Қазақ қыздарының шетел азаматтарына тұрмысқа шығуына тосқауыл қоюды заңдастыру керек деген пікірге келісесіз бе?

Қазақ қыздарының шетел азаматтарына тұрмысқа шығуына тосқауыл қоюды заңдастыру керек деген пікірге келісесіз бе?

Қазақ – ұл арқылы жер иесін, ал қыз арқылы ұлтты тәрбиелейміз деген ұғымдағы халық. Алайда ұлтқа тәрбие беретін қыздарымыздың өзі қандай күйде? «Қыздың өзі – үйде, қылығы – түзде» болып жүрген жоқ па? Бәрі болмаса да, мұндай қасіреттің шеті көрініп жүргені рас. Айталық, аралас неке деген қайдан шықты? Біле білсек, өзге ұлтқа үйленетін жігіттерден гөрі өзге нәсілдің етегінен ұстап, жетегінде кетіп жатқан қыздар әлдеқайда көпке ұқсайды. Демек, бұл – қаншама қара көздеріміз қазақтың емес, өзге елдің ұрпағын көбейтуге өз еркімен кетіп жатыр деген сөз. Бұл ненің салдары? Біз бұған тосқауыл қоя аламыз ба? Сауалды таразыға тартуды жөн көрдік.

Сейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫ, этнограф, педагог:
Иә

– Қыздарымыздың өзге ұлтқа тұр­мысқа шығуы – жай мәселе емес, ұлттық тра­гедия! Қызымыз өзгенің етегінен ұс­тау арқылы қазақтың намысын жығып бе­ріп жатыр деген сөз. Біле білсек, ұлтты сатудың бұдан асқан сорақы көрінісі болуы мүмкін емес. Сондықтан бұған қа­лайда тосқауыл қою керек. Әйтпесе ке­йінгі қазақ қыздарының көбі ұлттық рух, ұлттық намыстан ада болып барады. Мен өзім тәрбие саласында жүрген адам­мын. Жоғары оқу орнында дәріс бе­ре жүріп, қазақ қыздарының бойынан көп­теген ерсі қылықтарды байқаймын. Кім­ бай, соған қысылмай, қымтырыл­май, өзі жабысудан тайынбайтын болып ал­ды. Оған тек қыздар ғана кінәлі десем, он­да ол жөнсіздік, білімсіздік болар еді. Мә­селе – оларға қазақ мәдениетінің, қа­зақ ұлтының, қазақ ер-азаматының ар­тық­шылығын ешкім айтып тү­сін­дірмеген.
 Естеріңізде болса, бұрындары бір «Қыз сыны» байқауында бас жүлде ал­ған қазақ қызы ақырында өзге елдің аза­­матының, бө­тен нәсіл иесінің етегінен ұс­­тап кете барды емес пе? Ешкім та­ны­майтын адам емес, күл­лі қазақ бетке ұс­тап, ару атағын берген қыздың бұл қы­лы­ғын кім, қалайша ақтай алады? Мен, мы­­салы, тек өзімнің ұл-қы­зым­ның қа­зақ­қа үйленіп, қазаққа шық­қа­нын ғана емес, әр қазақтың тек қазақпен құ­да бо­лып, қа­нымызды бұзбай, намы­сы­мыз­­ды тап­­та­мағанын қалаймын. Алайда өзге емес, өз жақындарымның арасында қы­зын өз­ге нәсілге ұзатқаны бар екендігі есі­ме түс­кенде, жаным сондай бір күй­зе­­­ліс­ке тү­седі. Кішкентайынан орыс мек­те­­бінде оқы­ған қыз біздер, яғни сырт адам түгіл, өз ата-анасының қарсы­лы­ғы­на құ­лақ ас­қан да жоқ. Меніңше, бұ­­ған бір жа­ғы мек­тептер, білім ор­да­лары да кінәлі се­кіл­ді. Бір грузин ака­демигі «біз­де гру­зин тілінде білім бе­ретін оқу ор­ны бол­ға­нымен, грузин ру­­­хындағы білім ор­да­сы жоқ» деген. Біз­­­дің басымызға да тура сон­­дай жағ­дай тө­ніп тұр. Қа­зақы рух, қазақы тәр­бие беріп жатқан бірде-бір мектеп не жо­­ғары оқу орны жоқ. «Өзін-өзі та­ну» де­­ген секілді қай­дағы жоқ пән­дер­ді ен­­­гізгенше, қазақ ұл­тының ерек­ше­лігі, қан тазалығы се­кіл­ді ұлттық құн­­ды­­лық­­тар­ды оқытатын пәнді неге ен­гіз­бес­ке? Содан соң бала бетімен кет­пей қай­теді? Бая­ғыда ана тәр­биесі, жең­ге тәр­биесі деген болған, олар қы­зы­­на «шы­рағым, өз туысыңа, бас­қа ұлт­­­қа тұр­мысқа шы­ғуға бол­майды» деп үй­реткен. Қазір соның бі­рі де жоқ. Сейіт ақ­сақал осылай айтты деп ешкім ашу­лан­басын, өйткені, мейлі, кім болса да, қа­зақ қы­зы­­ның өзге ұлтқа тұр­мысқа шы­ғуы менің на­мы­сы­ма тие­ді. Қазақта «Аюға намаз үй­­­рет­кен – таяқ» деген бар. Бұл ретте қыз­­­да­­ры­мыз­­ды соқ­қы­ның астына алу ке­­рек де­мей­­мін, әу бас­тан әр үйде ба­ла, әсі­­­ресе, қыз ба­ланың тәрбиесіне қа­таң қа­­­­рау керек. «Қызға қырық үй­ден ты­­йым» де­генді де айтқан қазақпыз. Сон­­­­дықтан етек-жеңді жия­тын кез келді.

Салтанат АЙБЕРГЕНОВА, «Бақыт» салтанат сарайының ұлттық рәсімдер жүргізушісі:
Жоқ

– Өмірдің салты ма, бүгінде аралас не­келердің көбейіп кеткені рас. Біздің «Бақыт» салтанат неке сарайына кел­ген осындай аралас неке иелерінің ара­сында тіпті эфиопқа тұрмысқа шығып жатқандар да бар. Заң жүзінде бұған тыйым жоқ бол­ғандықтан, біз кім үйленсе де, олар­дың қалауына сай салтанатты жиын өт­кізуге тиіспіз. Осы ретте көбіне «жиын­ды қай тілде өткіземіз?» деген сұрақ туа­ды. Мұндай некедегілер көбіне орысша бо­л­­ғанын қалайды, алайда біз келген қо­нақтар арасында қазақтар болатынын біл­сек, екі тілде жүргізетінімізді айтамыз. Заң қызметкері ретінде сөйлей ал­май­мын, алайда әлеуметтік жағынан ал­ған­да, кейде қазақтың қыздары өзі­міз­дің жі­гіттердің тырнағына да та­ты­май­тын ше­телдік азаматқа тұр­мысқа шығып жат­­қа­нын көріп, ішің удай ашиды. Бі­рақ бұл біз­дің қазіргі жіптіктей есіп тұр­ған де­мо­гра­фияның салдары ма деп ой­­лаймын.
 Өйткені қазір статистика бір ер-аза­мат­қа тоғыз қыздан келетінін көрсетеді дей­ді. Бұл – сұмдық мәселе, себебі бір жі­гіт­­ке үш әйел болғанның өзі демография­ның бұ­зылғандығынан хабар береді. Осы­ның салдарынан тұрмысқа шықпаған қыз­дар көбейеді, олардың да отбасын құрып, сә­би сүйгісі келеді. Ал статистика әлгіндей, не істейді? Шетелде үйлену қиындау, сол жа­ғынан оларға біздегі ахуал тиімді, со­­лай­ша біздің қыздар шетелдік азаматтың ете­­гінен ұстап кетіп жатқан сияқты. Елін-же­­рін тастап кету кімге де болса қиын шы­ғар. Бұрын біз біреулер солай үйленіп жат­са, оны ішкі есептен, байлыққа қы­зы­ғу­шы­лық­тан туған іс деп ойлайтынбыз. Бірақ қа­­зір қарап тұрсақ, оның астарында қан­ша­­ма маңызды мәселелер жатқанын кө­ру­ге болады. Біріншіден, демографиялық ах­уал болса, екіншіден, әлеуметтік күнкөріс те қысып барады. Әсіресе жалғызбасты әйел адамға қиын, ол тіпті өзінің жалақы­сын пәтерақысына да жеткізе алмауы мүм­кін. Бір өзі демесең, ол да бір отба­сының жүгін арқалап, бір үйді ұстауға тиіс. Сон­дық­тан қай жағына жеткізерін білмей, әб­ден шаршаған қыз балалардың бір ер адам­­ға арқа сүйегісі келеді. Сөйтеді де әйел­­дер «мұндай ит тіршілігі құрысын» деп өзге нәсіл иесі болса да, етегінен ұстауға мәж­­бүр. Бір ашуың келетіні – кейде ба­ла­лар­ға «Отанды сүй, патриот бол» дейміз, ал өз Отанында тамаққа не киер киімге жа­­ры­май отырған бала оны қалай сүйсін? Сон­­дай байлықтың үстінде отырып, кедей өмір сүруіміз ешқандай шеңберге сый­май­ды. Бір қызығы, ер-азаматтардың ішін­де ілу­де біреуі ғана шетелдің қызын алып жа­тады. Таяуда қазақтың бір жігіті эфиоп қы­зына үйленді, ал әйелінің түріне қара­саңыз, қойшының қара қызы әлгіден он есе әдемі десем, өтірік емес. Жігіт – үріп ауызға салғандай, қазақтың сондай бір кө­рікті жігіті. Мұнда басқа қызығу­шы­лық болуы мүмкін, мәселен, эфиоп қызы бір банкирдің қызы ма екен?.. Біз осы орай­да ең басты бір нәрсені ұмытып бара жа­­тырмыз: екі адамның арасында шы­на­йы ма­хаббат болса, әрине, ес тоқтатқан жас­­та, онда оған ештеңе де шектеу қоя ал­­май­ды. Ұлты, нәсілі, түрі, жасына да қа­ра­май. Тіпті бүкіл халық жақтырмайтын адам­­ның өзін бір адам жақсы көруі мүм­кін. Біз оған заңдық тұрғыдан да, ешқан­дай жа­ғынан да шектеу қоя алмаймыз.

Түйін
«Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» деп қазақ қатты күйінгенде ғана амалсыз айтуға мәжбүр. Біз де сол секілді қыздарымыздың мұндай қылығын талқылайын десек, таяқтың екінші ұшы өзімізге тиеді, ал талқыламайын десек... Ұлттық намыстың жоқтығынан да болып жатқан мәселе, алайда екінші жағынан, демографиялық проблемалар, жалғыздық секілді факторлар ұлттық рухты ойлауға мұрша келтірмейтін де тұсы бар. Ендеше, бізге бұдан әрі көзді жұмып, көрмегенсіп отыра бермей, қыздарымыздың қылығын бақылайтын кез жеткен секілді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста