НАТО сияқты исламдық әскери-саяси ұйым құру туралы ұсыныстар негізді ме?
Жуырда Түркияның «Сағадат» партиясының жетекшісі Мұстафа Камалак мұсылмандарға арналған әскери-саяси одақ құру қажеттілігі жөнінде мәлімдеме жасады. Бұл жөнінде hurriyet.com сайты ақпарат таратты. Мұстафа Камалак НАТО іспеттес мұндай ұйым құрыла қалса, Таяу Шығыстағы секілді түрлі қақтығыстарды ретке келтіруге болатынын айтады... Бұл қаншалықты өміршең пікір екенін білмек болып, мамандарға «НАТО сияқты исламдық әскери-саяси ұйым құру туралы ұсыныстар негізді ме?» деген сауал жолдаған едік. Олардың ойы екіге жарылды.
Ахмет Аляз, «Қазақстан ZAMAN» газетінің бас директоры:
иә
– НАТО сияқты исламдық әскери-саяси ұйым құру туралы пікірді қолдауға болады. Егер де мұндай саяси ұйым құрылып, оған бүкіл Шығыс елдері мен ислам мемлекеттері бірігетін болса, НАТО сияқты оның әскері де ислам әлемінде ғана емес, жер бетіндегі кез келген қақтығыс болып жатқан аймаққа жіберіліп отырса, алпауыт елдер Шығыс елдерімен санасар еді. Бұл – бір. Екіншіден, мұндай жағдайда, мұсылман елдері өзара мәселелерін өздері шешуге жол ашылады. Үшіншіден, жерасты байлығы өте бай ислам әлемінің арасындағы экономикалық, мәдени байланыстар күшейіп, ғаламдық саясаттағы өз ықпалын арттырады. Төртіншіден, мұндай ұйым ислам мемлекеттері арасындағы қарама-қайшылықтарды азайтып, бір-біріне деген көзқарасты түзейді. Дәл қазір ислам дінін қатал ұстайтын елдер зайырлы елдерді мұсылман елі деп есептемейді.
Яғни саяси ұйым құрыла қалса, осындай ұсақ мәселелерден бастап, ғаламдық деңгейдегі кез келген мәселені ортақ қарастырып, ортақ шешуге болады деген сөз. Десек те, НАТО сияқты исламдық әскери-саяси ұйым құру оңай іс емес екенін мойындағанымыз жөн. Мысалы, ислам әлемі тура осындай қадамға барса, христиан, будда дініндегілер қарап қала ма? Еврейлер де қол қусырып отырмасы белгілі. Олар да осы тектес одақтар құруы әбден мүмкін. Бұл қадам өз кезегінде әлемдік қырғи-қабақ соғыстың тұтанып кетуіне себеп болмасына кім кепіл? Осындай жайттарға қарай отырып, әскери одақ құрмастан бұрын, БҰҰ-ның құрылымын қайта қараған жөн секілді. Өйткені БҰҰ-ның негізгі бес мүшесі болып саналатын алпауыт бес мемлекеттің (Қытай елі шығыста орналасқанымен, исламнан алшақ) бірде-бірінің ислам мемлекетімен қатысы жоқ. Сондықтан да әлемдегі бар мемлекеттің тағдыры айналдырған бес алпауыт елдің қолында тұр. БҰҰ-да әр елдің, әр діннің өкілдері топтасып, кез келген оқиға айналасында ортақ шешім қабылдауға ықпал ете алатындай болса, «исламдық НАТО құралық» деген секілді бастамалар айтылмас еді деп ойлаймын. БҰҰ-дағы армияның жасақталуын да қайта сүзгіден өткізген дұрыс. БҰҰ-ға мүше 200-ден астам мемлекеттің бәрінің жасағы сол ұйымның әскерінің сапында тұруы қажет. Геосаясатта осындай өзгерістер жасалса, қазір шешімін таппай жатқан мәселелердің біразының тігісі жазылар еді. БҰҰ мұндай істерді жолға қоя алмаса, мұсылман әлемін біріктіретін ұйымның қажеттілігі арта түсері сөзсіз. Бірақ осы орайда тағы бір проблема туындайды. Мұсылман әлемі сунниттер мен шииттер болып, екіге бөлінеді. Сириядағы оқиғаларды Сауд Арабиясы мен Түркия қолдаса, басқа бірқатар елдер қарсы болып жатыр. Мысырдың мысалында Түркия Мурсиді жақтаса, Сауд Арабиясы мен Катар сияқты елдер оған қарсы. Осындай шиеленісті көзқарастарды бір арнаға тоғыстыратын жүйені жасау өте қиын. Бұл жүйе құрыла қалса, ислам ірі күшке айналып, Батыстың қитұрқы саяси ойындарына шек қоя алар еді. Сол үшін Батыс мұндай ұйымның құрылуына ешқашан да жол бермейді. Өйткені Батыс осыған дейін ислам елдері арасындағы экономикалық байланысты орнатпаудың, саяси бірікпеудің, діни тұрғыда ықпалдаспаудың барлық жолдарын жасап қойған. Бұл жүйені бұзу сіз бен біз ойлағандай жеңіл шаруа емес.
Еркін Масанов, философия ғылымының докторы (PhD):
жоқ
– Жалпы, НАТО сияқты исламдық әскери-саяси ұйым құру туралы пікірмен келіспеймін. Өйткені Шығыс әлемінің саясаты мен Батыстың ұстанымын салыстырмалы түрде қарауға келмейді. Ислам елдерінің тарихи санасының қалыптасуының өзі бейбітшілікке негізделген. Сол себепті де, біріншіден, бейбітшілікті ұмытуға болмайды. Екіншіден, НАТО секілді исламдық әскери ұйым құрылса, ол әлемдегі саяси қақтығыстардың салдарынан құрылған түрлі ұйымдардың тікелей көшірмесі болып шығады. Үшіншіден, ондай көшірме ешқашан да өзін-өзі ақтамайтынын, бұл біздің менталитетке жарамайтынын түсінгеніміз жөн. Батыстың даму тарихына көз жіберіңізші, әлеуметтік даму кезеңдері қантөгістерге толы. Олардың қоғамы, негізінен, қан төгумен, көптеген азаматтардың қайғы-қасіретімен қалыптасқан.
Ал Шығыс елдері қоғамының іргетасы әлеуметтік һәм рухани құндылықтар негізінде қаланған. Мұның ішінде өзіміздің қазақы психологияны алалық. Мысалы, ата-бабаларымыз: «Жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз» дейді. Мұндай қанатты сөздердің астарына үңілсеңіз, ұлтымыздың найзаның ұшына үкі тағудан-ақ бірлікті, ынтымақты, бейбітшілікті қалағанын, қалайтынын аңғаруға болады. Кез келген саяси шиеленіскен мәселені шешудің екі жолы бар. Бірі – агрессия, екіншісі – бейбітшілік жолы. Осыған дейінгі ислам елдерінің тарихына үңілсеңіз де олардың осы екінші жолды таңдағанын көресіз. Жалпы, әрбір елдің өзінің ішкі потенциалы болады. Сол потенциалды әр ел жоғарыда айтқан (агрессия мен бейбітшілік) екі жолмен пайдаланады. Мәселен, Аргентина секілді кейбір елдерде әскер, әскери институт жоқ. Жапония Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әскери агрессиядан басын аулақ алып қашып, бейбіт дамудың жолын тапты. Жапон елі әскери агрессияға негізделген саясатқа жол бермейді. Олар адамдардың әлеуетін интеллектуалды капиталға негіздеді. Табиғи ресурстарды игеру үшін бар күшін ғылымға бағыттады. Бүгінде бұл қадамның сәтті болғанын біз ғана емес, әлем мойындап отыр. Егер де қазір айтылып жатқандай ұйым құрылатын болса, Батыстың, Еуропаның үлгісіндегі жаулауды, басып алуды көздейтін ұйым болмауы керек. Керісінше, халықаралық ғылыми институт негізінде жұмыс жасап, Таяу Шығыстағы мәселелерді бейбіт жолмен қалай шешуге болатынын қарастырғаны жөн.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Түйін
Дәл қазір мұсылман елдерінің жалпы геосаясаттағы жағдайы мәз емес. Тіпті кей проблемаларда ислам мемлекеттерінің серкесі саналатын Сауд Арабиясы мен Түркияның өзі бір жеңнен қол шығара алмай қалатыны бар. Мұндай тұста әскери одақты былай қойып, рухани байланыс орнатудың өзі атанға жүк артқанмен бірдей болатыны белгілі. Сол себепті «алтауы ала болып, ауыздағысынан айырылып» отырған Шығыс жұрты, «төртеуін түгендеп, төбедегісін келтіріп» алғаны жөн секілді.