«Бүгінгі қазақ эстрадасында хит болып жүрген әндердің көпшілігі – көшірме» деген пікірмен келісесіз бе?

«Бүгінгі қазақ эстрадасында хит болып жүрген әндердің көпшілігі – көшірме» деген пікірмен келісесіз бе?

Қазіргі жаһанданған әлемде әрбір халық өзінің рухани құндылықтары мен ұлттық мәдениетін сақтап қалуға тырысуда. Бұл ретте алпауыт елдердің аз ұлттарға мәдени экспансиясы өте күшті екенін ескеру қажет. Бір ғана эстрада жанрын алып қарайтын болсақ, бұл бағытта бүгінгі қазақ әнінің жай-күйі лайықты деңгейдегі өз биігіне көтерілмей отырғаны анық. Өз әнімізді өз тыңдармандарымызға толыққанды сіңіре алмай жүргенде, өзгенің хитке айналған дайын дүниесін, тонын теріс айналдырып, өз ыңғайымызға көндіріп ала қоюымыз да қаншалықты қисынды екен? Мысалы, қырғыздың «Шоқ қыздар», «Қызыл өрік», кәрістерден алған «Жанған (Гангнам) стайл» деп аталатын танымал туындылары қазақ тыңдармандарының «құлақ құрышын қандыруда». Осы орайда ел ішінде «бүгінгі қазақ эстрадасында хит болып жүрген әндердің көпшілігі көшірме болып бара жатыр» деген пікірлердің айтылып жүргені де тегін болмаса керек. Бұған ән саласы мамандарының өздері не дейді екен?


Майра Ілиясова, әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Майра» продюсерлік орталығының жетекшісі:
иә
– Біз – өн бойына өнер тұнған ха­лық­пыз, алайда сол бар дүниемізді кеңі­нен насихаттай алмай жүрген жайы­мыз бар. Әншілік жолда жүрген көптеген жастарымыз, негізінен, той-томалақта жұрттың бір уақыт көңілін кө­теруге бағытталған жеңіл-желпі ырғақ­тарға құралатын секең­де­тетін әндерге құмар. Содан келіп осындай талғамсыз дүниелерді жабыла келіп жарнамалап, жар­ты­кеш әндерді хит жасап, орын­дау­шы­ларын «жұлдыз» етіп жібереміз. Бірақ мұны жалпы тың­дар­ман қауым қа­был­­дап отыр деп айтуға бол­майды. Бізде ән мен әнші­нің рей­тин­гісін жа­сау­ға талғамсыз тың­дар­ман­дар, яғни қолы бос, ұлттық тәр­­­биеден алыстау санаттағы адамдар қаты­сады. 
Өйткені жеңіл ойлайтын адамдар жеңіл әндерді тез сіңіріп ала қояды. Десек те, қазақта жалпақ жұртқа ұсынатын тамаша әндер жетерлік. Ұлттық классикалық әнде­рі­міз болса әлі күнге дейін сахнадан түс­пей келеді. Қазіргі тілмен айтсақ, олар­дың қай-қайсысы болсын хитке лайық, тек соны санамызға сіңірудің кілтін таба алмай отырғанымыз болмаса... Құдайға шү­кір, қазір қазақ ән өнеріне шын ниетімен қызмет етіп, жан-жақты ізденіп, өзіміздің эстрадамыз бен дәстүрлі музыкамызды қа­лай дамытсақ деп жүрген жастарымыз аз емес. Бірақ ұлттық бағыттағы дүние­ле­ріміз тағы сол шетелдік хиттердің көлең­кесінде қалып жатады. Қазіргі кезде шетелде шыққан даңғаза әуендерді өздерін­ше қазақыландырып айту үрдісі белең алып бара жатқаны рас. Мұны, ең әуелі, осы бағытты ұстанып отырған жас өнер­паз­дың барынша ізденбейтіндігінің көрі­нісі деуге болады. Көшірме ән жасау – бұл өнердің ең оңай түріне айнала бастаған­дай. Сонда өзіміздің жүректен шыққан өз әніміз қайда қалады? Ертең шекарамыз­дың арғы жағынан тағы бір хит ән шық­са, оны да өзіміздің тілге иілдіріп ала бермекпіз ба? Осылай кете берсек, қазақ эстрадасын әлемдік дең­гей­ге көтере алмаспыз. Қолдан жа­салған хит әндер – «бүгін бар да, ер­тең жоқ» дүние. Дегенмен же­ңіл-жел­пі дүниелердің ұлттық са­наға тигізер залалын кім ойлап жүр? Бү­гінде өнердің әр бағытын саралап-сараптап отыр­ған кім бар? Радио, те­ле­ар­налар мен бас­пасөз де өздері қалаған дү­ние­сін насихаттайды. Жақ­сы мен жаманды таразылап, есті ән мен ессіз әнді іріктеп, електен өткізіп отыратын белгілі бір орталық­тандырылған көркемдік кеңес те жоқ. Кім не айтам десе өз еркі – заман солай болып тұр. Кімнің аузына қақпақ бола аласың? Бірақ қазақ өнеріне шын жанымыз ашыса, өзгеге еліктеушілікті тыюымыз керек.


Жеңіс Сейдоллаұлы, әнші, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Гүлдер» ансамблінің директоры:
жоқ
– Қазіргі қазақ эстрадасы зама­науи тұрғыдан қалыптасу жолында келе жатыр. Бұл жолда, әрине, әр­түр­лі ізденістер, эксперименттер, тың идея­лар орын алып жатады. Демек, бүгін­де әншілік бағытта жүрген жас­тар­дың көпшілігі өзіндік келбеті мен үнін, ерекше стильдерін іздестіру үстін­де. Бұл ретте, қазақ эстрадасы жаппай көшірме әндермен толығып кетті деп байбалам салудың қажеті не? Мил­лион­даған тыңдар­ман­дар­дың жүрегін жаулаған хитке айнал­ған шетелдік бір әннің қазақша нұс­қа­сын жасауда қандай қайшылық болуы тиіс? Керек десеңіз, кейбір көр­шілес елдердегі өнерпаздар бір­қатар қазақ әндерін өз тілдері мен түсініктеріне лайықтап орындап жүр емес пе?  
Бұл – эстрада жанрында орын алып тұра­тын қалыпты құбылыс, өтпелі үрдіс. Уақыт жақсы дүниелерді өзі екшеп қала­ды. Кейбіреулер қазақтың төл әндерін көшірме әндер ығыстырып бара жатыр дегенді алға тартады. Мұндай дүние­лер соншалықты көп емес қой. Қазір аудиториясы миллиардтап саналатын қытайлықтар да, кәрістер де, өзімізге жақын көрші қырғыз бен өзбек те көшірме әндерді жарыққа шығарумен айналысып келеді. Бұл бізде ғана көрініс тауып отыр­ған жоқ. Шоу индустриясын дамыту үшін мұндай сатыдан бұдан бұрынырақта Ресей ән­шілері де өткен. Бізде бұл салада көп дүние кенжелеп да­митын болғандықтан, сол сатыдан енді ғана өтіп келеміз. Тоқ­са­ныншы жылдардың басындағы ресейлік эстра­даның басым бөлігін көшірме әндер құра­ды. Олар сол арқылы шоу-бизнес жасауға талпынды, тыңдармандар аудиториясын қалыптастырды, содан соң барып таза өздерінің эстрада мектебін дамытты. Меніңше, біз де осыны бастан ке­ші­ретін сияқтымыз. Жалпы, көшірме ән­дер туралы әңгіме айтыла қалса, көпшілі­гіміз «мына әнді бәленшеден ұрлап алыпты» деп жатамыз. Басын ашып алатын нәр­се – көшір­ме ән жасау бір бөлек те, пла­гиаттық жасау мүлде бөлек дүние. Мысалы, кезінде бүкіл Кеңестер Одағы бо­йын­ша кең тара­ған «Көктемнің 17 сәті» деген көпсе­риялы фильмнің басында Микаэл Тари­вер­­диев­тің әні орындалады. Кейін белгілі болған­дай, бұл әннің түп­нұс­қасы 20-30 жылдар­дағы француздардың сүйіп тың­дайтын әні болған. Алайда Ке­ңес­тер Ода­ғы шу шық­пасын деп, Франция­ға сол пла­гиаттығы үшін 3 миллион рубль тө­ле­ген. Кезінде бұл мәлі­меттер құпия сақ­талған. Мұн­дай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Өнерде мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Ал біздің эстрада өкіл­дерінің шетелден алып отырған әндерін плагиат­тыққа жат­қызуға болмайды. Пла­гиат­тық дегеніміз – өзгенің шығармашылық дүние­сін өз атыңнан пайдалану, яғни ұр­лық болып саналады. Біздің жас орындаушыларымыз өзгенің рейтингісі жоғары ән­дерін қазақ­шалап жатса, демек, оның да өз тыңдар­ман­дары бар деген сөз. Бұл, біріншіден, сұраныс мәселесі. Алайда сондай дүние­лерге сұраныс көп екен деп тал­ғамды түсі­ріп алмауымыз керек. Қалай десек те, өз әнімізді өзіміз шығарып, өзіміз орындап, өзіміз тыңдап, өзгелерге де тың­дата біл­генге не жетсін?!

Қосымша пікір
Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші:
– Бүгінгі заманда мені өнердегі талғамсыздық мәселесі қатты толғандырып жүр. Біз үшін қазақ әнінен асқан ән болмауы керек. Сөйте тұра неге біздің эстрадада жүрген кейбір жастарымыз шетелдің айқайшыл әндерін құлағымызға күштеп сіңіргісі келеді? Кейінгі кезде шетелдің жеңіл-желпі әуендері мен әндері санамызды барынша жаулап барады дегенді айтып жүрміз. Бір жағынан қарасақ, олар бізге «менің әнімді тыңдаңдар» деп тықпалап отырған жоқ. Керісінше, дүбәра нәрселерді өзіміз өз ыңғайымызға икемдеп алып жатқан сияқтымыз. Басқаның дүниесіне бас ұратын қазақтың өнердегі жастары алдымен өз ұлтының құндылығын дәріптеп, өзінің төл өнерінің дамуына мүдделі болуы керек емес пе?!.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста