Игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мемлекетке қайтарудың жаңа механизмдерін жасау керек пе?
Елімізде ауыл шаруашылығы жер телімдерін инвентаризациялау бағытында жүргізілген іс күткен нәтижені бермеді. Мұны құзырлы ведомство басшысының өзі де мойындап отыр. Оның себебін ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков бүгіндері жекеге өткен, бірақ берілген мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан жерді мемлекетке қайтарып алудың құқықтық тетігінің жоқтығымен түсіндіреді. Осы жағынан алғанда, елімізде игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мемлекетке қайтарудың жаңа механизмін түзу өзектілік танытып тұр. Мұндай өзгеріске мамандар қалай қарар екен?
Тоқтар Есіркепов, экономика ғылымының докторы, профессор:
иә
– Бұл – 2003 жылы Жер кодексін қабылдағанда кеткен олқылықтан туындап отырған, күрмеуі қиындап бара жатқан мәселе. Әрине, жаңа тетік құру керек. Ол үшін Жер кодексіне өзгертулер мен түзетулер енгізу қажет. Мұндай жағдайда қоғамдық тыңдалым өткізіліп, ғалымдардың, қоғамдық ұйымдардың пікірі електен өткізілуі шарт. Негізінен, ресми мәлімет бойынша, біздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 1,5 пайызы жекеменшікке сатылған, ал 98,5 пайызы мемлекеттің қолында. Жекеменшікке 1,5 пайыздың сатылғаны рас, бірақ мемлекет қолындағысынан айырылып қалып отыр. Оған Жер кодексін қабылдау барысындағы «жерді пайдалану құқығын сатып алғандарға жер тегін беріледі» делінген өтпелі баптар жол берген.
Сол кездің өзінде, осылайша 4,5-5,5 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер біреулердің қолына өткен. Алайда ол туралы бір жерде айтылып не болмаса көрсетілмейді. Тіпті 2006 жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жүргізілген санақта да мұның жайы қасақана жасырылды. Нақтырақ айтқанда, санаққа жерге қатысты мәліметтер енгізілмеді. Ал дүниежүзілік тәжірибеде, мұндай санақта шаруа қожалықтарының, кооперативтердің қолындағы жер көлемінің орташа есебі міндетті түрде беріледі.
Жер кодексін қабылдағанға дейін инвентаризация жүргізейік дегенде ешкім бізбен санаспады. Сондықтан аталған мәселе жыл өткен сайын қиындық туғызып келеді. Әрине, «жау кеткен соң қылышты сермегеннен не пайда» демекші, енді инвентаризация ісі нәтиже бермесі белгілі. Бұл – бір ғана амал. Жер салығын өсіру де сондай бір амалдың түрі. Оның да күткен нәтиже бермесі анық. Егер салықты нарықтың бағамына қарай есептей алмасақ, салықты есептеу үшін Үкімет экономикалық кадастр жасауы керек. Ол үшін ауыл шаруашылығы жеріне инвентаризация жасалуы тиіс. Бірақ ол іс нәтиже бермеді деп жатырмыз. Ал нарықтың бағамына сай салық есептелмесе, оның негізі болмайды.
20 маусымда Жер кодексін қабылдағанымызға 10 жыл болды, ал бес жылдығында бір топ ғалым жиналып, Жер кодексі жұмысын екі жылға доғарып, осы заң нормалары қаншалықты жұмыс істеп жатыр, бір есеп жүргізейік деп бастама көтердік. Бірақ оған құлақ асқан ешкім болмады. Жалпы, кез келген заң қабылданған соң, оның нәтижелері туралы Үкімет, Мәжіліс қоғам алдында есеп беруі тиіс. Бірақ Үкімет тарапынан ондай іс-қимылды байқағанымыз жоқ. Мәжіліс те бұл ретте есеп сұраған емес.
Ақжол Әбдуқалимов, Қазақстан фермерлері одағының вице-президенті:
жоқ
– Елімізде игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мемлекетке қайтарудың жаңа механизмін, ауыл шаруашылығы министрі айтып отырғандай, жер салығын өсіру арқылы құруға біз түбегейлі қарсымыз. Расында, бізде ауыл шаруашылығы жерін гектарлап алып алғандар бар. Оның бүтін дерлігі игерілмей босқа жатыр, қожайынының көбісі биліктегі адамдар. Сондықтан Жер инспекциясының оларға шамасы келмейді. Инвентаризация ісінің нәтиже бермеуі де содан. Ал салықты көбейттік делік, бәрібір әлгілерге еш нәрсе жасай алмайсыз. Айналып келгенде, шағын фермерлер бұдан қатты зардап шегеді. Жер – әкімдіктегілер үшін майлы майшелпек. Жер инспекциясы әкімдікке қарағандықтан, ол бұл арада түк істей алмайды.
Бұрын аталған инспекция агенттік болатын. Ол кезде жағдай біршама түзулеу еді. Сондықтан жергілікті шолақ белсенділер «салықты төлемедің» дегенді желеу етіп, ұсақ шаруалардың жерін тартып алып, одан әрмен қарай өз есептерін түгендей береді. Мәселен, екі жыл қатарынан қуаңшылық болды, жер игерушілер үшін пайда болған жоқ, қолына тиген аузын-аулақ тиын-тебенді несиені жабуға жұмсады. Мұндай жағдайда олар қымбат салықты қалай төлейді? Енді сол үшін жерін тартып алу қысастық емес пе?..
Бұл арада мәселе жер салығының төмендігінде емес, жергілікті аумақтағы шаруаның материалдық және техникалық жағдайының жоқтығында. Жаңа техника сатып алу үшін біздің фермер жерге кем дегенде 15 жыл жұмыс істеуі керек. Бұл – ащы да болса шындық. Үкімет жерге жұмыс істеуді өте тиімді ету керек. Сонда пайдаланылмайтын жер болмайды. Мысалы, Қытайда шаруа жерден өнім алу үшін қажетті еңбек құралдары мен техникасының барлығын қосып алғанда 7,5 мың доллар жұмсайды екен. Бізде бұл ақшаға бір трактор да сатып ала алмайсыз. Сондықтан ұсақ шаруа қожалықтарын қолдауды күшейте беру керек. Ауыл шаруашылығы техникасын жасау кешенін дамыту қажет.
Әрине, бұл салада бақылау-қадағалау жоқ. Негізінен, осыған басымдық берілуі тиіс. Тіпті жер салығын өсіреміз деп жатса, онда оның ұсақ шаруа қожалықтарына зияны тимейтіндей нормасын қарастыру керек. Шынымен де, спекульятивтік мүддеде байшікештер пайдаланбай босқа ұстап отырған жерді мемлекетке қайтарып алатындай. Бірақ бізде жерге қатысты жең ұшынан жалғасып жатқан сыбайлас жемқорлық үдеп тұрған тұста қандай да бір жаңа бастаманың нәтиже беретіндігі күмәнді.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Виктор Ямбаев, Алматы кәсіпкерлері қауымдастығының президенті:
– Бүгінгі таңда Қазақстанға жер реформасын жүргізу ауадай қажет. Жерді түгендеп, меншік иесін анықтау керек. Соған сәйкес, заң нормативтеріне өзгертулер мен түзетулер енгізуіміз тиіс. Мәселен, біздегі заңда «игерілмеген жерді мемлекетке қайтарып алу туралы алдын ала бір жыл бұрын ескертіледі» деген қасаң норма бар. Бұл бір жыл ішінде әлгі адам баласына немесе тағы бір туысына жерді пәленбай мәрте сатуы немесе сыйға тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда оны қалай қайтара аласыз?.. Міне, қолданыстағы заңның осындай кетік тұстарын жамау қажет. Мемлекеттен жерді тегін алып, оны нарық бағасымен қымбатқа сатып баюды ойлайтындарға салықты 100 есеге өсіру керек. Керісінше, жерден өнім алып, оны тиімді пайдаланып жатқандарға жеңілдік жасап, тіпті салықтан босату қажет.