Қазір «Жастар саясаты туралы» жаңа заң жобасы дайындалуда. Оған түрлі жаңа ұсыныстар енгізіліп жатыр. Соның бірі өз мамандығынан ауытқыған жастарды жас мамандарға берілетін жеңілдіктерден айыруды қарастырады. Жуырда ҚР БҒМ жастар саясаты департаментінің директоры Мадияр Қожахмет «БҒМ ұсынысы бойынша, жас маман мәртебесін анықтау үшін біз жоғары оқу орнын бітірген, бірақ өз мамандығына жақын сала бойынша жұмыс істемейтін адам жас маман болып есептеле алмайды деген ұсыныс енгізгіміз келеді» – дегенді жеткізді. Оның айтуынша, бұл бастама жастарды «қажет мамандықты таңдап, сол бойынша жұмысқа орналасуға ынталандыратын болады. Алайда сарапшылардың барлығы мұнымен келісе бермейді.
Динара ҚОЙШЫҒҰЛОВА, филолог:
иә
– Қазір Қазақстанда 630 мыңға жуық студент бар. Соның басым көпшілігі жоғары оқу орындарда оқып жатыр. Сол студенттердің 130 мыңнан астамы мемлекеттік грант бойынша білім алады, яғни 20 пайыздан жоғары. Енді сол мемлекеттік бюджеттен құйылған қаржы мен жекелеген азаматтардың қалтасынан төленген шығындардың көлемін есептеудің өзі мүмкін емес. Енді осынша ауқымды шығын өзін-өзі ақтап жатыр ма деген сауал қояйық? Әрине, жоқ. Білесіздер ме, оқу орнын бітірген жастардың 50 пайызы әу дегенде өз мамандығынан тыс салаға кетіп қалады. Тағы он жылдан кейін тағы 30 пайызы басқа салаға маманданып кетеді.
Сонда түлектердің 80 пайызға жуығы алған білімін ысырып қойып басқа мамандықтың соңында жүр. Меніңше, мемлекет бұл мәселені қолға алу керек. Біріншіден, оқу бітірген түлектерді өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге ынталандыру керек. Ол үшін түрлі механизмдерді пайдалануға болады. Соның бірі, өз мамандығынан алыстап кеткен жастарды «жас маман» статусы тізіміне қоспау.
Шындап келгенде, мемлекет өзіне қажетті мамандықтарды ғана оқыту керек. Мемлекетке қай салада, нақты қанша кадр қажет екенін де дәл есептеу керек. Әйтпесе біз алдымен студенттердің қалаған мамандығын оқуына мүмкіндік береміз, артынан оның жұмыс таба алмайтыны көзге көрініп тұрған қарапайым құбылыс қой. Яғни мемлекет соны көре тұра шара қолданбайды. Алдағы уақытта оқу орындарындағы Қазақстанға қажеті жоқ немесе қажеттілігі төмен мамандықтарға белгілі бір деңгейде шектеу қою керек. Мысалы, қазір жастар заңгер, химия, журналистика мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады да, кірпіш көтеріп құрылыс саласында жүреді. Неге бірден құрылысқа бейімдемедік?
Мемлекет кез келген салаға барғысы келгендерге қамқорлық жасамақ болса, бұл логикалық тұрғыдан дұрыс емес. Барлық саламыз сауатсыз мамандарға толып кетеді. Ал егер маман өз саласы бойынша жұмыс жасап жатса, оған керісінше көмекті аямау керек.
Нұрлан ӨТЕШОВ, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы:
жоқ
– Өз саласы бойынша жұмыс істемейтін жастарды «жас маман» статусы тізіміне қоспау керек деген пікірмен еш келісе алмаймын. Мұндай жаңалық енгізілген жағдайда Қазақстан жастарының басым көпшілігі мемлекеттің қамқорлығынан айырылып қалады. Себебі дәл қазір жас маман ретінде еліміздің аймақтарына, ауылдарына аттанып жатқан жастардың басым көпшілігі өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқан жоқ. Шалғай аймақтарда, ауылдарда кез келген мамандыққа сұраныс бола бермейді. Ауылға барғысы келетін жас қай мамандыққа сұраныс болса, сол саланы игеріп кетуге тура келеді. Ауылды былай қойғанда, қаланың өзінде бос жұмыс орындары жас маманның диплом тақырыбымен сай келе бермейді ғой.
Өзіне жақын салаға қарай икемделеді. Сондықтан, меніңше, бұлай бөлуге болмайды. Егер мұндай бастама жастар саясаты жөніндегі заңға енгізілетін болса жастарға жасалған жеңілдіктің ешкімге қажеті болмай қалады. Жалпы, өзім депутаттар жазғы демалысқа кетпей тұрып аталған заң жобасының таныстырылымы болғанын естіген жоқпын. Дегенмен күзде бұл тақырып қайта көтерілетіні анық. Сол кезде біз де бұл мәселені көтеруге, оның енгізіліп кетуіне жол бермеуге тырысамыз. Меніңше, мұны Білім және ғылым министрлігінің өзі де толық қолдап отырған жоқ. Жастар саясаты жөніндегі департаменттің бірді-екілі мамандарының жеке көзқарасы болуы керек. Себебі оны енгізетін болсақ, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының түкке қажеті жоқ болып қалады. Ал бұл жоба Жастарға қатысты ірі жобалардың бірі болып саналады. Қарап отырсақ, үш жыл ішінде 19 мыңға жуық жас маман ауылдарға орналастырылды. Ал егер оларды мамандыққа сай немесе сай емес деп бөлетін болсақ, сол 19 мыңның жартысы да, жартысының жартысы да іліге алмай қалуы мүмкін еді.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының еліміз үшін маңыздылығы қандай екенін айтып жату артық болар. Ауылдарда әртүрлі кадрларға сұраныс болады. Мысалы, біз жуырда бір облыс көлемінде қай мамандыққа сұраныс бар екенін толық зерттеп шықтық. Негізінен, мұғалімдік, дәрігерлік сала басымдықты құрайды.
Бейтарап пікір
Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, «EDTECH» халықаралық білім беру орталығының бас директоры:
– Кез келген өркениетті ел ең алдымен өзінің жастарына көңіл бөледі. Министрліктің бұл ұсынысы жетілдірілмеген, шала бастама дер едім. Жалпы, әр маманның өз саласында жүргені жақсы. Бірақ оны мұндай механизм арқылы міндеттей алмаймыз. Екінші жағынан, жастардың дұрыс мамандық таңдамауына Білім және ғылым министрлігінің өзі жол беріп отыр. Себебі оларда кәсіби біліктілікті, қажеттілікті анықтауға байланысты жұмыс жасалып жатқан жоқ. Сондықтан бұл ұсынысты дұрыс дей алмаймын. Әрине, әр маманның өз саласында жүргені жақсы. Ол мемлекетке де, маманның өзіне де тиімді. Алайда мұны басқаша жүзеге асыру қажет.