Депутаттық сауалдың қадірін кетіріп алған жоқпыз ба?
Қалың бұқара депутаттық қызметті заң шығарушы, түрлі шараларға қатысып, өз ойын білдіруші, Парламенттің жалпы отырысында депутаттық сауал жолдаушы, бір сөзбен айтқанда, халық пен биліктің арасындағы қарым-қатынасты жалғайтын көпір деп біледі. Біздің ойымызша, сол көпірдің белтірегі – депутаттық сауал. Депутат сауалдары кез келген құзыретті орындарға ықпал жасай алады. Қазір осы депутаттық сауал арқылы Парламентте мемлекеттік маңызды мәселелер мен жеке тұлғалардың проблемалары қат-қабат көтеріліп жүр. Әрине, жеке азаматтың тағдырын мемлекеттен бөліп қарастыруға болмайды. Десек те, кейбір халық қалаулылары үшін жекелеген мәселелер арзан популизм жасауға таптырмайтын құралға айналып бара жатқандай. Осындай жағдай себебінен қазір қоғамда «Депутаттық сауалдың қадірін кетіріп алған жоқпыз ба?» деген мәселе көп айтыла бастады. Біз осы сауалды мамандар талқысына салып көрген едік.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
иә
– Депутаттық сауал дегеніңіз – депутаттардың билікке ықпал етуінің немесе бір мәселеге назар аудартудың бірден-бір төте жолы. Өйткені заң бойынша депутаттың сауалына Үкімет те, барлық құзыретті орындар да жауап беруге міндетті. Сондықтан да депутаттық сауалды депутаттарымыздың дұрыс пайдаланғаны жөн. Меніңше, қазір депутаттық сауалдардың қадірі кеткенінен бөлек, сауалдардың саны тым азайып бара жатқан сияқты. Кейбір депутаттарымыз ұсақ-түйек, болмашы мәселелерден арыға бара алмай жүр. Депутаттар бір үйдің құбырының жарылғанын, шатырының бұзылғанын былай қойып, кешенді кесек-кесек мәселелерді көтеруі керек.
Менің ойымша, халық қалаулылары кейбір республикалық деңгейге шығаруға қажеті жоқ мәселелерді хат арқылы жолдап та жауабын алуына болады. Қазір парламенттік пікірталастардың қызғаны, жандана түскені дұрыс. Сонда ғана Үкімет те ширақ қимылдап, жөні түзу шешімдерге барады. Бүгінде кейбір министрлер Парламентке пысқырып та қарамай, жалпы жиналыстарға орынбасарын жібере салатынын көріп жүрміз. Осындай жайлардан кейін мен Парламентке барған Үкімет мүшелері, министрлер, облыс, қала басшыларының тізелері қалтырап тұрса ғой деп ойлайтын болдым. Мұның бәріне Парламенттегі ұсақ әңгімелердің белгілі бір дәрежеде ықпалы болып жатқан сияқты. Сонымен қатар бізде бүкіл әлемдік тәжірибеде бар Парламенттік тергеу институттары бір жолға қойылмай келеді. Мысалы, Парламенттік комиссиялар бюджеттегі жемқорлық мәселесі секілді проблемаларды талқылап, тергеуі керек. Бұл тәжірибе бір кездері біздің Парламентте болған. Депутаттық сауалдардың қадірін кетірмеу, депутаттардың ықпалын сақтау, мүмкіндігін арттыру үшін сол үрдісті жаңғырту қажет сияқты. Дәл бүгінгі қарқынмен кете берсек, Парламенттің мемлекеттік, қоғамдық рөлі азая береді. Депуттаттар сауал жолдау үшін мәселесін алдымен комитеттің талқысына салады. Яғни жалпы отырыстағы сауалдар Парламенттегі жеті комитеттің сүзгісінен өтеді деген сөз. Ендеше, ұсақ-түйек сауалдардың жауапкершілігі депутатқа ғана емес, сол сауалдың қойылуына мүмкіндік берген комитетке де келіп тірелмей ме? Олай болса, комитеттер кесек-кесек проблемаларды алдыға шығарып, жекелеген тұлғалардың мәселелерін комитет аясында шешуді қолға алуы қажет. Депутат – саясаткер. Саясаткердің басты міндеті – өзіне халықтың назарын аударту. Баспасөзге шықпасаң, белгілі бір мәселені көтермесең, сені кім біледі? Мысалы, Парламентте жүздеген азамат отыр. Соның халық әрі кетсе, 10-15-ін ғана таниды. Сондықтан да, олардың дені әртүрлі мәселелерді көтеріп, көрінуге тырысып қалатыны рас. Мысалы, кезінде екі мәселенің бірін саяси ойынға айналдырып жіберетін депутаттарымыз болды. Осы жайды қоғам бақылап, баспасөз арқылы әрқайсысын өз орнына қойып, басу айтып отыру керек. Популистерді депутаттыққа ұсынған саяси партиялар, дауыс берген сайлаушылар «сайқымазаққа» айналдырмайтын механизмдер арқылы қадағалай білгені жөн. Сонда ғана депутаттық сауалдардың қадірін арттыра аламыз.
Алдан Смайыл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
жоқ
– Мен, жалпы, «депутаттық сауалдардың қадірін кетіріп алдық» деген пікірмен түбегейлі келіспеймін. Өйткені депутаттық сауалдың үлкен-кішісі болмайды. Депутат ретінде жекелеген тұлғалардың мәселесін ұсақ-түйек мәселе деп қарауға хақымыз жоқ. Мысалы, бізге ауыл азаматтары келіп, аманат ретінде көптеген елді мекендегі ауызсу проблемаларын, мал шаруашылығын ұйымдастыруда орын алып жатқан кемшіліктерді, жолдың, мектептің, аурухананың, кітапхананың жоқ екендігі жайлы мәселе көтереді. Кейбіреулер осындай жайларға қарап депутаттар болмашы сауалдармен бас қатырып, жалпы мемлекеттік, елдік мәселелерді тыс қалдырды деп ойлауы мүмкін.
Алдымен, елдік мәселе деген Қазақстанда тұратын әр азаматтың, әр отбасының проблемаларынан шығатынын ескерейік. Депутаттық сауал дегеніңіздің өзі – депутаттардың халықпен тығыз қарым-қатынасқа барып, байланыс жасауға мүмкіндік беретін ықпалды құрал түрі. Халықтың өтінішін аяқ асты етсең, бұқара саған қалай қарайды? Әрине, бұл қадам халықтың рухани, ауқымды мәселелерін назардан тыс қалдыру дегенді білдірмесе керек. Мен жуырда сына жазуының мәселесін көтердім. Моңғолия сияқты шетелдердегі ата-бабаларымыздың ескерткіштеріне ғылыми барлау, зерттеу жасау қажеттілігі жайлы депутаттық сауалдар жолдадым. Мысалы, Мұрат Әбенов электронды үкіметтегі қазақ тілінің үлес салмағының аздығын, қазақтілді сайттарға бөлінетін қаржының орыстілді сайттарға қарағанда шамалы екендігін Үкіметке шырылдап жеткізді. Осы жайтты, яғни қазақ тілін ақпараттың тіліне айналдыру жөнінде мен де бастама көтердім. Қазақ тілінің осындай кейбір мәселелерін басқа депутаттар да күн тәртібіне мәселе етіп қойды. Кейбіреулер тілді көтеру арқылы саяси ұпай жинап жүр деп ойлауы мүмкін. Бірақ түбірімен олай емес. Меніңше, «депутаттық сауалдардың қадірін кетіріп алдық» дейтін пікірді халықтың ішінде болмаған тұлғалар айтатын сияқты. Мұндай пікірдегілер осы уақытқа дейін жолданған сауалдарды алып қарасын. Өйткені, біріншіден, мен өз басым көбіне жеке адамдардың мәселелерін жалпы отырыста айтпай, хат түрінде тиісті орындарға жолдаймын. Екіншіден, жалпы отырысқа жіберілетін сауалдар комитет аясында қаралады. Алдын ала сүзгіден өткен соң, ол жерде депутаттық сауалдың қадірін кетіретін болмашы мәселелер болмайды. Жақында ұлттық асымыз – қымызға, яғни жылқы шаруашылығына мемлекеттік мән беру мәселесін қозғамақпын. Осындай ұлттық дәстүрімізге, дінімізге, мәдениетімізге қатысты құндылықтардың мәселесінің шетін шығарсақ, орыстілді басылымдар дереу кері реакция көрсетеді. Өткен сессияда жыныстық қатынасты насихаттайтын валеология пәніне қатысты пікірімді білдіріп едім, кейбірі әжуаға айналдырмақ болды. Батыстың кейбір елдері сияқты мейрам, сенбі, жексенбі күндері арақ-шарап сатпау арқылы ішімдікті тежеу жөнінде мәселе көтердім. Тағы да қарсылық білдіріп шыға келді. Олар сенің сөзіңе бір күннің ішінде сауалнама жасай салып, жоққа шығаратын оңай жол тауып алған. Өзіңіз ойлаңызшы, кешке айтқан сөзіңе таңертеңге дейін қалай сауалнама жасап үлгереді. «Ұлттық мәселелерді дұрыс көтеріп отыр» деген басқа тілді басылымдарды естіген емеспін. Олар үшін қымызыңыз да, руна жазуыңыз да ұсақ-түйек мәселе болып көрінуі мүмкін. Бәлкім, «депутаттық сауалдардың қадірін кетіріп алдық» дейтіндер солар шығар!
Түйін
Жалпы, мамандардың пікірінше, Парламентте бірде-бір рет депутаттық сауал жолдамаған «игі жақсыларымыз» да бар екен. Олар бұқаралық қызметтің тізгінін ұстай отырып, депутат ретінде елдің қамы жайлы бірауыз пікір білдірмеуі нені білдіреді? Бұл біздің депутаттарымыздың депутаттық сауалдың қадіріне жетпегенінің көрінісі емес пе? Бұған жауапты өздеріңіз берерсіздер!