Діни бірлестіктер секілді діни бағыттағы БАҚ пен баспаларды да қайта тіркеуден өткізу керек пе?
Алдағы бір жылдың ішінде Қазақстандағы діни бірлестіктерді қайта тіркеуден өткізу мәселесі міндеттелуде. Бұл шара еліміздегі көптеген діни-экстремистік ұйымның жұмысына тосқауыл болады деген үміт бар. Алайда діни-экстремистік идеяның тағы бір басы бар. Ол – діни басылымдар мен газет-журналдар және діни әдебиеттер тарататын баспалар. Сарапшылар оны да қайта тіркеуден өткізу қажет деген пікірді ұсынуда. Алайда мұндай науқанның жағымды нәтижесі болатынына күмәнмен қарайтындар да бар.
Асхат Бекенов, экс-депутат:
Иә
– Біз қазір экстремизммен, терроризммен күрес жүргіземіз деп жатырмыз. Алайда сол идеяларды қоғамға тарататын, азаматтарды улайтын ошақтардан арылу керек. Ол, ең алдымен, газет-журналдар, телеарналар, түрлі басылымдар, кітаптар, әдебиеттер арқылы тарайды. Сондықтан діни бағыттағы БАҚ-тарды, баспаларды міндетті түрде елеп-екшеу қажет деп есептеймін. Қоғамдық ой туғызушы газет-журналдардың да өздерінің оқырмандары бар, олардың қаншалықты уланып қалғанын анықтау қиын. Дегенмен ары қарай да арандатушылықтың соңына еріп кете бермеуіне шаралар жасау керек. «Мұсылман», «Ғибрат» дегендей көптеген баспа бар. Оның ішінде жастарға, мектеп жасындағы балаларға арналған әдебиеттер басып шығаратын баспалар бар. Олардың барлығын айыптаудан аулақпын. Дегенмен мемлекеттік тексеріс болу керек.
Өкінішке қарай, қарапайым адамдар отандық баспалардан жарық көрген кітаптардың барлығын мемлекеттік ұстанымға сай деп біледі. Яғни «үкімет рұқсат берген екен, демек, дұрыс жазылған» деген көзқараспен өздері оқиды, балаларына оқытады. Сондықтан мұны да тексеру керек. Мәселен, көршілес Ресей мен Өзбекстанда тыйым салынған көптеген діни әдебиеттер бізде емін-еркін тарайды. Сол әдебиеттердің мәтіндері біздің баспасөздерімізде жарияланып жатады. Бұл да күмән туғызарлық жағдай емес пе? Жалпы, бізде діни бірлестіктер діни әдебиеттерді екшеу мәселесіне көп көңіл бөлу керек. Мәселен, біз Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүшеміз. Ал сол ШЫҰ тарапынан тыйым салынған көптеген діни ұйымдар бізде ескерілмеген. Яғни рұқсат берілген болып шыға келеді.
Барлығын бірдей қудалап, діни басылымдармен әдебиеттерді шектеп тастау керек демеймін. Меніңше, әдебиеттердің бағытын айқындайтын, мәтінімен жұмыс жасайтын арнайы жұмыс тобы құрылуы керек. Олар қандай да бір әдебиеттің, басылымның бағытынан экстремистік көзқарас тапса, тиісті шараларға бара алады. Ал жалпы діни әдебиеттерді, діни басылымдарды тексеруге мамандар жетіспейді деген пікірмен қосылмаймын. Оған үлкен күш қажет емес. Он шақты білікті маманның басын құрайтын жұмыс тобын құрса да жеткілікті.
Ғарифолла Әнес, «Арыс» баспасының директоры:
Жоқ
– Меніңше, ондай қадам мәселені шешпейді. Діни басылымдарды, әсіресе баспаларды қайта тіркеуден өткізу ешбір мағынасыз шара болар еді. Бізде қазір діни бірлестіктерді бір жылға дейін қайта тіркеуден өткізу жөнінде талап қойылды. Сол діни бірлестіктерге тиесілі баспалар мен баспасөздердің жұмысы өздігінен тоқтайды емес пе? Оның үстіне, баспасөздердегі діни-экстремистік идеялармен олай күресу мүмкін емес. Бүгін бір баспаға тыйым салынса, ол әдебиет ертеңгі күні басқа баспадан басылып шығады. Байқасаңыз, саяси тұрғыдан тыйым салынған кітаптар жай кітаптардан гөрі көп оқылады. Яғни керісінше құбылыс байқалып тұр. Оған тыйым салатын болсақ, жұрт жамырап дәл сол әдебиетті іздейді және ғаламтор арқылы тауып алады.
Екіншіден, діни басылымдар мен баспаларды қайта тіркеуден өткізу міндетті түрде цензураға алып келеді. Ал цензура ешқашан жақсылық әкелген емес. Есіктерді жапқан сайын тесіктер көбейіп кетеді. Және оның салдары анағұрлым зиянды. Меніңше, қайта солардың арасында бәсекелестік тудырып, басылымдар мен баспаларда сауатты мамандардың пікірлерінің жарық көруіне жол ашу керек.
Ақпараттық вакуум орнаған жерді міндетті түрде бір теріс идеялар басады. Діни ақпарат көздерінің барлығына тыйым салып тастасақ, жұрт ғаламтор арқылы шалғайда жатқан өзге ақпараттарды іздей бастайды. Меніңше, қайта мемлекет өзі мұрындық болып, діни ағартушылық бағыттағы жаңа газеттер мен басылымдар, баспалар ашу керек.
Жалпы, діни баспалар мен басылымдардың өнімдерін екшеп отыру керек деген пікірмен мен де келісемін. Газет-журналдарды жауып тастамай-ақ, солардың жазғандарын тексеріп отырғанның өзі жеткілікті. Қазір біз отандық діни баспаларды шектеп тастағанымен, діни әдебиеттер сырттан ағыла береді ғой. Шекарадағы діни әдебиеттердің мәселесі, діни әдебиетті былай қойғанда, жай ғана әдебиеттердің, кітаптардың өтуі мәселесі әлі дұрыс шешімін таппаған.
Бейтарап пікір
Серік МАЛЕЕВ, «Алтын Орда» сайтының бас редакторы:
– Биылғы жылдан бастап, Қазақстанда діни бірлестіктерді бір жыл ішінде қайта тіркеуден өткізу мәселесі міндеттеліп жатыр ғой. Түрлі теріс пиғылды басылымдар да соларға жалғанып жатыр. Яғни олар автоматты түрде әшкере болады. Оған қосымша процедура артық болуы да мүмкін. Дегенмен ақпараттық алаңдағы діни тақырыптарды назардан тыс қалдыруға болмайтыны анық. Соңғы бір жылдағы оқиғадан кейін оған кімнің де болса көзі жеткен шығар. Дегенмен мен қайта тіркеуді сылтау етіп көптеген басылымдар мен баспаларға қысым түсіруге қарсымын. Мұны да қағазбастылық тәртіппен ушықтырып, жөні түзу БАҚ-тардың жолын кесуді қолдамаймын. Мүмкін, нақты экстремистік пиғылы анықталған басылымдарды ғана қайта тексеру қажет шығар.