскерді сынға салудың ең үлкен мүмкіндігі – бәсеке, жарыс, тартыс. АрМИ халықаралық ойындары сондықтан да дүниеге келді. Бұл әскери спорттық тартыс. Бұл ойындарды әскерилердің олимпиадасы ретінде қарауға да болады. АрМИ ойындарының тағы бір тиімділігі бар. Ол әріптестен, қарсыластан үйрену, жаңа техниканың, тактиканың ерекшеліктерін түсіну, тартыса жүріп соны меңгеру. АрМИ халықаралық ойындарына қатысушы мемлекеттер санының жыл санап өсіп келе жатуының бір себебі осында. 

Жыл сайын осы ойындарға белсене қатысып келе жатқан қазақ армиясы биыл қайрат пен жігердің үлгісін көрсетті. Оның бір дәлелін Мәскеудегі «Алабино» полигонында өткен Армия халықаралық ойындары – 2017 мәресінен көруге болады. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрама командасы әлемнің 28 елінен 150 армиялық команда арасында жалпы командалық үшінші орынды жеңіп алды. Жалпы сол айда жарты әлем көз тіккен байрақты бәсеке бірнеше елдің территориясында қатар өтті.

Армия халықаралық ойындары-2017 – Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Әзірбайжан Республикасы мен Қытай Халық Республикасында ұйымдастырылған іргелі сайыс. Шара халықаралық ынтымақтастықтың, тәжірибе алмасудың, бейбітшілік пен ниеттестік кепілінің жаңа символына айналды. Бұл дода үшінші мәрте ұйымдастырылды. Сөйтіп, тың сапалы және сандық деңгейге шығып отыр. Биылғы жылы ойын 3 500-ден аса әскери қызметшінің, 28 мемлекеттің, яғни, Азия, Еуропа, Африка мен Латын Американың 150-ге жуық армия командаларының басын біріктірді. Далалық, әуе және теңіз машығы бойынша бірнеше байқау бір уақытта Ресей мен Қазақстанның, Беларусь пен Қытай, Әзірбайжанның әскери полигондарында және Балтық, Қара, Каспий теңіздерінің су айдындарында өрістеді. Биыл Армия халықаралық ойындары бағдарламаларының ауқымы ұлғайды. Қазақстандағы Армия халықаралық ойындарына тың жаңа жарыстар қосылды. Армия халықаралық ойындары-2017 салтанатты жағдайда шымылдығын ашты. Ресей Федерациясының Мәскеу облысынан бастау алған байрақты шараның бір бөлігі Қазақстанда ұйымдастырылды. Жамбыл облысының Отар 40-шы стансасындағы «Гвардейск» полигонында өткен «Артиллериялық оқ ату шеберлері» және «Мерген шебі», «Ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарының сайысы» сайыстарына үздік мергендер мен артиллерияшылар әлемнің түкпір-түкпірінен жиналды. Думанды басқосуда олар салтанатты шеру жасап, қазақ сарбазының бейнесін сомдаған театрландырылған көріністі тамашалады. Үздік үштікте Далалық, әуе және теңіз машығы бойынша сайыс қорытындысы бойынша Ресей Федерациясының командасы бірінші орынды, Қытай Халық Республикасының құрама командасы екінші орынды иеленді. Қазақстандық армияның абыройы мен беделі үшін халықаралық аренада 350-ден аса әскери қызметші бақ сынасты. Қазақстанның командасы ұйымдастырушылардың бағасы бойынша үздіктердің бірі болып танылды. Ойын төрешілері алқасының мүшелері ҚР ҚК әскери қызметшілерінің жоғары дайындық деңгейлерін, кәсіпқойлықтары мен жауынгерлік дағдыларын атап өтті. Құрамамыздың қоржынында 3 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль бар. Ойындардың салтанатты жабылу рәсіміне ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов қатысты. Әскери ведомство басшысы бүгінгі таңдағы халықаралық ойындар достықтың, халықаралық ынтымақтастықтың, бейбітшілік пен ниеттестіктің жаңа нышанына айналып, айрықша мазмұны және ғаламат ауқымымен ерекшеленді. АрХО-2017 сайысында қазақстандық құраманың өнер көрсетуінің шарықтау шегі «Танк биатлоны» байқауы болды. Онда танкішілеріміз 1 сағат 45 минут 41 секунд нәтижесімен Т-72 танкісінің базалық моделінде жоғары кәсібилік пен басқару шеберлігін паш етіп, екінші орынды иеленді. «Достастық жауынгері» байқауының бас номинациясының екі дүркін чемпионы атанған 97616 әскери бөлімінің батарея сержанты аға сержант Орынбек Сәндібековтің жеңісін айрықша атап өткен жөн. Қазіргі уақытта Армия халықаралық ойындары халықаралық әскери қоғамдастықта жоғары мәртебеге ие болып отыр. 2017 жылы ойын бағдарламасына «ҰҰА сайысы», «Достастық жауынгері», «Жол патрулі», «Күзет сақшысы» және «Әскери ралли» атты бес жаңа байқау енгізілді. Жыл сайын елдер арасындағы достастық өзара қарым-қатынасты нығайту мен дамытудың маңызды факторы бола отырып, сайыстардың пішімі жетілдіріліп, қатысушылардың ауқымы кеңейе түсуде. Қазақстандық командалар – абсолюттік жеңімпаз АрМИ-2017 шеңберіндегі «Артиллериялық оқ ату шеберлері» және «Мерген шебі» ірі сайыстары Қазақстанда шілденің 29-ынде басталып, тамыздың 12-сіне дейін жалғасты. Байрақты дода талай елдің дарабоздарын бәсекеге салды. Әр мемлекеттің әскерилері намыс жолында, достық сапында бар күш-жігерлерін сарп етті. Ең қуанатыны, Қазақстан армиясы әлемге айбынын әйгіледі, қуаттылығын көрсетті, кәсіби шеберлігін мойындатты. Жарысқа қатысу үшін елімізге 18 елден командалар келді. Барша қазақ жұрты мен спортсүйер қауым «mod.gov.kz» ресми сайты мен отандық «KAZsport» телеарнасы арқылы тікелей трансляциямен тамашалаған жиынның жабылу салтанатында ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов сөз сөйледі. «2017 жылғы Армия халықаралық ойындары аяқталуға жақын қалды. Сөзсіз, бұл ойын әлемнің әртүрлі елдері әскерлерінің тарихына айрықша үлес қосты. Ойындардың арқасында әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық реттеліп қана қоймай, сонымен бірге, әскери қызметшілер мен армиялар арасында шынайы достық пайда болады. Сайысқа қатысушылардың барлығында болашақта жеңіске жету үшін мықты әлеует бар. Әрбір әскери қызметші өзінің кәсіби машығы мен әскери шеберлігін паш ете алды. Сіздерді, яғни, жүлделі орындарды иеленген ойынның лайықты жеңімпаздарын құттықтаймын», - деп ойындардың жабылу рәсімінде генерал-полковник Сәкен Жасұзақов қатысушыларға тілегін жолдады. «Артиллериялық атыс шеберлері» байқауында Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Анголаның командалары өнер көрсетсе, үздіктер атағы үшін бақ сынасудағы мергендер сайысында Қазақстан, Монғолия, Қытай, Беларусь, Венесуэла, Ресей, Зимбабве, Қырғызстан, Үндістан, Иран, тағы басқа 17 мемлекеттің әскерилері бәсекеге түсті. Ұшқышсыз ұшу аппараттары сайысы есептоптарының сайыстарына Қазақстан, Беларусь, Иран, Ресей елдерінен келді. Жалпы алғанда, үш байқауға 400 адам тартылған. Енді жарыстардың өту барысына аз-кем тоқтала кетсек. Мергендер байқауының ақтық кезеңіне турнирдің бірінші және екінші кезеңдерінің қорытындысы бойынша төрт үздік команда, яғни, Қазақстан, Ресей, Қытай мен Беларусьтің командалары өтті. Ойынның барлық кезеңінде байқаудың қатысушылары жоғары шеберлік деңгейін, дене төзімділігі мен дәлдікті паш етті. Ең үздік мерген ретінде кіші сержант Нұрсұлтан Бақтораз танылса, аға сержант Ерғанат Құдабеков пен Мақсат Шыналиев ең үздік мерген жүп атанды.

Теңіздегі тартыс Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің әскери теңізшілері Әзірбайжан Республикасының Каспий су айдынындағы «Теңіз кубогі» байқауында жақсы нәтижелер көрсетіп, үшінші орынды еншіледі. Байқау қорытындысы бойынша Ресей мен Әзірбайжанның командалары бірінші орынды, Иранның әскери теңізшілері екінші орынды жеңіп алды. Армия халықаралық ойындары – 2017 сайысының «Теңіз кубогы» байқауында мемлекетіміздің намысын «Сарыарқа» және «Қазақстан» зымыран-артиллериялық корабльдерінің экипаждары қорғағанын айта кетейік. Онда «Сарыарқа» зымыран-артиллериялық кораблі негізгі корабль және «Қазақстан» резервтік корабль болып айқындалды. Далалық машық бойынша «Теңіз кубогі – 2017» халықаралық байқауы үш кезеңнен тұрды. Біріншісі – арналым бойынша корабльдің қару-жарағын қолдану, екіншісі – корабльдің жандылығы үшін күрес бойынша сайыс және үшіншісі – теңіз дағдысы және құтқару дайындығы бойынша сайыс. Халықаралық байқаудың негізгі мақсаттары әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайту, әскери қызметтің беделін арттыру, қатысушылардың кәсіби машық деңгейін арттыру, әскери қызметшілердің сайыскерлігін дамыту болып табылады.

Кабардин-Балқарда өткен «Эльбрус шығыршығы» байқауының нәтижесі де көңіл көншітеді. Сайысқа Қазақстан, Ресей, Қытай, Марокко, Өзбекстан және Иранның командалары қатысты. Жарыстың 10 күні ішінде қатысушылар биіктіктердің үлкен құламалары бар ұзындығы 105 шақырымдық бағдардан өтті, таулы өткелдерді, мұз айдындарын, өзендерді еңсерді. Сондай-ақ, еуропалық құрлықтың жоғары нүктесі – Эльбрус тауының шыңына шықты. Қазақстандықтар бұл сайыста екінші орын иегері атанды. «Тек жоғары кәсіпқойлық, рух пен ерлік күші ғана сайыс қатысушыларына бағдардың барлық қиындықтарына төтеп беруге және Эльбрус шыңында туларын желбіретуге мүмкіндік берді. «Эльбрус шығыршығы» халықаралық байқауы серіктестік қарым-қатынасты дамыту, әртүрлі елдердің қарулы күштері арасында сенім мен өзара түсіністікті нығайту үшін қарымды ынталандыру болды» АОСК-нің тау дайындығы бойынша команда жетекшісі Мақсат Жұмаев.

Қытай Халық республикасының аумағында ұйымдастырылған «Десанттық взвод» халықаралық байқауында 62 ұпай жинаған Қытайдың құрама командасы байқау жеңімпазы атанды. Екінші орынға 50 ұпай жинаған Ресейдің командасы жайғасса, 42 ұпай жинаған Қазақстанның командасы үшінші орынды ұтып алды. «Десанттық взвод» байқауы аптап ыстық пен жоғары ылғалдылықтағы күрделі климаттық жағдайларда өткенін айта кеткен жөн. Байқаудың барлық жаяу кезеңдерінде десантшыларымыз өздерінің қарсыластарынан күш-қуат тұрғысында мықтырақ және төзімдірек болды. Ал жоғары рух пен әскери серіктестік өздерінің күш-жігерлері мен жеңіске деген ұмтылыстарын дәлелдеген қазақстандық әскери қызметшілердің ерекшелігі болды. Байқау жеңімпаздары кубоктармен, медальдармен, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Адал дос» байқауында да алғашқылардың қатарындамыз Ал «Адал дос» алғашқы халықаралық кинологиялық байқауында әскерилеріміз Ресейдің командасынан ғана ұтылып, екінші орынды еншіледі. Осылайша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полиция органдарының әскери қызметшілері бұл сайыста да көшбасшылар қатарында болды. Үш кезең барысында сайыс қатысушыларына атыс шебінен, ұстауды, тексеруді, айдауылдауды, бұзушының шабуылынан қорғау мен кедергілер жолағын еңсеруге тура келді. Негізінен байқауға неміс және малинуа бельгиялық овчаркалары қатысқан. Байқаудың бас төрешісінің айтуынша, дәл осы тұқымдар патрульді-бекеттік және қорғаныс қызметінде өздерін жақсырақ көрсете біледі. Қазақстан командасының құрамында Қазақстан Қарулы Күштерінің ефрейторы Мағжан Жанабеков үздіктердің бірі атанды.
«Армия халықаралық ойындары – 2017» шеңберінде өткізілген әскери кинологтардың байқауына Ресей, Қытай, Белоруссия және Қазақстанның командалары қатысты. Байқауға қатысу үшін қазақстандық қызметтік иттерді дайындау кезінде ҚР Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасы малинуа және неміс овчаркасы тұқымдас иттерге басымдық берді. P.S. Биылғы Армия халықаралық ойындары да мәресіне жетіп жеңімпаздарын осылай анықтады. Қазақстанның әскери командасы байрақты додада қайрат пен жігердің ерен үлгісін көрсетті. Аталған сайыстағы ел қорғанысының нәтижесі жыл санап ұлғайып келе жатқанын мамандар жасыра алмайды. Яғни, жауынгерлеріміздің, сарбаздар мен сардарлардың кәсіби машығы, біліктілігі һәм білімі уақытпен бірге жаңарып, шыңдалып, биіктеу үстінде. Армия ойындары болашақта жаңа сайыс түрлерімен толыға бермек. Ол сайыстардың қай-қайсына да Қазақстан Армиясының жауынгерлері әзір. Нақты айтар болсақ, Қазақстан сарбаздары кез-келген сайыс түрінде үздіктердің қатарынан көрініп келеді. Бұл біздің отан қорғаушылардың қандай маңызды тапсырма болса да орындауға әзір екенін көрсетеді. Яғни, Қарулы Күштің мықтылығы еліміздің іргесі бүтін, хапқы аман болатындығының бір кепілі екені анық.

С. Ақынжанов

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста