Елдің Қорғаныс қабылеті - Бастапқы әскери дайындықтан басталады
Бұл жай ғана тезис емес. Ақиқат бұл. Елдің қорғаныс қабылетінің негізі халықты бастапқы әскери дайындықтан өткізу кезінде қалыптасады. Осыдан біраз жыл бұрын жалпы орта білім беретін мектепте бұл пән кәдімгідей қожырап кеткен еді. Бірақ, соңғы жылдары бастапқы әскери дайындық мәселесі қайтадан мықтап қолға алына бастады. Нәтижесі жаман емес. Әскер қатарына шақырылатын жастар әскери қызметтің әліпбиін кәдімгідей біліп баратын болды. Ол ғана емес, әскерге бармайтын жастардың өзі ел басына күн туа қалған жағдайда сапқа тұрып, қару ұстай алатын деңгейде болуы тиіс. Бұл заман талабы. Отан қорғау борышын азаматтық міндеттен ешкім алып тастай алмайды. Дегенмен де бастапқы әскери дайындықтың өзіне кәдімгідей «дайындық» керек. Оның өзінің оқу-әдістемелік және әзірлік жүйесі бар.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 41433 әскери бөлімінің базасында Атырау облысы жалпы білім беру мектебінің 150-ден аса алғашқы әскери дайындық оқытушыларымен әскери дайындықтың негізгі пәндері бойынша оқу-әдістемелік сабақтар өткізілді.
Іс-шараның мақсаты бастапқы әскери дайындық оқытушыларымен саптық және дене даярлығын ұйымдастыру жөнінде теориялық және практикалық сабақтарды өткізу, жалпыәскери жарғылардың ережелеріндегі негізгі өзгерістерді жеткізу, еліміздің Қарулы Күштерінің қару-жарағы мен әскери техникасының жаңа түрлерімен танысу болып табылады.
Жиын қатысушыларына оқу орындары, оқу-материалдық база дайындалып, жеке құрам бөлінді. 41433 әскери бөлімінің тәжірибелі нұсқаушылары жеке құрамды әскери дайындық негіздеріне дұрыс және сапалы оқыту бойынша шебер сынып өткізіп, сондай-ақ өзекті сұрақтарға жауап берді.
«Бүгінде әрбір алғашқы әскери дайындық оқытушысы мектептің әскери-патриоттық клубының жетекшісі болып табылады. Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің деректері бойынша Атырау облысында 53 әскери-патриоттық клуб жұмыс жасайды. Әр оқушы әскер туралы бірінші ақпаратты өзінің мұғалімінен алады. Сондықтан біз олардың қызметіне айрықша көңіл бөлуіміз керек. Бұл әдістемелік сабақтар бұл бағыттағы алғашқы қадам», - деп «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары полковник Нұрлан Алдияров атап өтті.
Жауынгерлік даярлық негіздеріне оқушыларды оқыту болашақ шақырылушыларға әскердегі қызметке бастапқы дайындалуға мүмкіндік беретінін айта кетейік. Мұндай сабақтар өңірдің білім беру мекемелерінде әскери дайындықты оқыту үдерісіне оң ықпал етеді.
С. Ақынжанов.