Қазақ сарбаздарын қоян-қолтық айқасқа қоя бер!
Бұл күндері Қырғызстанның Балықчы қаласында ТМД елдерінің достастық армиялары арасында II-әскери спорттық ойындар басталғанын жазғанбыз. «Эдельвейс» оқу орталығында өтіп жатқан халықаралық ойындарда Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстаннан келген 300-ден аса әскери қызметкер әскери қоян-қолтық айқас, гир спорты, әскери-спорттық кешеннің көпсайысы, офицер үшсайысы, табельдік қарудан ату және командирлер жарысынан сайысқа түсіп жатыр. Сол жарыстардың алғашқы қорытындысы да шыға бастады. Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметкерлері әскери қоян-қолтық айқаста жеңімпаз атанып отыр.
65 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде сержант Әли Баттал жеңіске жетті. Ол финалда Рустам Ибрагимов есімді қырғыз спортшысын жеңіп алды. Қазақстан әскери қызметкерлерінің қоржынына тағы бір алтын медальды Тәжікстаннан келген Хусейн Муминшоевты жеңген лейтенант Вадим Федосеев салды. 80 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде тағы бір қырғыз жігітін жеңген аға лейтенант Жасұлан Мүсеркенов алтыннан алқа тақса, сержант Арман Ерменбет 85 килограмға дейінгі салмақта өзіне қарсылас жоқ екенін көрсетіп, жеңімпаз атанды.
Қазақстан әскери қызметкерлерінің қоржынында басқа құнды медальдар да баршылық. Мәселен, 60 және 85 килограмнан жоғары салмақ дәрежелері бойынша ефрейтор Ерзат Сетербаев пен аға сержант Жақсыбек Шинықұловтар қола медальдың иегері атанды.
«Біз бұл жарыстарға бірнеше ай бойы тыңғылықты дайындалдық,-дейді команда жаттықтырушысы капитан Олжас Ақбаев. – Оқу-жаттығу жұмыстары Панфилов елді мекені жанындағы ЦСКА кешенінде өтті. Әр спортшының алдына тактикалық әскери шеберлігін ұштауда, күш-қуатын шыңдауда және рухын өсіруде мол тәжірибе жинау міндеті қойылды. Сол жиын болған күннің барлығында жаттығу жұмыстары күніне үш реттен өткізіліп тұрды. Жалпы дайындық спортшыларға да, жаттықтырушыларға да оңай болған жоқ. Есесіне, әрқайсы жеңіске дайындығын өзі бағалауына мүмкіндік туды. Жеңіске жете ала ма, жоқ па? Міне, бүгінгі жеңісіміз сол әскери қызметкерлер төккен тердің заңды жемісі».
Сөйтіп, Қазақстан әскери қызметкерлерінің құрамасы жалпыкомандалық есеп бойынша сөзсіз жеңімпаз атанып, ТМД достастық армиялары арасындағы қоян-қолтық айқас бойынша кубокты жеңіп алды. Ресей Федерациясының әскери қызметкерлері екінші орын, үшінші орын Қырғыз Республикасының әскери қызметкерлеріне бұйырды.
С. Ақынжанов