Өлім жазасын қолдану арқылы педофилдікті жоя аламыз ба?
Қоғамдағы қордаланған мәселелерді әр саладағы азаматтардың пікірімен саралайтын «Ой-көкпар» айдары бүгінде СТВ арнасымен бірге телевизиялық жобаға айналып, бағдарламаның жазбаша нұсқасы апта сайын «Алаш айнасы» газетінде жариялануда. Қоғамда орын алып жатқан кез келген мәселеден шет қалмауды көздейтін кезекті бағдарлама «Өлім жазасын қолдану арқылы педофилдікті жоя аламыз ба?» деген тақырыпқа арналып отыр. Бұрын қоғамымызда заты түгіл, аты да түсініксіз болған «педофилдік» ұғымы бүгінде күнделікті өмірде жиі еститін жантүршігерлік қылмысқа айналды. Осы орайда өлім жазасын қолдану арқылы педофилдікті жоя аламыз ба деген сауалды мамандардың тартысына салып көрген едік.
«Алаш айнасы» газеті мен СТВ телеарнасының бірлескен жобасы
«Алаш айнасы» – «Ой-көкпар» бағдарламасының жазбаша нұсқасы.
Жүргізуші: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.
Бағдарлама ұзақтығы: 25 минут.
Эфирдегі уақыты: жұма күні сағат 22:30.
Хабар қонақтары:
Қымбат ӘБІЛДӘҚЫЗЫ, республикалық «Айгөлек» журналының бас редакторы, ҚР мәдениет қайраткері
Ғабиден ЖАЙЛИН, ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының жанындағы Аралық сот төрағасының орынбасары, заң ғылымының кандидаты
Қымбат ӘБІЛДӘҚЫЗЫ, республикалық «Айгөлек» журналының бас редакторы, ҚР мәдениет қайраткері:
Иә
– Педофилдік секілді ауыр қылмыстарға ең лайықты жаза – өлім жазасы. Имандықтан ада, адами моральға жатпайтын педофилдік секілді жантүршігерлік қылмысты адам бола тұрып жасаған адамның жазасы өлім ғана болуы керек. Еркіндіктің қадірін білмесе, не адами, не имани қасиеті болмаса, жантүршігерлік қылмыс жасап, дәрменсіз баланың тағдырымен ойнаған адамды біз неге еркінсітуіміз қажет?!
Сондықтан мен педофилдік қылмысқа барған адамды өлім жазасына кесу арқылы жазалауды қолдаймын. Бұл менің ғана емес, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген баласының тағдырына алаңдаған кез келген ата-ананың тілегі деп білемін. Және өлім жазасы секілді қатаң жаза арқылы педофилдіктің жойыларына сенемін. Біздің елде кейінгі кезде осындай дүниелер жиілеп кетті. Бұл қоғамдық дерт. Кейбір мемлекеттер мұндай жағдайды өлім жазасымен шешеді. Мысалы Қытайда қарапайым ұрлық жасаған адамды қалай жазалайтынын білесіздер. Иранда балаларға зорлық көрсеткендерді ел алдында атып тастаған.
Ғабиден ЖАЙЛИН, ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының жанындағы Аралық сот төрағасының орынбасары, заң ғылымының кандидаты:
Жоқ
– Жоқ, біз өлім жазасын қолдану арқылы педофилдікті жоя алмаймыз. Сондықтан бүгінде мораторий жарияланып отырған өлім жазасының қолданылуына да қарсымын. Әрине, мен де адами тұрғыдан педофилдіктің жойылғанын қалаймын. Педофилдік соңғы жылдары ғана қоғамымызда орын ала бастады. Осы орайда оны Қылмыстық кодекстегі басқа да ауыр жазаларды тағайындай отырып жоя алатынымызға сенемін.
Айта кетер жайт, өлім жазасын қолданып отырған мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, аталмыш жаза түрі қылмыстың азаюына септігін тигізе алмаған. Осы орайда қылмыс жасаған адамның бәрін бірдей атып, асып, өлім жазасына кесе берсек, біздің қандай мемлекет болғанымыз?! Сондықтан қылмыскерді өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын кесіп, мерзімінен бұрын босап шықпауын қадағалауға алуымыз қажет. Осы орайда мен педофилдік қылмысқа барған қылмыскерлерге өлім жазасының тағайындалуына қарсымын.
тартыс бөлімі
Жүргізуші:
– Қонақтарымыздың пікірі айқындалды. Енді бағдарламамыздың «Тартыс» бөліміне өтіп, ойымызды тарқатып айтсақ. Қымбат ханым, Қазақстан Республикасы Конституциясында өзін зайырлы, демократиялық ел ретінде жариялағаннан кейін әлемдік тәжірибедегі либералды мемлекеттердің заңдарына сүйенуге тиісті. Ендеше, өлім жазасын оңайлықпен енгізе алмасымыз анық. Қайтпек керек?
Қымбат Әбілдәқызы:
– Зайырлы мемлекетте Ата Заңымызға қарсы шығып, жеке басым елден асып қатыгездік жасап тастайық деп отырған жоқпын. Бірақ біз қашанғы халықтың сенімін, үмітін алдай береміз?! Қатып қалған заңдарға емес, халықтың күткеніндей жұмыс істеуге болмай ма? Педофилдік басталған сәтте-ақ қатаң жаза арқылы ауыздықтауға күш салғанымызда кейінгі кездегі педофилдік қылмыстар орын алмас еді. Біз заңға қайшы деген желеумен жеңіл жазамен қылмыскерлердің «маңдайынан сипадық». Нәтижесінде жағдайды ушықтырып алдық. Әлі де өлім жазасын енгізбесек, талай бүлдіршініміздің өмірі бүлінері анық. Біз ұлық тұтып отырған Америкада баласына сүйсініп қарағаныңыз үшін жауап бересіз. Ал Қытайда жемқорлыққа барған адам өлім жазасына кесіледі. Ал кішкентай баланың интимдік мәселесіне тіпті қатаң жазамен қарары сөзсіз. Неге біз солардан үлгі алмаймыз?! Шетелден алатынымызды алмай, керісінше, керек емес нәрсесіне құлдық ұрамыз. Жалпақшешей демократия жасағымыз келеді. Мен осыған күйінемін.
Жүргізуші:
– Ғабиден мырза, педофилдікті біз ғана емес, бізбен қатар тәуелсіздік алған Армения, Беларусь, Грузия секілді мемлекеттер де ашық талқылап жатыр. Тіпті Армения депутаттары педофилге өлім жазасын қолдану туралы көп дауыс та жинады. Депутат Ғани Қасымов мырза педофилдің үйінің сыртына «бұл үйде педофил тұрады» деп жазу арқылы қоғамды ақпараттандыру қажеттігін айтып қалды. Осы орайда сіз өзіңіз педофилдікті өлім жазасынан басқа қандай жолмен жоюға болады деп ойлайсыз?
Ғабиден Жайлин:
– Қылмысты жоюдағы қылмыстық саясат тек оған жаза тағайындаумен ғана өлшенбейді. Сондай-ақ қылмысты дер кезінде ашып, қылмыстық жазадан бұлтартпауға да көп нәрсе байланысты. Заңдарымызды барынша әдемі қылып жазып қана қоймай, сол заңды тиісті органдардың өз дәрежесінде орындауы да қылмыстық ахуалдың жақсаруына әсер етеді. Сондай-ақ тиісті органдармен халық та бірлесе жұмыс істеуі керек. Мәселен, осыған дейін ары тапталған қыздың анасының қылмысты жылы жауып қоя салғысы келгені жөнінде естіп біліп жатырмыз. Бұл дұрыс емес. Сондықтан педофилдікпен қоғам болып күресуіміз керек. Педофил – хайуандық әрекетке барғанымен, қылмысы әшкере болып, жаза тағайындалуынан қорқатын адам. Біз осыны ұмытпауымыз керек.
Жүргізуші:
– 2011 жылдың басынан бері педофилдік қылмысқа барған қылмыскерлерге тағайындалған жазаға көз жүгіртер болсақ, барлығының жазасы 20 жылға да жетпейді екен. Бұл әділеттілік пе?
Ғабиден Жайлин:
– Олардың аз жылға бас бостандығынан айырылуы дұрыс емес. Бұл тұрғыда жазаны қатаңдатып, ұзақ жыл бас бостандығынан айыруға келісемін. Бірақ өлім жазасы қажет емес.
Қымбат Әбілдәқызы:
– Ұлымызды қорлап, қызымызды зорлап жатқан қылмыскерге тыйым салатындай заң қабылдай алмасақ, халықтың мемлекеттен күдер үзгені емес пе?! Біз қылмыскердің мүддесінен бұрын ары тапталған бүлдіршіннің тағдырын ойлауымыз керек.
Жүргізуші:
– Ғабиден мырза, халықтың мүддесі үшін заңгерлер кеңесі бірігіп, депутаттарға ұсыныс арқылы өлім жазасын ең болмаса эксперимент ретінде кіргізу жайлы хат жазса болмас па?
Ғабиден Жайлин:
– Бұл тұрғыда жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен өлім жазасын эксперимент ретінде кіргізіп көрудің заңнамалық механизмін көре алмай отырмын. Дегенмен алдағы уақытта өлім жазасы мен химиялық кастрация жасаудың қайсысының неғұрлым нәтижелі болатыны зерттеліп, бір шешімге келуіміз мүмкін.
Жүргізуші:
– Қымбат ханым, балалар журналының бас редакторысыз. Балаларға журнал арқылы ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп, педофилден қалай қорғану керектігі секілді ақпараттық жұмыстар жүргізесіз бе?
Қымбат Әбілдәқызы:
– Журналымызда арнайы психолог мамандардың пікірімен «Сен қандай баласың?» деген айдармен сондай ситуациядан балалардың қалай қашық жүруі туралы кеңестер беріп отырамыз. Өкінішке қарай, мұндай ситуациялардың құрбаны болатын балалар көбінесе әке-шешесі жұмыстан бас көтере алмайтын, қараусыз балалар болып қалады. Сондықтан ата-аналар да сақ болуы керек. Айта кетер жайт, көпшілікті елең еткізу үшін, қоғамда осындай мәселе барын аңғарту үшін өлім жазасын қолдану артық етпес еді. Тағы да қайталап айтамын: біз балаларды алаңсыз өмірінен айырмай, керісінше, қылмыскерлердің жанын шошындырар қадамға баруға тиіспіз.
сайыс бөлімі
Жүргізуші:
– Бағдарламамыздың үшінші бөлімі «Сайыс» деп аталады. Осы тақырып бойынша студия қонақтары өзара сұрақ-жауап алмасады. Ендеше, Ғабиден мырза, қарсыласыңызға көкейіңізге ұялаған сұрағыңызды қойсаңыз...
Ғабиден Жайлин:
– Біз көптеген халықаралық шартқа қол қойған елміз. Осы тұрғыдан келгенде педофилдердің де өзіндік құқықтары бар. Мәселен, өмір сүру құқығы. Ендеше, батыстық принциптердің қайсысын өз қоғамымызға сай пайдаланып, қайсысын қабылдамауға болады?
Қымбат Әбілдәқызы:
– Қазір бізде не ақын, жазушылардың сөзі өтпейді. Ауылда ақсақалдық билік деген де түбірімен жойылды. Мектептегі оқушы ұстаздың зығырданын қайнатып, жанын жеп тұрса да, ұстаз оқушысын түртіп, мынауың не деп айта алмайды. Не отбасыдан, не ұстаздан тыйым алмаған бала не болады? Бізде бәрі демократия болып кетті. Осы орайда батыстық демократиядан гөрі, өзіміздің ұлттық тәрбиеміздің мәні зор. Біз Батыстан керегімізді ғана алуымыз керек. Сондықтан мен тыйым болмай, қиын болатынын ескерткім келеді. Ал сізге қояр сұрағым: Ғабиден мырза, сіздердің де заңнан әділдік таппайтын кездеріңіз бола ма?
Ғабиден Жайлин:
– Заңнан әділдік таппаған кезде еш жерге барып жүгіне алмайсың. Тек қоғамдық пікір туғызу арқылы заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізуге тырысамыз. Әрине, заман ағымына қарай кеше қатал көрінген заңның бүгін осал көрінуі әбден мүмкін. Оны өзгертіп отыруға тиіспіз.
ойтүйін
Жүргізуші:
– Соңғы бөлім «Ойтүйін» деп аталады. Ғабиден мырза, ойыңызды түйіндей келе, қарсыласыңыздың пікірінен не түйдіңіз?
Ғабиден Жайлин:
– Ойымнан әлі айныған жоқпын. Менің ойымша, өлім жазасы арқылы педофилдікті жоя алмаймыз. Осыған дейінгі тәжірибелер көрсетіп отырғандай, өлім жазасы ешқандай қылмыстың төмендеуіне мұрындық бола алмаған. Бұл біздің ғана тәжірибеміз емес. Әлем елдерінің тәжірибесі деп айта аламын. Тек шараның бұлтартпауын қамтамасыз ете алсақ, қылмыс азаюы мүмкін.
Қымбат Әбілдәқызы:
–Педофилдік секілді ауыр қылмыс жасаған адамның кейін қоғамға қайта оралып, пайдасын тигізер азамат боларына сенбеймін. Педофилдікті білімсіздер, тәрбиесіздер немесе тойынғандар жасайды. Олар – балалардан басқаға әлі келмейтін міскіндер, өте қорқақ адамдар. Қорқақ адам қатаң жазадан да қорқады. Сондықтан ел алдына шығарып, масқаралап, өлім жазасына кесетін болсақ, келесі бір педофилдің санасына серпін жасағандай болар едік. Сондықтан мен өлім жазасы арқылы педофилдіктің азаярына сенемін. Ойымнан да айнымаймын. Басқа қылмыс түріне болмаса да, педофилге ең лайық жаза – өлім жазасы!
Жүргізуші:
– Бүгінгі бағдарламамыз да өз мәресіне жетті. Қоғамдық мәселелерді көтеріп, оларды халық арасында ашық талқылау, сол арқылы қоғамдық пікір қалыптастыру – біздің міндет, ал шешім қабылдау – ресми органдардың еншісінде.