Мемлекеттік идеологияға қажет өнер туындыларын арнайы тапсырыспен жаздыру керек пе?

Мемлекеттік идеологияға қажет өнер туындыларын арнайы тапсырыспен жаздыру керек пе?

Мемлекеттің өз тілі, елдік рәміздері секілді өзіндік өнер туындылары, яғни елдің келбетін айқындайтын қойылым, кино, әдеби шығарма болуы шарт. Себебі ол өз кезегінде сол мемлекетті құрайтын ұлттың мәйегі болып табылады. Кезінде сол мәйекті сақтау үшін мемлекет тарапынан жанашырлық танытып, арнайы тапсырыс берілген. Қазір осы жағынан бізде тыныштық орнағандай. Бірақ түрлі шығармалар жазылып, таралып жатыр. Олардың бағыт-бағдары белгісіз, тіпті кейбірінің идеясы біздің таным-түсінігімізге жат та. Сондықтан осы ретте, бізге мемлекеттік идеологияға қажет өнер туындыларын арнайы тапсырыспен жаздыру керек шығар?


Мұрат АХМАНОВ, режиссер:
иә
– Дәл қазір өнердің қай саласында болсын әркім ойына не келсе, соны тақырып қылып жазып жүр. Ал елде ұлттық идеология болуы үшін өз басым мем­ле­кет­тік тапсырыс бойынша түрлі туындылар жасалуы шарт деп есеп­тей­мін. Себебі бізге дәл қазір әртүрлілік емес, керісінше, өз болмысымызды сақ­тап қалатын біртұтас идея, ұлттық идео­логия ауадай қажет. Ал қазіргідей ша­шы­раңқы, бытыраңқылық жүрген жер­де ауыз­бірлік болмайды. Ал бұл – өте қауіпті. Яғни әркім әр жаққа тартатын елді кімге болсын жаулап алу оп-оңай. Олай болса, бізге мемлекеттік тапсы­рыс­пен қо­мақты қаржы құйып, кесек туын­ды­ларды бірінен кейін бірін шығарса да артықтық етпес еді деп ойлаймын. Әйтпесе біз елдік, ұлттық құндылық­та­ры­мыз­ды жоғалтып алып, өкініп қаламыз. 
Кеңес өкіметі кезінде ән мен жыр, спек­такль мен кино атаулының барлығы дерлік мем­лекеттік тапсырыспен жазылды. Алай­да соның бәрі бірдей кеңестік идеологияны жақтап кеткен жоқ қой, қазақтың игілігіне де қызмет еткен туындылар болды ғой. Айталық, «Қыз Жібек» немесе «Менің атым Қожа», «Тақиялы періштені» болсын кәдімгі мемлекет қаржысына түсірді ғой. Солар кеңестік идеологияның жаршысы боп кеткен жоқ, қазақ әлі күнге оларды жылы қабылдайды. Сол сияқты көптеген әдеби шығармалар, операға дейін арнайы тапсырыспен жазыл­ды.
Осы секілді үрдіс еліміз Тәуелсіздік ал­ған алғашқы жылдарда байқалды. Яғни көптеген ұлттық идеологиядағы туын­ды­лар сол тұста қаулап жазылды. Мысалы, қазақтың белгілі бір батыры немесе ерек­ше тұлғасы, мысалы Абай атамыздың ме­рей­тойларында сол кісілерге арналған кітап­тар, олардың туындылары, солар жай­лы қойылымдар мен деректі фильмдер жасалды. Себебі мемлекет тарапынан соған ден қойылып, көлемді қаржы құйыл­ды, жан-жақты мамандар жұмыл­ды­рылды. Кейінгі кезде осы бастамалар саябырсып, тіпті тоқтап қалды десе де бол­ғандай.
Түрлі кино және театр фестивальдері бо­лушы еді. Мәселен, ұлы Абайға арнал­ған, Мұхтар Әуезов және Жамбыл Жа­баев­тарға арналған фестиваль өтті, соның арқасында біз сол бір аяулы тұл­ға­ла­ры­мыз­дың мұрасын біршама жинақтап қана қоймай, олар жайлы жаңа шығармалар дүниеге келді. Сондықтан мемлекеттік идео­­логияға қажет шығармаларды ар­найы тапсырыспен жаздыру қажет. Себебі мемлекеттік тапсырыс жүрген жерде тәртіп болады, екіншіден, онда көркемдік кеңес жұмыс істейді. Ал ол деген сөз – нағыз ма­ман­дар жиналып, шығарманы талқылап, електен өткізіп, көпшілікке дұрыс, яғни електен өткен шығармалар жолданады де­ген сөз. Және де ол кезде шығармалар әлі кино немесе қойылымға айналмай тұрып шығарма, сценарий күйінде талқыланады ғой. Сондай-ақ жақсы шығарманың авто­рына, режиссері, композиторы секілді сол дүниені жасап шығарған мамандарға қо­мақ­ты қаламақы төленеді.
Қазір телеэкранда әсіресе жеңіл-желпі дүниелер басып кетті ғой. Егерде біз соны­мен дамимыз десек, онда мықтап қа­те­ле­семіз. Қателескеніміз өз алдына, жалпы, біздің идеологиямыз дамымай қалады. Ал ұлттық идеология біздің елімізде үстемдік орнатуы қажет. Қазір ондай құбылыс бай­қалмайды, бірақ Елбасымыздың әр жыл­ды «Мәдениет жылы» немесе «Ауыл жы­лы» деп арнауы өнер мен біздің ұлттық идео­­ло­гиямызға тың серпіліс әкелді. Сондықтан бізге тапсырыспен арнайы туын­дылар жаз­дыру керек, оның жасалу ба­рысын қада­ғалап, оған атсалыс­қан­дарды ма­ра­пат­тау керек.


Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ, жазушы, журналист:
жоқ
– Мұқағали ақынның мынадай сөзі бар: «Өлең деген тумайды жай­шы­лық­та, Өлең деген тулайды қайшы­лық­та» деген. Сондықтан өнер де дін секілді мем­лекеттен бөлек болуы шарт. Себебі идеологиямен жасалатын туын­ды­лар­дың қандай болатынын Кеңес өкіметі тұ­сында көрдік қой. Біз сол идео­лог­ия­лық өнердің психологиялық зардабын әлі күнге дейін тартып отыр­мыз. «Мем­ле­кет тапсырыс бермесе, ақ­ша бөлмесе, жақ­сы шығарма тумайды» деген ой, өкініш­­ке қарай, бүгінгі буын­ның да сана­сын билеп отыр. Осы тұр­ғы­дан қарағанда, өнердің идео­ло­гиядан азат бол­ғаны дұрыс.
Шыны керек, қазір мемлекеттік сый­лық бола ма, бәйге, байқау секілді дүниелердің бар­лығы мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ тап­сырардағы жарысы секілді болып кетті. 
Біздің мүйізі қарағайдай деген ағала­ры­мыз осындай бір аз-кем ақшасы бар сыйлықтар тапсырылатын сәттерде бірімен бірі таласып, пендешілікпен бірінің алдын бірі кес-кестеп, сондай бір ұятты жағдайға ұшы­расып жатамыз. Біздің жазушы, ақын­да­рымыздың арасында сол идеологияның салдарынан қалған «қырыққа дейін сен атаққа қызмет етесің, ал қырықтан кейін атағың саған қызмет етеді» деген бір жаман түсінік бар әлі күнге. Осыны тағы кез келген адам қолдайды ғой, ең жаманы. Сондай деймін, әлгіндей қаламгерлеріміз атаққа қызмет етсе, сол үшін шығарма жа­зып, атын шығаруды көздесе, сонда өнер қайда қалады? Енді осыған қарама-қайшы жағына келсек, жазушы Оралхан Бөкейді білмейтін адам жоқ десе болғандай. Оның шығармасын оқыған кез келген оқырман өнер мен өмірге басқаша көзқараспен қарап, біліктілігі мен талғамы да өседі. Ал сол Оралхан Бөкейдің қандай атағы не­месе мансабы болғанын оқырман біл­мей­ді, тіпті керек те қылмайды. Себебі Оралхан Бөкей деген аттың өзі кез келген атақтан артық. Себебі Оралхан Бө­кей таза шы­ғарма жазды, ол ешқандай да идеологияға қызмет еткен жоқ, адами тұлғасы мен ардан аттап кететіндей бір істі өзі жасаған да жоқ, тіпті Компартияға жағы­ну үшін титімдей де болса бір шығар­ма жазған жоқ. Ол шығармашылыққа адал болды. Ендеше, осының қайсысын таң­дауымыз шарт? Әрине, Оралханның бағытын. Себебі сол кездегі жүздеген, мыңдаған жазушылардың бәрі бірдей ел есінде қалған жоқ, есесіне Оралхан сын­дылар әлі тірі.
Шын жазушы, шын ақын, жалпы, шын шығармашылық иесі болам деген адам өнерді өмірмен шатастырып алмауы шарт. Яғни өнерді өмір сүрудің құралы ретінде пайдалану деген ойдан ада болмай, жақсы шығарма тумайды. Ал бізде қазір, өкінішке қарай, осы құбылыс асқынып кеткен. Мей­лі қаламгер, мейлі суретші, мейлі әнші бол­сын ол өз бойындағы өнерін жан раха­ты, жұртшылыққа тек рухани азық сыйлау үшін емес, одан бұрын сол өнерін бұлдап, «мен ақын едім, суретші, әнші едім» деп бас­шылардың есігін ұрып болмаса ха­лық­тың алдында тепсініп, сонысын бұл­дап, пұлдап шыға келеді. Үлкен адам­дар­дың алдына кіре қалса, елдің қамын емес, өзіне үй-жай, қызмет пен атақ сұрайтыны жасырын емес. Мемлекеттік тапсырыс аң­ди­тын да, сыйлық аңдитын да солар. Ал шын дарындылар Мұқағали, Оралхан се­кілді өтеді өмірден. Не үй, не баспанасы болмаса да, өнерге адал күйінде. Бүгін де сол кісілердің соқпағын жалғап келе жатқандар аз емес...
Қалай болған күнде де әдебиет пен өнерді тапсырысқа байлап қоюға бол­май­ды.
                                       Абай ОМАРОВ (коллаж)

Түйін
Пікірлер екіге жарылды, бір жақ «тапсырысқа жазу деген де бір, «жетектеген тазы» да бір, ал «жетектеген тазының түлкі алмайтыны» ақиқат. Мемлекеттен ақша алды екен, ол мақтау мен жарамсақтанудан аса алмай, жалтақтап қалады. Қазақ айтады ғой, «тамағынан өткізіп қойған» деп» дегендей ой айтса, екінші жақ, дәл қазір керісінше, біз «әй дейтін әже, қой дейтін қожасы» жоқ өткелге ай­нал­ғандаймыз. Бүгінде сапасыз дүниелер мен аты-жөні белгісіз адамдар өнер әлемін жаулап алса, ол осы мемлекет тара­пынан тапсырыс пен қадағалаудың жеткіліксіздігінен, яғни тым еркін­дік те қауіпті дегенді алға тартады. Расында, қазақ атты кейде қамшыласа, кей­де тізгінді тартып отырады ғой. Яғни керек кезін­де өнерге еркіндік бер­сек, керек кезінде тізгінді тартып, ширатып алу шарт секілді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста