«Ерлермен бірдей ауыр жұмыс істейтін әйелдердің жалақысына үстеме коэффициент белгілеу керек» деген пікірмен келісесіз бе?
Қазір қоғамымызда «мынау – тек қана әйел адамның жұмысы» немесе «мынау – ер адамға ғана жарасатын тірлік» деген қызметке байланысты арнайы бөлініс жоқ. Етектілеріміз нәзіктігіне қарамай, ер адаммен қатар жүріп, қара жұмыстарды да атқарып жүр. Алайда бәрібір табиғат заңдылығын ескеріп, мереке қарсаңында «ерлермен бірдей ауыр жұмыс істеп жүрген әйелдердің жалақысына үстеме коэффицент белгілеу керек пе» деген сауалды қоғамның талқысына салып көрген едік. Тақырыпты даттаушылар да, жақтаушылар да табылды...
Айгүл ШӨПШЕКБАЕВА, Алматы қалалық ІІД кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімінің бастығы, полиция полковнигі, ІІМ еңбегі сіңген қызметкер, Алматы қалалық әкімдігі жанындағы гендерлік саясат комиссиясының мүшесі:
иә
– Бүгінде қоғамымызда ер-азаматтармен қатар жүріп, жұмыстың ауырлығына, қиындығына қарамастан қызмет етіп жүрген аналарымыз жетерлік. Әйел табиғатынан Алланың нәзік жаратқан пендесі. Бірақ қазір заман сұранысына сай әйелдеріміз де ерлермен қатар жұмыс істеп жүрсе де үйге келген соң да балаларын тәрбиелеп, ерінің жағдайын жасауы тиіс. Яғни әйелдеріміз сыртта қызметті де істеп үлгеріп, үйде отбасының да жағдайын жасауға машықтанып барады. Сондықтан мен ауыр жұмыс істеп жүрген әйелдерге ғана деп бөле-жармастан, жаппай барлық салада жұмыс істеп жүрген әйелдердің жалақысына үстеме коэффицент белгіленуі керек дер едім. Әйел үйде балаларының тамағын пісіріп, кір-қоңын жуып, отбасының беріктігін сақтап, балаларына жақсы тәрбие беру арқылы қоғамымызға пайдасын тигізіп отыр.
Отбасы мен қызметті қатар алып жүру арқылы мемлекетке пайдасын көрсетуде. Сондықтан әйелдеріміздің бұл еңбегі ескерусіз қалмауы тиіс. Сондай-ақ әйел өмірге бала әкелетін – ана. Соған қарамастан, ер-азаматтармен бірге ауыр жұмыстарды атқарып жүрген әйелдердің жалақысына қалайша үстеме коэффициент қоспауға болады?! Мемлекетіміз де әйелдерге, аналарға мұндай қамқорлық көрсетсе, мұны болашағымызға жасалған қамқорлық деп түсінуге болады. Өйткені әйел адам бәрібір тапқан еңбекақысын балаларына жұмсайды.
Рас, бұрында да әйелдеріміз ерлермен қатар трактор айдап, жер жыртып, ауыр жұмыстар атқарды. Олармен салыстырғанда бүгінгі күні еңбек күшінің барлығы техникамен атқарылады, сондықтан әйелдердің жалақысына үстеме коэффициент қосып, артықшылықтар берудің қажеті жоқ дейтіндер де табылады. Бірақ біз бәрібір әйелдерді табиғаттың өзі нәзік қылып жаратып, ер адамға әйелге қарағанда күш жағынан да артықшылықтар бергенін әрқашан есте ұстауымыз керек. Және ер адам мен әйел адам қатар жұмыс істегенде осыны ескеріп, әйелдердің жалақысына үстеме ақы белгілеуді де естен шығармауымыз қажет.
Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, саяси ғылымдар докторы, профессор:
жоқ
– Жоқ, мен бұл пікірмен келісе алмаймын. Ерлермен бірдей ауыр жұмыс істейтін әйелдердің жалақысына үстеме коэффицент қосудан гөрі әйелдерге арнап қандай да бір жеңілдіктер қарастырған дұрыс секілді. Бірдей жасалған еңбекке екі түрлі жалақы төлеу дұрыс емес. Бірақ әйел адамдардың ерлермен салыстырғанда нәзік жанды екенін ескере отырып, қызмет барысында жеңілдіктер қарастыру әділ шешім болар еді. Шыны керек, бүгінгі күні заман сұранысына қарай ауыр жұмыстардың көбісі заманауи техникалармен қамтамасыз етілген. Бұрынғыдай әйелдеріміз кетпен ұстап, жер жыртып жүрген жоқ. Бірақ кейбір өндірістік салалардың әйелдердің денсаулығына зиянын тигізетінін ескере отырып, осыған байланысты жеңілдіктер қарастырсақ дұрыс болар еді.
Мәселен, ер-азаматтармен бірдей ауыр қара жұмыстарды атқаратын әйелдер ерлерге қарағанда азырақ уақыт істесін. Сонда олардың денсаулығына келетін зиян да азаяр еді. Әйел адам бос уақытын отбасына арнауға күш салар еді. Бірдей атқарылған еңбекке екі түрлі жалақы төлеуден гөрі мұндай жеңілдіктердің пайдасы зор. Сондай-ақ тоқсан сайын сыйақы тағайындап, еңбек демалысы кезінде сауықтыру орындарына демалысқа жіберіп отырса, әйелдердің денсаулығына келген зиянның орнын толтыруға септігі тиер еді. Ал жаппай ауыр жұмыс істейтін әйелдердің бәріне бірдей ер адамға қарағанда, жоғары жалақы тағайындау мүмкін емес нәрсе.
Айта кетер жайт, соңғы кездері әйел адамдардың зейнеткерлікке шығу жасын ер адамдармен бірдей етіп ұзарту жөнінде ұсыныстар айтылуда. Бұл мүлдем дұрыс емес. Қызмет атқарып, баланы да босанып, үй шаруасымен де айналысатын әйелдер үшін ерлермен бірдей зейнетке шығу өте ауыр. Біз әйелдердің жалақысына үстеме коэффициент қосып бермесек те, ер-азаматтардан ертерек зейнетке шығуын қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінде жиі-жиі көтеріліп келе жатқан осы бір ұсыныс еліміздегі әйелдерге үлкен уайым болып отыр. Өмір бойына бала тәрбиесімен айналысып, өмірге сәби әкеліп, қызмет істеп, ерінің жағдайын жасап, үй шаруасымен айналысып, қарбаласып жүретін әйелдеріміз сонда қай уақытта көрген бейнетінің зейнетін көруі тиіс?! Тіпті талай аналарымыз зейнетақы жасына жетпей, зейнетақысын да алмастан өмірден өтуі мүмкін. Сондықтан ауыр жұмыстарда істегені үшін әйелдердің жалақысына үстеме коэффициент белгілеуден бұрын түрлі жеңілдіктер қарастырып, зейнет жасына ертерек шығуын қамтамасыз етуіміз керек.
Бейтарап пікір
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, саясаткер, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Біз әйелдердің ауыр жұмыс істеуіне мүлдем тыйым салуымыз керек. Тіпті мұны заңмен бекітіп қоюымыз қажет. Кейбір мамандық түрлерін арнайы бекітіп, ол салада әйелдердің еңбек етпеуін қадағалауымыз керек. Химиялық, металлургиялық салаларда әйелдердің еңбек етпеуін біз барлық кәсіпорындардан талап етуіміз қажет. Әйтпесе бүгінде талай әйелдеріміз ауыр, қара жұмыстарды істеп, денсаулықтарынан айырылып жатыр. Бұл дұрыс емес. Әйел адам ең алдымен – ана. Ананың денсаулығына нұқсан келіп, өмірге бала әкелу бақытынан айырылатындай салаларда олардың қызмет атқаруы біздің болашағымызға, демографиямызға зиян. Біз осыны түсінуіміз керек. Мұның бәрі заңда көрсетілуі қажет. Егер ол заң бұзылатын болса, ер адамдарға арналған ауыр жұмыстарда әйел адамдар да қызметке алынатын болса, онда ең болмағанда оларға ерлерден екі есе аз уақыт жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз керек. Бұл жерде ең бастысы аналарымыздың денсаулығы сөз болып отыр. Ал денсаулықты ешқандай жалақының үстеме коэффициентіне сатып ала алмайсың. Сондықтан жалақысына үстеме коэффициент қосудан бұрын әйелдерге ауыр жұмыс істетпеуді ойлауымыз керек.