Көркем әдеби кітаптарды басумен айналысатын мемлекеттік баспахана керек пе?
Бүгінгідей нарық қыспағында ақын мен жазушы өз шығармаларының жемісін жей алмай отырғаны анық. Бұрынғыдай қомақты қаламақыдан қағылған қазақ қаламгері өз күнін өзі көріп келеді. Жоғарыдағылар болса «бүгінгіні паш ететін әдебиет неге жазылмай жатыр» деп, оларды жазғыруға дайын. Кеңес өкіметі тұсында жазушының кітабы сан мыңдаған тиражбен басылып, өз оқырманына сөзсіз жететін. Мұны өткеннің әңгімесі делік. Алайда осындай игіліктер бүгінгі Тәуелсіздіктің туын желбіреткен ұлт әдебиетіне неге жасалмайды? Ал қаптаған баспалар көркем әдебиетті дамытуға ынталы емес. Осыдан келіп талғамсыз дүниелер алға шыға бастады. Бәлкім, бізге кітап басу мен оны таратудың біркелкі жүйесін жасап, көркем әдеби кітаптарды басумен айналысатын мемлекеттік баспахана құру қажет шығар? Бұған қаламгерлердің өзі не дейді?
Оразақын АСҚАР, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
Иә
– Әдебиеттегі мәселелер ала-құла бола бастаған бүгінгі кезеңде лайықты көркем шығармаларды ғана басатын арнайы мемлекеттік бір баспа керек-ақ. Қазір кез келген баспа өз білгенін істеуде. Соның салдарынан ешқандай сараптамадан өтпеген, сауатты редактордың қолы тимеген ортаңқол дүниелер әдебиетімізге жолдан келіп қосылып жатыр. Осы олқылықтарды жөнге келтіруде мемлекет өзі үшін кешенді түрде жоспар жасап, дұрыс жүйе қалыптастыруы керек. Ол үшін Мәдениет министрлігі Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп іс жүргізуге тиіс. Өйткені осы шығармашылық одақтың маңайында ағымдағы әдеби процестің тамырын баса алатын талғампаз қаламгерлер баршылық. Ендігі кезекте мемлекеттік баспа жұмысын жолға қойып, Жазушылар одағының сүзгісінен өткен шығармаларды ғана сол баспадан басып шығару керек.
Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыспен осы баспадан кітабы шыққан қаламгерге тиісті қомақты қаламақы есептелуі тиіс. Осы мәселелерді ретке келтіру арқылы біз ұлт әдебиетін талғамсыз дүниелерден біршама тазартқан болар едік. Әйтпесе, қазір – кімнің ақшасы бар, сол «жазушы» деген атқа ие болғысы келіп жүрген заман. Рас, бүгінде кез келген баспа тендерге қатысып, мемлекеттік тапсырыс алып, кітап басумен айналысуға құқылы. Бұл өз кезегінде тендердің төңірегінде тамыр жая бастаған жемқорлыққа үлкен жол ашып береді. Әрине, қаптаған жекеменшік баспаханалар өз жұмысын тоқтатпайды. Бірақ әдебиет мемлекеттік идеологияны насихаттаудың бірден-бір құралы болғандықтан, жекеменшік баспаханаларды да бақылауға алмай болмас. Мен өзім біраз жыл баспаларда қызмет еткендіктен, ол саланың кем-кетігін жақсы білемін. Меніңше, мемлекет қыруар қаржысын тендер арқылы аты бар да, заты жоқ жолбике баспаларға бөліп бергенше, көркем әдебиетті қамқорына алатын бір баспаның жұмысын жандандырып алып кетсе болар еді. Тәуелсіз ел болып отырған кезімізде өз қаламгерлерімізді жарылқай алмай отырғанымыз қалай? Қазіргі қазақ әдебиетінде жақсы дүниелер баршылық, бірақ соны ұқсату жағы кемшін. Ол үшін көркем әдебиетті кітап етіп бастыру және оны тарату жүйесін мемлекет өз қолына алуға тиіс.
Қазыбек ИСА, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Тұран» баспасының бас директоры:
Жоқ
– Бүгінгі нарықтың қатал заңдылықтары кез келген саланың жұмыс істеу тәсілдеріне біршама өзгерістер алып келді. Кезінде көп нәрсе бір жүйеге бағынып, бір орталықтан басқарылды. Қазақ әдебиеті де кеңес идеологиясына қызмет етуге мәжбүр болды. Себебі ол тұстағы билік қаламгер атаулыға өз ісін жүргізу үшін аямай ақша құйды. Егер де қазіргі жағдайда біз көркем әдеби кітаптар өндірісін қайтадан орталықтандырсақ, онда әдебиеттегі белгілі бір топтың монополиясын тудырып аламыз. Ал мұндай бір бағытты ғана ұстанған жүйе ешқандай бәсекелестік тудырмайды. Бұл жалпы әдебиетіміздің дамуына да кері әсер етеді. Бәсеке жоқ жағдайда отандық полиграфия өндірісі де алға жылжымайды. Сондықтан да көркем әдеби кітаптарды басумен айналысатын мемлекеттік баспахана құрып, көркем әдебиетке монополия жүргізгеннен ұтарымыз жоқ.
Әрине, мұндай баспа құрылса, ата-бабасын түгендеп, өмірбаяндық кітап жазып және мұнысына сыйлық дәметіп, «жазушымын» деп кеуде керіп жүргендердің сәл де болса жолы кесілер. Бірақ қоғамымызда баяғыдан бар бұл тенденцияны мемлекеттік баспахана ашумен шектей алмаймыз. Жекеменшік коммерциялық баспалар үшін кітап көркем әдебиет емес, ол – саудаға салынатын тауар ғана. Сондықтан да оларға мұқабасы да әдемі безендірілген, авторы да танымал, қызықты кітапты басып шығару өте тиімді. Нарықтың осындай заңына шектеу қоя алмайсың. Қазақ әдебиетін көркейту үшін мемлекеттік баспа құрғанша, оның орнына мемлекеттік деңгейдегі мықты көркемдік кеңес немесе әдеби-сараптамалық орталық құру қажет.
Міне, осы кеңестің талқысына төтеп берген нағыз туындылардың тізімі жасалып, олар мемлекеттік тапсырыспен жарық көруі тиіс. Ал мемлекеттік тапсырысты бүгінгідей кез келген баспа ала алады. Егер басылатын кітаптардың сұрыптауы жақсы болса, онда баспалар да озық дүниелерді басуға ұмтылады. Бүгінде әсіресе жас қаламгерлер үшін мемлекеттік тапсырыспен кітап шығару қиын. Жоғарыдағылар жасақтайтын тізімге олардың көбі іліге алмай қалады. Ал әдебиетте өзін танытқысы келетін жас қаламгерлер, әрине, демеуші тауып, өз кітаптарын жекеменшік баспадан шығаруға мәжбүр. Бұл үшін ол қаламақы да алмайды. Сондықтан мемлекеттік деңгейдегі көркемдік кеңес (егер ол құрылатын болса) әсіресе жас қаламгерлердің шығармаларына көңіл бөлуге тиіс.
Қосымша пікір
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ, ақын, «АнАрыс» баспасының бас редакторы:
– Біз көп нәрсені мемлекетке ысыра салуға әуеспіз. Әрине, мемлекет әдебиеттің дамуына мүдделі болуға тиіс. Бірақ қазіргі ақпараттық қоғамда әрбір сала нарық талабымен іс жүргізуді меңгеруі қажет. Қазіргі уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптардың тақырыптық жоспарын жасағанда, оған қосымша тізімге енгізілетін кітаптарға қатысты Қазақстан Жазушылар одағының жабық рецензиясын, яғни кепілдемесін енгізуді жолға қою мәселесін қарастыруда. Бұған дейін мұндай талап қойылмайтын. Демек, Жазушылар одағы мақұлдаған автордың шығармасы мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін кітаптар тізіміне енгізілетін болады. Ал бұл тапсырысқа енген кітаптар тендерде жеңіске жеткен баспалардан шығатын болады. Бұл да болса көркем дүниелердің тұншықпауына септігін тигізеді. Ал қалаған баспаңа өз ақшаңды төлеп, қандай кітап шығарамын десе де, әр адамның өз еркі. Оған тоқтау сала алмайсың.