Мектеп бағдарламасына дінтану пәнін енгізу қажет пе?

Мектеп бағдарламасына дінтану пәнін енгізу қажет пе?

Соңғы жылдары Қазақстанға келетін миссионерлер мен тіркеуге алынған дәстүрлі емес діни ұйымдар, секталар саны арта түскені байқалады. Қала тұрмақ, шағын қыстақтардың өзінде де храмдар мен шіркеулер қаптап кеткен. Ел зиялылары бұлардан келетін қауіптің зор екенін айтып дабыл қақса, енді біреулері «мектеп бағдарламасына оқушылардың діни сауатын ашатын дәріс енгізген жөн» дейді. Расында да, экстремизмге, фанатизмге бейім тұратын діни ұйымдардың қатерлілігі туралы оқушыларға, тіпті студенттерге де жүйелі түрде тәлім беретін бір дәріс қажет секілді. Бұл туралы кім не дейді?

Зікірия Жандарбек, тарих ғылымының кандидаты, доцент, діндер тарихын зерттеуші:

Иә
– Дәл қазір қазақ жерінде, қателеспесем, 40-қа жуық конфессия, оның ішінде 3860 исламдық, 278 православтық, 82 католиктік, 1161 протестанттық, 27 яхудейлік, 4 буддистік және тағы 46 дәстүрлі емес діни ұйым мен секта қызмет етіп жатыр.
Бүгінде дін туралы заңымыздың солқылдақтығы мен қандастарымыздың діни сауатының кемшіндігінен туындаған сан түрлі қиындықтарға жиі-жиі тап болудамыз. Қазағы көп шоғырланған еліміздің түстік аймағында ислам атын жамылған бірқатар ағымдар («Хизб-ут-Тахрир», «Сәлафи», «Ахмадия», «Уахабия» т.б.) өз іс-әрекеттерін үздіксіз жүргізіп, әсіресе жастар санасын улау үстінде. Мына Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген исламистік діни ұйымдар алғашында біздің рухани астанамыз Түркістанға келіп, одан ары Кентау, Ащысай секілді шағын қалаларды әбден тұрақтанып алды.
Бұлардың бас айналдырарлық уағыздарына құлай сенгендердің 70-80 пайызы – оқушылар мен студенттер. Осыны көріп отырып, жүрегің қан жылайды. Мемлекет діни ұйымдардың қауіптісі қайсы, пайдалысы қайсы екенін біледі. Біле тұра, алдын алу шараларын жасамайды. Кітап таратқан бір-екі есі ауысқан фанатикті ұстағандарына мәз болып құқық қорғаушылар жүреді. Меніңше, біздің білім беру бағдарламамызға діни сауат аштырарлық дәрістерді міндетті түрде енгізу қажет. Әйтпесе, кеш болып кетуі мүмкін. Корей түбегіне 50 жылдары келген АҚШ-тың миссионерлері бас-аяғы 20-30 жылда кәрістердің 70 пайызын шоқындырып үлгергенін тарихтан білеміз. Қазір қалған 20-30 пайыз буддист кәрістердің балалары да шоқынудың сәл-ақ алдында тұрған көрінеді.
Біздің атқамінерлер дін десе, ат-тонын ала қашады. Заңды да солардың ықтиярына орайластырып жасаған ба деп қаласың кейде. Діни сауат ашу дегеніміз, діни фанат болу емес екенін ұғыну керек. Бұл жерде тек діндердің қауіптілігі мен шығу тарихына көз жүгіртетін дәріс болатынын түсіндіру керек.
Біздің елде дінтану сабақтары тек мамандандырылған медреселер мен дінтану кафедраларының студенттеріне ғана оқытылады. Егер балаға діндер жайлы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ айтып, үйретіп отырсақ, өсе келе миссионерлермен ашық айтысқа түспесе де, құрығанда, қайсысының қатерлі екенін біліп жүретін ұрпақ қалыптасар еді. Өкініштісі сол, миссионерлер бүгінде мектеп пен университет жағалап, бозбала мен бойжеткенді азғырып жүр. Мешітке бара қалсаң, қаба сақалдыдан көз тұнады. Жасы бар, кәрісі бар «араб» болуды көздеп, уаһабилік, салафилік жолға түсуге үгіттейді. Мақтап жүрген Сауд Арабиясының арабтары бүгінде толықтай дерлік уаһабизмге бас ұрып кеткен. Бұл тармақ өзінің агрессияшылдығымен ерекшеленетінін бүкіл әлем жұртшылығы біледі. Ал біздің қазақтар енді-енді біліп жүр. Сондықтан діни дәрісті мектеп бағдарламасына, тіпті ЖОО-да қолданысқа енгізуіміз қажет. Бұл – болашағымыз үшін қажет нәрсе.
Дәстүрлі емес діни ағымдардың күрт өсе түсу процесі жастардың болашағы үшін аса қатерлі екенін пайымдауымыз керек. Өйткені секталар мен ағымдардың торына жасөспірімдерді өтпелі кезеңдегі психологиялық ауытқулар, қоршаған ортасымен қарым-қатынастағы проблемалар, ертеңге деген сенімсіздік, дін тарихын, философияны, Қазақстан тарихын, әдебиетін білмеу оп-оңай түсіреді. Ал қандай болсын секта мен ағымдар, күш-қуаты мол кәсіпқой кадрларға зәру. Олардың жанталаса жұмыс істеп жатқандығы да сондықтан.
Жастарды өз қатарына тарту түрлі оқу орындарында белсенді жүргізілетіні жасырын емес. Мұнда миссионерлер орайын тауып, оқытушылық қызметке орналасып, не дәріс залдарын жалға алу арқылы жымысқы ойын біртіндеп іске асыра бастайды. Біріншіден, оқу орындарында дінтану пәнінен мұғалім кадрларының тапшылығы миссионерлердің пайдасына шешілсе, екіншіден, оқу орындарының басшылығы шетелден алатын қайырымдылық көмек пен жалға беру арқылы түсетін қаржыға қызығып, пендешілікке салынады. Соңында студенттер «құрбандыққа шалынып», өзге діннің өкілдеріне айналуда. Мені қынжылтатыны да – осы.

Сейдолла Садықов, филология ғылымының кандидаты:

Жоқ
– Атам қазақ «шектен шықпа» дегенді бекер айтпаған. Біздер болсақ, бәріне әлі көзімізді жұмып, марғау қараудамыз. Ал миссионерлер сол шектің шеңберінен асқалы қашан! Бірақ оқушыға немесе студентке дін әліппесін үйрететіндей біздің елде білімді де білікті кадрлар өте аз. Қазір қаптаған жекеменшік оқу орындарында дінтанушы мамандар даярланып жатыр. Жақында осындай оқу орнын бітірген бір жас маманмен сөйлестім. Сөз арасында сынайын деген оймен: «Осы, Яхудейлердің құдайы кім?» – десем, әлгі бала: «Будда емес пе?» – деп соғып тұр. Осындай шала сауаттылар қайбір жарытып білім беруі мүмкін?! Оның үстіне біздің елде іліп аларлық бір оқулық жоқтың қасы. Шынын айту керек, елімізде дін мәселесі күннен-күнге өршіп бара жатқанын көріп, біліп жүрміз.
Әсіресе қарадомалақтарымыздың өзге ағымның жетегіне ілесіп бара жатқанын көргенде, естігенде, жаның түршігеді.  Үш жүз жыл орыстың отары болғанымызда да мұндай күйге түспеп едік. Енді, міне, бас-аяғы 10-15 жылдың ішінде жарты миллионнан астам қазақ Құдайын ұмытты. Діннен зайырлы елміз деп кеуде кергенімізбен, дінге қолдау көрсетуді ұмытып барамыз. Олай деуімізге себеп, Еуропа Парламенті 1996 жылы «Еуропадағы секталар туралы» қаулы қабылдап, оған мүше елдердің үкіметіне: «Діни ұйым статусын бірден бере салуға болмайды. Егер де қылмыстық немесе заңға қайшы әрекеттерге қатысы бар секталар туралы сөз болса, оның діни бірлестік деген мәртебесін алып тастаудың жолын қарастырған жөн», – деп шешім де шығарған. Жаппай діни ағымдар еліміздің түкпір-түкпірінен жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап жатқанда, бұл проблемаға Еуропа елдерінің қойған демократиялық талаптары әбден заңды. Ең әрісі Қазақстан үшін осы бағыт-бағдар болуы керек еді. Бірақ әлі күнге дейін елеп-ескерілмей келе жатқаны өкінішті-ақ.
Дін дәрістерін мектепте, жоғары оқу орындарында оқыту Франция, Италия, Ресейде жолға қойылған екен. Алайда бұл елдерде тек христиан дінінің тарихы тереңдетіліп оқытылатын көрінеді.
Біздің ел үшін ерте деп отырған себебім, әлі күнге дейін өз тілінде жөндеп сөйлей де, жаза да алмайтын қазақтарымыз тым көп. Олардың санасы әбден еуроцентристік көзқарастарға тұнып қалған. Мұндай маргинал қауымға бірінші кезекте ана тілін үйретіп қарық қылып алайық. Содан кейін дін үйретпек керек. Діни сауат аштыртатын болсақ, міндетті түрде ислам қайнарларынан қанып іштіретін білімді, иманды ұстаздар тәрбиелеп алуымыз керек. Және жымысқы ойлы миссионерлердің ұстаздық орындарға жайғасуынан сақтанғанымыз жөн. Былтыр Шымкенттің маңындағы бір ауылдық мектепте сабақ беретін мұғалім оқушыларды жыл бойы «Иегово» сектасының әдебиеттерімен оқытып келген. Қарап отырсақ, дін әліппесін үйретеміз деп жүріп, балапандарымызды қайдағы-жайдағы ағымдардың жетегіне жегіп жіберуіміз мүмкін. Оның үстіне коррупция жайлаған мына біздің елде кез келген адам кез келген жұмысқа еш қиындықсыз орналаса беретін болды ғой. Осындайдан барып әлгіндей арам пиғылды миссионерлер оп-оңай білім беру орындарын тіпті жайлап кетуі ықтимал. Асықпау керек дегендегі бір ойым – осында. Ал енді биліктегілер бұл шаруаны қолға алып, мектептерде дін сабағы өткізіліп жатса, онда мұғалімдерден ерекше білім талап етуіміз керек.
Оның қандай да бір діни ағымның мүшесі емес екендігіне көз жеткізіп алып қана мұғалімдікке қойсақ, бұл енді дұрыс болар еді.
Қалай десек те, мұндай нәзік құбылысқа бей-жай қарауға болмайды. Әлемдегі соғыс атаулының көбі осы дін ошағында тұтанған. Діни толеранттылықты ұран еткен Қазақстандай елімізде дін дәрісінің әйтеуір бір енгізілері хақ. Тек асығыстық жасап, опық жеп қалмаудың жолын әрдайым қарастырып жүргеніміз жөн.

Түйін
Білім беру жүйесіне діни дәріс енгізу мәселесі бүгін қозғалып отырған мәселе емес. Бұған дейін баспасөзде де, ғылыми конференцияларда да, тіпті Парламентте де талқыға түскені есімізде. Алайда қауқарлы бір заңмен реттеліп, мөрмен бекітілген жоқ.
Не десек те, оқу орындарында діни сауат аштыру тәжірибесі көптеген дамыған елдерде жүзеге асып келеді. Нәтижесіз де емес. Еуропалық Psihologies журналы сарапшыларының пікірінше, көпұлтты Францияда немесе Германияда діни қақтығыстар мен түсініспеушіліктердің көп орын алмауы осы ел тұрғындарының діни сауатының арта бастағандығын көрсетеді. Біздің елде де мұндай келеңсіздіктер әзірге орын ала қойған жоқ. Алайда «жау жоқ деме, жар астында» деген қағиданы есте сақтап жүргеннің артықтығы болмас, ерте ме, кеш пе, діни сауат ашу мәселесі алдымыздан кесе-көлденең шығатыны анық. Бұл бүгіннің өзінде байқала бастады деуге болады. 

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста