Мемлекеттік мәйітханаларды жекеге беру керек деген пікір дұрыс па?
Мәйітханалар мәселесі ушығып тұр. Тіпті олардың бір мәйітке екі түрлі сот-медицина сараптамасын тағайындауының өзі үлкен күмән тудыруда. Бұл туралы жекеменшік сот-медицина сарапшылары «мемлекеттік мәйітханалар – бір-бірімен ауыз жаласқан жемқор, сондықтан жалған сараптамаға барады» десе, мемлекеттік сот-медицина сарапшылары «сараптама үшін мемлекеттік мекемеге қаражатты Денсаулық сақтау министрлігі бөледі, ал тәуелсіз сарапшыларға тараптар төлейді, сондықтан олардың жасаған сараптамаларының ақиқаттығы екіталай» деген қарсы пікірде. Айта кетер жайт, шетелдердің барлығында дерлік аталмыш мекемелер – жекеменшік иелігінде. Ендеше, біздегі мемлекеттік мәйітханаларды да жекеге беру керек пе деген сауал төңірегінде осы саланың мамандарын сөзге тартып көрген едік.
Нұрсипат НҮСІПБАЕВ, тәуелсіз сот-медицина сарапшысы:
иә
– Әрине, мемлекеттік мәйітханаларды жекеге берген дұрыс. Мен бұл ұсынысты қуана құптаймын. Мәселен, Еуропа елдерінде мемлекеттік мәйітхана деген мүлдем жоқ. Олар тек тәуелсіз сот-медицина сарапшыларына ғана жүгінеді. Тіпті көршіміз Ресейдің өзінде мәйітханалар – жекенің қолында. Мәйітханалардың жекенің қолында болуының пайдасы өте зор. Ол ең алдымен сот-медицина сараптамасының тәуелсіз, тек ақиқаттан құралуын қамтамасыз етеді. Екіншіден, мәйітханалардың жекеменшіктің қолында болуы олардың бәсекелесе отырып, заманауи технологиялармен жарақталуына, қызмет көрсету сапасын арттыруына мұрындық болады.
Ал бүгінде біздің мемлекеттік мәйітханаларымыздың ғимараттары да, қондырғылары да ескі.
Мемлекет тарапынан жаңа қондырғылармен қамтамасыз етілген күннің өзінде ол қондырғыны апарып қоятын ғимараттары талапқа сай емес. Жарық жеткіліксіз немесе ауа температурасы қалыпқа сай емес дегендей. Шындығында, жаңа технологияның өзі күтімді талап етеді. Қондырғы дұрыс жұмыс істеп, нағыз қорытындыны көрсетуі үшін тұратын ғимараты талапқа сай болуы тиіс. Әйтпесе сот-медицина сараптамасы қорытындысын дұрыс көрсетпейді. Егер мәйітханаларды жекенің қолына берсек, олар бәсекелесе отырып, талапқа сай жарақтануға күш салар еді. Не үшін шетелдің сот-медицина сараптамасы мекемелері жоғары сапалы қызмет көрсетеді? Өйткені жекеменшік мәйітхана иелері заман көшінен қалмай, өздерін жетілдіріп отыруға күш салады. Шыны керек, елімізде Еуро-1 стандартына сәйкес келетін бірде-бір сот-медицина сараптамасы орталығы жоқ. Германия, Швейцария елдеріне барғанда олардың сот-медицина сараптамасын тағайындайтын орталықтарының Еуро-5 стандартымен жұмыс істеп жатқанын көрдім. Өйткені оларда барлығы – жекеменшік. Бәсекелестікте жұмыс істей отырып, мәйітке дәл сараптама тағайындауға тырысады. Осылайша олар өлген адам құқының қорғалуына да назар аударып отыр. Ал бізде таңдау құқығы жоқ. Мемлекеттік мәйітханаға қаласаң да, қаламасаң да, сараптама жасатуға мәжбүрсің. Өзім жекеменшік мәйітханада 2010 жылдан бастап сот-медицина сараптамаларын жасай бастадым. Сол бір-екі айдың ішінде он шақты мәйітке сараптама жасадым. Олардың барлығы – кезінде мемлекеттік мәйітханада тексерілген мәйіттер. Алайда мәйіттің жақындарының өтінішімен қайта сараптама жасау кезінде олардың барлығына мемлекеттік мәйітханада жалған сараптама тағайындалғанын анықтадық. Біз қайта қараған он істің үшеуі бүгінде сотқа жетіп, бір іс бойынша кезінде жазықсыз жазаланған жан ақталып жатыр. Ал дәрігерлердің кесірінен баласы бақилыққа аттанған жалғызбасты ана 2 млн теңге көлемінде өтемақы алды. Кезінде мемлекеттік мәйітханалар тарапынан тексеріліп, жабылған істер осылайша қайта ашылып, әділдікке ие болуда. Ендеше, мәйіттерге екі қайтара сараптама жүргізуге мәжбүр ететін мемлекеттік мәйітханалардан не пайда?!
Бізде аудандық мәйітханалар – облыстыққа, ал олар орталық сот-медицина сараптамасын тағайындайтын орталықтарға бағынады. Ал жекеменшік мәйітханалар әрқашан тәуелсіз, ешкімге бағынбай, тек әділ шешім шығарады. Айта кетер жайт, күн өткен сайын тәуелсіз сарапшылардың тәуелсіз сараптамасын жасатуға халықтың ықыласы артып келеді. Сондықтан мемлекеттік мәйітханалардың барлығын жекеге беріп, мемлекет оларға тек лицензия беріп, бақылау жүргізіп отыруы тиіс.
Руслан САТЫБАЛДЕЕВ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Сот-медицина орталығы» республикалық қазыналық кәсіпорны директорының орынбасары:
жоқ
– Жоқ, меніңше, мәйітханалардың бәрін бірдей жекеге беру дұрыс емес. Рас, бізде қазірдің өзінде жекеменшік сот-медицина сараптамасын тағайындау мекемелері бар. Адамдар қалағанына барып, сараптама жүргізуге құқы бар. Негізі, сот-медицина сараптамасы құқық қорғау орындарының қатысуымен жасалуы тиіс. Яғни мемлекеттік мәйітханалар тарапынан жасалған сараптаманың ақиқаттығына еш күмән болмауы тиіс. Себебі олардың жұмысын құқық қорғау орындары, судьялар, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бақылап отырады. Сот-медицина сараптамасын тағайындайтын мекемедегі қызметкерлерге де қойылар талап жоғары. Өйткені мәйітке сараптама жасау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан адам өмірімен ойнамай, әділ шешім шығару үшін барлығының талаптарға сай болуы қамтамасыз етіледі.
Осы орайда өз басым, мемлекеттік мәйітханалардың талапқа сай жұмыс істейтініне сенемін.
Айта кетер жайт, жекеменшік мәйітханалар да осы талапқа сай болуы қажет. Қызметкерлері ғана емес, қондырғылары да ақиқатқа сай, сот-медицина сараптамасын тағайындауға сай болғаны жөн. Мәселен, бүгінде сот-медицина сараптамасын жасауға пайдаланылып жүрген храматограф қондырғысының бағасы 4 млн 700 мың теңге тұрады. Шыны керек, жекеменшік мәйітхана иелерінің құны осынша тұратын қондырғыларды сатып алуға шамасы жетеді деп айта алмаймын. Бұл – тек бір қондырғының ғана бағасы. Шындығында, мәйітке талапқа сай сараптама тағайындалуы үшін осындай бірнеше қондырғы қажет. Ал мұндай қондырғыны сатып алуға шамасы жетпеген жекеменшік сот-медицина сараптамасы орталығы қорытындысының қандай болатыны күмәнді. Сондай-ақ мемлекеттік мәйітханаларға сот-медицина сараптамасын жасау үшін қаражатты Денсаулық сақтау министрлігі бөледі. Сондықтан аталмыш мекемелер талапқа сай сот-медицина сараптамасын ұсынады. Ал тәуелсіз сарапшыларға қызметі үшін ақыны тараптар төлейді. Ендеше, олардың сол тараптардың мүддесіне сай шешім шығармасына ешкім кепіл емес. Осы орайда сот-медицина сараптамасын тағайындайтын орындардың негізінен мемлекеттік болғаны жөн дер едім.
Бейтарап пікір
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
– Меніңше, бізде мемлекеттік те, жекеменшік те мәйітхананың болғаны дұрыс. Халық қалағанының қызметіне жүгінсін. Дегенмен мемлекеттік мекеменің басшысында міндетті түрде жауапкершілік болады. Ал жекеменшік мәйітханаға әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмай, ойына келгенін істеп, келген адамның өзіне емес, қалтасына қызмет істеп кете ме деген қаупім бар. Кейде кейбір істер қалай бұруға да ыңғайлы болып тұрады. Осы орайда мемлекеттік мәйітхана мен жекеменшік мәйітханалар қорытындыларының бір-біріне сай келмеуіне осы себеп пе деп ойлаймын. Бұл – менің азаматтық көзқарасым. Ал қазақи көзқарасыма келсек, қазақ мәйітті көп әурелей бермеген. Ендеше, жекеменшік мәйітханаларды қаптата беру жақсы емес.