1 қыркүйектен бастап елімізде жылу мен ыстық судың бағасы қымбаттайды. Мысалы, Алматы қаласы бойынша ортақ есептеу құралынан шығып, жекесін орнатқандар судың бір текше метріне осыған дейін 244 теңге 87 тиын төлесе, енді ол 350 теңге 30 тиын болмақшы. Ал көпқабатты үйлердің тұрғындары ыстық су үшін айына әр адамға 1238 теңге 23 тиын төлейді (қазір – 865,97 теңге). Қалай дегенмен де, жадыраған жаз кетіп, алтын күз, одан кейін қылышын сүйреп қыс келгенде қымбатшылық қамыты мойнымызға оралатындығына бойымыз үйреніп те кеткен секілді. Шынтуайтында, елімізде коммуналдық қызмет көрсету тарифтерінің ұдайы өсуі негізді ме?
Тоқтамыс Меңдебаев, техника ғылымының докторы, профессор:
иә
– Коммуналдық қызмет көрсету саласындағы тарифтердің өсуі – негізді. Себебі еліміздегі коммуналдық шаруашылық нысандары 75 пайызға дейін ескірген. Оларды жаңалаудың мерзімі де әлдеқашан өтіп кеткен. Сондықтан жылу жүйесі, энергетика секторының әбден тозығы жеткен құрал-жабдықтарын жаңалау күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Жаңа технологияларды тартып, жаңа құрылғыларды орнатқанда ғана бұл саладағы шығынды едәуір азайтып, тариф өсіміне тосқауыл қоюға болады. Мемлекет қазір осы мәселеге аса көңіл бөліп, бірқатар шаралар қабылдап, модернизациялау жұмыстарына инвестиция тартып жатыр.
Мұның бәрі айналып келгенде, тарифтердің өң бойынан сипат алуда. Бұл – заңды да. Осы жағынан алғанда, коммуналдық қызмет көрсету тарифтерінің өсуін негізді деуге болады.
Білуімше, коммуналдық шаруашылық саласы мамандары сараптама жасап, әр жылға жаңалау жұмыстары жүргізілетін нысандарды белгілеп, жоспарын түзгенге ұқсайды. Әрине, осы істің қайыры болса, халық үшін де, мемлекет үшін де игі болар еді.
Бұл арада бастысы жариялылықты күшейту керек деп есептеймін. Халық қалтасынан тариф арқылы алынған инвестицияның өз қажеттілігіне жұмсалып жатқанын ел біліп отыруы қажет. Сонда бұл арада қандай да бір түсінбестік болмайды. Ал «Ауызсу» секілді мемлекеттік бағдарламаларда орын алған келеңсіз жайттар бой көтерсе, бұл халықтың қытығына тию болады.
Сол секілді билік тарифті өсіргенмен, әлеуметтік әлсіз топтардың да жағдайын ескеруі қажет. Мысалы, биыл Астана қаласы тұрғындарының коммуналдық қызметке қарызы 22 млрд теңгені құрапты. Оның басты себептерін анықтап, мемлекет өзіндік бір түйін жасап, қандай да бір шара қабылдаса деймін. Яғни тұрмысы нашар отбасылар үшін жеңілдетілген тарифтерді енгізу деген секілді шараларды.
Тоқтар Есіркепов, экономика ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Коммуналдық қызмет көрсету объектілері табиғи монополияға жатады. Сондықтан ол арада бәсекелестік жоқ.Тарифтерінің де бірден-бір қасиеті – ұдайы өсімде болуы.
Мәселен, жекешелендіру кезінде коммуналдық қызмет көрсету объектілерінің басым бөлігі су тегін жекеменшіктің қолына өтті. Есесіне, олар келісімшарт бойынша белгілі бір мерзім ішінде бұл объектіні жаңалау үшін бәленбай көлемде инвестиция саламын деп міндеттеме алды. Одан бері 20 жылға жуық уақыт өтті. Шетелдік компаниялардың көбісі осы инвестициялық міндеттемесін орындамады. Кезінде Алматы жылу жүйесі нысанын 5 млн долларға бельгиялық компания сатып алды.
Қосымша бұл компания модернизация жұмыстары бойынша мойнына жауапкершілік алған. Бірақ онысын орындамады. Ақырында әлгі компанияны елден қуып тынған едік. Еліміздің шығысы мен солтүстігі бойынша энергетика саласында қызмет көрсететін AES америкалық компанияcының да лаңы жетерлік. Ол туралы да түрлі деңгейде сын айтылған. Ал былтыр Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі инвестициялық міндеттемесі бойынша жауапсыздығы үшін бұл компаниямен келісімшартқа отыруда күмән білдірген еді. Кезінде Табиғи монополияға қарсы күрес агенттігі осы компаниялардың уақытында міндеттемесін орындамағаны үшін аталған саладағы субъектілердің жауапкершілігін қадағалауды күшейтуді де ұсынған болатын. Әзірге мұның бәрінен нәтиже болмай тұр. Келісімшарттағы міндеттемелердің орындалуын қадағалайтын Мемлекеттік мүлік комитетінде бір департамент болған. Оның атқарған жұмысы жайлы ақпарат болмады.
Ал биыл еліміздің электр энергиясы және табиғи монополия субъектілерін инвестициялық қызметі, реттелетін нарықтар мәселесі бойынша бірқатар заң актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізілген-тұғын. Ол бойынша ескірген нысандарды жаңалауға тартылған инвестиция өтемі халық есебінен алынады. Яғни белгілі бір компанияның модернизациялауға салған инвестициясына сәйкес тариф қарастырылып, қайтадан белгіленеді. Ал егер алдыңғыдай бұл сектордағы компаниялар инвестиция саламын деген уәдесін орындамаса ше?.. Қалай дегенмен де, бұл жұмыс жария жүргізілуі керек, бақылау мен қадағалау істеріне мемлекеттік емес ұйымдар тартылуы қажет. Сонда жоғарыдағы қателікке қайтадан бой ұрмас едік. Бұл – біріншіден. Екіншіден, ел халқының әлеуметтік жағдайы әрқилы. Экономикалық өсімі төмен өңірлер де бар. Міне, соларға дотация берілуі тиіс. Үшіншіден, коммуналдық қызмет көрсету нарығындағы компания жұмыстарын жария жүргізіп үйренгенге дейін инвестиция өтемін халықтан алатындай емес, басқа бір жолын қарастырса... Мысалы, қазір экономикамыздың мүмкіндігі күшейіп келе жатқандықтан, бұл саланы мемлекет өз меншігіне алса жақсы болар еді.
Бейтарап пікір
Алғатбек Қыдырбекұлы, экономика ғылымының докторы:
– Коммуналдық қызмет көрсету шаруашылығы – материалдық өндіріс. Сондықтан бұл арада сол материалдық өндіріс шығынын қызмет көрсету бағасы ақтап алуы керек. Алайда бұл арада шығын жыл сайын артпаса, азайған емес. Мәселен, жылу жүйесінде пайдаланылатын көмір мен газдың құны да жылда қымбаттайды. Сәйкесінше, коммуналдық қызмет көрсету бағасы да өсуі керек. Егер тариф қымбаттамасын десек, жылу жүйесі, энергетика саласындағы құрал-жабдықтарды түгелінен жаңалау қажет. Оған да қаражат керек болады. Әрине, айналып келгенде, мұның бәрі тарифтің өсімі арқылы көрініс береді. Алайда біздегілер тарифті ойша қоя салады. Сондықтан бұл арада тарифті белгілейтін тәуелсіз мамандарды тарту, тариф белгілеудің әдістемесі қарастырылса, дұрыс болар ма еді...