Медициналық қызмет түрлерін ақылы жасауды көздеп отырған жаңа жүйені қолдайсыз ба?

Медициналық қызмет түрлерін ақылы жасауды көздеп отырған жаңа жүйені қолдайсыз ба?

Денсаулық сақтау министрлігі жақтан шыққан жылт еткен жаңалықтың өзі елең еткізбей қоймайды. Өйткені «бірінші байлық - денсаулық». Оның үстіне, «адамдардың денсаулығы нашарлап барады» деп әлем ғалымдары дабыл қағып отыр. Денсаулық күзетіндегі министрлік, сіздерге өтірік, бізге шын, күні кеше медициналық қоғамдық ұйымдардың «таласына» «медициналық қызметті ақылы ету» туралы ұсыныс айтып, енді жауап күтіп отырған сыңайлы. Назар аудартпай қоймайтын бұл тақырыпты біз де «Ой-көкпарға» салдық.

Жеткерген Арзықұлов, медицина ғылымының докторы, профессор:
Иә

– «Денсаулық сақтау министрлігі жаңа төлем жүйесін енгізуге дайындалып жатыр» деген ақпарат ел арасына тез тарап кетті. Әрине, «басты байлық – денсаулық» бол­ғандықтан, халықтың алаңдайтын жөні бар. Өздеріңіз де білесіздер, сөз болып отырған жаңа жүйенің жай-жапсары дәл бүгінгі күндері медициналық қоғамдық ұйымдардың талқысына түсіп, қызу пікір­талас туындатып отыр.
Бір ескерте кетерлігі, қоғамдық ұйым­дардың талқысына түсті деген сөз бүгін-ертең күшіне еніп, жүзеге аса қалады деген сөз емес. «Жеті рет өлшеніп барып, бір рет кесіледі» ғой. Ол жүйе тәжірибеге, мүмкін, бірнеше жылдан кейін ғана енетін шығар, кім біледі... Ал менің жеке пікіріме келсек, қазір нарық заманы. Нарық заманында үнем дегенді білмесең, халің мүшкіл болғаны.
Егер мемлекетіміз ұсақ-түйектің барлығына бірдей шашыла беретін болса, біз ертеңгі күні экономикамызды құл­ды­ратып алмаймыз ба? Ал экономикасы тұ­рақты дамып отырмаған елдің ертеңінің өзі бұлыңғыр. Тек бүгінмен өмір сүруге бол­майды: ертеңіміз бар. Осы жағын да ұмытпайық. Әркім өзінің жеке басын емес, еліміздің болашағын ойлауы керек.
Расымен де, егер науқастың ауруы оның өміріне еш қауіп төндіріп тұрмаса, неге өзінің еміне өзі шығынданбасқа?
Әрине, егер кімде-кім, шынымен, қатты сырқаттанып тұрса, тегін медици­налық көмекті пайдаланады. Бір айта кетерлігі – жаңа жүйеде тіпті аурудың ал­дын алып, денсаулығын күту үшін қаралып жүрген адамға медицина ақылы қызмет көрсету көзделіп отырса да, ол ақша кө­лемі адам­дардың қалтасын көтеретіндей болуы қажет. Тым қымбаттатуға болмайды. Мәселен, зейнеткерлер мен жұмыссыз­дардың жағдайын естен шығармауымыз керек.
Естуімше, жаңа жүйеде жедел жәрдем де кей жағдайда ақылы қызмет көрсетсе деген ұсыныс жасалғанға ұқсайды. Бұл жерде айтарым мынау: шынымен де, егер адам болмашы нәрсеге бола жедел жәр­дем шақырса, кейін дәрігер оның ден­саулығына төніп тұрған қауіптің жоқ еке­нін анықтаса, жағдайы қалыпты болса, мүмкін, жедел жәрдемге ақы төлегені дұ­рыс та шығар. Өйткені біршама шығын кетті ғой. Аурудың деңгейіне қарай ақы төлейтінін біліп тұрса, адамдардың өздері де ойланады. Қажет болса, әрине, ша­қырады.
Жаңа жүйе несімен тиімді болмақ? Ең бастысы, адамдардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырады. Сал­ғырт салақтықтан арыламыз. Өкінішке қарай, ауруды асқындырып алатын жаман әдетімізден арыла алмай келеміз. Уақтылы қаралмай, ертеңге қалдыра беретін адам­дардың бар екендігін жоққа шығаруға болмайды.
Ауырмайтын жол іздесек, адамдардың өздеріне жаман ба? Міне, жаңа жүйе, бәлкім, осы жағына ықпал ететін шығар деп ойлаймын.

Тұрарбек Төлендиев, Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі:
Жоқ

– Бұл – ақылға қонымсыз дүние. Егер менің пікірімді білгілерің келіп оты­рса, мен үзілді-кесілді қарсымын. Елімізде тұр­мыстық жағ­дайы төмен адамдар аз ба? Жұмыссыз жүр­ген­дер мен зейнет­керлерді қайтпекпіз? Ауыл­дағы ағайын ше? Қарапайым халықтың басым бөлігі бір жыртығын жамаса, енді бір жырты­ғын жамай алмай күй кешуде. Соларды неге ойламайды құзырлы министрлік?
Қит етсе болды, шетелді мысалға алады. Сол мысалға алынып отырған шетелдердегі әлеуметтік жағдай біз­дікімен салыстыруға тіптен келмейді де. Алдымен әлеуметтік, экономикалық жағдайымызды соларға теңес­тірейік, ақылы медицинаны содан соң барып ойлануға болатын шығар. Өзге елдердің тәжірибесі бізге «жерсініп» кете ала ма, жоқ па, соны ескеру керек.
Ең дұрысы, қандай жаңалық, ре­форма, өзгеріс енгізсек те, өзімізге, яғни дала мен қаланың жағдайына бейімдеп, қазақы үлгісін жасауға тиіспіз.
Біздің даламыз кең-байтақ, шалғай жатқан ауылдар қаншама, онда тұрып жатқан азаматтарымыз да аз емес. Өзде­ріңіз білесіздер, олар тіпті нанын әрең тауып жеп отыр. Солар қайтпек?
Егер министрлік аурудың алдын алып, халықты өз денсаулығын өзі күтуге жете­легісі келеді екен, медициналық сақтан­дыру полисін енгізсін. Әрине, мұндай аса маңызды, жауапты шаруаны анау бір жылдардағыдай алаяқтың қолына емес, ары таза жанға табыстау керек. Мәселен, жұмыс істеп жүргендерге жұмыс беруші, ал зейнеткерлерге үкімет қаржы бөліп, оны олар тек денсаулығы үшін ғана пай­даланатындай етіп жасау керек. Мәселен, банк карточкасына бір жылға 50-60 мың теңге аударды делік, олар оны үнемдеп тек денсаулығына жұмсаса, өз­дігінен аурудың алдын алуға бейімделеді. Егер жай ғана ыстығы көтеріліп, оны дәрігердің көмегінсіз емдеуге болатынын біліп тұрса, тиесілі ақшасын үнемдеуге ты­рысады да, яғни емхана, ауруханаға шапқылап, жедел жәрдем шақырмайды. Осыдан барып ауырмайтын жол іздейді.
Денсаулық сақтау министрлігінің бас­шылығы мұндай жаңа жүйе арқылы бір жағы медициналық қызметтің сапасын көтеруіміз мүмкін деп те ойлайтын шығар, – қателеседі. Сапаны жақсарту үшін дә­рігерді белгілі бір мөлшерде сынақтан өткізіп тұру аз. Ол үшін сонымен қатар оның бір жыл бойғы жұмысына сараптама жасап, қандай нәтижеге қол жеткізгенін ескеру керек. Мәселен, қанша адамды қабылдады, оның қаншасы қай мезгілде емделді? Сонымен қатар жасаған отасының қалай аяқталғанын да есепке алып отыру қажет. Мамандардың қарым-қабілетін осылардан да білуге болады. Егер дәрігер жақсы жетістіктерге қол жеткізсе, оның жалақысын неге өсірмеске? Міне, сонда кім болса да, өзін-өзі жетілдіруге тал­пынады. Сапаның кепілі осы дер едім.
Ал барлық медициналық қызмет түр­лерін ақылы жасау дұрыс емес. Бұл – өте шетін мәселе. Қоғамның талқылауынсыз шеше салуға әсте болмайды. Оған Үкімет те жол бермейді деп ойлаймын.

Түйін
Владимир Потапенко, Алматы қаласының Жедел жәрдем стансысы бас дәрігерінің орынбасары:
– Мұндай жүйеге мен қарсымын. Біздің елдің халыққа тегін медициналық қызмет көрсетуге әлеуеті жетеді. Ал халықтың басым бөлігінің ақылы көмекке жағдайы жоқ. Қалталы адамдар онсыз да жеке клиникаларда емделіп, тіпті шетелге кетіп қалып жүрген жоқ па?
Жедел жәрдем жүйесіне тіптен еш өзгеріс енгізуге болмайды. Аты айтып тұрғандай, ол науқастарға әркез жедел жәрдем көрсетуге дайын болуы тиіс. Бұл – асығыс, ойланбай жасалынып отырған ұсыныс. Қоғамдық ұйымдар мұны қолдамайтын болар. Құзырлы министрлік те бұл мәселені мейлінше екшеп, оны барынша байыппен шешеді деген үміттемін. Тек қоғамдық ұйымдардың ғана емес, халықтың да талқысына салу керек. Олар не дейді? Халықтың да пікірі назарға алынуы тиіс. Қысқасы, мұндай маңызды істе асығыстық танытып, қателікке жол беріп алмайық.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста