Коммуналдық қарыздары 1 миллион теңгеден асқан үй иелеріне қылмыстық жаза қолдану керек пе?

Коммуналдық қарыздары 1 миллион теңгеден асқан үй иелеріне қылмыстық жаза қолдану керек пе?

Еліміздегі тұрғындардың коммуналдық қарыздары – ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеде. Әсіресе электр энергиясына қарыз тұрғындардың елеулі бөлігі ауқатты және лауазымды адамдар екен. Осының дәлелі – семейліктер электр қуаты үшін 66 миллион теңге қарыз болса, қара тізімнің басында, негізінен, дәулетті тұрғындар тұр. Мұндай мысал басқа қалаларымызға да тән. «Байыған сайын қалтырауық» келетін азаматтардың кесірінен қалаларда жарық та жиі сөнеді. Мүмкіншілігі бола тұра, коммуналдық қызметке ақшасын аяғандар энергетиктерді есігінен сығалатпайды. Ал биік қақпа сыртынан әрі аса алмаған энергетиктердің бар қолынан келері – бағана басынан электр энергиясын ажырату ғана. Әйтсе де тұрғындар есебін тауып энергия көзін қайта жалғап алып, қарыздарын өтемей тұра беруді үйреніп алған. Осы орайда «коммуналдық қарыздары 1 миллион теңгеден асқан үй иелерін қылмыстық жазаға тарту керек пе?» деген сауал төңірегінде мамандарды сөзге тартып көрген едік...

Есберген АЛАУХАНОВ, заң ғылымының докторы, профессор
Иә

– Тұрғындардың өздерінің тұтынған, пайдаланған комму­нал­дық қызметтері үшін ақы тө­леуден жалтаруы – үлкен қыл­мыс. Сондықтан ұзақ уақыт бойы коммуналдық қызметке ақы төлеуден әдейілеп жалта­рып жүрген, ал коммуналдық қа­рызы 1 миллион теңгеден асқан үй иелерін міндетті түрде қылмыстық жазаға тарту қажет деп ойлаймын.
Нақтылап айтар болсам, алдымен коммуналдық бо­рыш­кер тұрғынға айыппұл түрін­де бірнеше рет ескерту жасалуы қажет. Ал айыппұл мөлшері ауқатты, лауазымды, алайда коммуналдық қарызы бар тұлғаларға өте үлкен көлемде болуы тиіс.
Егер бұл айыппұл  түріндегі ескерту екінші рет қайталанатын болса, айып мөл­ше­рін екі еселеген жөн. Сонда тұрғындар ком­муналдық қызметтерге қарыз болудан қорқады. Тіпті, жалпы, тұрғындардың бә­рін бірдей коммуналдық төлемді кешік­тір­гені үшін де айыппұл салынатындай жағ­дай жасау қажет. Сонда тұрғындар ком­муналдық қарыздан жалтармақ түгіл, ке­шіктіріп төлеуден қорқатын болады. Не­гізі, адам баласы тәртіп күшейгенде ға­на заң­нан, талаптан, міндеттен, жауап­кер­ші­лік­тен қорқатын болады. Сондықтан ком­му­налдық төлем төлеуге осындай тәртіп ен­гізілуі тиіс. Егер борышкер тұрғын екінші рет жасалған ескертуге де құлақ аспай­тын­дай жағдайда қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылуы тиіс. Ондай адамдарды мем­лекетке зиян келтіріп, мемлекеттің жүр­гізіп отырған саясатына қарсы шыққан адамдар деп түсінген жөн. Негізі, біздің қо­ғамдағы азаматтардың барлығының құ­қықтары бірдей. Ал коммуналдық қыз­метке өте үлкен көлемде қарыз ауқатты тұр­ғындар ерекше жағдайда өмір сүргісі ке­леді. Бұл дұрыс емес. Біз оларға елден ерек ондай жағдай туғызуға жол бер­ме­уіміз керек. Ал жол бермеудің бірден-бір жо­лы – қылмыстық жауапкершілікке тарту. Жағ­дайы бола тұра коммуналдық қа­рызын төлемей, қолындағы лауазымын пай­далануға ұмтылуы – олардың әбден дан­дайсуының белгісі. Олар өздеріне ар­нал­ған қылмыстық жауапкершілікке тарту әді­сінің жоқтығын тиімді пайдаланып, ой­ла­рына келгенін істеп отыр. Ал біз оған жол бермеуіміз керек.
Ал мен ондайларға қылмыстық жа­за­лардың ішінде шартты түрде соттау, мүл­кін тәркілеу жазаларының қолдан­ғанын қалар едім. Шыны керек, қоғамымызда та­уық, сағыз ұрлағандар да түрмеде отыр. Ал мемлекетке зиян келтіріп, қолданған ком­муналдық қызметі үшін ақы төле­ме­ген­дер неге жазаланбасқа?! Айта кетер жайт – тиісті орындар коммуналдық қа­ры­зы бар тұрғындарды үнемі тексеріп, дер кезінде қарыздарын төлеп отыруға мін­дет­тегені жөн.

Құрманғали УӘЛИ, Мәжіліс депутаты
Жоқ

– Коммуналдық қызметтің қай түрі болмасын қарыз болған аза­маттар оны уақтылы төлеп отыруға міндетті. Соның ішінде лауазымды, әлеуметтік жағдайы жоғары азаматтардың комму­нал­дық қызмет үшін қарыз бо­лып жүруі – ұят нәрсе. Әрине, мұн­­дай адамдар жазаға тар­ты­луы тиіс. Әйтсе де олар айып­пұл­дан қорықпайды. Айыппұл­дан қор­қып, жауапкершілігін ой­­лай­тын болса, коммуналдық қыз­мет қа­рызын 1 миллион тең­­­геге де­йін жеткізіп, қарыз бол­­мас еді. Сон­дықтан қыл­мыс­тық жа­уап­кер­шіліктен гөрі ондай адам­дар­ды басқа бір жанды же­рінен ұс­та­ған дұрыс. Мәселен, ла­уа­зым­ды адамдар қызметтен шеттеті­ліп, мемлекеттік қызмет­тен мүл­дем аластатылуы қажет.
Мемлекеттік қызметке алу кезінде бар­лық азаматтардың коммуналдық қыз­метке қарыз болған-болмағаны тексерілуі тиіс. Тіпті бір кездері қарыз болған болса да, олардың қара тізімге ілінгені арнайы деректер қорында сақталуы тиіс. Комму­нал­дық қарызды төлемеуі – мемлекетті сыйламауы. Ал мемлекетін сыйламайтын адам мемлекеттік жұмысқа тартылмауы тиіс. Мұндай жағдайда олар коммуналдық қызмет ақысын дер кезінде төлеп отыруға ұмтылар еді. Сондай-ақ мұндай шектеу ауқатты адамдар үшін де жасалынуы тиіс. Шетелдерде банктен алған қарызын уақ­тылы төлеп отырмаған азаматтар ұшақ­қа міне алмайды, ел шекарасынан шыға ал­майды. Біздің де ауқатты адамдарымыз үшін осындай шектеулер жасалса, өте дұ­рыс болар еді. Меніңше, қылмыстық жа­уап­кершілікке тартудан гөрі осындай шек­теу­лердің маңызы зор. Сонда біз олардың ізінен коммуналдық қарызыңды төле деп жүгірмейміз, алдынан шығып отырған шектеулерден құтылу үшін олардың өзі-ақ коммуналдық қарыздарын дер кезінде төлеуге ұмтылып отырар еді.
Шыны керек, біздің ауқатты, лауазым­ды тұрғындарымыз әбден есірген. Әйтпесе зейнеткерлердің өзі болмашы зейнет­ақы­сы­мен дер кезінде коммуналдық қызмет ақы­сын төлеуге ұмтылады. Ендеше, зей­нет­керлердің өзі коммуналдық қызметке қа­рыз болмауға тырысқанда бай-бағ­лан­да­ры­мызға не жорық?! Сондықтан «ба­йы­ған үстіне баий түссем, алайда ком­му­налдық қызмет үшін көк тиын төлемесем екен» деген азаматтарды міндеттей ала­тындай шаралар ойластыруымыз қажет.

Бейтарап пікір
Болат ДІНІСТАНОВ,
Алматы қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы:
– Біздің қоғамымызда коммуналдық қызметке қарыз тұрғындарды тиісті орындардың ескертуіне құлақ аспаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Әйтсе де бұл жазаның іске асып, борышкердің жазаланып, қарызын төлеуге ұмтылып жататын кезі сирек. Заңды және жеке тұлғалардың міндеті заң жүзінде айқындалса да, олардың заңнан қорықпауы осындай сұрақтың туындауына себеп болып отыр. Мәселен, энергетик тұрғынның электр энергиясына қарызы үлкен көлемде екенін әрі көптен бері төлемегенін анықтаған жағдайда оны электр энергиясынан ажыратуға құқылы. Егер тұрғын энергетикке бағынбай, өзі қосып алған жағдайдағы айыппұл көлемі де анықталған. Рас, оларды ұдайы тексеріп, қарыздарын есіне түсіріп, міндеттеп отыратын мекемелер де белгіленген. Бірақ олардың бұл құзыретін қатаң түрде орындап жататын кезі де сирек. Сондықтан коммуналдық қарыздары қомақты тұрғындарға арналған қылмыстық жазалардың өз күшінде жұмыс істеп, оларды бақылаушы орындардың құзыретін кеңейтуге тырысуымыз қажет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста