«Мемлекеттік қызметкерлер мерекесі керек» деген пікірмен келісесіз бе?
Қазақстанда 23 маусым күні «мемлекеттік қызметкерлер мерекесі» деп бекітілуі мүмкін. Бұл бастаманы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов көтеріп отыр. Осы жай талқыға түскелі қоғам «Мемлекеттік қызметкерлер мерекесі болуы қажет пе?» деген сауалға жауап іздей бастады. Бір тарап бұл мерекенің қажеттілігін, осы мейрам арқылы мемлекеттік орындарда қызмет істейтін азаматтарды қанағаттандырып, жұмысқа деген ынта-жігерді арттыруға болатынын айтады. Ал екінші тарап әр сала қызметкерлерінің кәсіби мерекелері бар екенін, сонымен бірге елімізде онсыз да мереке, тойлардың шамадан тыс көп болып кеткенін алға тартып отыр. Біз осы екіжақты пікірді таразыға салып, безбендеп көрген едік.
Саян Ахметжанов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:
иә
– Әлемдегі барлық мемлекеттердің даму жолында мемлекеттік қызметтің қосар үлес салмағы ерекше. Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде Президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен мемлекетті қалыптастыру бағытында ауқымды істер атқарылды. Еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени жағдайы үздіксіз даму жолына түсті. Қазақстанның осындай жетістіктерге жету жолында мемлекеттік қызметкерлердің еңбегі де ерекше екенін ешкім жоққа шығармайды. Олар өз міндеттемелерін кәсіби деңгейде атқарып, еліміздің егеменді, тәуелсіз, демократиялық, әлеуметтік және құқықтық мемлекетке айналуына үлкен үлес қосты. Сондықтан да Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы көтерген мемлекеттік қызметкерлер күні болуы керек деген пікірді қолдаймын.
2002 жылы БҰҰ резолюция қабылдап, 23 маусымды мемлекеттік қызмет күні деп бекіткен болатын. Сонымен қатар БҰҰ осы мерекені мүше мемлекеттерге қабылдауға ұсыныс жасаған еді. Біріншіден, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі осы ұсынысты қолдап отыр. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілер арасында патриотизм мен отаншылдық идеясын насихаттау жұмысын қолға алуымыз керек. Сол себепті де агенттік осы атаулы күнді атап өтуді көздейтін Президент жарлығының жобасын дайындады. Осы қадам арқылы Қазақстанның барлық аумағындағы әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер мәселесі мен жетістігіне қоғам назарын аударуға мүмкіндік туады. Мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру шаралары барлық мемлекеттік мекемедегі жұмыс тиімділігін арттырады деп сенемін. Мұны осы саладағы қызметшінің еңбегін бағалаудың монетарлық емес бір белгісі деп түсінген жөн. Олардың көптеген жыл бойы сіңірген еңбегін назардан тыс қалдырмай, үздік мемлекеттік қызметкер төсбелгісін тағып, марапаттау да елге талмай еңбек етіп жатқан азаматтарымыздың шығармашылығына шабыт береді. Жалпы, қазір әр сала қызметкерінің өз кәсіби мерекесі бар. Әр қызметші өз кәсібін мақтан тұтып, қоғам назарына бөленіп, өз еңбегі үшін лайықты марапатталып жатса, қай саланың болсын жұмысы өрге басар еді. Мемлекеттік қызмет күні де сол үдеден шығуды көздейді. Сонымен қатар бұл кәсіби мереке күнтізбеде жұмыс күні болып саналатынын ескеруіміз керек. Мұндай бастамалар қоғамның назарын мемлекеттік қызметкерлерге аударып, халық пен билік арасындағы байланысты нығайта түседі және қоғамның бағасын межелеуімізге де септеседі деп білемін.
Оразәлі Сәбден, экономист ғалым:
жоқ
– Меніңше, мемлекеттік қызметкерлер күнінің қажеті жоқ. Алдымен «Мемлекеттік қызметте кімдер отыр?» деген сауалға жауап тауып алайық. Мемлекеттік қызметте отырған екінің бірі – экономист. Олардың ішінде ғалымдықты, заңгерлікті, педагогтікті, дәрігерлікті, құрылысшылықты, инженерлікті т.б салаларды игерген мамандар бар. Тойлауға сол әр саланың өз мейрамдары жетеді деп ойлаймын. Меніңше, бұл бастаманы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының көтергені де дұрыс емес. Егер қажеттілігі сезілсе, мұндай бастамаға шенеунік емес, Парламент белсене кірісер еді. Бұл түбегейлі керекті мереке болса, Парламент заң қабылдасын. Енді Бәйменов көтерген «Үздік мемлекеттік қызметкер» төсбелгісіне келейік. Бұл төсбелгі не үшін қажет?
Одан да азаматтарымызды өз саласы бойынша үздік заңгер, үздік экономист деген сынды марапаттарға ұсынған жөн. Мемлекеттік қызметте отырған шенеуніктер өз саласының үздігі болуы керек. Сонымен қатар елімізде Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Білім беру ісінің үздігі деген сынды төсбелгілер бар. Осы төсбелгілер де мемлекеттік қызметкерлерге беріліп жатқан жоқ па?! Егер де мемлекеттік қызметкерлер соншалық марапат күтетін нәтиже көрсетіп, елдің гүлденуіне ерен еңбек етіп жатса, ҚР еңбек сіңірген қайраткері атағына ұсынылсын. Бізде мұндай мәселенің көтерілуінің себебі, қазақ атқа мінгенді, бастық болғанды, марапаттағанды жақсы көреді. Одан да марапаттау мәселесін де нарыққа бейімдейік. Егер бір қызметкер жоғары деңгейдегі көрсеткішке ие болып, мақтағымыз келсе, екі айлық көрсеткіш есебінде сыйақы тағайындайық. Мемлекеттік қызметкердің бала-шағасына мереке мен төсбелгі емес, қаражат қажет. Агенттік осы мейрам арқылы мемлекеттік қызметкерлерге деген көзқарасты түзеуді мақсат етіп отырған шығар. Себебі халықтың алдында мемлекеттік қызметкерлердің абыройы төмендеп кетті. Мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстағандар халықтың табан ақы, маңдай терімен табылған миллиардтаған ақшаны жымқырып, шетелге қашып кетіп жатыр. Әрине, мемлекеттік орындарда отырғандардың бәрін жемқор, парақор дей алмаймын. Десе де, осындай қоғамдық пікір қалыптасып қалған кезде оларды тізгіндеудің орнына тойлатып қойғанымыз жөн болмас.
Бейтарап пікір
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, саясаткер:
– Мемлекеттік қызметкерлер күнін БҰҰ белгілесе, сол күні бірін-бірі құттықтап, сый тапсыруға, сияпат көрсетуге болады. Мемлекеттік мейрам ретінде белгілеп, заңдастырудың еш қажеті жоқ. БҰҰ дәл осы күнді белгілеудің астарында не барын зерттеп көргені жөн. Содан кейін ғана ұйымның толық мүшесі болғандықтан, мереке ретінде қабылдауға болады. Меніңше, үздік мемлекеттік қызметкер деген белгінің керектігі шамалы секілді. Бізде аты бар, заты жоқ абстрактілі ордендер өте көп. Өкінішке орай, бірде-біреуі Қазақ мемлекеті, Қазақстан екенін айқындап тұратын ұлттық бағытта емес. Қай мерекені тойласақ та, бұл сала қазақтың ұлттық экономикасының негізі екенін еске алып, мейрамды ұлттық сипатқа бейімдеп өткеруіміз керек.