Оқу жылы басталғаннан кейін «санитарлық талаптарға сай емес» деп мектептердің жұмысын тоқтату негізді ме?
Бүгінде еліміздегі бірқатар мектептер санитарлық талаптарға сай болмауына орай сот шешімімен жабылуда. Мәселен, жақында Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Бестөбе поселкесіндегі № 1 орта мектептің қызметін уақытша тоқтатты. Яғни аталмыш мектептегі сынып бөлмелерінің төбесіндегі жаңбыр суынан қалған іздер мен ылғалдан көгерген ағаштары жөнделіп, кемшілік жойылғанша мектеп уақытша жабылды. Егер бүгінде еліміздегі 2066 мектептің таза ауызсумен қамтамасыз етілмегенін, олардың ауызсуды сырттан тасып ішіп отырғанын, мұның да санитарлық талаптарға сай емес екенін ескерсек, мектептердің барлығын жаба беру негізді ме? Бас мұғалім жаңа оқу жылының алдында «Қыркүйектің 1-іне дейін Төтенше жағдайлар министрлігі ескерткен кемшіліктер жойылады. Жаңа оқу жылына дайын болмаған мектептердің ашылуына жол бермейміз» деп қадап айтқан болатын. Ендеше, оқу жылы басталғанға дейін жөнделуі тиіс мектептерде оқушылардың оқу бағдарламасынан қалып қоймауына кім жауап береді? Түйткілді мәселеге орай мамандар пікірін біліп, таразылап көрген едік.
Сәуле АХАН, Алатау ауданы бойынша МСЭҚБ Мектепке дейінгі білім беру мен білім беретін ұйымдарды санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы:
иә
– Егер санитарлық талаптарға сай емес деп табылса, оқу жылының басталып кеткеніне қарамастан мектептің жұмысын тоқтатқан дұрыс. Қазіргі таңда балаларымызға мектепте сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар олардың денсаулығын сақтау, егемен еліміздің дені сау болашағын тәрбиелеу – басты мақсатымыз. Сондықтан оқушылар білім алып жатқан мектептердің санитарлық-техникалық базасының талапқа сай болуы өте маңызды. Жыл сайын жаңа оқу жылына дайындалу барысында білім беру мекемелерінде санитарлық-техникалық жағдай бойынша кешенді күрделі жөндеу және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Ал апатты, санитарлық талапқа сай емес жағдайда жұмыс істеп жатқан білім мекемелері анықталған жағдайда тиісті құзырлы мекемелерге анықтамалар жіберіліп, кешенді жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі көтеріледі. Егер бұл талап уақытында орындалмаса, сот арқылы осы мекемелердің қызметін тоқтатуға талап арыз беріледі. Өйткені санитарлық талаптар бойынша мұндай мекемелерде білім алу оқушының, ұстаздың денсаулығына кері әсер етеді.
Мәселен, мектеп ғимаратының төбесінен су ағып, сынып кабинеттерінің қабырғасы дымқылданып, көгергені және сарғайғаны анықталса, бұл жағдай оқушылар денсаулығына тікелей кері әсер ететінін айта кету керек. Қабырғалары дымқылданып, ылғалдылық жоғары болған сынып бөлмелерінде отырған балаларда тыныс-жол аурулары пайда болады. Яғни ондай бөлмелерде өкпе қабыну, бронхит және демікпе ауруларының өршу қаупі жоғары. Сондай-ақ осы күз айларын тұмау маусымы деп есептейтін болсақ және мұндай кезеңдерде оқушылардың иммунитеті төмендейтінін ескерсек, мұндай сынып кабинеттерінде оқитын оқушылар жиі науқастанады. Осы бағытта Алатау ауданы бойынша МСЭҚБ тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралар өте көп. Жаңа оқу жылына дайындық барысын тексеру кезінде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген №169 жалпы білім беретін мектептің акті залының, №166 мектеп-лицейдің акті және денешынықтыру залдарының қызметін кемшіліктерін жойғанға дейін тоқтата тұруға ауданаралық мамандандырылған сотқа талап арыз жіберілді. Бірақ жақында басталған І тоқсанның демалысында №169 мектептің акті залының төбесіне және №41 мектептің апатты жағдайдағы информатика кабинетіне, осы кабинет орналасқан екінші қабат дәлізінің төбесі мен санитарлық тораптар (дәретхана, қолжуғыштар) бөлмесі және кіші денешынықтыру залының төбесіне күрделі жөндеу жұмыстары басталып жүргізілуде.
Осы орайда айта кетер жайт, мүмкіндігінше санитарлық талаптарға сай емес деп табылған мектептер оқу процесін тоқтатпай, тоқсанаралық демалыстарда кемшіліктерін жоя білсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Майра АЙСИНА, Мәжіліс депутаты:
жоқ
– Қайткен күнде оқу жылы басталып кеткеннен кейін оқу процесіне кедергі келтіретін дүниелердің болуы – үлкен қылмыс. Негізі, үш айлық демалыс кезінде мектептердің барлығы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кемшіліктерді жоюға міндетті. Оқу жылы басталып кеткеннен кейін мектепті жабу, балаларды мектеп бағдарламасынан қалдыру дұрыс емес. Бұл – балалардың обалына қалу. Мәселен, ертеңгі күні балалардың оқу процесінен қалып кеткені үшін кім жауап береді? Сондықтан санитарлық талаптарға сай емес деп жабылған мектепте сондай жағдайға кім әсер еткенін анықтап, жазаға тартуға тиіспіз. Онсыз бұл жағдай мектептерімізде әдетке айналып кетеді.
Мәселен, ертеңгі күні балалардың оқу процесінен қалып кеткені үшін кім жауап береді? Сондықтан санитарлық талаптарға сай емес деп жабылған мектепте сондай жағдайдың орын алуына кім әсер еткенін анықтап, жазаға тартуға тиіспіз. Онсыз бұл жағдай мектептерімізде әдетке айналып кетеді. Мәселен, мектепте жөндеу жұмысын жүргізіп үлгеруге үш айлық демалыс кезеңі жетеді деп ойлаймын. Ал оқу жылы басталып кеткен соң мектепті жабу мүлдем дұрыс емес. Мәселенің шығу төркінін зерттеп, кінәлілерді жазалап, екінші қайтара мұндай мәселе туындамас үшін керекті шаралар жасауымыз керек.
Мектеп құлайын деп тұрған кездің өзінде оқу процесін тоқтатудан гөрі балаларды мүмкіндігінше оқу бағдарламасынан қалдырмай оқытатын басқа бір мекеме тауып немесе көрші мектептерге ауыстыра тұруды алдын ала ескеру керек. Шыны керек, бүгінгідей дамыған заманда балаларымызға лайықты білім бере алмай, оқу процесін үзуге мәжбүр болуымыз ұят. Бұл – оқушылардың құқығын бұзу. Өйткені біз дер кезінде мектепті дайын ете алмай, оқушыларды сондай жерде білім алуға мәжбүрлеп отырмыз. Тіпті санитарлық талаптарға сай болмаған мектепті жауып, оқушыларды уақытша басқа мектепке ауыстырудың да машақаты жетерлік. Мәселен, алдымыз қыс мезгілі, сондай-ақ аяқ астынан басқа мектепке уақытша оқу оқушыларға да психологиялық тұрғыдан ауыр.
Атап айта кетер жайт, жыл сайын жаңа оқу жылы басталып кеткеннен кейін мектептердің жаңа оқу жылына дайын еместігі, санитарлық талаптарға сай болмауы, қысқа жылу жүйелерінің дайын болмай отырғаны сөз болып жатады. Демек, біздің бұл мәселелердің туындауына етіміз үйреніп барады. Сондықтан бұл мәселелерді оқу жылы басталып кеткеннен кейін оқушыларды оқу процесінен үзуден гөрі осыған жауапты адамдарды жазалау тиімді шешетініне сенемін.
Бейтарап пікір
Гүлнар ЫҚСАНОВА, Мәжіліс депутаты:
– Бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Өйткені оқушылардың денсаулығына кері әсер ететін сынып бөлмелерінде балалардың білім алуы қауіпті деп танылса, оны неге жаппасқа?! Екінші жағынан, мәселен, кейбір ауылдарда бір ғана мектеп бар. Ал соның өзін «санитарлық талаптарға сай емес» деп жауып тастайтын болсақ, олардың көрші ауылдарға қатынап оқуы қиындық тудырса, балалар оқу бағдарламасынан қалып қоймай ма? Сондықтан санитарлық талаптың өзін бар мәселені ескере отырып, мұқият қарастыру керек. Егер табылған санитарлық кемшілік адам денсаулығына, өміріне қауіп төндірмейтіндей деңгейде болса, мектепті жаппау керек. Тек оқушылар мен ұстаздардың өміріне қауіп төнетін жағдайда ғана оларды жабу туралы шешім қабылдаған дұрыс. Сондай-ақ, атап айта кетер жайт, кемшіліктің орын алуына жол берген үш ай жазғы демалыста мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізбегені үшін жауапты басшыларға шара қолдану керек.