Таяуда елорда төрінде Бүкіләлемдік рухани мәдениеттер форумы болып өтті. Онда әлем елдеріне төзімділік, түсіністік, достық қарым-қатынас пен адам санасында ізгілікке деген сенімдерді қалыптастыру идеясын дамыту керектігі сөз болған еді. Соңғы уақытта осы төңіректегі идеяларды жүзеге асырып, өркениеттер арасындағы диалогті жандандыру үшін Еуропа елдеріне тән көпмәдениеттілік үлгісін жақтаушылар көбеюде. Десек те, өзімізге ғана тән рухани құндылықтар мен салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен өнерімізді сақтай отырып, біз көпмәдениеттілік үлгісін оң құбылыс деп бағалай аламыз ба? Сарапшылар не дейді екен?
Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы:
Иә
– Қазіргі уақытта біз жаһандану дәуіріне аяқ бастық. Сондықтан да біз жеке бір дербес мемлекет ретінде өзгелерден оқшауланып бөлек өмір сүре алмаймыз. Бүгінгі Қазақстан әлемдік қауымдастықтың алдында 130-дан астам ұлт өкілдері тұратын көпұлтты мемлекет ретінде танылып келеді. Өткенге үңіліп қарасақ, Қазақстан ежелгі дәуірден бері еуразиялық кеңістіктің ортасында орналасқандықтан, мұнда түрлі мәдениеттердің ықпалы болғанын байқаймыз. Бұған көптеген тарихи деректер мен археологиялық дәйектемелер дәлел бола алады. Ал бүгінгідей бүкіл әлем бір-бірімен ықпалдасып жатқан тұста көпмәдениеттілік құбылысының орын алуын заңды құбылыс деп бағалаған жөн.
Қазақстан соңғы кездері көптеген мәселелер бойынша интеграциялық бағытты дамыту мәселелерін көтеріп жүрген мемлекеттердің бірі саналады. Таяуда ғана Түркі дүниесі халықтарының форумы өткен еді. Сол алқалы жиында да мәдени байланыстар жөнінде бірқатар мәселелер талқыға түсті. Онда, негізінен, жалпы түркі халықтары өздеріне ортақ мәдениетті сақтап, дамыта отырып, сыртқы әсерлерге төзімді болу керектігі айтылды. Бізге көпмәдениеттілік құбылысын зерттеп-зерделей келе, өзіміздің ұлттық мәдениетімізбен ұштастыруға болатын жағын ойласу керек. Ол, ең алдымен, мемлекетіміздің саясатымен үндесіп, менталитетімізге сай болуға тиіс. Демек, қай қоғам болмасын кез келген салада бір орында тұралап қалмауы шарт. Аталған мәселелер жақында ғана Астанада өткен Бүкіләлемдік рухани мәдениеттер форумында да кеңінен сөз болды.
Жалпы, Еуропа елдеріндегі көпмәдениеттілік үлгісін тұтастай болмаса да, оң құбылыс ретінде бағалауға болады. Қалай айтсақ та, көпұлтты мемлекет көпмәдениеттіліктен бас тарта алмайды. Өйткені сыртқы экспансияның ықпалы өте күшті. Одан қашып құтыла алмайсың. Алайда сырттан келіп, ішімізге еніп жатқан дүниелердің жақсы тәжірибелерін ала отырып, оларды өзіміздің мәдениетімізбен ұштастыруымыз қажет. Сонда ғана жаһанданған әлемде кең етек жайған көпмәдениеттілікті қабылдай отырып, өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді паш ете аламыз.
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ, саясаттанушы:
Жоқ
– Бұл өзі – шешуі бірден табыла қоймайтын күрделі сұрақ. Бүгінгі заманның жаңа талаптары көптеген қалыпты жағдайларды едәуір өзгерістерге ұшыратты. Соның салдарынан әртүрлі елдердің мәдениеттері бір-бірімен сапырылысып, араласып кетті. Өзге елдердің мәдени экспансиясы рухани ортамызға дендеп кіріп, құндылықтардың орнын алмастырды. Қазіргі қазақ қоғамы да осы бір құбылыстарды бастан кешіруде. Шындығын айтқанда, халқымыздың мәдениеті әлі де болса тереңірек талдап-тануды қажет етеді. Біздің рухани-мәдени тарихымыз осы күнге дейін толық ашыла қойған жоқ. Өзіміздің ұлттық мәдениетімізді көтере алмай жүргенде, басқаның көпмәдениеттілік үлгісіне иек арта кетуіміз орынсыз.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей, алдымен өзге жұрттың жаман-жақсы дүниесін саралап, екшеп алу қажет. Әрине, қазіргідей жаһандану кезінде сыртқы әсердің ықпалынсыз өмір сүру мүмкін емес. Алайда біз, ең алдымен, өзіміздің мәдениетіміздің өркендеуіне күш салуымыз керек. Әр елде, негізінен, тек солардың өздеріне ғана тән мәдениеті, дәстүр-салты болады. Сол себепті қандай мәдениетпен араласса да, өзін сыйлайтын ұлт өзінің құндылықтарын жоюға жол бермейді. Меніңше, біз өзгелердің мәдениетінің озық жақтарына ғана сүйеніп, оларды ұлттық дүниетанымымызға ыңғайлап алуымыз қажет. Әсіресе батыстың ғылымға, білімге деген оң көзқарасын бізде де қалыптастыру керек. Осы орайда біз ұлттық мәдениетімізді дамытудың өзіндік моделін жасаумыз керек. Сонымен қатар осы бағыттағы насихат жұмыстары ауқымды жүргізілуге тиіс. Қазір көптеген шетелдерде Қазақстанды қазба байлықтары мен мұнайға бай ел деп таниды. Ендігі кезекте біз өзімізді мәдениетіміз мықты дамыған өркениетті мемлекет ретінде танытуымыз керек. Себебі біздің елге келген әрбір шетелдік азаматтың біздің ұлттық ерекшелігіміз неде, тіліміз бен діліміз қандай, жалпы, мәдениетіміздің деңгейі қалай деген сын көзбен қарайтыны сөзсіз. Ал бізге сырттан келген меймандар көпмәдениеттілікті ұстанған, ана тілін жетік білмейтін, қалалары еуропаланған Қазақстанды көру үшін келмейді ғой. Олар өзін шын мәнісінде ұлттық мәдениеті ерекше дамыған Қазақ еліне келгендей сезінуі керек.
Бейтарап пікір:
Дидар АМАНТАЙ, мәдениеттанушы:
– Әр елге басқа бір елдің мәдениетінің үлгісін таңуға болмайды. Көпмәдениеттілік құбылысы Еуропаның барлық мемлекеттерінің өзінде бірдей қалыптаспаған. Мысалы, жақында ғана Германияның канцлері Ангела Меркель ханым бір сөзінде «Германияда көпмәдениетті мемлекет қалыптастыру жүзеге асқан жоқ» дегенді айтқан болатын. Сондықтан да әрбір ұлт бірінші кезекте өзінің рухани дербестігін ойлайтыны ақиқат. Бірақ бұл үрдіс Англия, Франция, Голландия сияқты елдерде өріс алып отыр. Қазақстанда да өздерінің мәдениеттерін дамытып отырған түрлі диаспора өкілдері өмір сүреді. Десек те, олар белгілі бір дәрежеде қазақтың ұлттық мәдениетінің өркендеуіне қызмет етуге тиіс.