Оқушылардың тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектеп пен ата-ана арасында арнайы келісімшарт болуы керек пе?
Шыны керек, қазір ата-аналардың көбі бала тәрбиесін мектеп мұғалімдеріне ысырып қойған тәрізді. Балалар арасында түрлі келеңсіздіктер орын алып жатса, дереу мектеп пен ұстазды кінәлап жататындар бар. Тіпті ең ақыры бала үйінде өзіне-өзі қол жұмсаса немесе жолда келе жатып көлік оқиғасына ұрынса да, мұғалімдерді кінәлаймыз. Өйткені «ұстаз неге баланың жан дүниесіне үңілмеді, суицид жасаудың дұрыс емес екендігін неге айтпады, жол ережесін неге үйретпеді» деп сынаймыз. Бұл қаншалықты дұрыс? Оған тек мұғалім ғана емес, ата-ана да жауапты болуы тиіс емес пе?! Сондықтан кейбір ұстаздар қауымы осындай келеңсіздіктер туындамас үшін ата-ана мен мектеп арасында арнайы келісімшарт болуы керек дегенді алға тартуда. Шынында да, осылай ету керек пе? Бұл ретте мамандар пікірі төмендегідей өрбіді.
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, педагогика ғылымының докторы, профессор:
иә
– Қазір ата-аналар бала тәрбиесін мектеп мұғалімдеріне артып тастаған. Себебі олардың баланы тәрбиелеп, бақылап, қадағалап отыратын уақыты жоқ. Таңертеңнен кешке дейін жұмыста болады. Бірақ ертең оқушы мектепте төбелесіп қалса, жанжалдасып қалса, жағасын жыртып келсе немесе сабақтан екілік алатын болса, ата-ана дереу мектепке келіп, дау шығарып жатады. Бұған тек мұғалімдерді ғана кінәлайды. Егер оқушы нашар оқыса, оған неге тек мұғалім жауапты болуы тиіс? Сонда ата-ананың жауапкершілігі қайда? Мәселен, бала өз үйінде сабаққа дайындала ма, жоқ па – оны мұғалім қайдан біледі?!
Оны ата-анасы қадағалауы тиіс емес пе? Оған не үшін ұстаз жауап беруі керек? Тіпті кейбір ата-аналар қазақшылыққа салынып, қыдырып келемін деп, баласын үш-төрт күнге алып кете салады. Осы аралықта бала мектеп бағдарламасынан қалып қойып, кейін басқа оқушыларға ілесе алмай жатады. Мұндай кезде баланы себепсіз сабақтан қалдырғаны үшін неге ата-ана жауап бермеуі керек? Сондықтан барлық кінаратты мұғалімдерге арта бермей, ұстаз қай жерде, ал ата-ана қай жерде балаға жауапты екендігін нақтылап алуымыз керек. Сонда ертең келеңсіздік орын алса, ата-ана мен мектеп арасында дау-жалжал туындамас еді. Егер біз мұндай келісімшарт жасамасақ, онда ата-ана мен мұғалімдер арасында түрлі түсінбестіктер орын ала беретін болады. Сондықтан мұны келісімшарт арқылы нақты реттеп, әрқайсысының міндетін, құқығын айқындап алуымыз тиіс. Мысалы, бала үйіне мектептен ауырып келсе, ата-ана дереу «мұғалімдер қадағаламаған, мектеп мейірбикелері не қарап отыр?» деп сын тағып жатады. Ал мейірбике болса, «жоқ, ол мектепте емес, өз үйінен ауырып келді» деп басқаша айтады. Сосын тағы да дау туындайды. Осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін келісімшартты нақтылап алуымыз керек. Тіпті кейде осындай даулардың ақыры сотқа дейін барып жатады. Егер әлгіндей келісімшарт болатын болса, онда наразылық туындамайтын болады.
Қазір ата-аналардың көбі жиналысқа келмейді. Баласының мектептегі жағдайымен қызықпайды. Сөйтіп отырып мұғалімді кінәлайды.
Бала тәрбиесі біржақты болса, нәтиже күткендегідей болмайды. Сондықтан ата-аналардан өз міндеттеріне өте жауапкершілікпен қарап, ұрпақ тәрбиесін тек мектепке ысырып қоймағандарын қалар едім. Бұл үшін ата-ана мектеп ұжымымен тығыз байланыста болып, өз баласының әрекетін бақылауда ұстауы қажет. Балаға отбасында қалыпты жағдайдың сақталуын, оқуына қажетті материалды қамтамасыз етуін, мектеп жарғысын орындау, баланың уақытында тұрып, кешікпей сабаққа келуін қадағалауы тиіс.
Мектеп пен ата-ана ынтымақтаса жұмыс жүргізсе, балаға тиісті көңіл бөлініп, олармен санаса білсе, келешектің шын жанашыры, елдің арқасүйер азаматтары тәрбиеленіп шығары сөзсіз.
Мұрат ӘБЕНОВ, Мәжіліс депутаты:
жоқ
– Баланың тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы келісімшарт жасап, құжат толтырудың қажеті жоқ деп есептеймін. Бұл жерде тек әркім өз міндетін тиянақты атқаруы тиіс. Ата-ана баланы дүниеге алып келгеннен кейін оның дені сау, тәртіпті болуына, мектепке барып, білім алуына жауапты болуы қажет. Ал мектеп мұғалімдері баланың өз деңгейінде білім алуын қамтамасыз етуі тиіс. Егер біз мектеп пен ата-ана арасында арнайы бір келісімшарт жасауға рұқсат берсек, онда ертеңгі күні оны ата-аналар мен мұғалімдер бала тәрбиесін бір-біріне сілтеп, жауапкершіліктен қашу мақсатында пайдалануы мүмкін.
Тіпті оларды бір-біріне қарсы қойып алуымыз ғажап емес. «Мынаған дейін – мен, ал, анадан ары қарай ата-ана жауап береді, менің жұмысым жоқ» деп мұғалімдер шығып тұрса, қайтпекпіз? Бұл жерде ата-ана да, мұғалім де балаға деген жауапкершіліктен қашпауы қажет.Мұғалім оқушының үйіне барып, оның үй жағдайымен танысып отыруы тиіс. Егер келісімшарт жасалса, мұғалім жұмыстан соң оқушының үйіне бармаймын деп шығуы да ғажап емес. Сондықтан екі жақ та бірдей тәрбие беруі тиіс. Одан да мұғалім мен ата-ана арасындағы адамгершілік байланысты нығайтуға, бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауға үгіттеуіміз керек. Сонда ғана біз баланың тәртібі мен қауіпсіздігін қадағалай алар едік. Сондай-ақ мұның балалар арасындағы қылмыстың алдын алуға да септігі тиер еді. Бұл жерде ата-ананың бала тәрбиесін мұғалімдерге жүктеп қойғаны жөн емес, ең үлкен жуапкершілік бәрібір ата-анада болуы тиіс деп есептеймін.
Өкініштісі сол, біз ұлттық дәстүрді, ұлттық тәлім-тәрбиені жастардың бойына сіңіруді ұмыт қалдырдық. Оның ішінде ата-ана мен бала арасындағы қазақи қарым-қатынас, ата-әже мен немеренің арасындағы сүйіспеншілік жойылып барады. Батыс елдері де осы жағдайды басынан өткерген. Онда да ата-аналар күні бойы жұмыста болып, баламен ісі болмай, ал балалар өзімен-өзі жүріп, мұның ақыры ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынас алшақтап, тіпті бірін-бірі сотқа беретін жағдайға жеткен. Сондықтан біз бала тәрбиесіне қатысты шетелден жаңа әдіс іздемей-ақ, ұлттық менталитетімізге, ұлттық дәстүрімізге сүйеніп, мектептерде халықтық педагогиканы жаңғыртуымыз қажет. Бұл мәселенің шешілуі тиіс түйіні осы деп есептеймін.
Бейтарап пікір
Ғалия ӘМІРТАЕВА, «Ар-намыс» республикалық мұғалімдер мен оқытушылардың мүддесін қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
–Мұны шешу үшін біз ата-ана мен мектеп арасында келісімшарт емес, «Білім туралы» Заңға нақты өзгерістер мен толықтырулар енгізуіміз керек. Бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне ата-ананың қандай жауапкершілігі бар, мұғалім қалай әрекет етуі тиіс, осының барлығы айқындалуы қажет. Бұл жерде мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруымыз тиіс.