Көрші мемлекеттер тәрізді метадоннан біз де бас тартуымыз керек пе?
Елімізде нашақорларды емдеуде есiрткiнi алмастырушы метадон препараты жаппай қолданылады. Есiрткiнi алмастырушы дәрiге қол жеткiзу үшiн нашақорларға наркодиспансерде тiркелу жеткiлiктi. Дәрiгерлер тәуелдiлiктiң деңгейiн анықтап, науқасқа қажеттi доза мен қабылдау жиiлiгiн белгiлейдi. Осыдан кейiн нашақор белгiленген мерзiмде наркодиспансерге келiп, мамандардың бақылауында метадон қабылдайды. Препараттың әсерi басылған соң, жөнiне кете бередi. Яғни есiрткiнi қылмыстық топтардан жасырын түрде сатып алып, қыруар қаржысын жұмсайтындар ендi оны алмастыратын дәрiнi ешкiмнен жасырынбай-ақ тегiн ала алады. Пайдасы мен зияны қатар айтылып жүрген метадонды Ресей, Өзбекстан секілді көрші мемлекеттер қолданудан бас тартты. Ал біздің елімізде әлі қолданыста. Осы орайда көрші мемлекеттер секілді метадоннан бізге де бас тарту керек пе деген сауалды мамандар назарына ұсынып көрген едік...
Белгібай ШАХМЕТОВ, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің психиатрия, психотерапия және наркология кафедрасының профессоры
Иә
– Иә, көрші мемлекеттер секілді біз де метадоннан бас тартуымыз керек. Олар метадоннан бекерден-бекер бас тартқан жоқ. Оның пайдасынан гөрі зияны басым түсіп жатқанын көрген соң, оны емдеу әдісінен алып тастады. Жалпы, нашақорларды емдеудегі қойылатын басты талап психоактивті заттарды қолданудан мүлдем бас тарту болып табылады. Ал метадонды қолдану арқылы біз бұл талапты бұзып отырмыз. Яғни бір наркотикалық заттан бас тартқанымызбен, екінші бір наркотикалық затқа тәуелді болып отырмыз.
Метадон – құрамында наша тектес элементі бар препарат. Оның әсерi есiрткiнiң ең күштi түрi саналатын героин мен апиыннан еш кем емес. Егер артық доза қабылдаса, оның соңы өлiмге әкелуi мүмкiн.
Осы орайда метадонды емдік әдіс дегеннен гөрі нашақорға уақытша көмек көрсетеді деуге болады. Сонда емдік әдісі жоқ, тек нашақорға көмек көрсететін дәріні нашақорларға тегін тарату кімге керек болып отыр? Ашып айтсақ, метадонды қолдану арқылы біреулердің жекелеген бизнесіне ақша құйып отырмыз. Мемлекет нашақорға метадонды беруді тоқтатқан кезде ең алдымен қиналатын нашақор болады. Өйткені метадон қолданған нашақор есірткіге деген тәуелділіктен ажырай алмайды. Яғни бұл технология нашақорларды емдеуден гөрi бақылауда ұстап отыруға бағытталған. Тіпті метадоннан нашақорды айықтыру есірткіден емдеуден де қиын. Метадонды қолдану арқылы нашақорды ғана емес, бүкіл қоғамды алдап отырмыз. Осы үшін одан бас тартуымыз керек. Нашақорға көмегі жоқ дәріні сатып алу арқылы тек қана біреулердің жеке бизнесін гүлдендіріп отырмыз. Шынына келсек, оның құны есiрткiден де қымбатырақ. Бүкiл елдегi инемен наша қабылдайтындарды метадонмен үздiксiз қамтамасыз етiп тұру үшiн қыруар қаржы керек. Есiрткiге елiткендердi жарылқауға осынша қаржы жұмсаудың қажетi қанша? Нашақорларды толықтай айықтыратын дәрі болса, сөз басқа еді. Негізі, нашақорды емдейтін, айықтыруға бағытталған басқа да дәрілер жеткілікті. Неге соларды қолданбасқа?! Оның ағзада тәуелдiлiк тудырмайтыны ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Әрi есiрткi тектес препаратты нашақорға өз қолымызбен беру арқылы оның осы зиянды әдетiн қолдағандай қалып танытамыз. Науқас мұны солай қабылдауы әбден мүмкiн. Сондықтан оның бойында тәуелдiлiктен арылуға деген құлшыныс сөнiп қалады. Өз кезегiнде бұл жағдай нашақордың тезiрек жазылуына керi ықпал етері де сөзсіз. Ресей метадонды қолданудан бас тартып қана қоймай, оны ем ретінде енгізуге ықпал еткен бас наркологті қызметінен босатты. Ақыры, мемлекеттен арнайы ақша бөлініп отырғаннан кейін нашақорды айықтыратын, пайдалы басқа дәрі сатып алу керек.
Сәуле ДИҚАНБАЕВА, Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының директоры
Жоқ
– Көрші мемлекеттер секілді метадоннан түбейгейлі бас тартуды қолдамаймын. Рас, оны барлық нашақорларға жаппай қолданудың қажеті жоқ, тек инеге тәуелділерге қолдануға болады. Өйткені аталмыш технологияны қолданудың тиiмдi тұстары да бар.
Мәселен, метадонды қолданған нашақор дәрiгерлердiң бақылауында болады. Яғни артық доза қабылдаудың алдын алуға мүмкiндiк бар. Көптеген нашақорлардың артық доза қабылдап қою арқылы о дүниеге аттанып жататынын ескерсек, метадон әдісі қолайлы деуге болады. Екiншiден, нашақорлар есiрткiнi топ болып қабылдайды да, көбiне бiр иненi қолданады. Ал бұл ВИЧ сияқты қауiптi вирустардың таралуына жол ашады.
Оған дәлел – елiмiздегi ВИЧ жұқтырғандардың 50 пайыздан астамы – инемен есiрткi қабылдаушылар. Демек, аталмыш технологияны қолдану арқылы ВИЧ инфекциясының таралуын да тежеуге болады екен. Мамандар метадонның пайдасы жөнінде келтіріп жүрген тағы бір дерек бар. Статистикалық мәлiметтерге сүйенсек, 2009 жылы орын алған аса ауыр қылмыстардың шамамен 35-40 пайызы есiрткiге елiткендердің үлесінде екен. Егер нашақор есiрткiнiң орнына метадонды қолданса және бұл процесс мамандардың бақылауымен жүзеге асса, жан түршiктiрер қылмыстардың азаюына септігі тиюі мүмкін. Осы орайда метадоннан толық бас тартпай, оны нашақорлардың белгілі бір бөлігіне қолданып отыруға болады дер едім.
Рас, метадонды бізден бұрын ем ретінде қолданып жүрген мемлекеттер метадонның емдік әдісінің төмен екенін айтуда. Демек, жаппай қолдану тиімсіз. Бәлкім, осылайша біртіндеп бас тарту арқылы біз метадон қолданудан мүлдем айығып қалуымыз да мүмкін. Ал әзірге нашақорлардың белгілі бір бөлігіне метадонға деген қажеттілік бар.
Бейтарап пікір
Гүлнар АЛТЫНБЕКОВА, «Нашақорлықтан арылу» қоғамдық қорының директоры:
– Метадон, негізі, мүлдем айықпайтын, айыққысы келмейтін нашақорларға қолданылуы керек. Өйткені метадонның емдеуден гөрі көмек ету әсері басым. Оларға метадон беру арқылы есірткі іздеп, есірткі бизнесіне үлес қосуына кері ықпал ете аламыз. Мен метадон қолданылып жатқан көптеген нашақорлармен сөйлескенімде, «қазір азаннан кешке дейін героинды қайдан алу туралы ойдан арылдық, керісінше, жұмысқа тұрғымыз келеді» деп жауап берді. Осы орайда маған «бәлкім, олардың героин туралы ойлағаннан гөрі жұмыс жайлы ойлағаны дұрыс шығар, өмірге құштарлықтары оянар» деген ой келеді. Дегенмен бізге метадоннан басқа тиімді әдіс керек деп ойлаймын.