Діннің саяси құрал екенін шын мойындап, дін істеріне мемлекеттің тікелей араласатын уақыты жетті ме?
Елімізде түрлі діни бірлестіктер қызмет етіп жатыр. Олардың қызметіне осы кезге дейін мемлекеттік реттеу болған емес. Мұны еліміздің әлемдік қауымдастықтағы батыс пен шығысқа ортақ конфессияаралық, халықаралық келісімдер орталығы ретіндегі рөлімен де түсіндіруге болар. Алайда кейбір өзге дін құрылымдары басшыларының сол діннің негізгі орталықтары тарапынан тағайындалып, бұған қоса, олар атқаратын қызметтің мемлекеттік мүддеден бөлектеу көрініп жататыны жасырын емес. Мемлекеттік әкімшілік аумаққа бөлінбесе де, одан жоғары тұрса да, дін – идеологиялық қару. Сондықтан елдегі көптүрлі діни ахуалды мемлекеттік мүдде тұрғысынан реттеуге болмас па? Діни жарасымы нығая түскен еліміздің осыны қолға алатын кезі келген жоқ па?
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:
Иә
– Жуырда Алматыдағы бір мешіттің қасынан өтіп бара жатып, ондағы айтылып жатқан уағызды құлағым шалды. Мешіттің имамы мемлекеттік саясатты келген жамағаттың құлағына сіңіріп отыр. Міне, осыдан-ақ мемлекеттің діни істерге әлдеқашан араласқанын байқауға болады. Мені қуантатын бір жағдай бар. Біздің ұлтшыл азаматтар ақылдары жеткен болуы керек, дінді саяси құрал ретінде пайдаланбай отыр. Бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Әрине, мен сіздің қойған сұрағыңыздың астарын түсініп отырмын.
Сіз неге Қазақстандағы кейбір діни орталықтардың, ғибадат орындарының басшыларын басқа елдер сайлайды, неге оны өзіміз сайламаймыз деп айтқыңыз келіп отыр. Оның себебі мынау, Кеңес үкіметі тарқағаннан кейін басқа діндер бір-бірінен бөлінген жоқ. Кеңес заманы кезінде Бабаханов деген мұсылмандардың басшысы бар-тұғын. Бәріміз соған бағынатынбыз. Кейін, ұмытпасам 1991-1992 жылдары Қазақстанның мүфтияты жеке бөлініп шықты. Бұл бірден-бір дұрыс шешім еді. Менің ойымша, Алаштың алға қойған мәселелерінің біреуі – мүфтияттың жеке бөлініп шығуы еді. Алаштың алға қойған мақсаттарының ішінде орындалғаны жалғыз осы сияқты маған. Әрине, оның жақсы жағы да, кемшін тұстары да бар. Кемшін тұсы дейтініміз, біздің Бұқара сияқты базасы мықты ірі-ірі жоғары діни оқу орындарымыз жабылды. Ал жақсы жағы – жеке мемлекет болғаннан кейін мүфтияттың да жеке болғаны дұрыс. Ал енді Қазақстандағы православ шіркеулеріне келер болсақ, олар Ресейдегі діни басшының айтқанымен жүреді, былайша айтқанда, соның меңзеуімен іс-әрекет жасайды. Тек орыс шіркеулері ғана емес, басқа да діни бірлестіктер осындай. Оны қойып, біздегі қазақтар да Ресейдегі қазақтардың айтқанын орындайды, соның бір бөлшегі, филиалы іспетті. Әрине, дін ұлттық мәселеден бөлек. Бірақ ұлттық мүддеге келгенде мемлекет барлық нәрсені талап етуі керек.
Ғарифолла Есім, Сенат депутаты:
Жоқ
– Қазақстан – зайырлы мемлекет. Зайырлы елде адам құқықтары бәрінен де жоғары тұрады. Ата Заңымызда әр адамға дінді, тілді өзінше таңдауына еркіндік берілген. Қазақстанның заңының мықты болатын
себебі – осында. Біздің заңымызда мемлекет діни істерге араласпайды деп көрсетілген. Яғни мемлекеттік саясат пен діннің арасында ешқандай үстемдік те, бағынушылық та жоқ. Дінге мемлекет бір-ақ жолмен араласа алады. Ол заң арқылы ғана. Заңның орындалуын қадағалау мемлекеттік ұйымдардың, органдардың міндеті болып табылады. Менің ойымша, біздегі ұйымдар бұл міндетін дұрыс атқарып отыр.
Себебі қазір тек қазақ халқы ғана емес, әлем елдері Қазақстанда дінаралық татулық, достық орнағанын біледі. Нағыз бейбітсүйгіш, берекесі жарасқан елде ғана барлық діндердің, барлық ұлттардың өкілдері тату-тәтті өмір сүре алады. Өздеріңіз көрші елдерде қандай жағдайдың болып жатқанын көріп отырсыздар. Мемлекеттің дінге араласқанынан жақсы нәтиже шықпайтынын көзіміз көріп отыр. Әрине, мен мемлекет пен дін бір-бірінен ажырап, алшақтап кетсін деп отырғаным жоқ. Олай болуы да мүмкін емес. Діннің де, мемлекеттік саясаттың да мақсаты бір – ол халыққа қызмет ету. Бірін-бірін толықтырып отыру. Қажет кезде біріне-бірі көмек көрсету. Қысқаша айтқанда, біз мемлекеттік саясаттың дінге араласпағанының жемісін көріп отырмыз. Дініміз таза, халқымыз аман, жеріміз күннен-күнге құлпырып келеді. Жалпы, кез келген халық үшін басты жеңіс, ол – татулық, бейбіт өмір сүру. Бейбіт өмір сүрген халық қана, ынтымағы жарасқан ел ғана бір нәтижеге қол жеткізеді. Біз сондай жетістіктерге бүгін қол жеткізіп отырмыз. Өткен жылдары Қазақстанда дәстүрлі діндер съезі өтті. Жуырда ғана бәріміз ЕҚЫҰ-ның Астанадағы саммитіне куә болдық. Бірер жылдан кейін тарихтың алғашқы беттеріне алтын әріппен жазылатын Астана Декларациясы қабылданды. Мұның барлығы – діни және ұлтаралық татулықтың нәтижесі. Мен қайталап айтқым келеді, мемлекеттің дінге араласуының қажеті жоқ. Дін – қоғамдық құбылыс және сол күйінде қала беруі тиіс. Әрине, мемлекеттік саясат пен қоғам арқылы дін реттеледі. Бірақ дін мемлекеттік құбылыс болмағандықтан, әрбір адамның қандай дінді таңдаймын десе де өз еркі. Дін – әрбір адамның сезіміне қатысты мәселе. Дінге араласу адамның жеке мүддесі мен еркіндігіне араласу болып табылады. Ал біздің мемлекет адамдардың жеке ісіне араласпайды.
Бейтарап пікір
Оңғар қажы ӨМІРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы:
– Кеңес үкіметі кезінде дін біраз тоқпақталды. Ондай тоқпақ қазір жоқ. Дегенмен мемлекет пен дінді бөлек деп қарайтындар бізде бар. Бұл, менің ойымша, дұрыс емес. Адамның жаны мен тәнін бір-бірінен бөліп тастауға болмайды ғой. Сол сияқты мемлекеттік саясат пен дінді ажыратып қарауға болмайды. Екеуі де халықтың мүддесі үшін қызмет етеді. Бірақ оның орындалуы екі түрлі болып келеді. Біз өзімізге қажетті жауаптың барлығын қасиетті Құраннан таба аламыз. Халқымыз енді ғана дінге бет бұрып келе жатқанда мемлекетті діннен бөліп тастағанымыз дұрыс болмайды. Дін де адамдарды еңбексүйгіштікке, адамгершілікке, қоғамға қызмет етуге тәрбиелейді. Мәселен, Діни басқарма өзіне жүктелген міндеттерді орындайды. Мемлекет оны бақылайды. Екеуі біртұтас ағза сияқты.