Патриоттық тақырыптағы көркемдігі сын көтермейтін әндердің шығуына тосқауыл қою керек пе?
«Туған жерім менің, Думан-дала елім, Қандай шырын сезім!» Соңғы кездері телеарналардан жиі естілетін ән жолдарының бірі – осы. Былай қарағанда, бәрі тамаша сияқты. Бірақ бұл әннің сөзі де, әуені де, орындалуы да көтерген тақырыбына лайық деу қиын. Тәуелсіздік, Отан, қасиетті туған жерді жырла дегенде, осындай жаттанды сөздермен, жеңіл-желпі ырғақпен ән шығару керек пе?! Бұл әнге шүйлігіп тұрған ештеңеміз жоқ. Құдайға шүкір, бізде отаншылдық тақырыбындағы тамаша туындыларымыз жетерлік. Дегенмен көркемдігі сын көтермейтін әндердің де солармен жағаласып жүргені шындық. Ол дүниелердің өміршеңдігін уақыт шешіп береді десек те, Тәуелсіздік, атамекен, Қазақстанның жаңа кезеңдегі тарихи жетістіктері тақырыбын паш ететін көркем шығармалар мазмұндық-сапалық жағынан да атына заты сай болуы тиіс тәрізді және аты отаншылдық болғанымен, заты ортанқол туындылардың болғанынан болмағаны артық сияқты. Музыка саласы мамандары не дейді?
Артық Тоқсанбаев, Қазақстан Композиторлар одағының әкімшілік жетекшісі:
Иә
– Бұрын патриоттық әндерді тек кәсіби мамандар ғана жазатын. Ал қазір ондай әндерді кез келген адам шығара беретін болды. Ақшасын төлесең болды, патриоттық әнді шығарып бере cалатындар көп. Әрине, егер оның сапасы жақсы болса тыңдауға болады, ал егер сапасы сын көтермейтін болса, біздің сорымызға айналады. Сондай-ақ бір ғана композитордың әндерін қайта-қайта насихаттай бергеніміз де дұрыс емес. Мәселен, патриоттық әндер Қ.Шілдебаевтың «Отан -Ана» деген әні сияқты болса жетіп жатыр. Мұның өзі үлкен патриоттық сезімді оятатын ән дер едім. Ән қалай болса, солай жазыла бермеуі керек. Әнге де қойылатын талаптар бар. Өлеңнің мазмұны, әннің ырғағы тыңдарманның көңілінен шығатындай, нағыз патриоттық сезімді оятатындай болуы керек.
Қазір көркемдік сапасы сын көтермейтін әндер жетерлік. Тіпті сапасы 99 пайызға нашар әндер бар. Бұрын радио, телеарналарда көркемдік кеңес деген болатын. Эфирге шығатын барлық ән осы кеңестің сұрыптауынан өтетін. Өкінішке қарай, қазір ондай кеңестер жоқ. Бүгінгі радио, телеарналарда формат деген болады. Барлық ән осы форматқа байланысты беріліп отырады. Ал тыңдарман талғамы көп жағдайда ескерілмей жатады. Сол себепті патриоттық тақырыптағы әндердің де сапасына көңіл бөлінбейтін болды. Бүгінде көптеген елде фонограммаға да шектеу қойылған. Әзірбайжан, Молдова, АҚШ-та, Еуропа елдерінде ешкім сахнада фонограммамен ән айтпайды. Ал біз әлі күнге дейін фонограммамен қосақталып жүрміз. Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева сынды әншілер бұрын жанды дауыспен-ақ жұртты дүрілдетіп, тыңдармандарын баурап жүрді ғой. Шынын айту керек, бүгінде Қазақстанда жұлдыз болу оңай болып кетті. Қалтасы қампиғандардың ұл-қыздары, жақындары ақшаға клип түсіріп алады да, бір күнде-ақ жұлдыз болып шығады. Сондықтан да мен фонограммаға да шектеу қою керек деп есептеймін. Сонда көркемдігі сын көтермейтін әндер өзінен-өзі шетке шығып отырады. Менің екінші ұсынысым, бәлкім, оларда көркемдік кеңестерді қайта құру керек шығар. Әйтпесе қазір қоқыстың барлығы эфирден түспейтін болды.
Құдайберген Бекіш, әнші, ҚР мәдениет қайраткері:
Жоқ
– Егер Қазақстанда кішкене ғана патриоттық ұшқыны бар әндер болатын болса, мен қос қолыммен қолдаймын. Батыстың даңғаза жүз әнін тыңдағаннан гөрі, сапасы төмен болса да отаншылдық тақырыбындағы бір қазақ әнін тыңдағаным артық. Қазір елімізде патриоттық сарындағы әндердің қатары көбейіп келеді. Оның ішінде сапалысы да, сапасы төмені де бар. Бірақ сапасы төмендеу екен деп мен оларды қатардан шығарып тастай алмас едім. Неге? Себебі жаңадан қаз-қаз тұрып келе жатқан еліміз үшін мұндай кез келген ән артықтық етпейді. Біреуі болмаса да біреуі жас ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосары айдан анық. Сондықтан да, өз басым «көркемдігі сын көтермейді екен» деп әндерді де, олардың орындаушыларын да немесе сол өлеңді шығарған ақынды қоғамнан ысырып тастауға қарсымын.
Біз осы жаңадан көрініп, енді ғана таланты ашылып келе жатқан адамдардың аяғынан шалып, құлатуға құмармыз. «Бұл өспей-ақ қойсын, бұл әнші немесе ән нашар екен» деп сын тағуға құмармыз. Ал оларды көтеріп, қолдауға келгенде салғырттық танытамыз. Мұрнымызды шүйіріп, теріс айналып кетуге дайын тұрамыз. Қазіргі жастардың талғамы бөлек. Расын айтқанда, олар жаңаша әндерге құмар. Ал жаңа әндерге жаңа дыбыстар да қосылады. Мұны мен не үшін айтып отырмын? Кейбір азаматтар патриоттық әндер дегенді домбыраны қолына алып, шырқай жөнелетін ән деп түсінеді. Бұл дұрыс емес. Жаңа әндердің ішінде де неше түрлі патриоттық әндер бар. Егер осындай әндер «Қазақ елім, Қазақстаным» деп тұрса, оны неге қолдамасқа?! Жалпы, «патриот» деген сөз кез келген жерде айтыла бермейді. Мұндай сөз көбіне әндер арқылы адамдарға жетеді. Ән арқылы адамның жан дүниесіне, ішкі әлеміне қонады. Сөйтіп, адам бірте-бірте патриотқа айналады. Жаңа «патриотизм» деген сөзді кез келген жерде айта беруге болмайды дедім. Неге? Өйткені қоғамда жалған патриоттар да болады. Құр айқаймен адамдарды патриоттыққа шақырған болады. Ал шын мәнінде құр айқайлаған адам қоғам емес, өз пайдасы үшін жұмыс істейді. Менің ойымша, патриотизмді мектеп жасынан бастап балаларға үйрету керек. Кішкентай кезінен патриот болып өскен бала үлкейгенде де ел үшін қызмет ететін болады. Бүлдіршіндерге мектепте ұлттық, патриоттық әндерді тыңдату керек сол үшін. Мәселен, мұндай тәсілді Қытай елінде қолданады. Ондағы балалар кішкене күнінен патриоттық әндерді тыңдап өсіп, отаншыл рухта тәрбиеленеді. Ал бұл үшін біздің сапасы сын көтермейді екен деп, патриоттық әндерді қысқарта беруімізге болмайды. Қазір мен «Қазақстан – республикам менің» деген ән жазып жатырмын. Мұндай ән менің қоржынымда болуы керек деп ойлаймын. Бұл әннің стилі бөлек. Ол ыңырсып айтылатын ән емес. Әрине, жарыққа шыққаннан кейін әніме сын айтушылар көп болатынын білемін. Біреу сынар, біреу мінер, енді біреу мақтайтын шығар, бәрібір, ол қазақтың патриоттық әні болып қала береді. Мен өзімді патриот сезінемін. Жалпы, біз бұрыннан патриотпыз. Елімізді сатып кеткен жоқпыз, әнімізді басқа тілге ауыстырып алған жоқпыз. Абайдың заманынан келе жатқан «әннің де естісі бар, есері бар» деген сөз бар. Сондықтан бұл мәселені бір күнде шешу мүмкін емес. Сол деңгейге жетіп алайық, сосын, бәлкім, мәселені түптамырымен шешерміз деп ойлаймын.
Бейтарап пікір
Ақжол Мейірбеков, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Өлеңді ақын жазады. Өлеңнің сапасы ақынның жазу деңгейіне байланысты. Егер ақын жақсы өлең жазып, композитор жақсы ән шығарса, тәп-тәуір дүниеге айналады. Қазір жастар неше түрлі әндер жазып жатыр. Олардың барлығын мен құптаймын. Егер біз олардың меселін қайтара беретін болсақ, әнді кім жазады? Керісінше, жастарды қолдауымыз керек, қажет кезде қол ұшымызды беруіміз керек. Егер әндеріміз жақсы болсын десек, бір-бірімізді тұқырта бермей, керісінше, көмектескеніміз абзал. Өз басым кез келген әнді орындай бермеймін. Өзімнің елге танымал әндерім бар. Ескендір ағамыздың да елге танымал әндері көп. Оның «Атамекен» әні кез келген кештің нүктесін қоятынын өздеріңіз білесіздер. Әрине, осындай әндер туа берсе, ұлт үшін үлкен ұпай болар еді.