Қазақта той жасауға қуаныш та, сылтау да жетерлік. Әрине, оған «тәубе» дейсің. «Той – тәңірдің сыйы» дегендер «қу басын домалатып», тойлатып жүре береді. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде «Бір қой сойсаң да, той жаса» деуі арқылы адам өміріндегі ең маңызды той – шаңырақ көтеруді атаусыз қалдырмау керектігін айтса, екінші жағынан, шығынға, ысырапшылдыққа жол бермеуді де меңзейді. Той мемлекет бюджетіне ауыз салатынын білсек, аста-төк шығыннан әлдеқашан бас тартар едік. Тәжікстан айран-асыр тойға тосқауыл қойып, жылына 2 млрд доллар жұмсайтын Қырғызстан да бұл мәселені жуық арада заң жүзінде шешпекші. Себебі ел үшін, одан да маңызды дүние жетерлік. Оңтүстік Корея, Жапония сынды дамыған елдердің халқы жинаған ақшасын ең әуелі баласының оқуына жұмсайды екен. Ел экономикасын ойлаған әр азамат осылай істер болса, біздің ел де, бәлкім, экономикасы, ақпараттық технологиясы мен ғылым-білім арқылы танылған ел қатарына әлдеқашан қосылар ма еді?
Бекболат ТІЛЕУХАН, Мәжіліс депутаты
Иә
Ауылды жерге барсаңыз, тойханалар ашып тастаған. Бұл деген – үлкен бизнес. Елдің бәрі бұрынғыдай көп бала тумай, екі-үш-ақ бала табады да, сол баланың сүндет тойын, тілашарын, туған күнін, велосипедтен құлап, аман қалғанын, бір сөзбен айтқанда, не болса, соны тойлай беретін болды. Біріншіден, бұл – экономикалық жағдайдың жақсылығы. Екіншіден, қазақ деген қонақжай, қуанышын бөліскенді жақсы көретін халық. Кейде мақтан үшін жасауы мүмкін. Заңнамалық тұрғыда тыйым салар болсақ, қиянат болады. Алдымен адамның санасына жол табу керек. Шын мәнінде, бұл – ысырап.
Ананы-мынаны той қылып жасай бергеннен гөрі, оған кететін шығынды балалардың оқуына берсе, ағылшын тілін үйренуге, я болмаса, математикасын тереңдетуге жұмсаса болар еді. Осы ретте ел кез келген нәрсенің маңыздылық ретін айқындай алмай отыр. Ненің аса маңызды, ненің аса маңызды емес екенін білмей отыр. «Міне, мен адам болдым, бұл – кісіліктің белгісі, мен де той жасап жатырмын» деген секілді жүректің түпкіріндегі рия, жүректің түпкіріндегі мақтаныш осы кезде қазақтың тойы арқылы қатты белең алып, көрініп жатыр. «Ысырапқор – шайтанның туысы» деген қазақтың сөзі бар. Ауданның 70, 80 жылдық тойын ат шаптырып, той жасағанша, елдің алдында есеп беріп, тағылымды конференциямен шектелсе де, жетер еді. Сол ауданға ешқандай қатысы жоқ атақты адамдарды жинап алып, соларға киіз үй құрып, ауыл адамдары сол киіз үйдің сыртында қалып жатады. Бұл – ешкімге керегі жоқ дүние. Той жасау бағдарламасының жөн-жосығын, өлшемін жасау керек. Сырттан Алматы мен Астанадан атақты жазушылар мен журналистерді шақырады да, әрқайсысының қалтасына ақшасы, қаламақысы беріледі. Дуылдатады-дуылдатады, сонымен той өтеді. Сол ауданның ғимаратын, жолын, жылу жүйесін жөндетуге, мешіт салдыруға мән бермейді. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлайық деп жатырмыз. Бұның басты мақсаты – есеп беру, бас-аяғын бағамдау, мемлекетіміздің қалыптасқандығының қадірін білдіру, мемлекетшілдік санасын қалыптастыру. Барлығын реттеп, жүйелеп, жөн-жөсығын жасаса, әдемі дата. Егер ысырапшылдыққа, даңғаза, асау жиын, тентек тойға ұласып кететін болса, одан тек қана зиян шегеміз. Сосын мұндай нәрсе электораттың, халықтың ызасын туғызады. Бес-он тиынға зар болып отырған қазаққа сырттан кеп бір өлең айтып, бәленбай мың доллар алып кететіндер үшін берілген ақша – аста-төк. Одан да осы тойға орай, ҰОС ардагерлеріне, мүгедектерге, жетім-жесірлерге әлеуметтік көмек берілсе, пайдасы зор болар еді.
Қыдырәлі БОЛМАН, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, продюсер:
Жоқ
Кеше маған «шоу бағдарлама жасауға продюсер болсаңыз» деп бір адамдар келді. Асаба, той мәселесін қолға алу керек. Мәселе, бізде Мәдениет министрлігі өз жөнімен, шоу-бизнес өз бетімен, той өз бетімен жүр. Арасында байланыс жоқ. Той да – мәдениет, тәрбие, әдеп, шоу мен рухқа байланысты дүние ғой. Адам баласын той арқылы тәрбиелеуіміз керек. Сол кісілердің ұсынып отырған бағдарламаларында асабалардың шоуы, жұмыс үстінде оларды тексеру, оларға бәйге өткізу мәселесі қаралған. Оның ішінде тұсаукесерден бастап, баланың бір жасы, үш жасы, бес жасы, ары қарай деңгейлік бағдарламаны жасап, дәстүрді жаңғырту бар.
Тойды да мәдениеттің, рухтың насихаты ретінде пайдалануымыз керек. Кез келген дүние тойдан басталады. Сондықтан тойдың бір үлгісін жасап, бір ретке келтірмей болмас. Ол үшін телевизиялық тыңғылықты бағдарлама жасауымыз керек. Мысалы, өз басым осы уақытқа дейін «Азия дауысынан» бастап тоқтаусыз істеп келе жатқан жұмысымды айтар болсам, қазір Қазақстанда «АБК» сияқты үштіктер 50-ге жуықтады, «Ұлытаудың» форматындағы музыкант, орындаушы, топтары бары 220-дан асты. Соңғы 10-12 жылдың көлемін байқасаңыз, бүкіл эстрадаға келген әншілер домбыраны қосуға құлшынған. Домбыраны шоу-бизнеске, эстрадаға әбден кіріктірдік. Екінің бірі домбырамен шығады не домбыраны эстрадаға қосады. Осылайша мен шоу-бизнесті қалыптастыруға күш салдым. Аллаға шүкір, қазіргі шоу-бизнес қазақы кейіпке еніп келеді. Солай емес пе? Ал осыдан он жыл бұрын қандай едік?
Англия королевасы маған алтын орден бергенде «Әлемдік шоу-бизнеске этно-музыканы қайта түлетіп, жаңғыртып, үлес қосқаны үшін» деп берді. Оның нәтижесін қазір көріп отырмыз. Сол секілді, той да — жылдар бойы жасалатын дүние. Қазақтың әлем халықтарынан айырмашылығы, ерекшелегіміз – иманымызда, рухымызда, әке-шешелерімізді қарттар үйіне апарып тастамайтындығымызда, бауыр, бала-шағаны тастамай, жетім-жесірімізді жылатпайтын халық екендігімізде. Сол ерекшелігімізді тойларда, іс-шараларда кеңінен насихаттай аламыз. Оған көп қаржы салып керек емес. Тойымыз санамызды, рухымызды, әдет-ғұрпымызды қалыптастыратын нәрімізге айналса игі болар еді.
Бейтарап пікір
Қайрат БАЙБОСЫНОВ, ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әнші:
— Той деген өзінің байлығын, мансабын көрсететін дүние емес. Оны өзіңнің жақын-жуықтарыңды, пікірлес, ниеттес, әріптестерді ғана шақырып, қарапайым, сыпайы түрде өткізу қажет қой. Бүгінде «Свадебный генерал» («той генералы») деген ұғым шықты. Атақ-даңқына бола, сол тойға қатысы шамалы атақты біреуді кісі салып шақыртып, тойдың мерейін өсіреміз деп, дәреже көру жиілеп кетті. Қаражат, мүмкіндігі бар байлар жасай берсін, ерік өздерінде. Ал оның кесірі қарапайым адамдарға тиіп жатыр. Мысалы, үйлену тойларында екі жақ келісімді түрде шағын той жасап, қалған қаражатты балаларға берсе, болады ғой. Несие алып, соңғы малын сатады, сосын қарызға белшесінен батып қалады.