Медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғайтын ассоциация құру қажет пе?
Медицина қызметкерлерінің үстінен айтылатын арыз-шағым күн өткен сайын көбеймесе азаяр емес. Осыған орай кейбір мамандар «науқастар ауруы асқынған соң ғана дәрігер алдына келіп, оқыс жағдай тіркеле қалса дәрігерді кінәлап шыға келеді. Бұл жағдайда науқастардың құқығын қорғаушылар табылып, дәрігерлердің құқығы қалыс қалады. Сондықтан медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғайтын арнайы ассоциация құру қажет» деген пікір айтуда. Әйтсе де бұл пікірге қарсы пікір айтушылардың да өз уәждері бар. Тараптардың пікірін ой-көкпарға тоғыстырып көрген едік.
Мақсұт ТЕМІРБАЕВ, медицина ғылымының докторы, профессор, академик:
иә
– Бізге медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғайтын ассоциация қажет. Рас, қазір қауымдастықтар көп. Мәселен, тіс дәрігерлері қауымдастығы, ревматолог дәрігерлер қауымдастығы дегендей. Бірақ олардың әрқайсысының атқаратын функциясы әртүрлі. Сондықтан бізге тек қана дәрігерлердің құқықтарын қорғаумен айналысатын, осы төңіректегі дау-дамайды тиімді шеше алатын, осылайша, қоғамға мәселенің шығу төркінін жан-жақты түсіндіріп бере алатын қауымдастық жұмысы қажет-ақ. Әйтпесе біржақты қаралаудан дәрігерлерге деген қоғамның көзқарасы да өзгеріп бара жатыр. Барлығына дәрігерді кінәлау, тіпті әдетке айналды деуге болады.
Айта кетерлік жайт, бізде Ұлттық медициналық дәрігерлер қауымдастығы бар.
Олардың қызметіне дәрігерлердің мәселесін көтеріп, құқықтарын қорғау кіреді. Әйтсе де, әлі де болса олар көтерер мәселе көп. Аталмыш қауымдастық дәрігерлердің жалақысы, әлеуметтік жағдайы секілді медицина қызметкерлерінің жеке мәселелерін министрліктің алдына ұдайы жеткізіп, ал олардың біліктілігіне қатысты дау тудырған мәселенің анық-қанығына жетуге тырысып-ақ жатыр. Әйтсе де, әлі де болса оларға мүмкіндік пен мәртебе берсек дұрыс болар еді. Таяқтың екі ұшы бар. Кейде науқастар дәрігер алдына ауруын асқынтып келеді де, дәрігер оған қанша көмектесуге тырысса да қолынан келмей жатады. Мұндай кездері науқас алдымен өзінен кінә іздеуден бұрын, дәрігерлерді жазғыруға даяр тұрады. Рас, дәрігерлердің де қателесетін кезі болады. Ондай кездері дәрігер өз жазасын алуы тиіс. Осы жағдайларда дәрігерлер үстінен оңды-солды жазылатын арыз-шағымдардың ақ-қарасын анықтап берер қауымдастықтың жұмысы маңызды. Әйтпесе, бүгінгі күні бірін-бірі кінәлаған дәрігер мен науқастың дауынан көз аша алмай қалдық.
Тұрғындардың да өз денсаулықтарына салғырт қарамайтындай сана-сезімін өзгертер кез жетті. Бізде тұрғындар өз денсаулығына тым салғырт қарайды. Жылына бір рет денсаулығын толық тексеруден өткізіп, аурудың алдын алуға да құлықсыз. Сондықтан заманға бейімделіп, тұрғындардың денсаулығына қатысты көзқарасын өзгертер кез жетті. Негізі, тұрғындардың денсаулығына, дәрігерлердің мамандығына деген жауапкершілігін күшейтсек, бәрі өз орнына келер еді.
Нағима ПЛОХИХ, «Салауатты Азия» қоғамдық қорының президенті:
жоқ
– Жоқ, бұл – қате пікір. Меніңше, медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғайтын ассоциация құру – артық дүние. Қазір Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан науқастардың құқығын қорғайтын қоғамдық кеңес құрылған. Қоғамдық кеңестің жұмысын денсаулық сақтау министрі Салидат Зекенқызы өз қадағалауына алған. Мұндай қоғамдық кеңестер облыстық денсаулық сақтау басқармалары мен қалалық денсаулық сақтау басқармаларының да жанынан құрылған. Бұлардың барлығы медициналық көмек көрсетудің сапасын арттырып, дәрігер мен науқас арасында туындаған дауларды әділ шешу мақсатында құрылған. Яғни Денсаулық сақтау министрлігінің өзі дәрігерлер мен науқастардың құқығын қорғауға мүдделі болып отыр.
Мұның сыртында бізде толып жатқан ассоциация мен қоғамдық ұйымдар да жетерлік. Ендеше, бұлардың санын көбейте беруден біз не ұтамыз?
Мұндай қауымдастық атауының өзі құлаққа түрпідей тиетін секілді. Медицина қызметкерлерінің құқын қорғайтын ассоциация дәрігерлерді науқастан қорғай ма сонда? Онсыз да медицина қызметкерлерінің салдарынан мүгедек атанып немесе жақынынан айырылып, қайғы жұтып отырған отбасынан қорғай ма сонда?.. Олар онсыз да бүкіл медицина саласына ашулы болып отырғанда мұндай қауымдастықтың келіп іске араласуы тұрғындардың ашу-ызасын тудырады. Сондай-ақ мұндай ассоциацияның құрылуы халықтан қорғану болып табылады. Ал халық деген өзіміз ғой. Ендеше, өзімізден-өзіміздің қорғануымыз артықтау секілді.
Соңғы кездері қоғамдық ұйым, қоғамдық кеңес, ассоциация, бірлестік құру деген секілді әңгімелер көбейіп кетті. Сонда біз қай уақытта нақты медициналық жұмыспен айналысамыз?! Айта кетер жайт, осы мәселенің барлығы тиімді шешілуі үшін біз науқастардың құқы туралы заң қабылдауымыз керек. Онда дәрігер мен науқастың құқы, міндеті айқын көрсетілуі қажет. Осы заңның аясында құқық қорғау орындары істің анық-қанығына жетіп, дәрігер мен науқас арасындағы дауды әділ шешуі керек. Менің ойымша, бізге ассоциация құрудан гөрі, барлық жағдай егжей-тегжейлі көрсетілген заңның қабылдануы пайдалырақ болатындай.
Бейтарап пікір
Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА, «ЭКОМЕД» клиникасының директоры, эмбриолог-ғалым:
– Бізде 20 жылдан бері осы мәселе бойынша жұмыс істеп келе жатқан Ұлттық медициналық ассоциация бар. Олар науқастардың ғана емес, дәрігерлердің де құқықтарын қорғаумен айналысады. Бірнеше жыл бұрын Шымкентте қырым безгегі тіркелгенде аталмыш ұйым іске араласып, істің ақ-қарасын анықтап, дәрігерлерді қорғап шықты. Ассоциация құрғысы келсе, әр адамның еркі ғой. Бірақ осы ұйым жұмыс істеп тұрғанда олардың санын қаптата беріп қайтеміз деп ойлаймын.