«Неке және отбасы туралы» заң жобасынан азаматтық неке туралы бап алынып тасталуы керек пе?
Соңғы жылдары елімізде азаматтық неке деген ұғым пайда болды. Ол жастардың арасында кеңінен қолданысқа ене бастаған сияқты. Бұл жақсы ма, әлде жаман ба? Аталған ұғымның айналасындағы пікірталастар әлі де азаяр емес. Азаматтық некені жақтаушылар бұл үрдісті «некелесудің заманауи технологиясы» деп атаса, оған қарсы шығатындар «некенің бұл түрін ұлт пен текті жоятын, жетім мен жесірлердің санын көбейтетін технология» деп атайды. Қос тараптың да айтар уәждері аз емес сияқты.
Бақытжан Хасанов, филология ғылымының докторы, социолингвист:
Иә
– Азаматтық неке дегеніміз – адамдықтан кеткісі келген қоғамның көңілдестікті заңдастырып алған түрі. Ол азаматтарымызды, жастарымызды бүлдіріп, елімізді артқа сүйрейтін құбылыс. Сондықтан заңнамадағы мұндай келеңсіз бапты алып тастауды қолдар едім. Жалпы, бұл ұғымның атауы да дұрыс емес. Егер оны қазақтың жалпақ тіліне салсақ, бойсуыту деп атар едік. Біз «Батыстан үйрену керек» деген пікірді жиі айтамыз. Алайда солардың жақсы жақтарын емес, жаман жақтарын көшіріп алуға құмартып тұратынымызға таң қаламын.
Азаматтық неке дегеніміз – Батыс ойлап тапқан ең зиянды бастамаларының бірі. Мұндай үрдістің кең етек жаюы қоғамның рухани азып-тозуына, біржынысты некенің заңдасуына жақын қалғанын көрсетеді.
Азаматтық неке пайда болғаннан кейін байырғы қазақ ерекше назарда ұстаған жетім мен жесір мәселесі ушығады. Статистикаға салатын болсаң, азаматтық некеге тұрғандардың арасындағы ажырасу фактілері дәстүрлі некеден бірнеше есеге көп. Осы мысалдың өзі азаматтық некенің мемлекетке қалай әсер ететінін көрсетіп тұрған жоқ па? Азаматтық некедегі жастар еш уақытта отбасын құру деген мәселеге салмақты қарамайды. Адам табиғаты ер мен әйелдің жұптасуын қалайды. Ал азаматтық неке осы дәстүрге қарсы шығып, түбінде адамдардың жұп құрау дәстүрін жоқ етеді. Айналып келгенде, азаматтық неке туралы заң ер мен әйелдің бей-берекет жыныстық қатынасқа түсуіне жол ашатын құжат болып шығады.
Қазір балалар үйі тастандыларға толып тұр. Ертеңгі күні азаматтық неке үрдіске айналғанда, олардың саны еселеп өседі. Сонда жетімдердің көз жасына кім жауап береді? Өзіміздің ұлтымызға өзіміз ор қазып жатқандаймыз.
Қазақ үшін шата деген өте жағымсыз ұғым болып саналады, яғни некесіз туылған бала. Мұны дініміз де қаламайды. Құдай алдында ант беріп, некелеспеген жұптан туылған баланың бойында тазалық болмайды. Тексіздік содан туындайды. Бұл мәселені депутаттар қайта қарап, аталған бапты алып тастауы қажет деп ойлаймын. Депутаттар қазақтың дүниетанымында бар нәрсеге, көп әйел алушылыққа да шектеу қойды ғой. Ендеше, азаматтық некеге де солай тосқауыл жасауға тиіс.
Марат Шибұтов, саясаттанушы:
Жоқ
– «Неке және отбасы туралы» заң жобасынан азаматтық неке туралы бапты алып тастау ер адамдардың да, әйел адамдардың да құқығын шектеу болар еді деп есептеймін. Кейде адамдар бір-бірін толық танымастан отау құрып алады да, сол әрекеті үшін өмір бақи қорланып жүреді. Әрине олар, ең алдымен, айналадағылардың сұқтауынан қорқады. Оның үстіне біздің бюрократиялық қоғамда заң жүзінде ажырасудың өзі оңай нәрсе емес, көптеген қиындықтар тудырып жатады.
Азаматтық неке адамдардың бір-бірін дұрыс тануына мүмкіндік береді. Жалпы, ондай некеде адамдар бір-біріне төзімділікпен қарауды үйренеді. Адамдар кіммен некелесемін десе, өз еркі болуы керек. Бір жағынан, азаматтық неке жаңа ойлап табылған нәрсе емес.
Ол Батыс елдерінде әбден сынақтан өткен. Әрине, азаматтық некеге қарсы шығатындар көбіне «балалар жетім қалады» деген пікірді алға тартады. Алайда меніңше, ол адамдардың өздеріне байланысты. Дәстүрлі некеден жетім қалып жатқандар да аз емес қой. Меніңше, қайта керісінше, азаматтық некеге отырған адамдар үй болып, бірге тұрып кете алатындығына көз жеткізген соң барып бала туады. Сәйкесінше, бұл қайта жетімдер санын азайтуы да мүмкін.
Қазір азаматтық некені заңдастырып, көп әйел алушылықты тыйып тастағандары үшін депутаттарға реніш білдіретіндер көп. Меніңше, көп әйел алушылық – таза феодалдық қоғамнан қалған нәрсе. Оған еркектер саны мүлде азайып кететін соғыс жағдайында рұқсат беруге болар еді. Қазіргі жағдайда әйелдер мен еркектер санының үлес салмағында айтарлықтай үлкен алшақтық жоқ. Яғни бұл ел арасында теңсіздік орнатады. Мәселен, дәулетті адамдар бірнеше әйелден алатын болса, кедей адамдар бір әйелге де қол жеткізе алмай қалуы мүмкін. Азаматтық неке әйелдердің құқығын таптайды деген пікір де жиі айтылады. Мен оған келіспеймін. Қазақстанда гендерлік мәселенің құқығы жақсы ескерілген. Әйелдер, ең алдымен, өздерінің құқықтарын, азаматтық некенің шарттарын жақсы білуге тиіс. Сонда олардың құқығы тапталмайды. Әйел құқығы қайта дәстүрлі некеде көп тапталады емес пе?
Түйін
Батыс елдеріне еліктейміз деп жүріп, көп нәрсені құрбандыққа шалып жібергеніміз жасырын емес. Азаматтық некені заңдастыру мәселесі сол еліктеуден жасалған қате шешім болуы мүмкін. Себебі оның салдарын кез келген статистикалық мәліметтер ашық көрсетеді. Азаматтық некеге отырған адамдардың бойында ажырасуға бейімділік пайда болатынын дәлелдейтін психолог мамандар да бар. Жуырда Мәжіліс неке туралы заңды қарап, біржыныстылардың некеге отыруына бір- ауыздан қарсылық білдіріп еді. Бәлкім, жақын болашақта азаматтық неке мәселесін де қайта қарау қажет шығар.