Бүгінгі қазақ әдебиеті қоғам дамуынан қалыс қалған жоқ па?
Көркем шығармамен көкжиегін кеңітіп, мағыналы мазмұнмен ой қиялын байытатын қазақ бүгінгі таңда әдеби әлемнің өліара шақты өткеріп жатқанына қапалы. Тіпті ұлт мәдениетін өзінің идеология қаруына айналдырған кеңестік кезеңнің өзінде халық нағыз әдебиеттен, шынайы, көркем, жанашыр шығармалардан қол үзбеген болатын. Керісінше, әдебиет қоғамның ілгерілеп, азаматтардың білім, білігінің артуына, рухани кемел тұлға болып қалыптасуына қызмет етті. Бүгінгі қазақ әдебиеті осы бағыт-бағдары мен ұлт алдындағы игілікті ісінен ажырап қана қалған жоқ, өзінің өміршеңдік принципінен де алыстап бара жатқандай. Ендеше, қазақ әдебиетін мұндай халге түсірген қандай күш? Рухани кеңістіктегі бұл саланы қоғам дамуынан қалыс қалып барады дей аламыз ба?
Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы:
иә
– Иә, әдебиет қоғам дамуынан қалыс қалды. Және бұл бүгін ғана туындаған мәселе емес. Бұдан бұрын да Дулат Исабектің осы сұраққа былай жауап бергені есімде: «Біз, жазушылар, қоғамның өзгерістерін бойымызға сіңіріп, қорыта алып жүрген жоқпыз. Ол – шығармашылық адамы үшін табиғи нәрсе. Оған уақыт керек», – деген. Сол сияқты Тәуелсіздіктің 20 жылы ішіндегі қоғамның саяси, әлеуметтік, мәдени кезеңін бір қалыпқа салып қарауға болмайды. Осы 20 жылда бүкіл сала әртүрлі сатыға бөлініп кетті. Саяси, әлеуметтік, қоғамдық шешімдер осы 20 жылдың ішінде бірнеше мәрте өзгерді.
Соған байланысты біздің дүниетанымдық көзқарастарымыздың өзі де бірнеше мәрте өзгерді. Өз көзқарастарымызды өзіміз өзгертіп, өзіміз игере алмай жүрміз. Міне, осының бәріне жазушылар ілесе алмай келеді. Бүгінгі әдебиеттің орнына публицистика, журналистика түсіп кетті. Олар енді ұшқыр жанрлар болғандықтан, болып жатқан жаңалықтың бәрін бірден іліп әкетіп, жариялап жатады. Журналистиканың өзіне қарасаңыз, бұл көзқарастардың әртүрлі болып өзгеріп жатқанын көресіз. Мысалы, бір жылдары газет-журналдарда «Мерседес» мінген мәңгүрттер» деген тақырыппен материалдар шыққан болатын. Және «Мерседес» мінген адам, шынымен де, мәңгүрт сияқты қабылданатын. Ал енді осыған бүгінгі күннің көзқарасымен қарасақ, ол енді тіпті күлкілі көрінеді. Бүгін ол әлеуметтік бір игілік ретінде ғана қабылданады. Міне, журналистиканың өзінде көзқарастар осылай өзгере береді. Ал енді әдебиет деген бір күннің, бір айдың туындысы емес. Сондықтан жазушыларымыз жазып жатқан шығармаларын уақытына қарай тоқтатып қойып, қайта қарап, әлектеніп жатқан болуы мүмкін деп ойлаймын. Осы тұрғыдан оларды ақтауға болады. Бірақ, шын мәнінде, әдебиет қалып қойды. Дегенмен заманның тамырын дөп басып жүрген жекелеген жазушылар да бар. Мысалы, Төлен Әбдіков, Тынымбай Нұрмұхаметовті, жастардан Асқар Алтай, Таласбек Әсемқұлов, Нұрғали Ораздарды айтып жүрміз қазір. Олардың жекелеген туындыларында бүгінгі қоғам бейнесі бар. Жалпы деңгеймен айтқанда, әдебиет қоғамдық ойға ілесе алмай қалды. Ал енді әлемдік әдебиетпен салыстырып қарасаңыз да, біздің әдебиет артта қалды. Оларда қоғамға сай жаңа шығармалар көптеп жарыққа шығып жатады және олар ескеріліп, марапатталып, сыйлықтар алып жатады. Оның қасында біздің әдебиет әрекетсіз отырған сияқты көрінеді.
Нұрдәулет Ақыш, жазушы:
жоқ
– Әдебиетті «қоғамнан тысқары қалды» деп бірден шорт кесіп айту қиын. Әдебиет емес, әдебиетшілеріміздің үлкен резонанс туғызатын қоғамдағы жағдайлардан тыс қалып қалатын кездері болатыны рас. Бірақ бұл қоғам тыныс-тіршілігін жазатын әдебиет жоқ деген сөз емес. Қазір көпшілікке әдебиеттегі жаңа кейіпкерлер мен жаңа бейнелермен, жаңа көзқарастармен танысудың өзі мұң болып қалуының негізгі себебі – әдебиеттің таралуының тоқтап қалғаны. Бұған қарап, «қоғам қажетсініп отырған әдебиет жазылмай жатыр» деп кесіп айтуға болмайды. Дегенмен, жалпы, өмірге келіп жатқан бүгінгі әдебиеттің тақырыптары қоғамнан алшақтап кеткені рас.
Әдебиет күйзеліс үстінде. Бұрын біз әдебиетте тосқауыл көп дейтінбіз, бірақ кейінгі жылдары әдебиетте «сен мынаны айтпа, мынаны жазба» деген тосқауылдар бар деп айта алмаймын. Жазамын деген адамға жазуға мүмкіндік бар. Тек еркін көсіліп жазғысы келетіндер биліктің есігіне көп жалтақтай ма деп ойлаймын. Біздің жазушылар бүгінгі қоғамда өршіп тұрған діни мәселелер, жұмысшылардың еңбек даулары сияқты тақырыптардан осы себепті де қалыс қалып жатыр дер едім. Кеңес кезіндегі әдебиет коммунистік партияны насихаттауға бағытталған болатын және жазушылар сол үшін тиын алатын. Сол себепті де сол кезде жазушылардың өмірі басқа мамандық иелеріне қарағанда дұрыстау болды. Әдебиеттің халықтан алшақ кетуіне жазушылар кінәлі емес. Оған тарату жұмыстарының жоқтығы себепкер. Сондықтан қазір бізге бүгінгі қоғамның тыныс-тіршілігін нақты көрсететін әдебиеттегі әңгіме жанры қажет. Ол газет арқылы болсын, интернет арқылы болса да, басқа құралдар арқылы болса да тез тарайды. Рас, қазір жүздеген беттерден тұратын романдар жазып, ол романдарды халыққа тарату қиын болып қалды. Кітапты оқитын нағыз қазақ ауылда. Бірақ ауылға жазылған дүние жетпейді. Қазір әкімқараларды мақтайтын кітаптарды жергілікті атқарушы органдар мұғалімдерге, дәрігерлерге, мемлекеттік қызметтегілерге күштеп таратады. Ондай сын көтермейтін кітаптар сондықтан да көбірек таралады. Ал енді қоғамның шындығын жазған, ақиқатқа ұмтылған әдебиеттерді жазған жазушылар ол кітаптарын сөмкемен өзі арқалап таратып жүр. Оның аяғы қанша жерге жетеді дейсіз? Дәл бүгінгі уақыттың өзі әдебиет пен оқырманды жақындатуға қызмет жасайын деп тұрған жоқ. Оларды бір-біріне жақындатудың жалғыз құралы бүгін интернет пе деп ойлаймын. Бірақ біздің ақын-жазушылардың көбі сол интернетпен достаса алмай жүр. Мен өзім жаңа шығарманы интернеттен іздеп жүріп оқитын адамдардың бірімін. Сондықтан да кітап оқығым келсе, интернеттен шығармаларды іздеп отырамын. Бірақ орыс тіліндегі жаңа әдебиеттерді интернеттен бірден тауып аламын да, қазақ тіліндегі еңбектерді таба алмаймын. Осындай себептерді негізге алып, біздегі интернеттегі әдебиеттің мүмкіндігін арттыру керек.
Түйін
Бұдан бірнеше жыл бұрын жазушы Құдайберген Бердіоңғаровтың көшеден өткен-кеткенге кітабын тегін таратып жүргенін көріп, әрі-сәрі күй кешкенім бар еді. Жазушының бұл әрекеті жылдар бойы көз майын тауысып, көңіліндегіні ақтарғаны «үй архивінде тозғанша, көпке жетсін» деген мақсатты сезіндірген. Мәселе оның қай деңгейдегі жазушылығында да, кітабын қай жерде, қалай таратуында да емес, мәселе – оның шығармашылыққа деген махаббатында. Әдебиет әлемі қоғамның тамыршысы болуымен өтімді. Десек те, жазушы кітапқа деген махаббатымен ұлық.