Қазақ киносына шетелден актер шақыру керек пе?

Қазақ киносына шетелден актер шақыру керек пе?

Қазiргi таңда қазақ киносы төңiрегiнде пiкiрталас тудыратын мәселелер өте көп. Солардың бiрi — ұлттық киномызға шетелден актер шақыру мәселесi. Бұл үрдiстi бiреулер қолдаса, бiреулер сынап жатады. Кино — ұлттың болмысын, рухани байлығын, тұрмыс-тiршiлiгiн шынайы сипаттап, әлемге паш ететiн қоғамдық маңызы бар сала десек, осы шетелден актер шақыру қаншалықты дұрыс? Соңғы кезде аталған мәселе аясында әртүрлi әңгiмелер айтылуда. Бiз болсақ, мәселенiң мәнiн бiлетiндерден сұрауды жөн көрдiк.

Талғат ТЕМЕНОВ, режиссер:
– Шетелден актер шақыру тек бүгiнгi күнi ғана сәнге айналған жоқ, бұл үрдiс бұрын да болған, қазiр де бар. Кезiнде Шәкеңнiң өзi (Шәкен Айманов) қазақ киноларында шетелдiң актерлерiн ойнатқан. Сондай-ақ «Ботагөз», «Девушка-джигит», «Амангелдi», «Артымызда Москва», «Әлия» секiлдi фильмдерде басқа ұлт өкiлдерi түскен. Осы киноларға басқа ұлт өкiлдерi түскенiмен, жаман болған жоқ. Кешегi ұлттың бiртуар азаматтарының бiрi Мұстафа Шоқай туралы фильмде де басты рөлдi қырғыз актерi сомдады. Менiңше, егер режиссердiң ұлты, менталитетi қазақ болса, рухы биiк әрi бiлiктi маман болса, қай елдiң актерiн ойнатса да фильмнiң сәттi шығатыны хақ.
Өйткенi актер деген мамандықтың өзi ұлт таңдамайды. Егер есiмiн әлем танитын, шын мәнiндегi шебер актер болса, неге шақырмасқа? Ең бастысы, режиссер өз ұлтының жанашыры, халқын сүйетiн азамат болуы керек. Сонда ғана оның киносында қазақтың ұлттық болмысы, бейнесi, жан дүниесi түгелдей ашылады.
Әр режиссердiң өзiндiк арманы, шығармашылық қиялы, алға қойған мақсаттары болады. Мысалы, менiң арманым – Анжелина Джолидi өз фильмiме басты рөлде ойнауға шақыру. Өйткенi қазiргi кезде Анжелина Джоли – әлемдегi ең танымал, ең сүйiктi, ең сұлу актрисалардың бiрi. Басты рөлде А.Джоли ойнаған фильмдер әлем назарына iлiккен және кино нарығында қатты қызығушылыққа ие. Мен «Көшпендiлерден» кейiн «Томирис» фильмiнiң сценарийiн жаздым және ол сценарийдi Анжелина Джолиге арнадым. Сонау сақ дәуiрiндегi тарихымыз, қазақтың ару қыздарының ерлiгi мен өрлiгi, Томиристiң Кирдiң басын шабуы секiлдi сол кездегi жанкештi оқиғалар аталған фильм сценарийiне арқау болды. Егер ғайыптан тайып осы фильмге қаржы бөлiнiп, Алла сәтiн салып жатса, шын мәнiнде Анжелина Джоли басты рөлдi сомдаса деген – менiң арманым, ойым, пiкiрiм бар. Арманым ақиқатқа айналып жатса, онда бiздiң сақ дәуiрiндегi мәдениетiмiздi, өркениетiмiздi, әдебиетiмiздi, ұлттық мiнезiмiздi, жалпы қазақ бейнесiн дүниежүзiне танытуға үлкен мүмкiндiк болар едi.
Тағы бiр айта кетерлiк жайт, мен өткен жылы ресейлiк режиссер түсiрген «Гүл бағбаны» фильмiнде «наркобаронның» рөлiн ойнауға шақырылдым. Басты рөлдi Асанәлi Әшiмов сомдады. Бiз осы фильмнiң негiзгi идеясына, ойдағыдай шығуына жұмыс iстедiк. Сондай-ақ егер менi режиссер ретiнде шетелге жұмыс iстеуге шақырса да, ойланбастан барар едiм. Өйткенi мен қай елде, қай жерде жүрсем де, қазақ киносын, ұлттық киномызды өркендетуге, әлемге танылуына қызмет ететiнiмдi бiлемiн.
Шетелден актер шақыртуға қарсы емеспiн. Бiрақ бұл өз актерлерiмiздiң шеберлiгiне күмән келтiргеннен емес. Негiзгi мақсат – әлемдiк киноиндустрияда дүниежүзiмен байланыста болу, тәжiрибе алмасу, қазақты таныту.

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:
– Өз басым қазақ киноларына түсуге шетелден актер шақыру дегенге үзiлдi-кесiлдi қарсымын. Осы мәселенi мен «Қазақфильм» киностудиясында таяуда өткен көркемдiк кеңестiң отырысында көтердiм. «Қазақфильм» басшылығының ауысуымен жақында ғана ондағы көркемдiк кеңестiң мүшелерi қайта сайланды. Солардың құрамында мен де бармын. Көркемдiк кеңестiң алғашқы отырысына барлық кинорежиссерлер, киносыншылар, басқа да мамандар қатысты. Қазақтың белгiлi тұлғалары Мұстафа Шоқайдың, Бауыржан Момышұлының, Мәншүк Мәметованың рөлдерiн қырғыздың актерлерi ойнаған. Ал «Көшпендiлер» туралы тiптi сөз жоқ.
Досхан Жолжақсынов секiлдi бiрен-саран актер болмаса, бастан-аяқ шетелдiң, Голливудтың актерлерi ойнады. Бiздiң Абылай ханымыздың, Кенесарымыздың шетелдiк көрерменге қажетi жоқ. Голливудтың актерлерi арқылы танытамыз деп едiк, одан да түк шықпады. Кино түсiруге кеткен 40 миллион доллар ақталмады. Мен бұл туралы өз кезiнде қазақ тiлiнде де, орыс тiлiнде де айттым да, жаздым да. Мысалы, менiңше, қырғыздың актерi ойнаған Мұстафа Шоқайдың рөлi сәттi шықты деуге келмейдi. Мұны мен сол киноның режиссерi Сатыбалды Нарымбетовтың өзiне де айттым. Бәрiмiз асыға күткен, түсiрiлуiне үш-төрт жыл уақыт кеткен Мұстафа Шоқай туралы фильмдегi басты рөлдi сомдаушы Бейшенәлиев өзiне берiлген рөлдi үдесiнен шыға орындай алмады. Өйткенi ол сентиментальды, жасықтау, көзiнде жанып тұрған оты, жiгерi жоқ. Мұндай адам ұлттың көсемi бола алмайды.
Ал «Көшпендiлерге» келетiн болсақ, фильм түсiрiлiп бiткенен кейiн кинода ойнаған шетелдiк актерлердiң бiрi басылымдарға берген сұхбатында: «Бiз өзiмiзге ұсынылған рөлдi шығара алдық па, алмадық па, бiлмеймiн. Өйткенi бiздiң алдымызда бiр ғана мақсат тұрды. Қазақ деген ел болған екен. Ол елдiң атақты ханы болыпты. Осыны блокбастер ретiнде ойнау керек болды. Ал шындығына келгенде, бiз қазақ елiнiң тарихын да, менталитетiн де, мәдениетiн де бiлмеймiз. Бiз тек алдағы мiндетiмiздi орындауға тырыстық», – деген болатын. Мiне, оның осы сөзiнен-ақ шетелдiк актер қазақ бейнесiн сомдай алмайтынына көз жеткiзуге болады.
Мен көркемдiк кеңесте әр ұлттың белгiлi тұлғаларын сол ұлттың өз өкiлдерi ойнау керек деген пiкiрiмдi айтқанда, қарсы шыққандар да болды. Олар «Махатма Гандидiң рөлiн ағылшын актерi ойнады ғой» дегендi уәж етедi.
Абай, Кенесары, С.Сейфуллин секiлдi ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бейнесiн мiндеттi түрде қазақ актерi сомдау керек. Себебi қандай шебер актер болғанымен, ешкiм қазақтың жанын қазақтай түсiне алмайды. Сондай-ақ айта кетерлiк бiр жайт, бiздiң актерлерiмiздi ешқандай мемлекет басты рөлге түсуге шақырмайды. Шақырса, тек бақсының, жауынгердiң т.б эпизодтардағы рөлдерге ғана шақырады.

БЕЙТАРАП ПIКIР
Бауыржан НӨГЕРБЕК, киносыншы:
– Басқа мемлекеттен арнайы актер шақыру әр режиссердiң өз еркiнде. Ең бастысы, шетелден актер шақырып түсiрiлген фильмдер халықтың көңiлiнен шығып, оны түсiруге кеткен шығынды ақтауы керек. Кезiнде Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев секiлдi бiздiң атақты актерлерiмiз қырғыз, өзбек фильмдерiнде ойнаған.
Дегенмен менiң жеке пiкiрiм, төл киномызға өз актерлерiмiз түсуi керек. Сырттан тек актер ғана емес, сценаристердi, оператор, режиссерлердi де шақыртып жатамыз. Әбден Ресейдiң үстiмiзден қарап, фильмдерiмiздiң сценарийлерiн бiр арнаға түсiрiп беретiнiне үйренiп қалғанбыз. Ендi серпiлетiн уақыт келдi.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста